Премьер арабтарды аузына қаратты
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кеше Астанаға келген арабтардың «аузын ашқызып, көзін жұмғызды». Олар ғана емес, күнделікті жиындарда Премьеріміздің қазақшасы мен орысшасын ғана естіп жүрген біз де оның кешегі тапқырлығына таңырқап қалдық. Кешеден бері Астанада «Қазақстан және Сауд Арабиясы – даму бойынша серіктестер» атты тақырыпта өтіп жатқан ІІ қазақ-сауд бизнес-форумында Кәрім мырза қазақ тілінде сөйлеген жоқ. Орысша да «әу» демеді. Мінберге шығып, араб тілінде мүдірместен зырылдай жөнелгенде жұрт демін ішіне тартты. Қамсыз отырған журналистер де сасқанынан ілеспе аударма аппараттарына жүгірісті. Сөйтіп, қонақтардың көңілін бір жадыратып алған соң, ағылшын тілінде сөйлеп кетті...
Араб делегаттары өз сөздерінде Премьер-министрге дән риза болғанын жасырмады. «Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің бізге жасаған осынау құрметіне дән ризамыз. Өкінішке қарай, біз қазақша сөйлей алмаймыз», – деп Сауд Арабиясы корольдігінің Инвестициялар бойынша агенттігінің төрағасы Әмір Даббах өзінің бір қуаныш, бір өкінішін қатар жеткізді. Сауд Арабиясы корольдігі Сауда-өнеркәсіп палатасы кеңесінің бас хатшысының орынбасары Әбдірахман әл-Джерейси де Кәрім Қажымқанұлының араб тілінде сөйлеуін екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынастың бір жемісіне балап, жақсылыққа ырымдап қойды.
Мұсылмандық істен көрінсін...
Қазақстан Орталық Азия мен ТМД елдері арасында исламдық қаржыландыруды дамытуға арналған заңнаманы алғашқы болып қабылдап отыр. Осыны ескерте келе Премьер-министр Сауд Арабиясы қаржыгерлерін Қазақстандағы ислам банкингін дамытуға атсалысуға шақырды. «Сіздердің өте маңызды әрі қарқынды өсіп келе жатқан қаржыландыру секторындағы тәжірибелеріңізбен танысып шығуға қатты қызығушылық танытып отырмыз. Біздің Үкімет өзіне ұзаққа сермейтін экономикалық мақсаттар қойып, шетелдік инвестициялар тартуды қарастыруда. Бірақ бұл мақсаттарға өзіміз жалғыз жүріп жете алмаймыз. Сондықтан бізге сіздердің қолдауларыңыз қажет», – деді Үкімет басшысы. Экономика атты теңізде кеменің бір жақ ескегін сенімді серікке берсек, еш ұтылмайтынымызды жақсы түсінген ол сонымен қатар «серіктес болсақ» деген ниеттегі бірқатар салалардың тізімін де тілге тиек етті. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, мұнай мен химия, энергетика және туризм салалары араб жұртының серіктестігін қажет етеді.
«Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі қолда бар мүмкіндіктен төмендеу, тауар айналымы әлеуетін әлі де арттыруға болады», – дейді Әмір Даббах.
Қазақша жеңілдікке арабтың да бар таласы...
Алыстан ат терлетіп келген арабтар Үкіметке «таудай талап» қоя келіпті. Олар өздерін өзекке теппей, бауырына басуды сұрайды. Яғни араб инвесторларына да ұлттық инвесторларға қолданып отырған преференцияларды беруді қалайды. Жергілікті инвесторларға қандай көмек көрсетсе, бізге де сондай жәрдемдер молынан болса деген уәж айтады. Осы талап-тілектері орындалса, Қазақстан экономикасына қазірден инвестиция салуға әзір. «Қазақстанның табиғи жағдайы қолайлы болғандықтан, біздер азық-түлік өндіру мен ауыл шаруашылығына инвестиция салғымыз келеді. Ал саудтық инвесторлар қазақстандық инвесторларға берілетіндей жеңілдіктерді өздеріне де сұрайды», – деді Әмір Даббах «айран сұрай келсең, шелегіңді жасырмай кел» дегенді ескерген адамша тілегін төтесінен жеткізіп.
3,5 млн га жерді арабша аршуға болады
Ауыл шаруашылығы демекші, осыдан екі жыл бұрын өткен Қазақстан мен Сауд Арабиясы бизнес өкілдерінің арасындағы алғашқы бизнес-форумда арабтар өздерінің арпа, бидайға аса зәру екендігін байқатқан болатын. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыт салуға мүдделі екенін де сол кезде айтқан еді. Тек қолбайлау болып отырған дүние – араб жері табиғатының қолайсыздығы. Осыны пайдаланған еліміз саудтық инвесторларға ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін 3,5 млн га жер беруге дайын екенін мәлімдеді. «Бұл не қылған жомарттық?» деген заңды сұрақ та туатыны белгілі. Бұған ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев былай дейді: «Ауыл шаруашылығы министрлігінің шаруашылық жерлерге жасаған талдауы нәтижесінде әртүрлі себептермен бүгінге дейін айналысқа түспей бос жатқан 3,5 млн га жер бар екендігі анықталды». Министрлік осы жерлерді шетелдіктерге ұсынбақ. Ал жер иесі инвесторлармен бірігіп жұмыс істей береді. Келіссөздерге де өздері барады.
Бір қуантарлығы, осыдан кейін шариғат заңына бағынған корольдік дастарқанымызды адал асқа толтыра ма деген үміт ұялайды көңілге.
Визаның кедергі екенін білмеппіз-ау...
Араб инвесторларының тағы бір өтініші – Қазақстанға туристік сала мен инвестиция тартуды дамыту үшін өкіл арасындағы визалық режимнің күшін жою. «Екі ел арасындағы инвестициялық қатынасты дамытудың жолы – туризмді дамыту. Туризм – сауда мен инвестицияның маңызды қақпасының бірі», – дейді Қазақстан-сауд іскерилер кеңесінің тең төрағасы Әбдірахман Замиль. «Қазақстан келушіден виза талап етеді. Ал бұл туризм саласының дамуына басты кедергі болып тұр. Қазақстан Үкіметі виза режимінің күшін жойса болатын еді. Сондықтан мен сіздерге Түркияның, Малайзияның және біздің елдің тәжірибесін үйренуді ұсынар едім», – дейді ол.
Осыған байланысты Сауд Арабиясының ішкі жағдайымен етене таныс, сол жақтағы елшіміз Қайрат Лама-Шәріптің көзқарасын білдік.
«Форумға қатысушылардың көбісі бұл ұсынысты түсінбеуі мүмкін. 2007 жылдың соңына қарай Сауд Арабиясы корольдігі 33 елдің тізімін жасады. Яғни осы елдердің азаматтары корольдікке келу үшін визаның құжаттарын жинап, әуре-сарсаңға түсіп жатпайды. Олар визаның жеңілдетілген түрін пайдалану мүмкіндігін алды. Еш қиындыққа тап болмайды. Елшілікке келіп, шаруасын бар-жоғы 15 минутта-ақ шешіп кете береді. Бұл жүйенің ұтымдылығы да осында», – дейді Қ.Лама-Шәріп.