«Nur Otan» атауы өзгерді: Халық AMANAT-ына адалдық таныту - билікке серт
Күні кеше елорда төрінде билік партиясы – «Нұр Отанның» жыл басынан бергі екінші кезектен тыс съезі өтіп, онда екі мәселе қаралды. Біріншісі партия саяси кеңесінің құрамын өзгертуге қатысты болса, екіншісі ұйымды нақты жаңғырту жайында өрбіді. Дәл осы екінші мәселені қарастыру барысында съезд делегаттары партия атауын «AMANAT» деп өзгерту туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың ұсынысын және ұйымның атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың партияны жаңғыртудың негізгі жеті басымдығын қолдады.
«AMANAT» партиясын жаңғыртудың 7 бағыты
Сонымен партия хатшысы жария еткен жаңғырудың бірінші басымдығы халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыруды көздейді. Осыған орай партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымы қайта жасақталып, республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда – 5 кеңестен ғана қалдырылады. Нәтижесінде ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқарады. Бұған қоса олардың құрамы жаңартылып, белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғалар тартылады. Кеңес отырыстары барынша ашық, онлайн форматта өткізіледі. Қоғамдық қабылдау жұмысы да өзгерісге ұшырайды.
«Осылайша билік, партия мен азаматтық қоғам арасындағы жан-жақты диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастырамыз», - деді ол.
Екінші басымдық – жергілікті жерлерде партиялық қатарды нығайту жұмыстарын күшейту.
Бүгінде елімізде партияның негізі саналатын бастапқы партиялық 4,5 мыңнан астам ұйым бар. Алдағы уақытта бір-бірімен біріктіріліп, ірілендіріледі. Бастапқы ұйым төрағаларының белсенділігін, ұтқырлығы мен жауапкершілігін арттыру үшін оларды бағалау және рейтингін түзу қолға алынады. Кадрлық жұмысты жолға қою мақсатында жаңа Қазақстанды құруға қабілетті, халыққа адал қызмет ететін саясаткерлердің жаңа буыны дайындалады. Партияның Саяси менеджмент мектебінде биыл 3 мыңнан аса партия мүшесін, оның ішінде депутаттарды, ауыл әкімдерін, бастапқы партиялық ұйым мүшелерін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтарына үйрететін кешенді оқыту жүргізіледі.
Үшінші басымдық - партия жұмысының барынша ашық болуы. «Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Пилоттық жоба ретінде мәслихаттардағы «Nur Otan» депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесін жұртшылыққа жария етуді ұсынамыз. Мұнымен қатар, партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаларға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады», - деді Асхат Оралов.
Төртінші басымдық – партиялық бақылауды күшейту. Бұл ретте жауапкершілік партияның ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала береді. Сайлауалды уәделердің сапалы әрі дер уақытында орындалуына баса мән беріледі.
Бесінші басымдық - қазіргі таңдағы өзгерістерге сай партияның басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралады. Ол үшін ең әуелі партияның Жарғысына өзгерістер енгізіледі. Партияның және оның филиалдары төрағасының бірінші орынбасары қызметінің орнына атқарушы хатшы қызметі енгізіледі.
Алтыншы басымдық – халықпен жұмыста қауырт әдісін қолдану. Осыған орай қазіргі қолданыстағы партиялық жобалармен қатар халықтың өзекті сұраныстарын ескере отырып «ТазаLike», «Әлеумет», «Жаңа Қазақстан үшін 30 инновациялық идея» атты жобалар іске қосылады.
Жетінші басымдық - «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын толықтай қайта жаңғырту. Ол үшін «Jas Otan» қатарына жастар арасында шын беделі бар нағыз көшбасшылар тартылады. Ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жоба ұсынылады. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады.
«Бұдан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі», - деді партияның атқарушы хатшысы.
Партияның өзгеруі – заңдылық
Саяси ұйымның кезектен тыс съезі барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Nur Otan» партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. Ал алқалы жиынды қорытындылаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі заңдылық екенін айта келе саяси ұйымның атауына байланысты пікірталасқа қатысқанын жасырмады.
«Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», - дей келе Мемлекет басшысы партияны ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Президент бірқатар басым міндетті айқындап, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аудартты.
«Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек. «Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек», – деді партия Төрағасы. Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партияның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады.
«Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жылдар бойы үнсіз болған, саясатпен айналысып жүрген кейбір адамдар қазіргі «жылымықты» пайдаланып, әлеуметтік желіге жаппай шыға бастанына да назар аудартты.
«Олар ақпараттық кеңістікті жайлап алды деуге болады. Неше түрлі қауесеттер, жалған ақпарат тарап жатыр. Мұндай ахуал елді адастыруы мүмкін. Ашығын айтсақ, біздің жоспарларымызды, қолға алып жатқан іс-шараларымызды көпшілік біле бермейді. Партия белсенділері заманауи ақпарат құралдарын пайдаланып, саясатымызды жұртқа жан-жақты түсіндіруі қажет. Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.