Қазақстан заңгерлерінің одағы құрылды
Кеше Астанада алғаш рет заңгерлердің республикалық съезі өтті. Ойдағы-қырдағы заңгерлердің басын қосқан съездің басты нәтижесі «Қазақстанның заңгерлер одағын» құру туралы ұсыныстың қабылданғаны болды. Алғаш өтіп жатқан съезге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауын жолдап, заңгерлердің басын қосатын қоғамдық ұйымның қажет екенін атап өтіпті. Оны Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді.
Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігіне 20 жылдам астам уақыт өтті. Осы кезеңде бізде заманауи демократиялық мемлекеттің және нарықтық экономиканың талаптарына сай келетін ұлттық құқықтық жүйе қалыптасты. Бұл істе Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін қалаушы заңдар мен институттарды құрудың басында тұрған біздің заңгерлеріміз орасан зор рөл атқарды. Халық даналығы айтқандай, біздің күшіміз – бірлікте, сондықтан өтіп жатқан съездің күн тәртібіндегі басты мәселе, оның басты мақсаты – еліміздің заңгерлер қауымдастығының басын біріктіру болып табылатын жаңа қоғамдық ұйым құру», – депті Президент өз сөзінде. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Заңгерлердің жаңа ұйымын құру туындаған мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді, ал заңгерлер ұйымының жасап шыққан ұсыныстары іс жүзінде жүзеге асып, заңдылықты нығайтып, елімізде заң мен құқықтың салтанат құруына септігін тигізетін болады», – деп атап өтті.
Мемлекеттік хатшы да бұл шараны еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосатын үлкен форум болады деп есептеп, съездің жұмысына жеміс тіледі. «Елбасымыз Қазақстан Тәуелсіздігінің әр кезеңінде еліміздің құқықтық дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында да еліміздегі сот және құқық қорғау жүйесіне модернизация қажеттігін атап өткенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Осыған байланысты түрлі құқық қорғау органдарына арнайы тапсырмалар беріліп, қазір елімізде құқық қорғау жүйесін жаңартудың, жаңғыртудың жоспары бекітіліп, іс-шаралар жүзеге асырылып та кетті», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Елбасының тапсырмасына сәйкес, жаңа қылмыстық процессуалдық кодекс дайындалып, құқық қорғау жүйесінің кадрлық әлеуетінің деңгейі көтерілуде.
Съезде сөз алған республиканың бас заңгері – әділет министрі Берік Имашев кіріспесінде ел Тәуелсіздігінің алғашқы 20 жылдығындағы Қазақстанның құқықтық дамуының қорытындылары және еліміздің заңгерлік қауымдастығы шешетін алдағы міндеттер туралы айтып өтті. Ол: «Республикалық съездің басты мәні – жеке заңгерлермен қатар, қазірде жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерді, мәселен, сот және адвокаттар одағын, сондай-ақ республикалық нотариалдық палатаны біріктіруге мүмкіндік беретін қазақстандық заңгерлердің жаңа қоғамдастығын құруда жатыр», – деді.
Осының бәрін ескере келе, заңгерлеріміз «Қазақстан заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Одақтың төрағасы болып Парламент Мәжілісінің депутаты Рахмет Мұқашев сайланды. Дауыс беру арқылы ұйымның жарғысы қабылданды, сондай-ақ бес адамнан құралған орталық кеңестің құрамы бекітілді.
Қазақ гуманитарлық-заң университетінің президенті Мақсұт Нәрікбаев жаңа одақ құқық саласында мемлекет пен қоғамның одан ары қарай өзара іс-қимылына және жалпыұлттық мүдделерге құқықтық тетіктермен қолдау жасау үшін қажеттігін айтып отыр. «Заңгерлер одағы құқықтық реформа, заңгерлік білім беруді дамыту, ғылыми заңгерлік мекемелерді ұйымдастыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға салмақты ұсыныстар жасауға қауқарлы болады», – дейді Мақсұт Нәрікбаев.