Тұлға туралы туындылардың тұсауы кесілді
«Өлілердің арасында тіріден де тірісі бар, сондай-ақ тірі бола тұра, өліден де өткені бар». Осы сөздің растығына, бақилық болғаннан кейін тірі кезіндегіден атағы тіпті еселей түсіп, мәңгілік өмірге ие болатындарды көргенде көз жеткіземіз. Солардың бірі – биыл 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқан, қазақтың біртуар ұлы, заманның заңғар тұлғасы Дінмұхаммед Қонаев.
Түрлі іс-шараларға арқау болып отырған бұл мерейтой қарсаңында сондай-ақ ертеңгі ұрпаққа ұлағат боларлық Қонаев ақсақалдың күллі өмірін арқау еткен «О моем времени» және «Өтті өмір осылай» атты ғұмырдерек кітабы мен фотошежіре альбомы жарық көрді. Фотоальбом ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Алматыкітап» баспасынан жарық көрді. Ерекше айта кетерлігі, аталған альбомның тек фотосуреттерден ғана емес, оның әрбіріне түсіндірме өз алдына, сондай-ақ Димекеңнің тұстастары, туыстары, сол кезеңдегі түрлі қоғам қайраткерлері, өнерпаздары және тағы басқалардың осы бір ғажап тұлға жайлы естеліктері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген.
Ал 500 беттен тұратын екі естелік кітапқа келсек, автор, яғни Дінмұхаммед Қонаев «О моем времениді» өз қолымен хатқа түсіріп кетсе, оны қазақшаға еркін аударып, автордың ықыласымен кеңейтіп, әдеби редакциясын жасаған белгілі қаламгер, журналист Серік Әбдірайымұлы.
Өмірі жайлы кітабында Дінмұхаммед Ахметұлы дүниеге қалай келгенінен болмаса да, Қазақ елін басқару секілді жауапты қызметке кіріскеннен бастап өмірін баяндайды. Негізінен, оны тұлға өмірі деп қана қарасақ, қателесер едік, себебі ол – ел тарихын, халықтың қилы кезеңдерде көргенін түгел дерлік қамтитын тарихи дүние. Және ең басты ерекшелігі – ол әлдебір тарихшының тарихи қолжазбаларға, біреудің естелігіне сүйеніп жазғаны емес, көзі көрген, сол оқиғалардың бел ортасында, кезінде ол тарихтың қай бағытқа бұрылатынына тікелей мұрындық болған тұлғаның өз қолымен жазылғандығында. Және кітап биліктен кетіп, қалыпты өмірге келіп, сондай-ақ қарттық кемелдікте жазылған соң, онда көпірме сөз емес, «кезінде мен былай еттім» деп мақтану да емес, тіпті қателескен кездерін де мойындайды. Мәселен, «Мен 25 жыл ел басқардым. Әр жылда бір қателік жібермеуім мүмкін емес. Есептеңіздер, мен 25 жылда 25 қателік жіберіппін. Қазақстанды аралағанда елдің жағдайымен танысып қоймай, ішімнен «қателігімді кешіріңдер» деп халқымнан, Алла тағаладан іштей кешірім сұрап жүрдім. «Қателестім» деп газетке жазуым немесе ауызша айтуым мүмкін бе? Олай етсем, елді басқару қиын. Тәртіп солай», – дейді бір тұсында. Бұл – Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы өз қолымен жазған «Өтті өмір осылай» кітабынан. Еңбегін автор былай түйіндейді:
«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да, данаң да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім. Өздеріңіз оқыған жолдар – бұл мен өткен кешу, мен асқан асу емес, халқымның ұлы көші қалдырған керуен жолы, өшпес ізі, өлмес мұрасы. Ердің қайратынан елдің қайраты асқан заман. Мен соны баяндап қана бердім».