Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, әлемдік қауымдастық мойындаған құқықтық мемлекет ретінде орнығуына еліміздегі сот жүйесінің рөлі де айрықша болғаны даусыз. Әлбетте, мемлекеттік биліктің бір тармағы - сот жүйесін дамыту – бұл бір күннің ғана шаруасы емес, межелі міндеттерді белгілеу арқылы атқарылатын ауқымды жұмыс. Осы бағыттағы жігерді жандандыру тұрғысынан алғанда биылғы жылы осыменен алтыншы рет өткелі отырған Қазақстан Республикасы судьяларының съезі маңызды мәселелер мінберіне айналғаны да ақиқат.
Республика судьяларының тұңғыш алқалы жиыны осыдан 17 жыл бұрын өткен болатын. Сонау 1996 жылдары Тәуелсіздіктің алғашқы соқпақтары салынып, мемлекеттіліктің сапалы іргетасы қаланып жатқан тұста сот жүйесі де тынымсыз ізденістер үстінде болған еді. Өйткені егемен елдегі биліктің бірегей тармағы ретінде сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар кезеңін заман талабымен ұштастыру күн тәртібінде болатын. Өткенге көз салсақ, биліктің бір тұтқасы ретінде сот жүйесі осы жолдарды абыроймен жүріп өтті. Айталық, сот жүйесіндегі кезең-кезеңдерге ұласқан реформаның басты бағыттарының бірі – судьялар тәуелсіздігін қамтамасыз етуден басталғаны белгілі. Ата Заңымызбен айшықталған еліміздегі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен судьялардың мәртебесін көтеруге қатысты серпінді шаралар судьялар съезінде көтерілген болатын. Дәл осындай қоғам дамуының маңызына баланатын үдерісті үдету үшін съезд аясында республикалық Судьялар одағы құрылды. Кейіннен Судья этикасы кодексі қабылданды. Жұртшылықтың сот билігіне сенімін арттыру да өзекті мәселе болатын. Шындығында, биліктің мәртебесін берік ететін бірден-бір дүние, бұл – халықтың сотқа деген сенімі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан да осы мәселені ұдайы көтеріп келеді. Ал сот сенімі қандай жағдайда орнықты болады? Әлбетте, қазақ даласының ақылмандарынан, қара қылды қақ жарған әділ билерінен келіп жеткен «тура биде туған жоқ» деген қағидатты ұстанғанда ғана. Сондықтан да осынау биік міндет үдесінен көріну үшін судьялар кәсібилігін, біліктілігін жетілдіруге қатысты ауқымды шаралар атқарылды.
Тұтастай алғанда осы уақыт аралығында Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесі заман талабына сай қалыптасып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот билігінің беделін арттыруға бағытталған сан түрлі шаралар іске асырылды. Сонымен қатар сот жүйесі өз қызметін жетілдіріп, тиімділігін арттыра түсуді әлі де атқара бермек. Бұл ретте, халықтың сенімін жоғалтпау сот саласындағы әрбір қызметкердің бекем ұстанатын міндеті болып қала беретіні де даусыз.
Елдегі сот жүйесін жетілдіре түсу міндеттері Елбасы Н. Назарбаевтың айқындаған «Қазақстан–2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты былтырғы жылғы халыққа Жолдауында да айқын көрініс тапқан болатын. Онда Мемлекет басшысы сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керектігін айтып, жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын еместігін де алға тартқан еді. «Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс», – деген болатын Елбасы Н. Назарбаев. Президент айқындаған өрелі міндеттерді жүзеге асыруда да, ең алдымен, судьялардың біліктілігі, кәсібилігі, олардың жауапкершілігі барынша талап етілетіндігі ақиқат. Халқымыздың «Биі әділ болса, шешімі кәміл болар» деген сөзі де осыны аңғартса керек. Сондықтан да әділ қазы болу, қара қылды қақ жаратын қағидатты қатаң ұстану арқасында ғана қазақстандық сот халықтың берік тірегіне айнала түспек. Ал осы мәселе Елбасының назарынан тыс қалған емес. Мәселен, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан судьяларының V съезінде сөйлеген сөзінде: «Соттар қызметінің тиімділігі, олардың шығаратын шешімдерінің әділеттігі мен жедел және толық орындалуы – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі көрсеткіші. Соттардың шешімдеріне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады», – деген болатын. Ең бастысы, еліміздегі сот жүйесінің Елбасы айтып отырған талаптарына сай келуі үшін барынша жағдайлар жан-жақты қамтылып отыр.
Сөз соңында Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Бұрынғы әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» деген сөзі еске оралады. Әлбетте, қоғам дертін әділ қазының қолындағы билікпен тезге салу – кешегі күннің ғана емес, бүгінгі заманның да өзекті дүниесі. Сондықтан да сот – халықтың ары, мемлекеттің айнасы болу жолында ұдайы жетіле түсуі шарт. Алдағы қараша айының ортасына таман жоспарланған Қазақстан Республикасы судьяларының кезекті VI съезі сот жүйесінің дамуына серпін беріп, еліміздегі сот төрелігін ары қарай жетілдіруге өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Тойжан АЯЗБЕКОВ, Шығыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыру-талдау бөлімінің баcтығы
Судья – халықтың ары, мемлекеттің айнасы
Последние статьи автора