Саясатнама

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Саясаткерлер шешендік өнердің қадірін түсініп жүр ме?
«Шешеннің тілі – семсердің жүзі». Сол семсердің жүзіндей тілімен ата-бабаларымыз ел басқарып, қол бастаған. Ханның алдында қара датын айтып, 60-тағы биді алты жасар бала сөзден жеңген. Ал қазір ше? Бір кездері сөзге тоқтаған халқымыз «ала сөйлеп ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп жұртқа жақ» деген аталы сөзді ұмыт қалдырған жоқ па? Саясаткерлеріміз өздерінің негізгі көзірі саналатын «сөз өнерін» ақсатып алмады ма? Талқылап көрелікші.
Кез келген тарихтың бетін ашыңыз, кез келген оқиғаға көз жіберіңіз, төрткүл дү­ние­ні мойындатқан барша қолбасшылар, ел билеушілер мен әлемге белгілі саяси тұлғалар өз биігіне жұртты ұйыта білерлік шешендігінің арқасында қол жеткізгенін байқайсыз. Мәселен, қазақтың үш биінің аталы сөздерін алыңызшы. Әлі күнге өз маңыздылығын жоя қойған жоқ. Жирен­ше, Бөлтірік сынды шешендеріміздің, Сырым Датұлы секілді батырларымыздың әр айтқаны – нақыл. Мысалы, ол дәуірде Шалкиіз, Бұхар жырау, Шортанбай, Дулат, Мұрат секілді ақын-жырауларымыздың шешен тілі мен жүйрік ақылының арқасын­да еларалық, руаралық дау-дамайлардың бәрі шешіліп отырған. Ал бүгінгі күні бізге шешен тіл мен жүйрік ақыл қажет болмай қалған жоқ па? Жиреншелердің биігіне шыққан саясаткерлеріміз бар ма? Жауап беру қиын. Бір белгілі дүние – біздің лауа­зымды тұлғалар спичрайтерлік қызметке (сөз мәтінін арнайы мамандар дайындап береді) арқа сүйеп алғандығы. Оларға қысылтаяң уақытта спичрайтерлердің көмегі болмай қалатынын түсінбей ме? Қазақ ұлты экспромт, суырыпсалма ше­шен­дікті жақсы көретіні, сөз өнерін қадірлейтіні тарихтан белгілі. Солай бола тұра, біз неге «сөзімізді түземейміз»? Әрине, сұрақ көп, жауап жоқ.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Вудро Вильсон: «10 минуттық әңгімеге да­йын­дық үшін маған бір апта керек, 15 минут сөйлеу үшін – үш күн, жарты сағаттық сөзге – екі күн, ал бір сағат сөз сөйле десе, қазір-ақ айтып беремін», – депті. Біз бұдан «аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» екенін ұғамыз. Мұны, біріншіден, біздің шенділер қаперінде сақтау керек. Бұл – бірінші мәселе.
Екіншіден, өткен жылдардағы санақ қорытындысы 17 миллион халқы бар Қазақ елінің 82 пайызы мемлекеттік тілді білетінін дәлелдеп берді. Солай бола тұра, биік мінберлерде 82 пайыз халықтың құқығын аяққа таптағандай етіп, ресми тілге арқа сүйеу, ресми тілде шешенсудің қажетінің жоқтығы анық байқалады...
Үшіншіден, тек ділмарсу, сөзбен сарай салу барлық мәселені шешпейтіні белгілі. Сөз бен істі үйлестіре білген әкімқара ғана елінің көшін алға сүйрей алады.
Бізге ең алдымен осы үш қағидатты сақтай білгеніміз жөн.
Екінші мәселе... Біздің халық руханият, дін, тіл мәселелеріне келгенде неге аса сауатты? Ал технология тілі мен экономика салаларына ат басын тірегенде не себепті шабан аттай «шоқырақтап» қаламыз. Мұның себебін технология һәм экономика саласындағы мамандарымыздың шешен еместігінен іздеуге болады. Бұл салаға сөздің қажеттілігі жоқ секілді көреміз. Ал егер де технологиялық саладағы сөзімізді, тілімізді түзей алсақ, бұл бағытты тікелей ұлттық экономика, ұлттық технологияға бұрған болар едік. Сонда ғана ділдік мәселе мен әлеуметтік ахуалдың таразысы тең тартар еді.
Үшінші мәселе... «Наполеонның әскерінің аяғы тимеген жерді Бальзак қаламымен жаулап алған» деген мәтел сөзді жиі айтамыз. Сөйте тұра, жер қайысқан қолды да, өзіне қарсылас шақ келтірмес батырды да ықтыратын қасиетті қара сөзге шекемізден қарайтынымыз бар... Осы түсінікті өзгерту керек.
Төртінші мәселе... Егер де ұлттық шешендік өнерді мемлекеттік деңгейде дамыта алмасақ, халқымыз жат саяси ағымдардың жетегінде кетуі мүмкін. Тіпті сөзі түзу саналы саясаткерлерге сыртқы саяси күштер ықпал етіп, өз «шешендеріне» айналдырып алмасына кім кепіл? Мысалы, қазір діни сыпаттағы саяси күштер белгілі тұлғаларды өздеріне тарту арқылы біздің ішкі саясатқа бас сұғудың жолдарын қарастырып жатқаны жиі айтылады. Бұл да – біз үшін қауіп.
Бесінші мәселе... Зерттеушілер шешендік өнердің туабітті қасиет ретінде және кәсіби тұрғыда қалыптасатынын айтады. Осы критерийге сүйене отырып, шенеуніктердің шешендік қабілет-қарымын ұштайтын ділмарлық мектеп керек екенін байқаймыз.

Тақырыпқа тұздық
Кез келген тұлға сөз зергері бола алады
Көне Римнің шешендік өнерінің теоретигі саналатын Цицерон бір сөзінде: «Ақын болып жаралу керек, шешендер жүре қалыптасады», – дейді. Ал қазақ халқының «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген сөзі бар. Бұл сөзді қазақ Цицероннан бұрын айтты ма, кейін айтты ма, ол арасын екшеу мүмкін емес. Десек те, Цицеронның айтқаны пәлсапалық ой болса, қазақтың мәтелі осы бір ойды поэтикалық тұрғыда көркемдеп, ырғақты түрде жеткізіп тұрғанын мойындауымыз қажет. Қызығы: екеуінің бар айтары бір ғана түйінде тоғысады. Демек, шешендік өнерді ізденіп үйренуге, ел алдына сөйлеу арқылы қалыптастыруға болады деген сөз. Яғни, біздің ойымызша, екі сөздің басын құрап, дұрыс сөйлей алмайтын кез келген әкімқараның бұл мәселеге келгенде кеңестік кезеңнің салдарынан орысша қара танығанын алдыға тартып, ақталуына жол жоқ.

Түйін
Бір ғұлама «шешен саясаткер – төрт сағат бойы үздіксіз жүйелі түрде тоқтамай сөйлей алатын адам» деген екен. Төрт сағаттық шешендікті былай қойып, ана тілімізде төрт сөйлемдік еркін ой айта алмайтын басшыларымыз (әкімқараларымыз), билеріміз (соттарымыз), батырларымыздың (әскерилер) көп екені бәрімізді ойландыруы тиіс секілді. Өйткені көпшілік ортасында сөйлей білу мәнері көптеген түйткілді мәселелерді шеше алады. Билікті былай қойып, кез келген адамның жеке бизнесін дамытуы, қызметтік деңгейін көтеруі, өз мекемесін жоғарғы дәрежеде таныта білуі үшін осы сөз өнерінің тигізер пайдасы зор. Сол себепті де, еліміздің әр азаматы ең алдымен сөйлей білуді үйренгені қажет-ақ.


Сіздің ойыңызша ең оратор шенділер кім?
Бұл сұрақты «Фейсбук» әлеуметтік желісін пайдаланатындарға жолдап едік. Сауалға тұшымды жауап бергендердің пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрі бір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін Үкіметті ғана жақтаймын.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Нұрлан ЖАНАЙ:
– Мұхтар Құл-Мұхам­мед шешендік сөздің түбін түсіреді. Қазақилап, мақалдатып, жарқын-жарқын сөйлегенде, бекерге мәдениет министрі боп жүрмеге­ніне көз жеткізуге болады. Сөзі өткір, ойы жинақы – нағыз қазақ.
Мадина МАХАМБЕТҚЫЗЫ:
– Менің ойымша, Дос Көшім. Бұған ешкімнің дауы бола қоймас деп ойлаймын. Сосын Ерлан Қарин мырзаны айтар едім, жас та болса, бас болып жүрген азаматтың бірі.
Үйтолған ЖАРЕКЕЕВА:
– Иманғали Тасмағамбетов. Ұлттық кұндылықтарымыз, салт-дәстүрімізді ұрпақ жадына сіңдіру, жоғалтпау тұрғысын­дағы енбектері елеулі.
Нұргелді ӘБДІҒАНИ:
– Саясаткер ретінде кезіндегі ШЕРАҒАМНАН (Шерхан Мұртаза) артық шешен жоқ шығар. Ол кісінің тілге қатысты «Қос тіл тек жыланда ғана болады» деген бір ауыз сөзі шеріңді басып, айызыңды қандырады ғой. Дәл бұлай кесіп айту, мәселені шешіп айту шешеннің ең шешеніне ғана тән.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ:
– Әлихан Байменов... Ол кісімен әңгімелескенде нағыз оратор екендігіне көз жеткізесіз. Сөз саптауы, сөйлем жүйесі, айтайын деп тұрған ойы – бәрі орнында. Өмірімде осы кісіден алған сұхбатты ғана  диктофоннан оңай әрі жылдам, өзгертпей көшіріп шықтым. Мұндай сауаттылықты әсіресе журналистер жақсы біледі. Ә.Байменов Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне барғалы ораторлық қасиеті артқандай. Көпшіліктің алдында кіммен қалай сөйлесу керектігін білетін ол кісінің шешендік қабілеті басқаларға үлгі болар­лық. Саяси мәселелер болсын, ұлттық мәселе болсын, азаматтық пікірін сауатты жеткізеді. Басшыға ең керегі – осы.
Дулат САУДАБАЙ:
– Менің ойымша, ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов. Өздеріңізге мәлім, сыртқы саясатта тек саяси сауаты бар кісілер емес, сөз шебері болу да өте маңызды. Себебі өз мүддеңді өзгенің мүддесін төмендетпей көтеру таза өткір ой мен тілге шешен әккі саясаткердің қолынан келеді. Ал министр Ерлан мырза­ның өткенде Қазақстан мен РФ арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағы мәселесіне қатысты Ресейге жасаған жұмыс сапарында РФ журналистеріне елдегі орыс тіліне қатысты жауабын айтуға болады. Жалпы, ол кісінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі мен оған деген қатынасын қарап, елдегі қазақтілді журналистердің көңілі онша тола бермейтіні белгілі. Дегенмен саясат­керді елдегі жалпы көріністің шағылысы деп қарау керек сияқты.


• Жадынама
Шешендердің екі түрі бар: рационалды және эмоционалды. Көңіл күйдің жетегіне ермей, салиқалы ой айта білетін саясаткерлерді рационалды деп атаса, жеке басқа тиісіп, ауыр сөздер айтуға баратын саясаткерлерді эмоционалды шешен деп жатады. Жалпы, шешендік өнер саласында ділмар саясаткерлер болмысына қарай үш типке жіктеледі.
САЯСАТКЕРДІҢ үш ТҮРІ
Конструктивті ділмар – нақты тезистермен,  ұсыныстармен қаруланған саясаткер. Оның басты мақсаты – мәселенің шешімін көрсету. Ондай сөз ұстасы тап-тұйнақтай тезис келтіріп, бұлтартпас дәлел-дәйекпен күрмеулі мәселенің түйінін тарқатады.
Демагог саясаткер – тіл мен жағына сүйенетін судырақ саясаткер. Оның негізгі мақсаты – өзін-өзі көрсетіп қалу. Ондай типтегі шешеннің сөздерінің мазмұны жұтаң, жалаң ұран мен орындалмайтын арзан идеялар айтуға, тырнақ астынан кір іздеп, сын іздеуге құмар келеді.
Популист саясаткер – электорат пен аудиторияның аужайына қарай сайрайтын саясаткер. Оның түпкі мақсаты – кез келген әдіспен болса да тыңдаушының симпатиясын өзіне аудару. Ондай типтегі саясаткер өзінің жеке басына құлай берілетін топтардың алдында ұпай жинап қалуға тырысады. Халықты жалған идеяларға шақырып, бұрмаланған мәліметтерді санаға тықпалаудан тартынбайды.


• САЯСИ САБАҚ
Ділмар болам десеңіз...

– Ұлтына, жұрты­на қызмет ету – бі­лім­нен емес, мінез­ден.

Әлихан БӨКЕЙХАНҰЛЫ

1. Сіздің айтар ойыңыз, қимыл-әре­кетіңіз тікелей аудиторияны баурап алуы тиіс. Ол үшін тыңдаушыға рухани көмек беріп, болашаққа деген құлшы­нысын арттыра біліңіз.
2. Сізді танымайтын ортаның алдына шыққан кездегі алғашқы секундтар аса маңызды. Кейбір ғалымдар саясаткер алғашқы 7 секундта қалай көрінсе, жұрттың ойында мәңгілік солай қалуы мүмкін екенін айтады.
3. Тыңдарманның санасына сенімділік ұялата білу керек. Егер тыңдаушыны өз жағыңызға шығара алсаңыз, ойыңызды ары қарай сабақтай беруге болады деген сөз.
4. Елдің назарын өзіңізге аудару үшін, ойыңыздың басын олар қолдайтын мәселеден бастағаныңыз жөн. Содан кейін ғана ары қарай, негізгі мәселеге көшесіз.
5. Бар проблеманы оңай шешілетіндей етіп сөйлегеніңіз жөн.
6. Тыңдарманмен қарым-қатынасты бұзып алмау үшін «сіздер» деп емес, «біз» деп бірінші жақпен сөйлеу керек.
7. Түрлі мотивацияларды пайдалана білу керек. Мәселен, біліммен мотивациялау арқылы сенімділікті ұялатып, кінә арту, үрейлендіре сөйлеу (екеуіне де абай болған жөн), ар-ұятқа басымдық беру арқылы халықты өзіңізге қаратуға болады.
8. Сөйлейтін сөзіңізге тыңғылықты дайындығыңыз, біліміңіз, мол мәліметтеріңіз болғаны жөн. Әңгіме ортасында әзіл қосып, өмірден алынған қызық жайттарды айтып отыруды да ұмытпаңыз.
9. Тұлға болып қалыптасу үшін өз бойыңыздағы қасиеттерден көбірек мысал келтіруге болады.
10. Бар ойыңызды шашыратпай, аз сөзбен қорытынды жасауға үйреніңіз.
P/S.  Бұл кеңестер шешендік өнерді үйренудің кішкене ғана бір мысалы деп түсінерсіздер.


Параллель пайымдама
Демосфеннің ерлігін біздің әкімқаралар қайталай ала ма?

Демосфен деген кім тағы дейтін шығарсыз? Демосфен дегеніміз – біздің заманымызға дейінгі 322-384 жылдар аралығында өмір сүрген гректің маңдайалды шешендерінің бірі. Екінші сауалыңыз «Оның біздің шенді-шекпенділерге, әкімқараларға, шенеуніктерге қандай қатысы бар?» деп қойыларына бек сенем... Қызық үшін сан ғасырлар мен мыңдаған жылдар бөліп тұрған осы араны жақындатып, бір-бірімен байланыстырып көрелікші...

• Демосфен құл иеленуші дәуірдің өкілі бола тұра, демократиялық құндылықтар­дың қорғаны бола білген.
• Біздің шенеуніктер тәуелсіз елді басқара отырып, тілде бар демократияны іске асыра алып отыр ма?
• Демосфен Македония патшасы Филиппке сындарлы ойын айтып, тарихта қалды.
• Біздің шенеуніктер қандай сөзі арқылы тарихта қалмақ?
• Демосфен. Ежелгі Грекияның әрбір азаматы сот алдында өз мүддесін өзі қорғауға тиіс болған. Сол үшін де сотта айтылатын сөзді даярлайтын сөз шеберлері (логографтар) бар болатын. Демосфен де алғашында осындай логограф болыпты-мыс. Ізденудің арқасында саяси тұлға болып қалыптасып, шешендік өнердің майталманына айналды.
• Біздің шенеуніктер. Олардың көпшілігі саяси шешендікті былай қойып, ана тілінде дұрыс сөйлей алмайды.
• Демосфен ел алдында алғаш  сөйлегенде жұрттың бәрі әжуалап күлген, айқайлап наразылық білдірген. Өйткені оның тілінің мүкістігі болды.
• Біздің шенеуніктер. Құдайға  тәубе, бәрі дерлік сақау емес. Бірақ  мемлекеттік тілге келгенде мүкістене­тіні бар.
• Демосфен  міңгірлеп, тілін шайнап сөйлейтін сақаулығын жою үшін, аузына қиыршық тастарды толтырып салып, ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқы­ған, өзін-өзі ұзақ фразаларды демалмастан айтуға бейімдеген.
• Біздің шенеуніктер. Бізге олардың халықпен мемлекеттік тілде сәлемдесуінің өзі қиыршық тастарды шайнаумен парапар ерліктей әсер ететіні рас.
• Демосфен шешендігін жетілдіру мақсатында жер астындағы бөлмеге қамалып алып, екі-үш ай бойы сыртқа шықпайтын болған. Елден ұялу үшін шашының тең жартысын қырқып тастауға дейін барған.
• Біздің шенеуніктер өз мемлеке­тінің мемлекеттік тілін білмегені үшін ұялмайды.
• Демосфен сақау болғандықтан, «р» әріпін, күшікті ызаландырып, ырылдату арқылы меңгеріпті.
• Біздің шенеуніктер. Олардың лек­си­­­к­о­нында өмірі «қ», «ө», «ү», «ң» секілді қазақтың төл дыбыстары болмайды.

Түйін сөз
Демосфен ит екеш, иттен де дәріс алуға тырысқан. Ал біз неліктен тіл курстарына барып, ана тілімізді меңгеріп алуға құлықсызбыз? Мәселенің бәрі осында жатыр. Бәлкім, ынта мен жігер жетіспейтін шығар. Біздің айтқымыз келгені осы болатын.


Саяси технологияларда ұлттық құндылықтар мен символикаларды қолдану тиімді ме?


Артур НЫҒМЕТОВ, «Смарт Эдвайс» консультациялық тобының жетекшісі:
– Менің саяси технологиямен айналысып жүргеніме біраз болды. Бірақ ұлттық риторика пайдаланып көрмеп­пін. Сайлауларды бақылау мақсатында халық­аралық бақылаушылармен бірге Гүржістанда, Украинада болдым. Бұл елдерде партиялар ұлттық құндылықтар мен символикалар арқылы жеңіске жетті. Тіпті Украинадағы соңғы сайлауда Олег Тягнибоктың ұлтшыл-радикалды «Бостандық» жалпыукраиналық бірлестігі 10 пайыздан астам дауыс алып, талайды таңғалдырған. Сон­дай-ақ мұндай әрекеттердің салдары да көп жағдай­да әртүрлі шығады. Көбіне ұлтаралық қақтығыстарға жол беріліп, азаматтық соғыстарға ұласып жатады. Халы­қаралық тәжірибелер ескерілген, сауатты саяси технология болса, оны жүзеге асыруға болады.


Алексей СЕТОВ, «Біртұтас сайлау күні» орталығының жобалар жетекшісі (Ресей):
– Меніңше, бұл сұрақты саяси технологтерге арнап қана қоймау керек. Егер нақты жауап алу аса қажет болса, ол үшін толыққанды әлеуметтік сауалнама жүргізу шарт. 2011 жылы Мемлекет­тік Думаға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізі­ліп жатқанда Рязань облы­сын­да  ЛДПР «ЛДПР – орыстар үшін!» деген ұранды ашық көтерді. Нәтижесінде рейтингі 10 пайызға дейін өсті.


Анатолий КАРАВАН, ресейлік саяси технолог:
– Ұлттық мәселе – теориядағы ең қатқыл тақырып­тардың бірі. Сондықтан бұл саяси технологияда тиімсіз деп есептеймін. Саяси технологияда жұм­сақтық, электораттың тілін табатын әрекеттер жасау маңызды. Ал ұлттық тақырыптар саясаткер үшін өзіне ор қазумен бірдей. Өзінің болашағын ойлаған саясаткер де, саяси технолог да бұл тақырыптан бойын аулақ салады. Халықты өзіне қарату үшін, электорат тарту үшін кез келген тақырыпты қаузауға болады. Тіпті заң шеңберінде өлмейтін мәселелерді алып шығуға мүмкіндік бар. Ұлтшылдық бағыттағы саясаткерден гөрі, Ресейдің автобус жүргізушілері қалалық думаларға  өтетін сайлауларда оп-оңай жеңіске жете алады деп ойлаймын. 
Әзірлеген Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ


Бетті дайындаған Қанат БІРЛІКҰЛЫ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста