Қазақстан-Қытай: Ұлы Жібек жолы жаңғыра түспек

Қазақстан-Қытай: Ұлы Жібек жолы жаңғыра түспек

Өткен аптаның соңына қарай Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен ат-басын бұрды. Бұл – оның Бүкілқытай басшысы ретінде қазақ жеріне алғаш аяқ басуы. Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен G-20 саммитінен кейін Қазақстанға арнайы сапарлап, Елбасы Н.Назарбаевпен жеке және кеңейтілген құрамда болған кездесуде екі ел басшылары қазақ-қытай байланыстарын кеңінен талқылап, бірқатар нақты келісімдер рәсімдеді. Сөйтіп, үш күн бойы қазақ жерінде аялдаған Қытайдың жаңа басшысы бізбен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі екендігін танытты. Бұған Қазақ жағының да ықыласты екені бесенеден белгілі. Сөйтіп, Қытай елінің басшысы Қазақстаннан соң Өзбекстан мен Қырғыз елін сапарлай отырып, өз еліне қайтуды жоспарлаған.

Қытай Қазақстанды «ұлы көрші» ретінде қарастырады
Алып көрші – Қытай басшысының сапары бейресми шарадан басталды. Алдымен Си Цзиньпин елордадағы еңселі білім ошағы – Назарбаев университетіне бас сұғып, студенттер мен оқытушылар ал­дын­да дәріс оқыды. Оның дәрісі де рес­ми баяндамаға еш ұқсаған жоқ. Си Цзинь­пин қарапайым тілде сөйлеп, қазақ-қытай достығын нақты әрі айшықты мысалдар­мен көрсете білгендей көрінді. Осының өзі әккі басшының төрағалық тізгініне ие бо­лар тұсындағы «саясаттан емес, халықтан шыққандығы» туралы имиджін растай түсе­тін тәрізді. Сосын бұған бірінші басшы Си Цзиньпиннің өмірбаяны да дәлел бола­тындай. Айталық, Қытайдың болашақ бас­шысы шенеуніктер отбасынан шыққа­ны­на қарамастан, тағдыр тәлкегімен бір­шама қиыншылықты бастан өткерген. Әке­сі Си Чжунсюн бүкілқытай халқына ре­форматор ретінде танымал болды. Мао Цзэ­дунның билігі кезінде қамауға алынып, Дэн Сяопиннің келуімен ғана ақталып шықты. Сол кезді Си Цзиньпиннің өзі бү­гін­де былай деп еске алады: «Мен ауырған күндерді санамағанда, жылына 365 күн жұмыс істедім. Жаңбыр мен шалшық суға қарамастан, жергілікті халықпен бірге шөп шауып, мал бақтым». Осылайша, қарапа­йым «қара баспалдақ­пен» Қытай төрағасы қызметіне дейін көтерілген Си Цзиньпиннің тағы бір ерекшелігі кітапты көп оқитынды­ғында болса керек. Аспан асты елінің біл­дей басшысының бұл білгірлігін Назарбаев университетінде оқыған дәрісінен анық байқадық. Ол тек қазақтың мақал-мәтел­дерін ғана емес, ұлы Абай атамыздың ұла­ғатты сөздерімен де жақсы таныс екен. Сөз арасында Ұлы дала тарихын да біліп, оған құрметпен қарайтынын да сөз етті.
«Мен Қытайдың ұлы көршісі – Қазақ­станға мемлекеттік сапармен келуіме аса қуаныштымын. Алдымен барша қазақ­стан­дық­тарға Қытай халқының шын жү­рек­тен жолдаған сәлемін жеткізгім келіп отыр», – деп бастады өз сөзін Си Цзиньпин. Сосын ҚХР төрағасы сөзін былайша сабақ­тады: «Құрметті достар, осыдан екі мың жыл­дан астам уақыт бұрын Қытайдың Хань династиясының елшісі Чжан Цянь достық пен бейбітшілік миссиясымен Ор­та­лық Азияға екі рет барып, диплома­тия­лық қатынастарды орнатуға күш салды. Содан Ұлы Жібек жолы ашылып, шығыстан батысқа қарай, Азиядан Еуропаға сауда көштері бет алды. Жібек жолының өзі Шань­си провинциясынан бастау алады. Бұл – менің туған жерім. Осы жерде тұрып, сол тарихи байланыстарды еске алған қан­дай жақсы. Мен тау бөктерімен келе жат­қан көштердің сыңғырлаған дауысын естігендей боламын. Себебі тоғыз жолдың торабында жатқан Қазақстан шығыс пен батыстың араласуына, халықтар мен мә­де­ниеттердің жақындасуына қомақты үлес қосты. Ал бәріміз бірге біз адамзат өр­ке­ниетінің дамуына атсалыстық. Осы­лайша Ұлы Жібек жолындағы елдер мәңгі­лік достық шежіресін жазды». Бұдан кейін­гі сөзін Орталық Азия елдеріне арнаған Қы­тай басшысы Қазақстанның мінберінен аймақтағы барлық мемлекеттерді өзара ықпалдасуға шақырғандай болды. Мұның өзі Қытай секілді алып державаның Қазақ­станға деген құрметін көрсетсе керек. «Алыс­тағы ағайыннан жақындағы көрші артық» демекші, Қытай және Орталық Азия­ның ортақ өзен-сулары, орман-тау­лары көп. Сондықтан біз аймақтағы мем­ле­кет­термен ықпалдасуға ерекше мән бе­ріп келеміз», – деді ҚХР төрағасы. Осы ор­айда ол Қытайдың сыртқы саясатты бейбіт жолмен жүргізуді қалайтындығын жеткізіп, Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жұмыстарына еш араласпайтынын ер­ек­ше атап өтті. «Қытай аймақтық мәсе­ле­лерде өз ықпалын жүргізуге тырысып жат­қан жоқ», – дейді Си Цзиньпин. Оның ой­ын­ша, экономикалық дамуға бет алған Қытай мен Орталық Азия елдері бірлесіп, өзара тиімді шарттарда жұмыс істеуі тиіс. Ал, ең бастысы, әрбір халықтың ұлттық бол­мысын сақтап қалған маңызды.
Қытай доллардан бас тартуға шақырып отыр
Назарбаев университетінде оқыған дәрісінде С.Цзиньпин Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстарды орнатуға қатысты өзінің ой-пікірлерін жет­кі­зіп қана қоймай, нақты ұсыныстарды да ортаға салды. Оның сөз астарынан ұққа­ны­мыз, жаһанданған заманда көне Ұлы Жібек жолының нақты экономикалық ба­ғыт­тарын құрудан көршілес елдер тек ұта түседі. Яғни бір кездегі Жібек жолын жаң­ғыр­ту оның бойындағы барлық мемлекет­терге тиімді болмақ. «Біріншіден, саяси деңгейдегі диалогті күшейтіп, экономика­лық алмасу төңірегінде үнемі кеңесіп отыр­ған жөн. Осы салада тиісті бағдарла­ма­ларды қабылдап, аймақтық интегра­ция­ға барынша жол ашу қажет. Екіншіден, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірыңғай жол желісін құру жұмысын кү­шей­ту керек. Қазіргі уақытта автожол та­сы­мал­дарының тиімді шарттары бойынша арнайы келіссөздер жүргізіліп келеді. Осы­ны тез арада атқарып шықсақ, Тынық мұхиттан бастап Балтық теңізіне дейінгі үлкен автомагистральді ашуға болады. Ал әрбір елдің трансшекаралық мәселелерін шешу арқылы біз шығыс, батыс пен оңтүс­тік Азияны қосатын көлік тасымалын жа­сай аламыз. Осының өзі бір жүк тасымалын оңтайландырып қана қоймай, азаматтар­дың барыс-келісін де жеңілдете алады. Үш­іншіден, сауда байланыстарын күшейту керек. Бүгінде Жібек жолының бойында 3 млрд-тан артық халық тұрады. Мұның бәрі – ауқымды нарық. Сондықтан біз сауданы барынша жеңілдетіп, қажет емес кедергі­лерді алып тастауымыз қажет. Сол арқылы экономикалық операцияларды жылдам­датқан дұрыс», – дейді ҚХР төрағасы. Эко­номикалық ынтымақтастық мәселесін­де екпін валюта мәселесіне келгенде де ерекше болды. Си Цзиньпин осы тұрғыда өзара сауданы ұлттық валютамен жүргізген тиімді екенін бірнеше рет меңзеді. Қытай Ресеймен, сондай-ақ өзге де елдермен солай жұмыс істейтінін айтып, осы тәжіри­бені ары қарай жалғастырудың ауадай қа­жеттігін түсіндірмек те болды. Оның па­йымынша, сауда-саттықта ұлттық валюта­лар­ды қолдану арқылы екі ел арасында болатын қаржылық операциялардың шы­ғындарын біршама азайтуға болады. Сосын бұл қадам аймақтық экономиканың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді. Сөз соңындағы тобықтай түйінде төра­ға халықтар арасындағы достық бай­ланыстарды дамыту секілді маңызды мә­се­лемен тоғытты. «Себебі жоғарыда атал­ған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, халықтың қолдауы қажет», – деп атап көрсетті ҚХР-дың төрағасы.
Қытайдың төрағасы Абайдың қара сөздерін біледі
Өз дәрісін қорытындылай келе, Си Цзи­нь­пин Қазақстан мен Қытайдың ара­сын­дағы бүгінгі достықты құрғақ статис­ти­ка­мен емес, нақты өмірлік мысалдармен суреттеп берді. Бірінші мысалда Қытайдың ер-азаматы және Қазақстан әйелі арасын­дағы махаббат туралы баяндалса, екіншісі Руслан есімді қазақ жігітіне арналған. «Бі­ле­сіз бе, Қытайда теріс резусты факторы бар қан сирек кездеседі. Оны халық ара­сында «панда қаны» деп атайды. Осындай қаны бар ауру-сырқаттарға донорды табу аса қиын. Ал Қазақстаннан келген Руслан есімді Хайнань университетінің студенті дәл сол сирек кездесетін қан тобына кіреді екен. 2009 жылдан бері ол өз еркімен жы­лына екі рет қан тапсырып отырады. Бұны­мен ауырып жатқан Қытай азаматтарына үлкен көмек береді. Русланның «қан тап­сыру арқылы адамға көмектесу – менің мін­детім» деген сөзі мені қатты қуантады. Бұл кішігірім болса да, қазақ-қытай досты­ғының жарқын мысалы бола алады», – дей­ді Си Цзиньпин. Осы орайда ол бүгінгі жас­тардың Қазақстан-Қытай достығын ары қарай дамыта алатындығына сенім білдірді. «Қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай атқандай, «дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – аға­лар, кейінгі толқын – інілер, кезек­пе­нен өлінер, баяғыдай көрінер». Қазіргі жас­тар бір-бірін жақсы түсінеді. Себебі ол­ар­дың мақсат-міндеттері бір. Біз екі ел жас­тарының бүгінгі достығымызды жал­ғас­ты­рып, оны ары қарай нығайту жұмы­сы­на өз үлестерін қосады деп сенеміз», – деді Си Цзиньпин. Ал жастардың бүгінгі бай­ланысын күшейту үшін Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет­тердің азаматтарына 30 мың үкіметтік бі­лім беру стипендияларын бөлетін болды. Оның 10 мыңы Конфуций институттарында жұмыс істейтін оқытушыларға арналған. «Сондай-ақ мен осы университеттің (На­зар­баев университеті — авт.) 200 оқыту­шысы мен студенттерін келесі жылы өтетін жазғы лагерьлерге шақырамын», – деп атап көрсетті ҚХР-дың басшысы.
Мұндай дәріс барлық жиналған қа­уым­ның көңілінен шықты. Президент Н.На­зар­баев та Қытай төрағасын ерекше ілти­пат­пен тыңдап, дәріс аяқталған соң, универ­си­теттің құрметтi профессоры ата­ғын сал­танатты түрде табыс етті. Мемлекет бас­шысы: «Ендi сiзге Назарбаев универси­те­тiне жиі келіп, дәрiс оқып тұруға тура ке­ле­дi», – деп қалжыңдап та қойды.
Айта кететін тағы бір мәселе, Қытайдың төрағасы Си Цзиньпиннің Назарбаев уни­вер­ситетінде оқыған дәрісін елорда сту­дент­тері ғана емес, бүкіл қытай халқы тың­да­ды. Осы мақсатта Назарбаев уни­вер­си­тетінде арнайы спутниктік құрыл­ғылар орнатылып, ол арқылы Қытайдың халықаралық радиосы және CCTV теле­арнасы өз елінің басшысы Си Цзиньпиннің дәрісін тікелей эфир арқылы бүкіл Қытай еліне таратқан. Демек, Си Цзиньпин өз сө­зін қазақ пен қытай жастарына бірдей ет­кі­зуді көздепті. Бұл да ҚХР-дың жаңа төра­ғасы жүргізіп жатқан салиқалы саясаттың бір көрінісі болса керек.
Қытай Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі
Ал Ақордада Н.Назарбаев пен Си Цзи­ньпин жеке және кеңейтілген құрамда кез­десті. Оның қорытындысы бойынша Қа­зақ­стан мен Қытай арасындағы жан-жақ­ты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамы­ту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Бұдан басқа, дипломатия­лық ғимараттар салу үшін жер учаскелерін бөлу, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пай­далану, сауда-экономикалық байла­ныс­тарды дамыту, Қорғас өзені бойындағы «Достық» су торабын бірлесіп пайдалану, көмірді тереңдетіп өңдеу және тағы басқа ынтымақтастық туралы келісімдер рәсім­дел­ді. Осыдан кейін екі елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз ортақ шекараны бекітіп, сауда айналымын ұлғайттық. Бүгінде екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 26 млрд долларға жетті. Жақын жылдары бұл соманы 40 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Газ бен мұнай құбырла­ры құрылысын қоса алғанда, біздің мұнай-газ саласындағы ынтымақтас­тық қарқынымыз ойдағыдай дамып келеді. Достық–Алашанькоу және Қорғас–Алтынкөл теміржол өткелдері­нің ашылуы біз үшін әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік бермек. Си Цзиньпин мырзамен біз Қазақстанға қажетті мұ­най өңдейтін зауыт құрылысы тура­лы уағдаластық. Қытай Ляньюньган пор­тын­да қазақстандық терминалды салу­ға да келісімін берді. Осылайша Қазақ­стан Қытай арқылы Тынық мұхитқа шы­ға алады.

Си ЦЗИНЬПИН, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
– Меніңше, 2015 жылға қарай біз­дің сауда-саттығымыз 40 млрд дол­лар­ға жетеді. Бүгінде біз энергетика саласындағы бірлескен жұмысымызды ары қарай жалғастырып, трансшекара­лық мұнай және газ құбырларын тарту, энергия ресурстарын барлау, өндіру және өңдеу бойынша ортақ іс-қимыл­ды арттыра аламыз. Ал трансшекаралық суларды пайдалану келіссөздері өзара түсіністік пен сенімнің негізінде жүргі­зілуі тиіс. Қытай мен Қазақстан осы са­ла­дағы барлық мәселелерді бірлескен комиссия аясында екі елдің мүддесі үшін шешіп отыратын болады. Біздің трансшекаралық өзендеріміз достық пен ынтымақтастық өзендеріне айна­лады деп сенемін.

Сондай-ақ келіссөздер барысында Қы­тайдың Қашаған кен орнын игеру жұ­мысына қатысу жайы да талқыланды. Со­ның нәтижесінде қытайлық CNPC ком­па­ниясы Қашаған жобасының 8,33% акция­сын сатып алатын болды. Осыған орай, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде CNPC және «ҚазМұнайГаздың» арасында тиісті келісімшартқа қол қойылды. Бұдан басқа, Іле өзенінде контрреттеуші Кербұлақ су электрстансысын салу жобасын іске асыру келісімі рәсімделгенін ерекше атап өткен жөн. Ал екі елдің президенттері Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырын салтанатты түрде іске қосты.
Жалпы, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапа­ры аясында 20-дан астам келісім­шартқа қол қойылды. Бұған дейінгі 20 ірі жобаның құны 30 млрд доллар болса, жаңадан қолға алынған 30 жобаға тағы 30 млрд АҚШ доллары құйылады. Сөз жоқ, бұның барлығы Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпиннің Орталық Азия­мен, оның ішінде Қазақстанмен қанша­лық­ты тығыз жұмыс істеуге мүдделі екен­дігін көрсетсе керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста