ТМД аясында еркін сауда аймағы құрылды
Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласына екі күндік сапары барысында ТМД Үкімет басшылары кеңесінің, ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің және Үкімет басшылары деңгейіндегі Кеден одағы Жоғарғы органының отырыстарына қатысты.
Сапар барысында Қазақстан Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ресей Федерациясының «Эрмитаж» мемлекеттік мұражайына барды. «Эрмитаж» – өнер туындыларының бірегей қазына орны және құқығы жағынан әлемдегі үздік мұражайлардың бірі болып табылады. Мұражай ұжымына мұраны сақтау және мәдени ағарту міндетін атқаруда табыс тілеймін», – деп жазды Премьер-министр. Қазақстанның Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Санкт-Петерборда Беларусь Республикасының Үкімет басшысы Михаил Мясниковичпен кездесті. Үкімет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ Кеден одағы мен ТМД аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Беларусь Қазақстанмен арадағы инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына зор мән береді. Осындай әріптестіктің басты бағыттары ретінде мұнай-химия, өнеркәсіп, фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, банк істері салаларын алуға болады. Екі ел арасындағы аймақаралық байланыстың дамуында өзара сауда мен инвестицияның әлеуеті айтарлықтай артқан. Беларусь Қазақстанның экономиканы қайта жаңғырту, соның ішінде ауылшаруашылық, машина құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қайта жаңғырту жөніндегі бағдарламаларына қатысуға мүдделі. Екіжақты қарым-қатынастың дамуындағы негізгі құжат – Қазақстан мен Беларусь арасындағы экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы («Жол картасы») болып табылады.
Сондай-ақ Санкт-Петерборда ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің Қырғызстан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Ө.Бабановпен кездесуі өтті. Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Ресей Федерациясында жұмыс сапарымен жүрген Үкімет басшысы К.Мәсімов ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген отырыстарына қатысты. Санкт-Петербордағы Константиновск сарайында өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қорытындысы бойынша Достастық елдерінің Үкімет басшылары 28 құжатқа қол қойды, оның ішінде Еркін сауда-саттық аумағы туралы келісімшарт та бар. Бұл құжат «Санкт-Петербор келісімшарты» деп аталатын болады. Аталған құжат Достастық елдерінің экономикаларын әрі қарай жақындату, өзара сауда айналымын арттыру, әлемдік нарықтың тұтас және маңызды сегменті ретінде ТМД экономикалық кеңістігін құру жолындағы ынтымақтастықты тереңдету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ТМД мемлекеттеріндегі валюталық реттеу, валюталық бақылау саласындағы саясаттың негізгі қағидалары туралы келісімге қол қойылған. Сонымен бірге 2020 жылға дейін арналған ТМД елдерінің теміржол көлігін стратегиялық дамыту концепциясы туралы тұжырымдама бекітілген. «ТМД-дағы Еркін сауда туралы келісім – бұл елдеріміздің дамуы үшін жаңа бағыт. Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ТМД елдері арасындағы сауданың дамуын ынталандыруға, сондай-ақ ТМД-ға мүше барлық елдерге инвестиция тартуға көмектеседі. Бүгін мемлекет басшылары берген тапсырмаға сәйкес, мақсатты және еркін шешім қабылданды, біз осы маңызды құжаттың қол қойылуына жол таптық», – деп мәлімдеді К.Мәсімов ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихаты барысында.
РФ Премьер-министрі В.Путин атап өткендей, ТМД шеңберіндегі еркін сауда аймағы туралы келісімшартқа Достастыққа мүше сегіз елдің үкімет жетекшілері қол қойды, яғни Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Молдова және Тәжікстан. Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікменстан келісімшартқа қол қойған жоқ. «Делегация жетекшілерінің өтініші бойынша, олар келісімге жылдың соңына дейін қосылу мүмкіндігін зерттеп көрмек», – деді В.Путин. Оның пікірінше, еркін сауда аймағы дегеніміз – өзара саудада тауарлардың толып жатқан түрлерінен экспорттық баж салығын алып тастаймыз деген сөз. Бұл тауарлардың ортақ нарыққа арзандау бағамен түсіп, жаңа кооперациялық кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді.
Еркін сауда аумағын құру ДСҰ принциптері мен нормаларына қайшы келмейді. Осы келісімге қол қойған бірнеше мемлекет – Қырғызстан, Армения, Украина, Молдова ДСҰ-ға мүше елдер болып саналады.
Сондай-ақ кеше Қазақстан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Санкт-Петерборда ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырыстарына қатысты. Онда әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарын еңсеруге бағытталған бірлескен шаралар жоспарының орындалуы, сонымен қатар қоғамдастықтың жаңа органы – ЕурАзЭҚ сотын құру мәселесі қаралды.
Сонымен бірге Үкімет басшылары деңгейіндегі Кеден одағы Жоғарғы органының отырыстары барысында Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы декларация жобасын қарау, Кеден одағы комиссиясы туралы келісім жобасының келісілу барысы және өзге де мәселелер талқыға салынды.
Кеден одағы елдерінің үкімет басшылары интеграцияның жаңа деңгейі туралы құжат жобасын талқылады. Үкімет басшылары деңгейіндегі Кеден одағы кеңесінде Қырғызстанды Кедендік одаққа қосу туралы мәселе қаралды. Кеден одағына мүше мемлекеттер Қырғызстанның ұйымға қосылуын қолдап, бұл бойынша жұмыс тобы құрылатын болды. Қырғызстанның Премьер-министрі Өмірбек Бабанов Кедендік одаққа өз елінің қосылуын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Алаш-анықтама
Қазіргі таңда Достастыққа бұрынғы кеңестік 15 республиканың 11-і кіреді (1993-2009 жылдар аралығында ТМД-ға кірген Балтық жағалауы елдері мен Грузиядан басқа). Достастықтың жалпы аумағы 22 млн шаршы шақырымды немесе Жердің 1/6 бөлігін алып жатыр. Достастық елдерінде 282 млн адам, яғни Жер халқының 4,5 пайызы тұрады. Әлемдік мұнай қорының – 20 пайызы, табиғи газдың – 40 пайызы, көмірдің – 25 пайызы, орман-тоғайдың –25 пайызы, орны толатын су ресурстарының 11 пайызға жуығы, егістік жердің 13 пайызы Достастықтың үлесіне тиесілі. Әлемдік электр қуаты өндірісінің 10 пайызы Достастық аумағында өндіріледі.