Пиардың парқын білмейтін партия көп
Бүгінгі таңда еліміздегі саяси құрылымдар саяси пиарды жасай алып жүр ме? Бұл тұрғыдан алып қарағанда, әзірше биліктің саяси жарнамасы мен қоғаммен байланысында мін жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалана білетін билік қоғаммен байланыста білікті тактикалар мен стратегияларға сүйеніп келеді. Бүгін біз ұпайы түгел билікті емес , қоғамда жиі сынға ұшырайтын өзге саяси партиялардың саяси жарнамалары мен пиар менеджменттерін саралап көрсек.
Саяси пиарды қолдану біздің елде кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Кезекті сайлауларда ғана бой көрсетіп қалатын мұндай науқандар әсілінде қоғамның санасын жаулап алу үшін ұдайы жүргізіліп тұруы қажет. Жекелеген саясаткер мен саяси құрылымдардың халық алдындағы беделін өсіретін, рейтингін көтеретін де – осы саяси пиар.
Әбен ӘБДІРАСЫЛОВ, әлеуметтанушы:
– Қазақстан халқының саны – 16 млн адам. Ал саяси алаңдағы 9 партиядағы адамдардың саны кем дегенде 50 мың болуы шарт. Демек, біздің елде кемінде 4 миллионға жуық адам саяси белсенді деген сөз. Осындай көрсеткіштер бола тұра, саяси партиялар тек сайлау кезінде ғана жұмыс істейді. Басқа уақытта өздеріне пиар жасайды. Бірақ олар халықтың көңілінен шығуды мақсат етпейді. Тек қана халықтың есіне түсу үшін осындай қадамдарға барады десек, артық айтқанымыз емес. Бір-бірімен қосылып, ажырасып жатуы, бір партияның платформасын бір сәтте өзгерте салуы сияқты тиянақсыз жарнамалар арагідік болып тұрады. Қазірдің өзінде саяси партиялар қоғаммен байланысты тиімді орната алмай келеді. Оған дәлел – жиналыс пен митингілерге қатысатын адамдар санының өте аздығы, тіпті партияның митингісі деп айтуға ұяласыз.
Шыны керек, біздегі партиялар саяси пиарды лайықты деңгейде жасай алмай келеді. Қара дүрсін ұрандармен халықтың жүрегіне жол таба алмайтынын түсінетін уақыт жетсе де, саяси күрестің осы бір жабайы тәсілі әлі де болса қолданыста келеді. Соңғы бір жыл бойы еліміздегі оппозиция өкілдері істі болған азаматтардың атын жамылып, өздеріне саяси жарнама жасауға ұмтылып жүр. Ал бұл халық алдында ұпай жинауға себеп бола алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір билік тарапынан оппозицияға ашықтан-ашық қара пиар жасалмайды. Осындай мүмкіндіктер бола тұра, еліміздегі оппозициялық және басқа да саяси партияларда мамыражай күнде өзіндік платформаларын қалыптастыратындай саяси жарнамалар жоқтың қасы. Керісінше, оппозицияның өзі қара пиарға көп сүйенеді. Жақында «Руханият» партиясы жасыл идеологияны ту етіп ұстайтындықтарын мәлімдеді. Бұл «біз әлі де болсын саясатта жүрміз» деген белгі секілді көрінді. Жалпы алғанда, партиялар тарапынан жастарға үлгі болатындай, саясаттан тыс шаралар ұйымдастыру жағы кемшін түсіп жатыр. Ал саясаттанушы Гүлшат НҰРЫМБЕТОВАНЫҢ бұл мәселеге байланысты өзіндік пікірі мынадай:
– Қазақстандағы саяси күштер арасында қоғаммен байланыс орнатуға талпыныс бар, тіптен жоқ деуге болмайды. Егер өздерін таныту немесе саяси партияға жағымды қатынасты қалыптастыру тұрғысынан қарайтын болсақ, онда «Нұр Отан» партиясы өзінің қабылдаған бағдарламалары, құрылымдары арқылы жұмыс істеуде. Ал партияның қоғамдық қабылдаулары халықпен тікелей байланыста болуына мүмкіндік беріп отыр. Әрине, бұл мәселені шешу биліктегі партияға жеңіл. Бірақ барлығы бірдей болмаса да, басқа партиялар арасында да қозғалыс бар. «Ақ жол», «Әділет» партиялары өзекті мәселелерге қатысты өз ұстанымдарын білдіріп отырады. Өкінішке қарай, іс-шаралар тек Астана, Алматы сияқты орталық қалаларды ғана қамтиды. Ал ақпарат та, жарнама да ауылдық жерлерге жете бермейді.
Иә, шынымен де, облыс орталықтары мен алыс елді мекендерді аралаудан гөрі, Батыс Еуропа мемлекеттеріне барып, елдегі саяси жағдайды сөз етуді дұрыс деп білетін кейбір партияшылдар қоғаммен тығыз байланыс орнатып отыр деп айта алмаймыз. Шешендік өнер де саяси жарнамада үлкен рөл ойнайтыны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, саясаткерлердің жауыр болған тақырыпты сөз ете беруі де жұртты жалықтырып жібереді. Бізде әлі де болса митингілер мен кездесулерде кеңестік кезеңдегідей ұзын сонар баяндама жасау қалыптасып қалған.
Саяси жарнамаға ұлттық реңк керек
Еліміздегі үлкен саяси науқандарда көшелерге ілінетін жарнамадан бастап, қолымызға тиетін парақшаларға дейін шетелдік имиджмейкерлер, саяси технологтар мен менеджерлердің қолдарынан шыққаны байқалады. Сондықтан да болар, көп жағдайда тілі мүкіс жарнамалар мен жарымжан бағдарламалардың тұтынушысы болып жүрміз. Шетелдік мамандар мен жергілікті орыстілді жарнамашылар өнімдерінде жергілікті ұлттың саяси психологиясына мән берілмейді. Бұл туралы саяси психология саласын зерттеп жүрген ғалым Жарас СЕЙІТНҰРДЫҢ пікірі мынадай:
– Сөз жоқ, қалың бұқараны өзіне қарату үшін халыққа түсінікті тілмен сөйлеу керек. Меніңше, біздегі саяси күштер ұлттық құндылықтарды ескермей жатады. Қазір саяси партиялар ұлттық символика арқылы пиар жасаса, халық оны тез қабылдайды. Саясаттанушылар халықты жалықтырып алмау үшін саясаткерлерге қысқа-нұсқа сөйлеуді шетелден үйрену керек дегенді айтып жатады. Ал қазақта «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деген аталы сөз бар. Ендеше, қазақтың психологиясы да қысқа әрі қанық мәлімдемелерге жақын келеді.
Саяси сөздік
Спичрайтинг (speechwriting – ағылшын сөзі, «сөздің жазылуы» деп аударылады) – аудитория алдында айтылатын сөздердің жазылуы. Спичрайтерлердің қызметіне негізінен әлеуметтік-саяси салада сұраныс көп.
Түйін
Саяси құрылымдардың беделі мен салмағы қоғаммен біте қайнасуымен өлшенетінін ескерсек, өкінішке қарай, еліміздегі саяси партиялардың көпшілігі бұл талапқа жауап бере алмайды. Халықтың мүддесін ескеруге тиісті құрылымдардың қоғаммен байланысты ұмыт қалдыруы қисынсыз. Сондықтан әрбір партияның шынайы саяси күшке айналуы үшін елдегі партиялар ұлттық келбеті бар қауқарлы саяси пиар мен сауатты жарнамаларға иек артуы аса маңызды демекпіз.