Қазақстанның алтыншы премьер-министрі болған, алтыншы қорғаныс министрі қызметін атқарған Даниал Ахметов отставкаға кетті. Ел тарихында Үкіметті ең ұзақ басқара алған азаматтық қорғаныс министрі Даниал Ахметовке ведомствоның шаруасын дөңгелетіп әкету тым ауыр соққанға ұқсайды. Қызметтен кеткен министрдің артында айқай-шу қалды. Қорғаныс министрінің міндетін уақытша атқару қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штаб бастықтары комитетінің төрағасы Мұхтар Алтынбаевқа жүктелді. Жұртқа айбар болар қорғанысымыздың өз ішінен күйреп, жемқорлықтың құрсауында қалатыны өкінішті жайт.
Баһадүр бабаларымыз үшін соғыста ерлікпен өлу – арман, қартайып өлу – қорлық. Баяғыда Олжабай батыр қартайған шағында қатты өкініп, «Қап, қойдың құмалағындай қорғасын бұйырмай, қағындыдан өлдім-ау» деп, бармағын шайнап жұлып тастаған екен дейді.
«Дулығамның төбесі,
Туған айдай болмаса
Батыршылық сүрмен-ді...» деп Шалкиіз жырау жырлағандай, Отаны үшін, кіндігінен өрбитін ұрпағы үшін жанын пида етер бағзы батырлық дәстүр қазіргі әскеріміздің бойынан бұл-бұл ұшқандай. Қазақтың қолбасшыларын сонадайдан қос жығасынан айыратын. Жасанған жаудан жеңілгенді «жығасы қисайып қалыпты» дейтін. Сол сияқты қазіргі әскеріміз елін, жерін аңдыған жаудан қорғамақ түгіл, айдың күні аманда құлқынды жайлаған жемқорлықтан «жығамыз қисайып» қалған жоқ па? Қазақстанның әскери бюджеті жыл сайын ұлғайғанымен, қорғаныс саласында жемқорлықтың көбесі сөгілмек түгіл, жемсауы торсиып барады. Бұған соңғы кездегі әскердегі жемқорлық фактілері дәлел. Ақмола әскери гарнизон сотының санкциясымен қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов сәуір айының 10-ы күні қамауға алынып, оған «82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған» деген айып тағылған болатын. Оның ІМІ және Soltam Systems израильдік әскери кәсіпорындарының мүддесін көздеп келген Борис Шейнкманның ісі бойынша ұсталып, Израильмен арада 2006 жылы жасалған қару-жарақ келісіміне қатысты заңбұзушылықтарға қатысы бар деген айыппен тергеліп жатыр. Ол кезінде біздікі деп мақтан еткен «Найза», «Семсер» мен «Айбат» артиллерия жүйесін қайта жаңғыртуға бөлінген қаржыға израильдік компаниядан заманауи техниканың орнына ескі қару-жарақ алған болып шықты. Олардың 80 пайызы пайдаланбай жатып істен шыққан. Масқара болғанда, әлгі қарулар тексеру кезінде атылмай қалған көрінеді. Сөйтіп, ҰҚК вице-министр Қажымұрат Маермановтың қатысуымен жалпы құны 190 миллион долларлық үш артиллериялық жүйені іске қоспай тұрып, келісімшарттарға қол қойылып кеткенін анықтады. Тергеулер барысында бұл сома асырылып бағаланған, ал артиллериялық жүйелер құрастыру кезеңінде ғана тұр. Қамауда жатқан Маерманов кеңсе қайшысымен өзіне қол жұмсамақ болған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен 7 сәуірде өткен Қауіпсіздік кеңесінде кері кеткен қорғаныс саласы сынға алынып, Даниал Ахметовке ескерту жасалып, ал оның орынбасарлары Мұхтар Алтынбаев пен Қажымұрат Маермановқа қатаң сөгіс жарияланған болатын. Сондай-ақ Бас прокуратура Қорғаныс министрлігінің Әскери құрылыс және пәтермен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, полковник Әнуарбек Оразалинов Қылмыстық кодекстің 176-бабы 3-тармағының «б» пунктіне сай, «Сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды» деген айыппен қамауға алынды. Егер осы бап бойынша айыбы дәлелденсе, Әнуарбек Оразалинов бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. Жуырда, 12 маусымда Қарағанды гарнизонының әскери соты әскери бөлімшенің бастығы, полковник Асхат Қалыбаевты «мемлекетке 16 миллион 961 мың теңге зиян келтірді» деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Әскери құрылыс саласы былық-шылыққа әбден батқан. Мысалы, «Макс Дорстройсервис-21» кәсіпорнының бас директоры Александр Скоропадский Жамбыл облысындағы «Гвардейский» әскери қалашығын жөндеуден өткізіп, 89,57 миллион теңгенің жұмысын бітірген. Алайда ол ақысы үшін Қорғаныс министрлігінен 23 миллион теңге ғана алған. Ал қалған 66,1миллион теңге алашағын алу үшін министрлікпен соттасып жүр. Сол сияқты «Виват» құрылыс фирмасына Қорғаныс министрлігі 107 миллион теңге берешек екен. Соңғы кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласындағы «Казарсенал» кәсіпорнындағы және Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылы маңындағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрілердің жойқын жарылысынан бірнеше адам қаза болуы әскердегі салақтық пен тәртіпсіздіктің көрінісі демеске лаж жоқ.
Мемлекет тарапынан әр сарбазға бөлінетін қыруар қаржы діттеген жеріне жетпейді. Аты-жөнін айтпауды өтінген бір офицердің айтуынша, 500 сарбазға бөлінетін қаржыны әскери штабтағылар олардың атынан жалған 500 түрлі қол қойып, өз қонышына басып қалатын көрінеді. Бармақ басты, көз қыстымен тұтас әскери қосынды теп-тегін құрылысқа жегетін кеңестік дәстүр қазір тіптен асқынып тұр. Әскерге бөлінген азық-түліктің жартысы жоғары шенді офицерлердің хан сарайындай үйінің ұрасында шіріп жататынын әскерде болған кез келген адам жақсы біледі. Ал әскердегі әлімжеттік кесірінен өліп кететін сарбаздардың қаншамасының құны сұраусыз кетіп жатыр! Бір ғана Қапшағайдағы әскери бөлімдерде бейбіт заманда жыл сайын он шақты жас қыршынынан қиылатын көрінеді. Көбісінің өлімі жұмбақ күйінде жасырылады.
Шыңғыс ханның «Ясасынан»:
«Ондықтан біреу қашса, онда ондықтағы қалған сарбаздың басы түгел алынады».
P.S.
Қорғаныс саласында кадрлар алмастырудың емес, оны қайта құрылымдаудың уақыты жетті. Қытайдағыдай халық-азаттық әскерін үкіметке емес, мемлекеттік және партиялық орталық әскери комиссияға бағынышты ететін немесе АҚШ-тағыдай Пентагон секілді Қорғаныс министрлігін тікелей Президенттің құзырына өткізсе деген ұсыныс білдіргіміз келеді. Түбегейлі идеологиялық-тәрбиелік реформалар жүргізгенде ғана әскери өркениетімен әлемді бас игізген ежелгі батырлық рухымызбен қайта қауышуымыз кәдік.