Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
Былтыр елдегі дүрбелеңнен кейін отау көтерген Дін істері агенттігі де кеше өз алқасын өткізді. Қайрат Лама Шарифтің төрағалығындағы жиынға Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуы еліміз үшін дін мәселесінің аса өзекті болып отырғанын одан сайын аңғартса керек.
Былтырғы жылды қорытқанда, жұртшылықтың есіне ең алдымен түрлі оқиғаларды тудырған террористік әрекеттер түсетіні анық. Одан кейінгі кезекте дін ісімен айналысатын дербес агенттіктің құрылуы, оның басшылығына араб тілі маманы, кәнігі дипломат Қайрат Лама Шарифтің келгені емес, төрағаның пәрменімен дүрбелең туғызған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң көбірек есте қалатын тәрізді. Шын мәнінде, қоғамды жікке бөлген әлгі заңның өзі халыққа танымал біршама азаматтың бет-бейнесін ашып бергендей еді. Сондықтан да Лама Шариф мырза былтырғы жетістікті саралағанда, айтулы құжаттың қабылданғанын алдымен ауызға алғаны айтпаса да түсінікті болды. Төрағаның сөзіне сенсек, осы бір заң конфессияаралық саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру әрекеттеріне тың серпіліс беріпті. Жаңа заңда бұрын болмаған бірқатар қағидатты ереже бекітіліп, құжаттың әлеуеті қазірдің өзінде айқын біліне бастаған. Мәселен, заң күшіне енісімен, 579 саны аз діни топтың қызметіне бұрау салынған. Бұл ғана емес, діни бірлестіктердің жалпы санын жүйелеуде де жағымды өзгеріс баршылық. 2011 жылдың қаңтарында Қазақстанда 4551 діни бірлестік қызмет етсе, қазіргі уақытта олардың саны 3972-ге, яғни 13 пайызға азайды. Бұл да ұйымдардың шекті санын білдірмейді. «Әлгіндей діни бірлестіктер ағымдағы жылдың 25 қазанына дейін қайта тіркеуден өтуге міндетті. Әйтпесе қайта тіркелмеген діни бірлестіктің қызметі сот шешімімен түбегейлі тоқтатылады», – дейді Қайрат мырза Лама Шариф. Сөйтіп, биылдан қалмай елдегі діни бірлестіктер тағы бір сүзіледі. Заңға қайшы келетіндердің әрекетіне толық тоқтам жасалады. Сөз арасында төраға дін мәселесінде үгіт-насихат жұмысының да өзектілігін атап өтті. Осы мақсатта агенттіктің ақпараттық кеңістікті үздіксіз қадағалап отыруға бел буған сыңайы да танылды. Былтырдан бері 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізілген. Нәтижесінде сот шешімімен діни экстремизмді насихаттап келген 58 сайтқа құлып салыныпты. Бұл жұмыс алда да жалғаса беретін болады.
Төрағадан соң Ақтөбе мен Жамбыл облыстарының департамент басшылары сөз алып, атқарылған іске һәм алдағы міндетке бойлаған еді. Теріс пиғылды ағымдардан жапа көргендерге көмек көрсету орталықтарының өкілдері де істелген жұмысқа есеп берді. Осының баршасын мұқият тыңдаған Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы агенттіктің алдағы атқарар міндеттеріне маңыз берді. Оның біріншісі һәм бастысы – ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты сақтау. «Адамзат дамуының қай кезеңінде болсын дін мәселесі кез келген қоғамдағы, кез келген мемлекеттегі ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстанның бүгінгі саяси тұрақтылығы, экономикалық қарқынды дамуы, әлеуметтік жағынан үлкен жетістіктерге жетуінің барлығы Тәуелсіздік жылдарында Елбасы орнықтырған ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың негізінде жүзеге асып отыр. Ендеше, біздің ең басты құндылығымыз да – осы. Сондықтан да агенттік қызметкерлерінің алдында тұрған ең басты мәселе Қазақстан халқының негізгі құндылығын одан әрі орнықтыру, одан әрі бекіте түсу болып табылады», – деді М.Құл-Мұхаммед. Екінші басты мәселе – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда қамтылған әрбір бапты сапалы әрі толық жүзеге асыру. Осы шеңберде діни экстремизммен күреске тоқталған Мемлекеттік хатшы Атырау, Ақтөбе, Тараз, Алматы қалаларындағы лаңкестік ылаңның себеп-салдарын әлі де жіті зерделеу қажеттігін атап өтті. Жіберілген кемшілік сабақ болып, алдын алу қамын ойластыру керек. «Үшінші басты мәселе, түрлі діни бірлестіктермен, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен жұмысты жаңа арнаға түсіруге тиіспіз. Өйткені бұл салада да қордаланған проблемалар баршылық», – деген Мемлекеттік хатшы агенттік төрағасы айтқан діни бірлестіктерді қайта тіркеу мәселесін қош көретінін аңғартты.
Келесі міндет – діни білім мен тәрбие. «90-жылдары шетелдерде, оның ішінде кейбір күмәнді болып табылатын діни орталықтар мен оқу орындарында көптеген жастарымыз білім алды. Оның кейбірі қазір қоғам арасында жұмыссыз жүрсе, енді бірі біз сынға алып жүрген діни бірлестіктің құрамына еніп, белсенді әрекетке көшкен, мұны ашып айтуымыз керек. Әйтсе де жаңағы шетелдегі «күмәнді» оқу орындарында білім алған азаматтардың бәрін бірдей баррикаданың арғы бетіне ысыруға еш болмайды. Бұлардың арасында сауаты өте үлкен, ислам дүниесінде беделі басым білім орталықтарында сусындаған жастар да жеткілікті ғой. Сол үшін олардың баршасын сыртқа теппей, өз ортамызға тартып, сондай азаматтармен ерекше жұмыс жүргізу қажет», – деп ескертті Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза. Сосын Мемлекеттік хатшы әлгіндей жат ағыммен ауып кеткен аудиториямен кездесу өткізуге ниетті екенін жасырмады. «Бүгінгідей форматта болмаса да, басқа жағдайда әңгімелесуге көшуіміз керек. Бұған араб тілін жетік білетін, дипломатияда талай жыл қызмет еткен агенттік төрағасының күш-жігері жететініне сенемін, мен де қолдау білдіремін», – деп қайырды ол.
Ал келешектегі діни білім мен тәрбие мәселесінде Мемлекеттік хатшы Нұр-Мүбәрак университетінің жұмысын жолға қоюдың маңызы зор екендігін топшылайды. Яғни Нұр-Мүбәракта республика аумағындағы мешіттерде қызмет ететін һәм діни білім алғысы келетін жастарды тәрбиелеу керек. «Тәуелсіздік жылдарында елімізде бірқатар медресе, діни оқу орындары ашылғандығын жақсы білеміз. Тіпті кейбір шетелдегі ұйымдардың белсенді «іскерлігінің» арқасында жоғары діни оқу орындары да ашылды. Бірақ олардың қайсысы қандай тәжірибе жинақтап, халыққа қандай насихат жүргізіп отырғанына белгілі бір кезең аралығында бақылау жасай алмай қалдық. Соның салдарынан бүгін қандай да бір проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз», – деді Мұхтар Абрарұлы. Ендеше, олқылықтың орнын толтырып, келешекке қам жасау үшін Қазақстандағы бірден-бір жетекші ғылыми жоғары оқу орны болып саналатын Нұр-Мүбәрәк университетінің әлеуетін пайдалану қажет. «Бұл оқу нысаны – мемлекетаралық келісім бойынша ел Парламенті ратификациялаған заң аясында, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін үлкен білім ордасы. Ендеше, біз алдағы уақытта діни білім алуға құштар азаматтарымызды, әсіресе араб тілі мен мәдениеті, Шығыс философиясы, ислам өркениеті төңірегінде білім алғысы келетін жастарды осы университет арқылы жетілдірсек игі. Онда да оқуды дәстүрлі діни біліммен ұштастыруымыз, ислам мекемелерінде қызмет ететін білімді жастарды дәл осы орталықта тәрбиелеуге күш салуымыз керек», – деді Мемлекеттік хатшы.
Сөз соңында Мұхтар Абрарұлы Дін істері агенттігінің алдағы жұмысы өзінің тікелей басты назарында болатынын, сондықтан да әр уақытта қолдан келгенше жәрдемші болып жүретінін жеткізді.