«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жамбылдықтардың ерлігі». Осындай атаумен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараның өтуіне аталған оқу орны мен Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйытқы болды. Соғыс жылдарындағы жамбылдық жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің фашистік Германияны талқандаудағы ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен ауқымды шараға есімі елге белгілі тарихшылар, соғыс және тыл ардагерлері, институт ұжымы мен студенттер қатысты.
Жиынды Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова ашып, жүргізіп отырды. Ол ел тағдыры сынға түскен қиын-қыстау кезеңде бар болғаны 300 мыңнан аса халқы бар Жамбыл облысының өзінен 70 мыңға жуық адам майданға алынғанын, оның ішінде 36 мыңға жуығы соғыста опат болып, хабар-ошарсыз кеткенін айта келіп, алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовқа берді. Өз кезегінде Е. Нұрбапаұлы жиырма жамбылдық майдангерлер Кеңес Одағының батыры, жеті жауынгер «Даңқ» орденінің иегері атанғанын тілге тиек ете келе, фашистік Германияны жеңуде қазақстандықтардың қосқан үлесі зор екенін сөз етті. Одан әрмен Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев сөз алып, Ұлы Отан соғысы тақырыбы ешқашан зерттеушілердің назарынан тыс қалмағандығын, жүздеген кітаптар, мыңдаған ғылыми-зерттеу мақалалар жарық көргенімен, сол бір зұлматты жылдардың әлі де ашылмаған сыры көп екендігін, тарихшылардың ескі сүрлеуден әлі де шыға алмай жатқандығыны жеткізді.
Келесі кезекте Мәмбет Құлжабайұлы «Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, салтанатты түрде облыс әкімінің орынбасарына табыс етті. 1000 данамен жарық көрген кітапта Жамбыл облысы халқының тыл жұмысындағы еңбегі күнделікті өмір тарихы тұрғысынан баяндалады. Еңбек архивтік құжаттарда, соғыс жылдарындағы мерзімдік басылымдарда, сондай-ақ, көзі тірі майдангер және тыл ардагерлерінің көрсетулерінде берілген фактілік материалдарға негізделген. Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің жанындағы «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығы даярлаған бұл кітапта сонымен бірге арамызда жүрген майдангерлер мен тыл ардагерлерінен алынған сұхбаттар мәтіні беріледі.
Бұдан соң мінбеге көтерілген журналист, режиссер Қасым Аманжол «Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы» жылдарында» атты деректі фильмді көпшілік назарына тұңғыш рет ұсынды. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің «Әлеуметтік тарих» кафедрасының доценті Ш. Баянұлы «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл өңіріндегі аштық», Қазақ ҰПУ-нің «Әлеуметтік тарих» кафедрасының профессоры Б. Жангуттин «Эвакуация населения в Джамбул», тарих ғылымдарының кандидаты Ж. Аягөзов «Тылдағы ерлік пен тәрбие», ТарМПИ Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры О. Қоңыратбаев «Жамбыл облысы аумағындағы ұлттық атты дивизиялардың құрылу тарихы» тақырыптарында келелі баяндамалар жасап, тың пікірлері мен ойларын ортаға салды.
«Ұлтымыздың тарихының түп қазығы саналатын, әуле қонып, нар шөккен киелі Тараз жеріне қош келіпсіздер! Іргетасының қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен, білім мен ғылымның қарашаңырағы саналатын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында тағы бір игілікті істің тұсауы кесілейін деп отыр. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы елімізде кеңінен тойлануда. Анасын ұлынан, аруды сүйгенінен, қарындасын бауырынан айырған XX ғасырдың ең алапат майданындағы ержүрек ата-апаларымыздың ерлігі ұрпаққа – ұран, елге – мұра. Бүгінгі «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жамбылдықтардың ерлігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның да көздегені от пен оқтың арасында елін жаудан азат еткен Жамбыл облысы азаматтарын дәріптеу, өскелең жас ұрпаққа жете таныстыру», – дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария ҚОЖАМЖАРОВА.