Шіркін, шенеуніктердің бәрі Гүлшарадай болса...
Кәрім Мәсімов кабинетінің дағдарыспен күресте алдағы жылдарға жасалып отырған бағдарламалар аясында қарқынды жұмыс істеуінде атқарушы билік мүшелерінің еңбегі зор. Үкіметтің динамикалық түрде жұмыс істеуіне үлес қосып жүрген министрлердің бірі – Гүлшара Әбдіхалықова.
Абонент әрқашан байланыс аясында
Біз, журналистер қауымы, әрдайым ақпарат іздеп, пікір жинап жүреміз. Белгілі бір мәселелерге байланысты сала басшылығымен байланысуға тура келеді. Осындай сәттерде бюрократияның кесірінен министр тұрмақ, комитет, департамент басшыларымен сөйлесу мұң болады. Жұмысбастылықты түсінеміз, десе де, кейбір шенеуніктер ақпаратты оқырманға, көрерменге дер кезінде жеткізуді мақсат тұтатын журналистерге бір-екі ауыз пікірін білдіруден жалтарып жатады. Ал Гүлшара Наушақызының осындай сәтте ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста екенін, тіпті қалта телефоны арқылы да сұрақтарымызға жауап беретінін айта кеткіміз келеді. Ол кісінің қарапайымдылық, табандылық, жанкештілік қасиеттері көпке үлгі боларлық. Қызметтің мәңгілік емес екенін және анадан бастық болып тумағанын ұмытып кететіндер аз емес. Бәлкім, әлеуметтік сатының барлығынан, яғни бөлім маманы қызметінен министр лауазымына дейінгі жолды өз еңбегімен өткендіктен шығар, Гүлшара Наушақызы қарапайымдылық принципін ұстанады. Шіркін, шенеуніктердің бәрі Гүлшарадай болса игі дейміз. Сонымен, Гүлшара Әбдіхалықова деген кім?
Әлеуметтің отымен кіріп, күлімен шыққан министр
Гүлшара Наушақызы қазірде 16 млн-нан астам адамның әлеуметтік жағдайына тікелей жауапты министрлікті басқарып отыр. Мемлекет халқының тағдырына жауапты қызмет кез келген шенеунікке бұйыра бермейді. Бұл саланың талабы мен жауапкершілігі жоғары. Министр ханымның қызметтік өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, Гүлшара Наушақызы еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне әбден лайық екеніне көз жеткізесіз. Жоғары білім алғаннан кейін ол Қызылорда облысының халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде табаны күректей жеті жыл қызмет етті. Алдымен бас маман, одан кейін бөлім бастығы болды. Бұдан кейін, яғни 1994 жылы заң шығарушы орган – сол кездегі Жоғарғы Кеңестегі халықты әлеуметтік қорғау комитетінде кеңесші болып жұмыс істейді. Жоғарғы Кеңес тарап, саяси жүйенің реңкі өзгерген сәтте Гүлшара Әбдіхалықова қазір өзі басқарып отырған министрлікке келді. Оның бұрнағы жылдарда жинаған кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық біліктілігі осы ведомствода көрініс берді. 1995-2003 жылдар аралығында Гүлшара Наушақызы бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, зейнетақымен қамту бөлімінде басшы, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік саясат, зейнетақымен қамту және халықтың кірісін реттеу департаменттерінде басшылық қызметте болды. Еліміздің қазіргі жүйесінің іргетасы 1995 жылғы Конституция негізінде қаланғанын ескерсек, сол кезеңнен бастап Гүлшара Әбдіхалықованың аталған министрліктің қалыптасуына, дамуына, қазіргідей жағдайға жетуіне қосқан үлесі орасан зор екенін байқаймыз. Бұдан әрі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (2003-2005 жж.), «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрайымы (2005-2006 жж.), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жауапты хатшы (2007-2008 жж.) қызметттерін атқарды. Қаржы дағдарысы кезінде жауапкершілігі ең жоғары саланы қолына алып, халыққа қиындықты сездірмеуге тырысты. 2009 жылдың наурыз айынан бастап ҚР еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi болып келе жатқан Гүлшара Әбдіхалықова сонымен қатар 2008 жылдың қаңтарынан бастап – Президенттің кеңесшісі – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. Бір салада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеуі оның кәсіби біліктілігінің деңгейін көрсететін сияқты. Еліміздің маңызды тетігінің дамуына үлес қосқан еңбегі еленіп, 2009 жылы Елбасы оны «Парасат» орденімен марапаттады.
Қайырымдылық – қайырлы іс
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген атам қазақтың аталы сөзін қаперде ұстаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова апта ортасында Астанадағы жетім балалар үйіне барып, қайырымды іс тындырып қайтты. Гүлшара Наушақызы басқаратын ұлттық комиссия үш жылдан бері «Сезон» журналымен бірігіп, отбасылы әйелдер арасында дәстүрлі түрде «Қазақстан ханымы» деген байқау өткізіп келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – отбасы деген «шағын мемлекеттің» ұйытқысы болып отырған әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтамасыз етілген топтарға қайырымдылық көрсету. Қайырымдылық мақсатына келсек, ұлттық комиссия байқауға қатысты ұйымдастырылған шараға сатылған билеттерден түсетін қаржыны түгелімен жәрдемге мұқтаж жандарға беруді ұйғарыпты. Содан беріде екі жыл қатарынан бұл қаржы қарттар үйіне берілсе, биыл жетім балалар үйіне бұйырып отыр. Реті келіп тұрғасын министр ханымнан Тәуелсіздігімізге 20 жыл толуына орай наурыздың 5-і күні республикамызда тұңғыш рет өтетін Қазақстан әйелдерінің съезі жайлы да сұраған едік. Аталмыш съезге еліміздің барлық аймағынан 700-ге тарта делегаттың қатысуы жоспарланыпты. «Съезде балалар мен әйелдердің мәселесі қаралмақ. Оның ішінде ұлттық комиссияның бір отырысын жастар арасындағы суицид мәселесіне арнаймыз. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша жергілікті жерде зерттеулер жүргізіліп, өз-өзіне қол жұмсаудың себептері анықталып жатыр. Суицидтің алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау керектігі жөнінде ұсыныстар жасалуда», – дейді Гүлшара Наушақызы.
Түйін
Бұл айтқандарымыз – көпе-көрінеу мақтау немесе министрге мәймөңкелеу емес. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» демей ме қазақ. Министр ханым туралы бұл жазбамыз Гүлшара Наушақызының қызметтік жолына жасалған шолу мен күнделікті қарым-қатынаста көріп-біліп жүрген ақпараттар негізінде ғана дайындалды. Көпке үлгі болсын деген ниетпен...