Шалқар мен Ырғыз аудандарына іссапармен барған облыс басшысы екі ортадағы сапасы сын көтермейтін жолмен жүріп өтті деп хабарлайды «Тілші».
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысы республикадағы жолы нашар аймақтардың бірі.
Екі аудан орталығының арасы шамамен 160 шақырым. Алайда, жол талғамайтын көліктердің өзі екі араны үш сағатқа жуық уақытта әрең жүріп өтеді.
Облыс әкімі қасына әдейі Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевті ертіп шыққан. Екі ауданның шекарасына келгенде облыс әкімін Ырғыз ауданының басшысы Мәди Елеусізов күтіп алды.
Аймақ басшысы аудан әкімдеріне өңірдегі кемшіліктерді көрсетіп, оны жою үшін шаралар қолға алу керектігін ескертті.
Екі ауданды қоса алғанда 7-8 ауылдың тұрғындарымен кездескенде Бердібек Сапарбаев облыс жолдарына қатысты жасалып жатқан жұмыстарды да айтып өткен.
«Бүгінде Ақтөбе мен Атырау арасында жол құрылысы басталды. Шалқардан Бейнеу бағытына қарай жол салынады деп жоспарланған. Ақтау мен Астана арасына түсетін жол Ырғыздың үстімен өтеді.Үлкен қалалардың арасында жол қатынасы болу керек», — деді ол.