Шетелдегі миллиондаған қазақты қайтарудың жаңа тәсілдері қарастырылуда

Шетелдегі миллиондаған қазақты қайтарудың жаңа тәсілдері қарастырылуда

Қазір «Көші-қон саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ қазір Қазақстаннан үдере көшіп жатқан қазақтарды – білікті мамандарды өз елімізде алып қалудың амалы жасалғаны жөн, деп жазады inbusiness.kz.  

Қазақстан Ұлы көштің 30 жылдығы межесіне жетті. Кезінде еліміздегі қазақтар саны әлемде тарыдай шашылған қазақтардың санына дейін азайып кетті. Өткен ғасыр соңында әлемде 5,5 миллионнан астам қандас тұрып жатты. Ал 1989 жылғы соңғы кеңестік халық санағына сәйкес, Қазақстанда 6 млн 534,6 мың қазақ қана бар болып шықты. Содан "әлемдегі барлық қазақ атажұртқа көш түзесе, ұлтымыздың саны бірден екі есеге артады" деген аңсарлы мұрат пайда болды. 

Нәтижесінде, 1991 жылдың 18 қарашасында ҚазКСР Министрлер кабинеті "Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдірген тұрғылықты ұлт өкілдерін Қазақ КСР-іне қайта қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы" №711 қаулы қабылдады. Егемендігіне қол жеткізген Қазақстан дүниенің төрт бұрышында жүрген қандастарын атамекенге оралуға шақырды.

Нәтиже қандай? 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 1991 жылдан бері жалпы саны 1 миллион 86 мыңнан астам этникалық қазақ осы шақыруды қабыл алған, тарихи Отанына оралған. Атажұртта халқымызбен қауышқандардың 55%-ы еңбекке қабілетті жаста, 28,1%-ы – кәмелетке толмағандар, 16,8%-ы – зейнет жастағылар. 

2021 жылдың басынан 1 қарашаға дейінгі аралықта 15 903 адам қандас мәртебесін алды. Оның 76,3%-ы – Өзбекстаннан, 9,5%-ы – Қытайдан, 6,1%-ы – Түрікменстаннан, 2,5%-ы – Моңғолиядан, 5,5%-ы – Ресей және басқа елдерден келді.

Тәуелсіздіктің бастапқы жиырма жылында аса қарқынды жүрген Ұлы көш бертінде саябырсып қалды: жыл сайынғы қоныстанушылар саны 13–16 мың аралығында ғана. Сонымен бірге, шың елінен көш сұйылып барады. Биыл елге оралған қандастардың небары 9,5 пайызы ғана ҚХР-дан екені айтылды. Бұрындары оралмандардың жартысына жуығын қытайлық қазақтар құрайтын. 2017 жылы ол 33,4%-ға дейін құлдырады. Содан бері азаюмен келеді. Сарапшылар бұған Қытайдағы жаңа этникалық саясаттың салқыны тиіп отырғанын айтады. Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат (ПМЖ) алып үлгерген қытай қазақтарының өзі ҚХР-ға отбасын алып кету үшін барғаннан қайтпай қалған: Қазақстандағы туыстары оларды Қытай билігінің күштеп ұстап отырғанына сенімді.

Кейінгі жылдары көші-қон саласында реформа жүргізіліп, қандастардың Қазақстан азаматтығын рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі жеңілдетілді. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Отанға оралған қазақтар үшін 4 мемлекеттік қызмет "бір өтініш" қағидаты бойынша көрсетіліп жатыр. "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" қызметі қоныс аударушыларға қажет тағы 3 қызметпен бірге көрсетіледі. Атап айтқанда, бұл азаматтар осы арқылы "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу", "Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру", сондай-ақ "Қазақстанның азаматтығын қабылдауды, қалпына келтіруді және одан шығуды тіркеу" қызметтерін пайдалана алады.

"Бір өтініш" қағидаты бойынша қызмет көрсету мерзімдері келесідей: 

қандас мәртебесін беру немесе ұзарту – 4 жұмыс күні, 

қандасты қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу – 14 жұмыс күні,

шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру – 45 күнтізбелік күн, 

Қазақстан азаматтығын алуды тіркеу – 30 жұмыс күні. 

Мемлекет бұл саладағы саясатын жетілдіруде. "Көші-қон саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы" әзірленіп жатыр.

Себебі, қандастар негізінен, қазағы қалың өңірлерді ғана таңдайды. Ал орыстілділері басым деп, жұмыс күші тапшы өңірлерден аяқ тартады. Ресми статистикаға сәйкес, қандастардың басым бөлігі тұрғылықты жері ретінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын және оңтүстік өңірлерді таңдайды. Сондықтан Үкімет қандастардың ШҚО, СҚО, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына ат басын бұруын ынталандыру шараларын өрістетпек. Мысалы, 2020 жылы республикаға 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мың этникалық қазақ келсе, соның ішінде бар-жоғы 396 қандас қана осы осы бес өңірге қоныстанған екен. 

Израильдің "Алиясы" қазаққа үлгі ме?

Әлеуметтанушы Бекжан Сәрсекеевтің мәліметінше, репатриацияның шырқау шегі 1990-шы жылдардың ортасына тап келді. 

"Содан кейін құлдырай бастады. Оған бірнеше фактор ықпал етті. Біріншіден, он жыл ішінде көшкісі келетіндердің басым бөлігі көшіп болды. Ал шетелде орныққан, ауқатты тұратын қазақтардың үлкен бөлігі өзіне бейтаныс елге қоныс аударып, жағдайын нашарлатқысы келмейді. Екіншіден, Қазақстанда орысша білмесең өмір сүре алмайсың деген байлам шетел қазақтары арасында кең таралған. Бұл алаңдаушылықты елде ашылған бейімдеу орталықтары күшейте түсті: онда Үкімет қандастарға орыс тілін үйреткені белгілі. Жағдайды 2008 жылы "Нұрлы көш" атты жеке бағдарламаның қабылдануы көп жақсарта алмады", – дейді әлеуметтанушы.

Тілдік кедергі салмақты көрінеді. Өйткені қандастар арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, олардың 56%-ы орыс тілін білмеуі кесірінен лайықты жұмысқа орналаса алмағанын, 34%-ы айқын, өзекті ақпарат ала алмағанын, 23%-і білім ала алмағанын жеткізген. 

Әлеуметтанушының айтуынша, алдағы жылдары шетел қазақтарының легін күрт арттыруға болады. Ол үшін бірнеше шарт орындалуы керек.

"Егер Қазақстан атажұртқа қайтатындардың барлығын баспанамен қамтыса, әлеуметтік көмекті күшейтсе, Ұлы көш қуатты серпін алмақ. Бұл – бір. Екіншіден, Қытаймен халықаралық келісімге келіп, ондағы қазақтардың лек-лекпен елге қоныс аударуына қол жеткізу керек. Сонда діні, тілі бойынша қысастық көріп, түзеу лагерлеріне қамалып жатқан қазақтар дүрк көтеріліп, қазақ еліне бет алуы мүмкін. Бірақ "олардың бәрін бір мезгілде қабылдауға Қазақстан дайын ба?" деген мәселе бар. Үшіншіден, егер Қазақстан шынымен, Елбасы белгілегендей, әлемдегі озық елдің отыздығына кірсе, шетелдегі қазақтар өздері-ақ атажұртқа қарай ағылатын болады", – деген пікірде сарапшы.

Оның байламынша, әзірге миллион қандасты бір жыл ішінде қабылдауға Қазақстан дайын емес. Себебі, КВИ індеті және дағдарыстан ортайған ел қазынасынан сонша адамды тұрғын үймен қамтуға, әлеуметтік қолдауға қаражат табу күрделі. Оның үстіне қаны бір болғанымен, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері бар өзге елдердің азаматтарын қоғамымызға кіріктіру, әлеуметтендіру мәселесі туындауы ғажап емес. 

"Отандастар қорының" сарапшысы, ғалым, доцент, PhD Гузаль Галиакбарова Ұлы көшке қайтадан серпін беруге болатынын білдірді. Осы мақсатта Израильдің үлгі-тәжірибесін іске жаратуға болады. 

Айта кететін жайт, еврейлердің әлемнің әр түкпірінен Израильге оралуы үрдісін бір терминмен "Алия" деп атайды екен.

"Өз ұлтының өкілдерін тарихи отанына оралтуды Израиль, Венгрия, Германия, Грекия, Польша, Ресей және Қазақстан жүзеге асырады. Шетелдегі қазақтарды тартуға мән-маңыз беріп отырған Қазақстан үшін Израиль тәжірибесі қызықты болады деген ойдамын. Бүгінде бұл елде иммиграция және шетелдік еврейлермен ықпалдасу саласындағы мемсаясатты үкіметтік ведомство – Алия және интеграция министрлігі белсенді іске асыруда. Бұл министрлік репатрианттарға Израиль мемлекетіне көшуге алғашқы қадам жасағаннан израильдік өмірге толық кіріккенге дейін қолдау көрсетеді", – дейді доцент.

Ондай адамдарға аса жомарт жеңілдіктер қарастырылған. Осы орайда репатриация процесінде жастар сегментіне ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, шетелде тұратын ұлты еврей жастарды Израильдегі мектептерге, колледждерге, университеттерге тарту іс-шаралары өрістетілуде. Тіпті тілек білдірген жас еврейлерді оқу орындарына түсуге дайындайтын жеке бағдарламалар бар. 

Шетелдік қазақ жастарына грант саны артқаны жөн

Израильде оқушыларға арналған НААЛЕ бағдарламасы іске қосылған ("Ноар Оле Лифней ха-hорим", яғни "жастар мен жеткіншектер ата-аналарынан ерте репатриацияланады"). Ол шетелдегі ұлты еврей балаларға мектепті Израильде аяқтап, израильдік аттестат алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында 10 мыңнан астам жасөспірім ата-анасынсыз Израильге оралып, орта білім алған. Қазіргі кезде олар ғылыми, іскерлік, әкімшілік, шаруашылық, мәдени және басқа салаларда Израиль мүддесі мен игілігі үшін еңбек етуде. 

Қандастарға арналған білім бағдарламаларына Қазақстанның жаңа тұжырымдамасында баса мән беріледі деп күтілуде.

Мысалы, Өзбекстан азаматы Арухан Ақылбаева 2021 жылы ҰБТ тапсырып, 83 балл жинап, қандастар квотасымен Алматыдағы Қазақстан-Ресей медициналық университетіне оқуға түсіпті. 

"Білікті стоматолог болғым келеді. Қазақстан азаматы емес, ұлты қазақ жастарға арналған квотамен оқуға түстім. Бұл шетелдік қазақ жастарына берілген зор мүмкіндік. Мен оқу бітірген соң Өзбекстанға оралмаймын, қазақ еліне еңбек етемін. Таяу уақытта Қазақстан азаматтығын алғым келіп жүр. Бірақ азаматтық алсам, "қандастарға бөлінген білім грантынан айырылып қаламын ба?" деп алаңдаймын", – дейді ол.

Білім және ғылым министрлігі Аруханға еш қорықпай, Қазақстан азаматтығын ала беруіне болатынын түсіндірді. 

"Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға мемлекеттік білім тапсырысының жалпы көлемінің 4%-ы көлемінде квота қарастырылған. Егер осы квотамен түскен адам Қазақстан азаматтығын қабылдаса, оның аталған квота бойынша тағайындалған білім гранты күшін жоймайды", – деп мәлім етті БҒМ.

Жалпы, алдағы жылдары сұраныс ұлғайса, квота көлемін арттыруға да болар еді. Әйтпесе, шетелдегі қазақтарға Қазақстанның ұлттық университеттерде ақылы оқу жыл сайын 2 миллион теңгеге түседі екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста