Саясатты серік еткен кез келген тұлғаға қай уақытта да қойылатын талап өте жоғары болады. Көпшіліктің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғайтын жекелеген азаматтар қара қылды қақ жара алатын уытты тілімен де ерекшеленеді. Ал сол қара қылды қақ жара алу үшін саясаткерге шешендік өнер де керек-ақ. «Айқайлағанның бәрі әнші емес, сабалағанның бәрі күйші емес» деген нақыл еріксіз еске түседі. Дәл сол сияқты әдемі киініп, саясат туралы пікір білдіргеннің бәрі саяси тұлға бола алмайды. Бағзыда бір ғұлама «Шешен саясаткер – төрт сағат бойы үздіксіз жүйелі түрде тоқтамай сөйлей алатын адам» деген екен. Ендеше, халық алдында көсіліп жүрген біршама саясаткерлеріміздің шешендік өнеріне тереңірек үңіліп көрейік. Зерттеп отырған тақырыбымызды әдебиет пәні етіп алып, еліміздегі саясаткерлерді жазғы демалыс алдында бір бағалап шықсақ.
Сөйлесе қызыл тілдің шешені...
Бұл пән бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның үлгерімі өте жақсы. Доспамбет пен Бұқар сынды жыраулардың түйдек-түйдек ойларын ортаға салып жүрген халық қалаулысы Төле бидің төңірегінде әңгіме қозғай отыра, ақпарат құралдарының «жауынгерлеріне» дес бермейді. Жазушылар Әбіш Кекілбай, Алдан Смайыл сынды депутаттарымызға тағылар айып жоқ. Халық қалаулыларының көпшілігі атқарушы органдағы әріптестерінен бұл пән бойынша көш ілгері. Депутаттармен қатар, үздік үлгерімді деп «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовті де айтуға болады. Ол кісі өте байсалдылықпен қойылған сұраққа нақты әрі жан-жақты жауап бере алатын саясаткер. Әлихан Мұхамедияұлында сөз қайталау да жоқ емес. Оған «құндылық» деген сөзді ерекше көп қолданатынын ескерте кеткіміз келеді. Бұл азаматтардың қатарына сенатор Қуаныш Сұлтановты да жатқызуға болады. Сарабдал саясаткермен саясаттан бөлек, әлеуметтік, рухани, мәдени салада да әңгіме өрбіту үлкен ғанибет.
Сөз «екпінділері»
Қазақ тілінде еркін сөйлегенмен, жоғарыдағы азаматтар сияқты тереңнен толғай бермейтіндерді әдебиет пәнінің «екпіндісі» деп атадық. «Төрттік» бағаны депутаттардан Уәлихан Қалижан, Нұртай Сабильянов сынды халық алдында сөз сөйлеп төселген саясаткерлерге беруді құп көрдік. Партияшылдардан бұл бағаға «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев, Коммунистік партияның басшысы Серікболсын Әбділдин, «Руханияттан» Алтыншаш Жағановалар лайық. Үкімет отырыстары қазақша өткізіле бастағалы қысылмай сөйлеп жүргендердің бірі бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев те осы «екпінділердің» қатарынан.
Технократтарға «қанағаттанарлық» баға
Математикалық есептерді шемішкедей шағып тұрған балаға мұғалімдер гуманитарлық пәндерден жеңілдік жасайтыны сияқты біз де бірқатар шенеуніктерге «қанағаттанарлық» білдіргенді жөн көрдік. Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетовтер тек баяндама жасағанда ғана қазақша сөйлейді. Бұл азаматтарды сөзге шешен деуге келмейді. Бұл баға, негізінен, Үкіметтегі өзге де шенеуніктер мен шетелден білім алып келген технократтық толқынға беріледі.
Көкейіндегісі көмейінен мәлім
Сонымен қатар бізде анау бір әзіл әңгімедегі паразиттің құрылысын терең оқып алған студенттің бейнесіндегі «тұлғалар» аз емес. Үйректің сасқан кезде артымен сүңгитіні сияқты журналистердің құрған «қақпанынан» құтылу үшін жауапты өзінің жіті білетін тақырыбын сөз етіп кететіндер жиі кездесіп жүр. Э.Маккензи «Саясаткердің әңгімесін есту – әйелді тыңдаумен бірдей. Соңына дейін мұқият тыңдамасаң да, оның не айтатыны және не айтқысы келетіні белгілі» деген екен. Дәл осындай саясаткерлер біздің елімізде де жоқ емес. Мысалы, дағдарыс кезінде сыр бермей, партия құруға ұмтылып жүрген «Табиғат» экоодағының жетекшісі Мэлс Елеусізовтің экологиялық мәселелер төңірегінде сөйлейтінін саясатқа қызықпайтындардың өзі біледі. Тіркелмеген «Халық рухы» партиясының жетекшісі, ақиық ақын Мұхтар Шахановтың да көтеріп жүрген тақырыбы көкейкесті болса да, жауыр бола бастағандай. Ал оппозиция жетекшілерінің айтар уәжі екібастан. Әңгіме өзегі елдегі әлеуметтік жағдай туралы болып жатса да саяси жүйе кінәлі, әлемдік экономика күйреп қалса да саяси басқаруымыздың шикілігінен дейтін оппозиция өкілдеріне қандай сұрақ қойсаңыз да, бір ғана жауап аласыз. Қасқырдың аузын жесе де, жемесе де қан қылатын олардың шешендік өнерінің деңгейі белгілі болып қалған.
Вудро ВИЛЬСОН, АҚШ-тың бұрынғы президенті:
«10 минуттық әңгімеге дайындық үшін маған бір апта керек, 15 минут сөйлеу үшін үш күн, жарты сағаттық сөзге екі күн, ал бір сағат сөз сөйле десе, қазір-ақ айтып беремін».
Түйін
Терең зерттеулері мен дәлелі жоқ сөз салмақты емес, керісінше, әркез популистік ұран ретінде қабылданады. Халық алдында, басылым беттерінде сөз сөйлеу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан тілдің шұрайлылығы мен ұтымды сөз орамдары саясаткердің имиджін қалыптастырады.