Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
Саяси басқарушы элита туралы толғам айтып, ой түймеген философ кемде-кем. Саяси ілімнің негізін қалады дейтін Конфуций, Платон, Аристотель, Макиавелли, шығыс ойшылдарының ішінде әл-Фараби бабамыз да басқарушылардың қоғамдағы рөлін тәптіштеп түсіндірген. Өткен заманның ойшылдары түйген тұжырымдардың қай-қайсысын алсаңыз да, өзектілігін жоғалтпаған. Яғни жібі түзу саяси жүйе құру, саяси элита қалыптастыру – қоғамның дамуына кепілдік. Бұл – жай айтыла салған сөз емес. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Гаэтано Моска, Вильфредо Парето, Роберт Михельс сияқты Еуропаның ірі ғалымдары «саяси элита» ұғымын зерттеп, ғылымға енгізді. Ғылыми тұжырымдамалардың тобықтай түйіні: кез келген мемлекеттің жүрісі қоғам локомотиві – саяси элитаға байланысты.
Ел дамуының тетігі ретінде он айқын бағытты көрсетіп берген Президент Жолдауының бесінші бағыты сапалы саяси басқарушыларды дайындау болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «XXI ғасыр заманауи мемлекетті басқаруда күшті талаптар қойып отыр. Біздің маңызды міндетіміз – сапалы саяси басқарушыларды дайындау», – деген болатын. Яғни бізге жаһандық қатерлерге төтеп беретін, негізі қаланған, тәуелсіз, жас мемлекетті қайшыласқан әлемде лайықты бастап жүретін саяси басқарушылар керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «XXI ғасырда Қазақстанды лайықты бастап жүретін жаңа басқарушы элитаның негізін қалайтын солар болады. Мен мұны бұрыннан бері айтып жүрмін. Қазір тек іске кірісу керек. Бұл да өте маңызды», – деген еді. Елбасы Үкімет пен Президент Әкімшілігіне биылғы жылдың алтыншы айының соңына дейін Президенттік кадрлық корпусқа үміткерлер жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, арнайы комиссия үміткерлерді олардың біліміне, кәсіби біліктілігіне, жоғары моральдық сапасына қарай таңдайды.
Арнайы комиссия талабы күшті болуы шарт
Ең алдымен арнайы комиссия еліміз сұрыпталған саяси басқарушыларға кенде болмасына мүдделі болуы керек. Ол үшін әділ әрі таза таңдау жасау қажет. Яғни болашақ элита өкілдерінің әлемдік стандарттарға сай жоғары білімі, қазіргі элитаның деңгейіне жету үшін кәсіби біліктілігі жоғары болғаны абзал. Және Мемлекет басшысы ерекше атап өткен жоғары моральдық сапа басты назарда болғаны жөн. Бұл сипаттамаларға сай келетін жастар аз емес.
Кадрлық корпус мүшелерінің қаперіне:
Арнайы комиссияның елегінен өткен корпус мүшелеріне нені ескеру керек? «Элита» сөзінің өзі француз тілінде «сұрыпталған, іріктелген» деген мағынаны білдіреді. Демек, қоғам бетіндегі қаймақтарға қойылар талап та жоғары. Президенттік кадрлық корпусқа қабылданған жастар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына барлық жағдайды жасаған қазіргі элитаның тәжірибесін толықтай меңгеруі қажет. Нақты айтар болсақ, Қазақстан саяси басқарушыларының ізбасарлары олардың мынадай қызметтерін жалғастыруы керек:
Біріншіден, стратегиялық қызметі – қоғам дамуының стратегиялық және тактикалық жобаларын әзірлеу, нақты іс-әрекеттер бағдарламасын айқындау.
Екіншіден, интегративті қызметі – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету, қақтығыстарға жол бермеу.
Үшіншіден, ұйымдастыру қызметі – бұқараны ұйыстыра білу. Өзінің стратегиялық бағдарламалары мен ұстанымдарына халықты жұмылдыру.
Төртіншіден, дипломатиялық қызметі – бес құрлықтағы әртүрлі менталитеті бар сан түрлі халықпен қоян-қолтық араласуы, державалардан бастап, үшінші әлем елдеріне дейін теңдей қарым-қатынас орнату.
Президенттік кадрлық корпусының мүшелері аға буын көрген қиыншылықтарды көре қоймас. Себебі олардың алдында қазіргі элита сияқты КСРО күйрендісінде шала-жансар жатқан елді аяғынан тұрғызу міндеті тұрған жоқ. Болашақ басқарушыларға артылар жүк – барынша қалыптасқан, әлемдік қауымдастықтың толыққанды субъектісі ретінде мойындалған мемлекеттің ісін одан әрі дөңгелету ғана. Жетістіктерін жалғастыра отырып, кемшіліктерге жол бермеу – бүгінгі заманның басты өлшемі. Жаңа институттың тиімділігі туралы сарапшы маманның пікірі мынадай:
Санжар Боқаев, саясаттану бойынша PhD докторы:
– Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық корпус туралы алғаш рет өзінің Жолдауында айтып өтті. Меніңше, бұл жаңа институт қоғамның барлық талабына жауап бере алатын кәсіби, сапалы элитаны қалыптастырушы механизм болады. Президенттік кадрлық корпустағы саяси басқарушылардың сапалылығы сонда, олар қандай да бір рудың немесе саяси топтардың ғана адамдары болмайды. Еліміздегі білімді, ұйымдастыру қабілеті жоғары жастардың саяси мансап жасауына жағдай жасайды. Жас саясаткерлердің арасында бәсеке пайда болады. Ал бәсеке бар жерде сапаның да болатыны белгілі. Оның үстіне, Мемлекет басшысы «Кадрлық корпус мүшелері еліміздің экономикалық дамуымен тығыз байланысты бизнес құрылымдары ұсынған жалақыны алады» деген болатын. Демек, қандай да бір топтың ықпалында қалу қаупі жоқ деген сөз.
Түйін
Халық даналығында «Ат тұяғын тай басар» деген сөз бар. Мемлекет – мәңгілік алып машина. Ал билеушілер жолаушылар іспеттес. Ол машинаның түзу жолмен алға қойған мақсатына діттеген уақытында жетуі рульдегі басқарушыларға тікелей байланысты. Бүгінгі биліктің сапалы саяси басқарушыға мүдделілік танытуын ұрпағының болашағы мен елдігінің ертеңін ойлауы деп түсінгеніміз жөн.