Кеше елордада әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен белді саяси сарапшылардың басын қосқан Х еуразиялық медиа форум басталды. Мерейтойлық іс-шара биыл алғаш рет Астана қаласында ұйымдастырылып отыр. Бұдан былай да форумның барлық мәжілісі Қазақстанның басты бұқаралық ақпарат құралдары қоныстанған осы «Қазмедиа» орталығында өткізіле бермек. Ұйымдастырушылары осындай ұйғарым жасапты.
Мерейтойлық алқалы жиынның ашылуы барысында ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті жиынға қатысушылар! Мерейтойлық Х Еуразия медиа форумының ашылуына орай менің құттықтауымды қабыл алыңыздар! 10 жыл ішінде Еуразия медиа форумы қазіргі заманның мейлінше көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасатын ғаламдық ауқымдағы бірегей сұхбат алаңына айналды. Бұл – тек Қазақстан ғана емес, халықаралық медиа қоғамдастықтың барлық өкілі үшін де маңызды оқиға. Әлемнің жетекші сарапшылары форумда XXI ғасырдың заманауи сауалдарына ғаламдық тұрғыда зерделі жауап табады. Ақпараттың ғаламдық деңгейде қолжетімділігі мен жариялылығы дәуірінің басталуы БАҚ-қа талапты күшейтіп, олардың қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін арттырады. Х Еуразия медиа форумы геосаясат пен медиа саласындағы түйіндерді шешу жолдарын іздестіруде журналистер, саясаткерлер және қоғам қайраткерлерінің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал етеді деген сенімдемін» делінген Президент Н.Назарбаевтың құттықтауында.
Еуразия медиа форумы ұйымдастыру комитетінің төрайымы Д.Назарбаева форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде баршамыздың алдымыздан шыққан басты қауіп-қатер қазіргі заманғы қоғамның идеялық негіздері мен қазіргі заманғы әлем тәртібі саласында жатқанын айтты. «Дағдарыс арта түскен тұтыну жағдайында ескерілмеген бірқатар проблеманы ашып берді. Құндылық, әділдік және мораль ендігі жерде экономикалық өсімнің маңызы сияқты мәселелермен салыстырғанда екінші дәрежелі ұғым болып саналмауы тиіс», – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Осы жолғы кездесудің жөні бөлек екені сөзсіз. Бұл форум алмағайып уақытта – әлемдік қаржы дағдарысы, сан алуан әскери шиеленістер мен лаңкестік қауіп-қатерлердің аясында өтіп отыр. Сол себепті оған қатысушы делегаттар мәселенің мәнін ашып қана қоймай, ол проблеманың бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілу формасын да белгілеп алуы тиіс. Осы орайда лаңкестік пен экстремизм мәселелеріне арналған пікірталастарды ерекше атап өткен жөн. Бір жақсы жері, биылғы еуразиялық медиа форум барысында «дінім – ислам, кітабым – Құран» дейтін шетелдік сарапшылар модератор болып, бүгінгі ислам мәселесіне қатысты ашық әрі әділ ой-пікірлердің айтылуына мүмкіндік жасады. Мәселен, Батыс елдерінің шииттер мен сүнниттер арасындағы қантөгісті тудырып, өз пайдасына іске асыруға тырысып жатқаны жайында айтқан Ресейдің Ислам комитетінің төрағасы Гейдар Джемаль: «Иә, Батыс елдерінің шииттер мен сүнниттер арасындағы қантөгісті көру арманы бар. Шын мәнінде, жанжал Иран мен Парсы шығанағы халықтары арасында емес, Иран мен Парсы шығанағы елдерінің монархиясына байланысты. Осындай қақтығыстарды тудырып, өз пайдасына іске асыруға талпынғандар оған қомақты қаржы салғанымен, арам пиғылдарына жете алмады. АҚШ басқыншылығы кезінде Иракта да мәзхаб жанжалы ушықтырылса да, оған жол берілмеді. Себебі ол жердегі адамдар бейбіт өмір сүру шииттер мен сүнниттердің бірлігінде екенін жақсы түсінеді», – дейді. Ал «Мұра» қоры (АҚШ) жанындағы Ресей, Еуразия және халықаралық энергетикалық саясат мәселелері бағдарламасының жетекшісі Ариэль Коуэнның ойынша, болашақта лаңкестіктің легі Орталық Азияға ауысуы әбден мүмкін. «АҚШ Ауғанстаннан кетіп жатыр. Неге? Себебі Ауғанстанның қазіргі үкіметі «Талибанның» тегеурінді күшімен күресе алмай жатыр. Демек, лаңкестік легі Орталық Азияға қарай ығысуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде ол бұрынғы кеңестік елдерде тұрақсыздыққа себеп болып отыр», – деп атап көрсетті А.Коуэн.
Еуразиялық медиа форумда «Еуразия үйі» халықаралық орталығының президенті Армен Саркисян (Ұлыбритания) Қазақстанның ядролық саясатта көшбасшы болуға құқығы бар деген пікір білдірді. «Қазақстанның ядролық базасы мен ядролық қаруы бола тұра, мемлекет одан өз еркімен бас тартты. Осы орайда Қазақстанның осы бастамасы өте маңызды деп санаймын. Сондықтан бұл елдің осы бағыттағы қадамдары айтарлықтай кең ауқымда қолдауға ие болуда», – деді ол. Иран сыртқы істер министрінің ресми өкілі Рамин Мехманпараст өз елінің бейбіт ядролық бағдарламасын жүргізу құқығы ресми түрде құпталуы тиіс деген ой білдірді. «Біз Қазақстанның ядролық қарудан бас тартудағы қадамын толығымен құптаймыз. Біздіңше, барлық ел ядролық қарусыз әлем жақтасы болуы тиіс. Біз Таяу Шығыс өңірі үшін ядролық қарусыз әлем идеясын өзінің басымдығы ету ұсынысын көтердік», – деді Рамин Мехманпараст.
Рамиль ЛАТЫПОВ, Ресейдің лаңкестік қатерлер мен қақтығыстарды талдау орталығының директоры:
– Меніңше, лаңкестік – үлкен геосаясаттағы құрал ғана. Көптен бері түрлі мағынада түсіндіріліп жүрген «лаңкестік» деген құбылыс бүгінде «адамзатқа қарсы қылмыс» деп аталып жүр. Не үшін? Әрине, белгілі бір мақсаттарға жету үшін. Сондықтан бүгінде лаңкестік белгілі бір геосаяси мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде пайдаланылып жүр деп ашық айтуға болады. Лаңкестік міндетті түрде біреуге қажет және ол бір орталықтан басқарылады.
Стивен КОУЛ, Ұлыбританияның «Аль-Джазира Инглиш» телеарнасының жүргізушісі:
– 2001 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Буштың «лаңкестікке қарсы күрес» деген сөзі пайда болды. Оның дәл осы сөзі мұсылман әлемінде көптеген қақтығысқа себеп болды. Ауғанстан, Ирак және тағы басқа ислам елдерінде болған «бейбіт» миссиялардың бітіргені шамалы. Керісінше, кедейшілік кең етек жайып, экономикалық құлдырауға тап болдық. Негізі, лаңкестікке қарсы соғысуға болмайды, себебі «лаңкестік» – абстракциялы ұғым.
Лаңкестік пен экстремизм – исламнан алшақ мәселе
Последние статьи автора