Саентология саясат па, әлде сауда ма?
Қазақстанға осыдан 14-15 жыл бұрын келген саентологияның құрбандары күннен-күнге көбейіп келеді. Бірақ оларға қарсы тұрар күш те, заң да жоқ сияқты. Жоғарғы сот органдарының үкімімен жабылуы тиіс шіркеулердің өздері сот шешімін «шыбын шаққан құрлы» көрмейтіндей. Сонда бұл белгісіз «діни» ағымның «арқаланып» жүруіне не себеп?
Көшеде келе жатсаң қолыңа бір тілім қағаз ұстатып, болмаса шетелде білім алып, жұмыс істеуге шақыратын хабарландыру, тест атаулыны көрмеген адам кемде-кем шығар. Шын мәнінде, адамның психикасын дуалап, санасын діни әдебиеттерге байлап, бар ақшасын сыпырып алумен айналысатындардың арбауына түскен азаматтарымыз өте көп. Айтып отырған саентологиямыздың өзі – осы.
Мамандар саентологияның біздің елдегі құрбандарының нақты санын бере алмай отыр. Белгілісі, 2003 – 2008 жылдар аралығында бір Алматы қаласының өзінен 26 миллион теңге пайда көрген саентологтердің шіркеуі бүгінде жұмысын әлі де тоқтатпаған. Мамандардың айтуынша, саентологтердің құрған қақпанына түсетіндердің басым бөлігі – қалталы азаматтар. Бірі намыстанып, бірі беделіне нұқсан келер ме екен деп алаңдайтындардың көбі саентологтермен күресетін орталықтарға бара бермейді. Есесіне, мыңдаған АҚШ долларынан айырылып, қандай «құдайға» табынып жүргенінен бейхабар болып қалатын ересектердің қатарын енді мектеп жасындағы балалар да толықтыруы мүмкін. Себебі саентологияның негізін қалаушы америкалық Хаббардтың әдебиеттерін бастапқыда тек ағылшын тілінде таратушылар енді әлемнің барлық тіліне аударып, мектеп жасындағы балаларға арналған нұсқаларын сатуға көшкен. Әншейінде қазақ тілінде жазылған заманауи әдеби кітап табылмайтын заманда, саентологтердің тұманды түсінікті меңзейтін кітаптары қазақ тілінде де бар. Бірақ оларды кімнің басып шығарып, кімнің таратып жүргені белгісіз. Себебі баспаның мекенжайы еш жерде көрсетілмейді. Кітаптардың жазылу сауаты өте жоғары, сапалы болғандықтан шетелден тарап жатқаны, не өз елімізде өндіріліп жатқанын аңғару қиын. Тек кітап қаттамасындағы жарнамаларда «әдебиеттердің аудио, видео форматтары мен сыйлыққа беретін түрлері де бар» делінген. Кітаптарға тапсырыс ғаламтор арқылы қабылданады. Интернет парақшаларындағы ақпараттар да ашықтан-ашық, кітаптардың Хаббардтың әдебиеттеріне негізделіп жазылғандары жасырылмай-ақ жазылған. Бағалары да арзан емес, 3 мың теңгеден жоғары. Ал жалпы, біздің елдегі заңдық талаптарға сәйкес, кез келген діни ағым коммерциялық мақсатта құрылмауы тиіс. Тіпті халық арасында таратылатын діни әдебиеттердің өздері белгіленген сауда орындарында ғана сатылуына рұқсат. Кедендік бекеттерде де барлығы қатаң тексерістен өтіп, құзырлы органдарда тіркелуі шарт. Бірақ саентологияны насихаттаушылардың бұл заңдарға пысқырғаны жоқ сияқты.
Елена Бурова, Перспектива «ақпараттық-кеңес беруші топ» қоғамдық қорының президенті:
– Алматы қаласындағы саентологиялық шіркеуге қатысты қозғалған іс сонау 2008 жылы басталса да 2012 жылға дейін ешбір құзырлы орган қарсы әрекет қолданған жоқ, бұл Қазақстанның діни алаңында күмәнді істердің бар екенін меңзейді. Әйтпесе, халықты мәңгүрттеп, санасын улап, билеп алғандарға қарсы шығатын бірде-бір күш жоқ дегенге кім сенеді? Олар бірде Оксфорд университетіне оқуға жібереміз деп, бірде «бақытқа апаратын жол көрсетеміз» деп халықты дуалап, естерінен айырып жатыр емес пе? Шенеуніктеріміздің мұндай енжарлығын қалай түсінуге болады?
Мамандардың мұндай астарлы мәлімдемесінен саяси күрмеулердің бар екенін ұғыну қиын емес сияқты. Бірақ әдеттегідей, ойын ашық жеткізуден жасқанатындардың жауабын заңгерлер де жағалап, арыға аса алмай келеді. Бар болғаны дін туралы заңға өзгеріс енгізіп, толықтыру керек деген адвокат Ғалым Нүрпейісовтің айтуынша, «миссионер» деген ұғымның өзін біздің заң дұрыс талдамай, тар мағына берген көрінеді. Қарап тұрсаңыз, бар заңның өзін айналып өтіп жүрген даналық немесе білім туралы ғылым деген мағынаға ие саентологияның сүйеніші тым «жуан» секілді... Ал дін істері жөніндегі департаменттердің мамандары «саентологияны діни бірлестік ретінде тіркеген жоқпыз, олармен өзге де органдар айналыссын» деп отыр.
Жорабек Дәуренов, Астана қалалық дін істері жөніндегі департамент директоры:
– Саентология жалпы, діни бағытта қызмет атқаратын ұйым ретінде танылмағандықтан, Дін істері жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістен өтпейді. Діни бірлестік діни жоралғылармен айналысуы тиіс. Ал оларда ол жоқ. Сауат ашу, өзін-өзі тану мен Хаббардтың әдебиеттерін сатумен, ақылы курстар жүргізумен айналысатындардың міндеті де сол саудаға негізделген. Тіпті қаржылық пирамида, желілік маркетинг сынды бұрыс әрекеттерге итермелейтін саентологтер сол үшін де діни бірлестік ретінде танылмады. Білуімше, қазір саентологтер қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеп жатыр, демек, ендігі кезекте олармен айналысуы тиіс орган ішкі саясат бола ма, басқа бола ма өздері біледі.
Саентология дін бе, экономикалық-саяси шырмау ма?
ХХ ғасырдың басында пайда болған «Саентология» немесе «Дианетика» діни ағымы әлемде 154 мемлекетте 3200 шiркеуі мен миссиясы және 8 миллиондай мүшесі бар. Оның негізін қалаған – Лафайет Рональд Хаббард есімді АҚШ азаматы. Ол бастапқыда ғылыми-фантастикалық романдар жазып елге танылған. Атышулы Алистер Кроули бастаған сатанистер сектасының белді мүшесі болған ол 1950 жылы «Дианетика: рух саулығы жайлы заманауи iлiм» атты кiтап шығарды. «Саентология» діни ағымы осы еңбектен бастау алады. Бастапқыда бұл кітап таза психологиялық зерттеу бағытында жазылған. Бірақ Хаббардтың замандас ғалымдары қағидалары күңгірт дианетиканы ғылым деп танудан бас тартты. Ғылымда олжа салмаған іліміне Хаббард амалсыздан дiннің шекпенін жауып, жаңа дiн ойлап тапқан. Ол «Дианетиканы» – «Саентология» деп өзгертіп, «саентология – ғылымды негiзге алып құрылған дiн» деп уағыздады.
Қазір де Қазақстанда саентологтердің 11 шіркеуі жұмыс істейді. Бiрқатар елде саентология шiркеуi «тоталитарлық секта» ретiнде танылды. Бiрақ мұның бәрi «Саентологияның» аталмыш елдерге табан тiреп, орнығуына бөгет бола алған жоқ. Сексенiншi жылдары саентологияның жылдық кiрiсi 100 миллион долларды құраған екен. Оның 10%-ы Хаббардтың қалтасына түсiп отырған. Саентологияның өзгелерден үлкен ерекшелiгi — дiни ағымдарға берiлетiн кеңшiлiктердi пайдаланып, Хаббардтың iлiмiн бизнес көзiне айналдырып алған.
Осылайша саентологияға бар болғаны «сауда ғой» деген көзқараспен қарайық десек, ұлттық сана-сезімімізге қауіп төніп тұр. Ал «саясат» деуге ауыз бармайды. Бірақ саясаткерлердің сөзінше, саентология АҚШ-тың қолында бар оңтайлы саяси «сценарий» де, қазақы элитаның белсенді бөлігі өзіне тиесілі пайданы ойлап отырған қуыршаққа ұқсайды.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
– Саентологияның бірінші жағы ол – дінді жамылып, ғылымға негізделген бұрыс бағыт. Екінші сипаты – орысшыл қазақ элитасын айналдырушы құрал. Үшіншіден, саентология – элитаның діни бағыттағы субидеологиясы. Әлемнің бірқатар елінде саентология және оның ұйымдастырушылары негативті бағаланды. Саентологтерде қаржылық мотив бар, тіпті кейде саяси мафияға да ұқсайды. Біздің билік те саентологияға негативті көзқараста бола тұра, белгілі бір топтарда таралымы бар сияқты. Сот шешімдерінің орындалып, орындалмауы да жоғарыда отырғандардың қолында, АҚШ не дер екен деп жалтақтайтынымыз бар. Әйтпесе, біздің дін туралы заңымыз аса қатал деп есептеледі, ал саентологияға келгенде еш қауқарсыз.
P.S.
Демек саентологиядан пайда көріп отырғандар көп. Бәлкім, АҚШ-қа халықтың мың тарапқа бөлініп, мәңгүрттенуі пайда әкелер, ал қазақы элита қаржыға қарық болар, бірақ мемлекеттің рухани саладағы біртұтастығына бір түйір де пайда жоқ сияқты...