Мамандыққа деген көзқарас түзелмей тұр

Мамандыққа деген көзқарас түзелмей тұр

Қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бастамасы қызу талқылану үстінде. Енді «алма піс, аузыма келіп түс» деп шалқалап жататын «еріншектер қоғамына» жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы балама болып, әлемдік дағдарыстың себепкері болып отырған масылдық психологияны мүйіздеп, санадан шығарып тастамақ. Қош делік.

Болашағы зор мамандықтар
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның ті­лен­бей». Тіленбей қарын тойғызып, киі­міңді көк ету еткен кәсібіңе байланысты. Сол себепті де болашақта «түкірігі жерге түс­пейтін» мамандықтардың көшін түзеп алуы­мыз керек. Болашақ ұрпақ кім кө­рін­ген­нің жалдамалы, заманауи құлы бол­ма­сын десек, Қазақстан аумағымен ғана шек­телмей, күллі әлем мұқтаж болып отыр­­ған кәсіп түрлерін саралап алмақ ләзім. Ғаламның сарапшылары келешекте 10 мамандықтың желкені кең жайы­ла­тынын сөз етіпті. Олардың пайымдауынша, сап басында өндіріс пен техника саласын да­мытатын инженер мамандығы тұр. Екін­ші сапқа IT саласының мамандары жай­ға­сыпты. Қазір тірліктің көзі ақпараттық тех­нологияларға бейімделіп келеді. Сон­дықтан да IT саласының мамандары біз­ге де аса қажет-ті. Ғарыш, машина жа­сау, тамақ өндірісі, медицина сияқты ірі са­ла­ларда нанотехнология саласының ма­ман­дары керек екені белгілі. Әлем эксперт­тері сол себепті де бұл кәсіпті үшінші тұ­ғырға қондырыпты. Мұнан кейінгі кезекте электроника және биотехнология, мар­кетологтер, қызмет көрсету мамандары, ло­гистер, экологтер, дәрігерлер, химиктер бірінен соң бірі көш бастап тұр. Әрине, мұның бәрі Қазақстан үшін таңсық емес мамандықтар секілді. Десе де, бізде білікті химиктер болмағандықтан әлі күнге мұнай химиясын дамыта алмай отырғанымыз шындық. Мемлекетті әлемдік нарықпен интеграция жасап, өнімдерді шетке шы­ғару мен ішке кіргізуді, халықаралық және ішкі тұтынушылар іздеуді жоғары сапада ат­қаратын логистеріміз жоқ екені де дау­сыз. Ал мемлекет экологиясының жағдайы сая­си науқандарда ғана төбе көрсетіп, ар­тынша мамыражай тыныштық құшағына ене­тіні көзі ашық, көкірегі ояу жанға жа­сырын емес. Дәрігерлер болса, Ги­ппо­крат­тың антын ақшаның антына ауыстырғаны көп айтылып, көп жазылып жүр. «Ауруын жа­сырған өледі» демекші, тура осындай жа­ғ­дайда отырып, Қытайдың сын көтер­мейтін тауары секілді саны бар, сапасы жоқ мыңдаған заңгерлерді, экономистерді «өндіріп» жатырмыз.
Кім болам?
Ендігі мәселе «кім болам?» деген сауал­ға иек артады. Мамандардың пікірінше, ен­ді он жылдан кейін мал шаруашылығы мен аграрлық шаруашылықтың ұршығын иі­рер маман таппай қалуымыз мүмкін. Есе­сіне, біздегі ЖОО-лар да заман тала­бы­на сай қаржы, кеден, салық саласының ма­­ман­дарын даярлауға бел шеше кірісіп кет­ті. Бұл мамандықты таңдайтындар саны да күрт өсіп, бір орынға 30 адамнан таласып жүр. Ал, шынтуайтына келгенде, еліміз мұн­дай мамандарға зәру емес. Бұл орайда зә­рулік туындатқан кәсіпке икемделіп кетпек ләзім.
Кім болмаймын?
Мамандық та, кәсіп те ескіреді. Тіпті кейбіреуі маңызын жойып, болашақта өмір сүруін тоқтатады екен. Ерте заманда аң­шылық кәсіп болған. Қазір бұл аң аулау қы­зығушылардың хоббиіне, ермегіне ай­налып үлгерді. Сол секілді келешекте екінші кезекке ысырылып тасталатын ма­ман­дықтар да бар. Бұл жөнінде мамандар: «Мә­селен, биржа маклерлерi, көлiк сату­шы дилерлер, пошташылар, сақтандыру агент­терi және қозғалмайтын мүлiк жөнiн­дегi агенттер қажеттілігі азаяды» дейді. Бұ­лардың қызметін интернет тез әрі тиімді ат­қара алады. Баспасөздің өзін электронды ба­сылымдар шаң қаптырып, бас­па­гер­лердің полиграфиялық қызметі тасада қал­мақ. Арнайы микроқондырғылардың ар­қасында адамның қылмыстық iске ара­ласуына кедергi жасалып, қылмысты кәсіп ет­кендердің жолы кесіледі. Көлiктердің ар­найы компьютерлiк бағдарламамен бас­қарылу мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл жоба іске асса, жүргiзушi де құр қол қалуы ғажап емес. Жалдамалы ұстаздардың да шаңырағы шайқалуы мүмкін. Бұл қызметті қазірдің өзінде қолжетімді әрі танымал бо­лып үлгерген дистанциялық бiлiм беру ығыс­тыруы мүмкін. Үй шаруашылығын то­ңа­з­ытқыш, микротолқынды пештер және вакуумды шаңсорғыштар атқарар болса, үй қызметшілері де далада қалуы мүмкін.
Зәру мамандық
Бізде – ақпараттық технология (про­грам­мистер)  және электроника бойынша ин­женерлер, инженер-технологтер, бүкiл әлемдегi секiлдi денсаулық саласының, био­технологтер мен медицина құрыл­ғыларының тiлiн бiлетiн, ғарыш саласын иге­руге қажетті астрофизик, астроном ма­мандары жетіспейді. Заманауи механик, кар­тограф және геодезист, геолог, баспа iсi ма­мандығын да игерушілер саны көңіл көн­шітпейді. Елiмiзге металлургия және тау-кен өнеркәсiбi, тұрғын үй және жол құ­рылысы (темiржонушы, ағаш өңдеу, кiрпiш қа­лау, монтаждаушы т.б.) бойынша ма­мандарды көптеп дайындау ісін қолға алу қажет дейді мамандар. Осы орайда тағы бір әттеген-ай бар. Еліміз жылына қаншама жасқа мұнай-газ саласының маманы деген бір жапырақ қағаз береді. Десе де, сол мамандарды өндіріске жұмысқа алу кен­же­леп келеді. Олардың орнын әлі де шетелден келген мамандар басуда. Теория жүзiнде қалыптасқан бiлiмді нақты тә­жiрибеде қолдана алмай отырмыз.

Бір кем дүние
Сейсмология ғылымы геология, ги­дро­гео­логия, геофизика, физика және ас­тро­фи­зика ғылымдарымен астасып жат­қан­дық­тан, біздің сейсмолог мамандарымыз са­уатты, жоғары білімді, кәсіби пәрменді болуы керек. Өкініштісі, Қазақстанның бірде-бір  жоғары оқу орны сейсмолог мамандарын дайындамайды екен.
Геоақпаратпен қамтамасыз ететiн бiр орта­лықтың басшысы журналистерге «Ин­женер-геодезист мамандығын алған бiр қазақ таба алмадым» деп қынжылыс біл­діріпті.

Түйін
Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар тек адам еңбегінің жемісі екенін ешкім жоққа шығара алмас. Осы орайда біз де заңды сауал қоюға құқылымыз. Қазақ қашанғы базарда арбакеш болуы керек? Оғландарымыздың бағындырған биігі, күзетшінің формасын киіп, ешбір ой еңбегінсіз әр ғимараттың есігіне телміріп, «мазмұнсыз» көзбен қарап тұру ма? Яки барахолкадан алған тауарын басқа базарға үстеме бағамен сату ма? Мұндай сұрақтар тізбегін тізе берсек, «Алтайды айтып, Жамалды қартайтармыз». Сол себепті де мамандыққа деген көзқарасты түзеуіміз қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста