Қазақстанның Астанасы тағы да әлемнің назарында. Бұл жолы - Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері 38-кеңесінің алқалы мәжілісі өтіп, мұсылман үмбетінен саналатын 57 елдің байрағы елордада желбіреді. Жиын барысында Қазақ елі БҰҰ-дан кейінгі әлемдегі екінші орында тұрған үлкен саяси бірлестікке төрағалығын «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұранымен қолға алды. Ұрандатып қана қойған жоқ, Ұйымның атын ауыстырып, затына сай іс қылуға ұмтылысты алғашқы күннен танытты.
Басты ұстанымдары БҰҰ-ның негізгі қағидаларымен үйлесетін Ислам Конференциясы Ұйымы діни бірлестік емес. Дегенмен басты мақсаты – мұсылман елдерінің саяси-экономикалық әм гуманитарлық мүдделерін қорғап, сол бағыттағы жұмысты күшейту. Бұған негіз де жоқ емес. Әлемдегі ислам елдерін айналшықтаған саяси дағдарыстар дүниені дүр сілкіндірсе, бір жағынан хақ діннің негізгі бағытын теріс түсіндіріп, терроризм мен экстремизмді өзі де ашық сынайтын исламға таңу үдерісі доғарылар емес. Мінеки, осы тұрғыдан алғанда, әлемдік саяси және экономикалық мәселелердегі көптеген маңызды үдерістердің басында тұрған ИКҰ-ға жаңа қарқынмен қоса, жаңа талаптар жүктелуі орынды да. Ислам әлемінің беделділері дәл осындай жаңа талапты жаңа төраға-жұрттан – Қазақстанның дипломатиялық миссиясынан көргісі келетіні сезіледі. Кешегі Астананың төрінде өткен алқалы жиынның ашылу барысында да Ұйымның Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы осы жайттың басын шалған-ды. Ол өз сөзінде Қазақстан халықаралық аренадағы өлшемді саясаты арқасында мұсылмандық бірегейлігін сақтап қана қоймағанын, одан әрі жаңғыру жолын да табысты жалғастырып келетінін тілге тиек етті. «Бұл – біздің ортақ тарихымыздың осынау қиын кезеңінде Қазақстанның мұсылман елдері арасындағы көшбасшылықты қолына алуға дайын екендігінің тағы бір көрінісі. Сондықтан да алдағы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында біз өз алдымызға қойған міндеттерімізді толық игере аламыз деп ойлаймын», – деді Э. Ихсаноғлы. Бас хатшының кіріспесінен соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойында өткізіліп отырған айтулы шараға қатысты бірқатар ұсынымдарын жариялады.
***
Елбасы өз сөзінде Ислам конференциясы ұйымын төрт құрлықтағы 57 мелекетті біріктіретін ислам әлемінің өзіндік Біріккен Ұлттар Ұйымы міндетін атқарып отырған бірегей құрылым ретінде санайтынын жеткізіп, негізгі сөзді ислам қауымдастығына ауадай қажет болып табылатын мәселелермен түйіндеді. Бұлар: бейітшілік, жаңғыру, ғылыми-техникалық даму және білім. Осы ретте Елбасы ислам әлемі ең алдымен өзара көмектесу мен жәрдемдесуді жолға қоюы керектігін, даму бағытындағы ынтымақтастықтың тиімді тетігін қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Ал Ұйымның болуы тиісті басты қағидаты ретінде сауда-инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік, білім беру бағдарламаларындағы ислами ынтымақты алға тартты әрі бұған шегендестіріп, өзінің мысалдарын да жасады. «ИКҰ мемлекеттерінің сатып алу қабілеттері бойынша ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы орташа көрсеткіші 9,5 мың долларды құрайды. Ал Еуропа елдерінің осыған ұқсас көрсеткіші 24 мың доллардан асады. Басқаны қойып, ИКҰ-ның өз арасындағы қатысушы елдердің дамуында айтарлықтай теңсіздік байқалады. Мәселен, мейлінше дамыған ел мен даму жағынан нашар елдер арасындағы айырмашылық 100 еседен асады. ИКҰ елдері жаһандық энергетикалық ресурстардың 70 пайызын қол астында ұстап тұр. Алайда оларға әлемдік тауар айналымының 11 пайызы ғана тиесілі. Менің ойымша, құндылықтардың осылайша орналасуының өзі қабылданбайтын дүние. Сондықтан да бізге ИКҰ-ға мүше әрбір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды», – деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Президент ИКҰ-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамудың ықпалдасқан стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, ИКҰ аясында энергетикалық саладағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарын әзірлеу және қабылдау қажеттігі туралы сөз қозғады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, 2030 жылға дейін энергоресурстарды өндіруді және тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 17 триллион АҚШ доллары шығындалатыны болжанады. Ендеше, алдағы уақытта шикізаттық вектордан индустриялық-инновациялық дамуға бет бұру қажеттігі де сезіледі. Осындай мәселелерді сабақтай келе, Қазақстан Президенті осыдан біраз бұрын Астанада дәл осы ислам әлемі аясында өткен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумында көтерген мәселелерін тағы бір мәрте нақтылай түсті. Оның бір бағыты ислам әлемінің шикізаттық даму бағытынан индустриялық-инновациялық дамуға ойысуы керектігі еді. «Перспективалық бағыттар ретінде ИКҰ аясында шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін құруды айтуға болады. Бұл ретте біз Ислам даму банкі жанынан шағын және орта бизнеске арналған арнайы қор құруды ұсынамыз. Әлемдік экономикалық дағдарыс ислам-қаржылық экономикалық үлгісінің орнықтылығын, өміршеңдігін көрсетті. Ал Умманың әлемге ұсынатын айтарлықтай пайдалы өнімінің бірі – Ислам қаржыландыру жүйесі болып табылады. Қазақстан өз жерінде ислам банкін ашты. Біз исламдық қаржыландыру жүйесі мен аймақта исламдық қаржы құралдарының бейч-маркингін құру мәселесін белсенді насихаттап жүрміз. Ендеше, ислам банкингіне байланысты халықаралық конференция ұйымдастырып, Алматыны исламдық қаржыландыру жүйесін қолданатын аймақтық қаржы орталығына айналдыруды ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент мұсылман әлемінің өз ерекшеліктерін тиімді пайдалана алмай отырған тағы бір кемшін кетіп тұрған тұсына назар аударды. Мәселен, ислам елдерінде демографиялық өсім мен осы өсімнің әлеуеті зор. Елбасы осынау халықтық әлеуетті экономикалық дамудың ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін алға тартады. Болжамдар да исламдық адами әлеуеттің алдағы уақытта өсе түсетінін көрсетеді. Мәселен, 2030 жылы мұсылман әлемінде 2,2 миллиардтан астам адам өмір сүрсе, бұл ғаламшар тұрғындарының 25 пайыздан астамы екен. «Адам санының осыншама көлемде көптігі оларға тиісті білім беруді де талап етеді. Біздің басты міндетіміз – ислам өркениетіне қызмет ететін жаңа идеяларды жүзеге асыра алатын интеллектуалды элитаны тәрбиелеу болып табылады», – деп атап көрсетті Президент. Сондай-ақ Елбасы орта ғасырдағы исламның математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салаларында үлкен төңкеріс жасап, ұлы жаңалықтар ашқанын айтып, Бағдат пен Александрия сияқты қалалар бүкіл әлемнің интеллектуалды орталықтарына айналғанын еске салды. Бір сөзбен айтқанда, ислам әлемі көршілес елдің үлкен қызығушылығын тудырған қуатты интеллектуалды өркениетті қалыптастырған еді. «Ренессанс кезінде христиан топтары шығыс халықтарының киімдерін киіп, мұсылмандардың философиялық шығармаларын оқыды. Ал араб цифрларының пайда болуы математика, алгебра, геометрия салаларында үлкен сілкініс жасады. Осындай мықты тарихи негізге сүйене отырып, біз ислам өркениетінің интеллектуалды рөлін жаңғыртуымыз керек. Бұл ретте біз үшін түсінуге мүдделі болатын жәйттарымыз баршылық. Мәселен, неге ислам әлемінің интеллектуалды құндылықтары жоғалып, жасампаз қарқыны күйреді? Неге ислам елдері бай табиғи, адами, қаржылық ресурстарға ие бола отырып, әлемдік даму иерархиясында жоғары орында тұрмайды? Ислам университеттері неге әлемдік жоғары білімде заңды үлгі болып табылмайды? Соңғы 20 жылда неге ислам елдерінде жаратылыстану мен техникалық ғылым бойынша әлемдік масштабтағы жаңалықтар болмады?», – деді Президент. Елбасы мұндай шынайылықтарды байқамаудың мүмкін еместігін де айтты. Ал алға жылжу үшін қажетті интеллектуалды орта мен саяси климаттың болмай отырғанын да ашық жеткізді. Бұл шынымен де солай.
***
Сөйтіп, жоғарыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келтірген деректерге сүйенсек, соңғы жылдардағы әлемнің күрт құбылыстармен өзгеріске түсіп, дүние дамуы қарқынды жаңалықтарға ұласқанымен, мұсылман әлемі әлі де мүлгіп отыр. Ал исламды жаңғырту арқылы қайта түлеуді бастан кешіру үшін Президент Н.Назарбаев Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында да бірқатар ұсыныстар жасаған болатын. Ондай тың талаптар төрағалық тізгіні жаңа тиген Ислам конференциясы ұйымының шеңберіндегі белсенділікке де қатысты болмақ. Келесі сөзінде Н.Назарбаев осы Ұйым белсенділігі мәселелерін қаузады. Біріншіден, Елбасы ИКҰ мүше мемлекеттерінің G-20 саммиті жұмысына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл G-20-ның беделін көтеріп қана қоймайды, ИКҰ-ға мүше елдерге халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымын қорғауға мүмкіндік береді. «Жалпы ислам экономикалық ықпалдастық дамуының сапалы кезеңі – өңіраралық ынтымақтастықты дамыту арқылы бағынады. Бұған қатысты Ұйымның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық іс-әрекеттер жоспарын мысалға алуға болады. Бұл ретте баршамыз Ауғанстан жағдайына алаңдаулымыз. Алайда Ұйымның өзі есірткімен күрестегі мүмкіндігін толық көлемде жүзеге асырмай отырғанын мойындауымыз керек. Соңғы 10 жылда ауған есірткісін өндіру 10 есеге артқан. Ендеше, ауған халқына көмек ретінде өз күшімізді еш пайдаланып жатқан жоқпыз», – деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы ИКҰ шеңберінде Ауғанстанға көмек көрсетуге арналған арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұдан бөлек, Президент исламның жаһандағы өркениеттілік рөліне тоқтап, халықаралық терроризмнің қатерлерімен күресті де жандандыру қажеттігін алға тартты. «Палестиналықтардың өз мемлекеттігіне байланысты заңды құқығы жүзеге аспай отыр. Шығыс Иерусалимнің мәртебесі әлі шешімін тапқан емес. Босқындардың ауыр жағдайы да жанды қинайды. Осының барлығы Таяу Шығыстағы ғана емес, одан тысқары жерлердегі жағдайдың ушығуына сеп болып отыр», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы ИКҰ қызметіндегі екі маңызды міндетті жеке бөліп қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның бірі – саяси идеология ретіндегі діни фундаментализге қарсы тұруды үйрену. «Біз исламның саяси зорлықпен, экстремизммен, терроризммен еш байланысы жоқтығын білдіруіміз керек. 7-Дүниежүзілік Ислам Экономикалық форумы барысында мен бірегей исламдық-медиа жобасын құруды ұсындым. Бүгінгі таңда интернетте қуатты медиа басқыншылығы білінеді. Осыған орай, мен «E-Islam» интернет ресурсын құруды ұсынамын», – деді Н. Назарбаев. Президенттің айтуынша, бұл ресурс Ұйым қызметінен ақпарат таратып, жастардың дінге, ислам мәдениетіне қызығушылығын ынталандырып, исламның жауһарларын Ғаламтор арқылы таратуы шарт. Екінші маңызды міндет – мұсылман әлемі мен Батыс елдері арасында ашық, әділ диалог қалыптастыру. Қазақстан төрағалығында осындай қайырымды мақсатты жүзеге асыру көзделеді. «Біздерді көп жағдайда итермелеп жататын христиандық, мұсылмандық «өркениеттердің қақтығысы» ғаламшардағы тіршілік атаулыны тіпті жойып жіберуге әкеп соғуы әбден мүмкін. Сонда біздерді тіпті бұл да тоқтата алмай ма? Бейбітшілік пен келісімнің сақталуын әрқашан ойлауға міндеттіміз. Тарихи ислам, христиандық пен иудаизм бір-бірінен алшақ емес. Діндеріміз өзара байланысты әрі өзара толықтырып тұрады. Біз бір ғана Жаратушы Құдайды мойындаймыз! Сондықтан да «өркениеттер қақтығысының» орнына біз «өркениеттер альянсын» құруды ұсынамыз. Қақтығысудың орнына, біз дүйім жұртқа естілетіндей мұсылман мен христиан әлемі арасындағы ашық, әділ диалогқа бір-бірімізді шақыруымыз керек. Мұндай қадам исламға сенім мен сыйластықты арттырады», – деді Президент. Сөз соңында Мемлекет басшысы Астана диалог алаңы кез келген проблемаларға, дүниенің әр бұрышында болып жатқан мәселелерге әрқашан жан-жақты жәрдемдесуге әзір екендігін танытатынын атап өтті. Сөзін Ұйымның жаңа атауына қатысты өз пкірімен аяқтады Н. Назарбаев. «Қазақ жерінде Ұйымды жаңаша Ислам ынтымақтастық ұйымы деп атай бастау – жаңаруымыздың, бірлігіміздің, үмбеттің бәсекеге қабілеттігінің символы болады деп сенемін. Біздің Ұйым халықаралық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді атсалысады деп үміт артамын. Қазақстанның ұйымға төрағалығы «Бейбітшілік, Ынтымықтастық және Даму» ұраны аясында өтуі бекер емес. Осы үш өлшем бойынша біршама жетістікке қол жеткізген Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымы беделінің арта түсуіне де күш салады», – деді Президент.
Жиын соңында қатысушы ресми делегациялар басшылары Ұйымның атауы мен логотипін өзгерту туралы қарарды қабылдады. Бұндай шешім Қазақстанның мақсат-мүддесіне әрі Ұйым алдында тұрған міндеттеріне толық сәйкес келеді. Қазақ еліне жаңа жауапкершіліктер де жүктейді. Қазақстан Астанасында басталған алқалы жиын екі күнге жалғасады.
Өркениеттер қақтығысы орнына өркениеттер альянсын құруды ұсынамыз
Последние статьи автора