"Көшпенділерде" кеткен қателікті қайталамауымыз тиіс"
Елбасының тапсырысы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап түсірілетін көпсериялы фильмге қатысты «Айқын» басылымына білдірген көзқарасында танымал актер Тұңғышбай Жаманқұов «тегін жұмыс істеуге әзірмін» десе, режиссерлер тобы «кең далада салтанат құрған Қазақ елінің әлеуетін көрсете алмай, жұпыны киім-кешек, тек киіз-үймен шектеліп, ел алдында тағы ұятқа қалып қалмайық» деп алаңдаушылық білдіріпті.
Елбасының сұңғыла саясатының арқасында бірінші рет Алаш баласының жүріп өткен тарихы – ел болып, етек түріп, шаңырақ құрған хандық дәуіріміздің 550 жылдығы аталып өтпек. Дайындық сан-салалы өрбуде. Жөн-ақ. Бірақ бір ақиқат дүние, қарға тамырлы қазақтың бұл ұлы жіңгір тойы өтеді, кетеді. Ас ішілер, бас мүжілер, бәйге шауып, балуан күресер, ескерткіштер ашылып, ғылыми басқосулар өтер, қазақтың терең тамырынан сыр суыртпақтаған біраз шығармалар жазылар. Дұрыс, керек бәрі. Дегенмен, мұның бәрі өткінші. Елдің есінде қалар, болашақ ұрпақ «мен кіммін, тегім кім, қайдан шықтым?» деп толғанғанда, «мынау менің ата-бабамның жүріп өткен жолы» деп қарайтын һәм содан рух алатын бір дүние бар.
Ол – бабалар тарихын көркем фильм етіп сөйлету. Өзіміз білетін түрік, кәріс, қытай, жапон ата тарихын экран тілімен әспеттеуде. Өйткені бүгінгі ұрпақтың көз сүрінетін тарихи хронологияларға толы том-том кітаптарды оқи қоюы екіталай. Сондықтан болар, кәріс пен жапон, түрік пен қытай бабалар тарихын жас ұрпақтың санасында жаңғырып тұру үшін кино жанрын таңдады. Ұтты. Өз елі тұрмақ, жырақта жатқан біз де сол елдердің тарихи киноларын көре отырып, жанкешті жапон самурайы қандай болатынын білдік, үркуді білмейтін жеңімпаз кәріс батырларын таныдық, түріктің Осман империясының өркендеуі мен құлдырауынан хабардар болдық.
Міне, бұл тарих кино тілінде сөйлегенде болатын әсер, жадымызда сақталып қалар жаңғырық. Егер біз өз тарихымызды, текті хандарымыз бен сайыпқыран батырларымызды, қара қылды қақ жарып, әділін айтқан билерімізді көркем фильм тілімен қайта жаңғырта алсақ, болашақ ұрпақ алдында өте игі тірлік жасағанымыз. Ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын біледі. Құдайға шүкір, қазір Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты көп сериалы фильм түсіру басталып кеткен секілді. Тіпті белгілі жазушы, осы киноның сценарийін жазып жатқан Смағұл Елубай «негізі бұл жоба 60 сериялы кино түсіруге арналған. Ал биылға 10 сериясы түсірілмек. Жалғасы кейін бола жатар. Әзірге биыл түсіретін 10 серияның 5 сериясының сценариі даяр» деуі көңілге жылылық ұялатады.
Мемлекеттің қай ғасырдан бастау алып, қалай құрылғаны, ел болып, көркейгені жөнінде кино түсіру, оңай шару емес. Кешегі «Көшпенділер» фильмінде кеткен қателіктер бұл жерде қайталанбауы тиіс. Ол үшін осы үлкен жобаны іске асырғалы жатқан топ, өзге жұрттың тарихи киноларды қалай түсіргені жайындағы тәжірибесіне арқа сүйегені жөн. Киноны көрген өзге жұрт: «сонау сақ Мәди мен Томиристің, ғұн Мөде мен Еділ патшаның, түрік Естеміс пен Күлтегіннің ұлы ұрпағы қазақтар осындай ғажайып батыр халық екен ғой» деп таңғалатын болуы тиіс. Ол үшін мінетін ат та, асынатын қару-жарақ та, киетін сауыт-сайман да, жамылатын тон-шапан да ерекше сән-салтанатты болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, қазақ деген халықтың бүкіл әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін мінезі, сөзге тоқтай білген ұстамдылығы, жалаңаш қылышқа жалаң қолмен қарсы жүгіретін батырлығы, яки бүкіл болмысы осы кинода көрініс тапса, бұл біріншіден, жас ұрпаққа тәрбие, екіншіден, өзге жұртқа үлгі болмақ.
Естуімізше, кино Түркия, Ресей, Мысыр, Иордания, Грекия, Израиль, Тайвань, Сингапур, Қытай т.б. елдерде көрсетіледі екен. Сондай-ақ тарихи кино түсіруде тәжірибесі бар АҚШ пен Қытайдан мамандар шақырылатын көрінеді. Дұрыс. Демек, өзге елдің алдында ұятты болмас үшін, барымызды сарқып қалуға тиіспіз. Бұл біздің киногерлеріміздің ғана емес, мемлекеттің иығына артылған үлкен сын. Киноның жақсы түсірілуіне ат қосқысы келетіндер көп. Осы орайда, солардың біразының пікірін беруді жөн көрдік.
Үлкен жоба әзірге 10 сериядан тұрады
– Ел назарын аударған үлкен жоба, яғни Қазақ хандығының тарихы жөнінде киноның сценарийі сізге бұйырған екен. Жауапкершілік тым ауыр секілді...
– Бұл идеяны ең алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Қазір барлық жағдай сол кісінің бақылауында. Шындығында, Қазақ хандығының құрылуы жайлы кинотуынды түсіру оңай жұмыс емес. Бірінші рет мұндай көлемді дүние жасағалы отырмыз. Жауапкершілік үлкен. Өйткені мұнда ұлттың тұтастай жүріп өткен жолы, қалыптасуы, ел болуы көрініс беруі тиіс.
Тарихшылардың алдында сол заманға қатысты барлық ақпарат жатыр. Бірақ оны өңдеп, саралап, жетілдіріп, үйлестіру сценарий жазушының еңбегі. Негізі кино Жәнібек пен Керей заманынан басталып, Қасым ханның дәуірімен аяқталады. Өйткені Қасым ханның кезінде Қазақ хандығы ерекше дәуірледі. Етек-жеңін жиды. Ел болып қалыптасты. Жерін кеңейтті. Өзге жұрт өздерімен санасатындай деңгейге көтерілді. Әскери әлеуеті өсті. Бір сөзбен айтқанда, Қасым ханның кезінде Қазақ хандығы ең бір дәуірлеген, шаңырағын тіктеген, керегесін бекіткен тұс. Басты мақсат, Жәнібек пен Керей хандардың түр-тұлғасын, айбынын, бойындағы жігерін халыққа дұрыс жеткізіп, олардың бейнесі арқылы қазақ халқының рухани болмысын көрсету қажет. Кино болған соң екі ханның айналасындағы басты кейіпкерлердің де образын барынша қазақша идеологияға жақындатып, тарихи фактілермен жұмыс жасалғаны жөн.
Олардың әйелдері, балалары, мемлекет басқарудағы орны мен өмірлік құндылықтарын айшықтап бере білу шарт. Әрбір тарихи тұлғаның өзіне ғана тән психологиялық ойын, бейнесін дұрыс жеткізе білу қажет. Мысалға, қазақ халқын сандалтып, көшіп-қонуға мәжбүрлеген Әбілқайыр ханды жексұрын қылып ел назарына ұсынсақ, оны барлық халық, өскелең ұрпақ жауыз ретінде қабылдайды. Ондай жалған ойды қалыптастырудан ада болғанымыз жөн. Оның не мақсатты халыққа қиянат жасағанын зерттеп, барлық «неге?» деген сұраққа өз жауабын беруіміз керек. Біздің сценарий жазудағы алдымызға қойған талаптарымыз осы.
– Сценарийді жалғыз жазып жатырсыз ба? Көмекші, кеңесшілер бар ма?
– Бұл үлкен жобаны «Қазақфильм» киностудиясының бұрынғы басшысы Ермек Аманшаев жасап, ұйымдастырып кетті. Ақиық азаматқа үлкен алғыс айтуымыз керек. Ал сценарийді менімен бірге Тимур Жақсылықов деген талантты жігіт жазысуда. Кеңесші ретінде Сатыбалды Нарымбет, Рашит Нұғманов, Қайрат Бегалин, Дидар Амантай секілді білікті, білімді елге танымал азаматтар көмек жасауда. Әлі де тарихты жетік білетін азаматтарды шақыру ойда бар.
Өйткені бұл кино – бір мемлекеттің тарихы. Сондықтан оны көппен ақылдаса, ойласа отырып жасаған дұрыс болар. Режиссер ретінде таңдау жұртқа жақсы таныс Ақан Сатаевқа түсіп тұр. Алғашында кино 20 сериядан тұрады деп айтылғанымен, уақыт тар болған соң, оны 10 серияға түсірдік. Осының өзіне көп нәрсе сыйып кетейін деп тұр. Онда Қазақ хандығының құрылған сәтінен бастап 60-70 жыл аясында болған оқиғалар баяндалады. Жалпы, жобаның аяқ алысы жақсы. Қазір 5 сериясының сценарийі дайын. Алдағы қаңтар айының ортасына дейін қалған сериалдардың сценарийі жазылып, ұсынылу керек.
Уақыт аз. Бірақ бәріне үлгереміз деп ойлаймын. Жалпы, бұл кино 60 сериялы болады деп келісілген. Егер алғашқы бөлімдері сәтті түсірілсе, алдағы жылдары жалғасатын шығар деп ойлаймын.
– Көп нәрсе қаражатқа тіреледі. Бұл қалай шешілуде? Қай көлемде дегендей.
– Бұл қатардағы фильмдердің бірі емес. Бір мемлекеттің тарихы. Ертең оны өзге жұрт көреді. Сондықтан ойдағыдай түсіру үшін мол қаражат керек екені анық. Егерде қаржыдан қысым болса бұл туынды да жұпыны болып қалмақ. Алайда, Елбасының тапсырмасы болғандықтан жобаға тиісінше көңіл бөлінеді деген ойдамын. Жалпы, сериалдың қаржысы қандай көлемде болады, онда менің қақым жоқ.
Смағұл ЕЛУБАЙ
Өткен тарихымызды түгендейді
– Қазақ хандығының тарихы туралы кинофильм түсірілетінін естігенде қуанбаған қазақ жоқ болар. Қуаныштың буы басылған соң, көптің көңілінде «Бұл фильм қандай болмақ?» деген сұрақтың ұялағаны да ақиқат.
Естуімізше, Қазақ хандығы туралы түсірілетін тарихи фильм көп сериялы болмақ. Қазақ хандығы туралы сериал түсіру аса жауапты іс, оны қазіргі теледидарды басып алған «жылауық» сериалдармен теңестіруге мүлдем келмейді. Себебі, Қазақ хандығы туралы фильмді қазақ ұлтының тарихы туралы фильм деп түсініп, асқан жауапкершілікпен түсіруіміз қажет.
Сондықтан, «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, мұндай мәні терең фильмнің сценарийін жазуға, сюжеті мен бюджетін жасауға, декорациясы, актерлер құрамы т.б. істерге бүкіл ел болып атсалысуымыз керек. Мұндай фильмді жасауға жалғыз киноматографтар мен тарихшылар ғана емес, ақын-жазушы, философ, әдебиетші, фольклоршы, этнограф, күйші-сазгер музыкант, қолөнерші, тіл мамандары, саясаттанушы, мәдениеттанушы, дінтанушы, ұлттық спорт шеберлері сияқты мамандар бірігіп қатысуы тиіс. Яғни, фильм ұлтқа қатысты болғандықтан, ғалымдар мен өнер қайраткерлері тізе қосып жұмыс жасауы шарт. Тіпті, қоғамдық талқылаулар жасау да артық етпейді.
Ұлт тағдырын көркемсуретпен көрсететін, тарихын баяндайтын фильмді жасауда бұра тартушылыққа, сыңаржақтылыққа, асырасілтеуге жол бермеу де аса маңызды. Асығыстық пен шалағайлыққа да жол жоқ. Бюджеті 34 млн АҚШ долларын құраған «Көшпенділер» мен бюджеті 7 млн доллар «Жаужүрек Мың бала» фильмдерін көрген адам еріксіз ойланары сөзсіз. Кемшіліктерден сабақ алатындай болдық. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жинақталған тарихи жәдігерлерге, нақты тарихи деректер мен фактілерге сүйене отырып, Жәнібек пен Керей хандардың Қазақ хандығын құруынан бастап, қазақ халқының Ресей империясына бодан болуына дейінгі аралықты кеңінен қамтитын сериал түсіре алсақ, өткен тарихымызды түгендеуге бағытталған зор іс атқарған болар едік.
Соңғы кездері қазақ тарихы бұрмалаушылыққа ұрынғаны көп айтылып, жиі жазылып жүр. Осы олқылықты да жояр едік. Шынайы тарихты баяндайтын фильм арқылы оны көрген кез келген адам қазақ ұлты туралы жан-жақты мәлімет алар еді. Мұндай керемет фильмнің рухани және материалдық пайдасы да ұшан-теңіз болмақ. Ең бастысы, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуге, ұлттық рухымыз бен ар-намысымызды оятуға да септігі тиері сөзсіз. Менің ойымша, мұндай тарихи фильм хронологиялық бірізділікті сақтай отырып, Қазақ хандығының тарихын кезең-кезеңімен суреттегені ұтымды болатын сияқты. Қазақ хандығында ерекше орын алатын хандардың (Жәнібек, Керей, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абылай хандар) әрқайсысына 2-3 серия қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана хандардың ішкі және сыртқы саясаты туралы жан-жақты тоқталуға мүмкіндік туады.
Көрермендер де фильмді көру арқылы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» туралы жан-жақты ақпарат алар еді. Хандар тарихында уәзірлер мен билер, ақын-жыраулар мен батырлар ерекше орын алады, мұны да фильм барысында ұмытпауымыз керек. Әскери-соғыс сахналарын қойғанда тек жоңғарлармен соғысты көрсетумен ғана шектелмей, қазақ хандарының төрт тараптағы жаулармен шайқастары да көрсетілсе, саяси интригалар сомдалса, фильм шытырман оқиғаға толы қызық болары сөзсіз. Фильмнің аяғына таман Сырым Датұлының, Кенесары ханның, Исатай мен Махамбеттің ұлт-азаттық көтерілістеріне де арнайы сериялар арналса тіптен қатып кетер еді.
Сейілбек Мұсатаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы
Тегін жұмыс істеуге әзірмін
– Әрине, Қазақ хандығы туралы ауқымды туынды түсірілуі керек. Осы орайда менің алып қосарым қазіргі кезде академик, ғалымдарымыз айтып жүрген Қазақ хандығын Керей хан құрғаны жайлы жансақ ақпарат өтіп кетпесе деген ниет. Ғалымдарымызды сынайын деген ойдан адамын. Бірақ біздің хандықты алғаш жеке мемлекет ретінде жариялаған Жәнібек хан екенін жастарға жеткізу керек. Керей хан Жәнібектің қасында биліктің тізгінін ұстаған бауыры болғаны рас. Осы тарихи факт дұрыс қолданылса жөн болар еді.
Қазақ хандығы туралы 20 бөлімнен тұратын телесериал түсірілгелі жатқанынан хабарым бар. «Өзім дегенде, өгіздей қара күшім бар» демекші, бұл туындыны «Қазақфильм» түсірмегенде кім түсіреді? Кино қазақтікі болса, Қазақ хандығы туралы болса, оны өзіміздің қазақтар сомдап, ойнамасақ не болғаны? Алдағы жіберілген қателіктерді қайталап шетелдік актерлерді шақыруды үзілді-кесілді доғару керек. Қазақстанда 54 театр бар. Соның 32-сі қазақтілді театр. Кинода ханды да, жарлыны да тиісінше ойнап шығатын талантты актерлер жетерлік. Жастар жалындап тұр. Осыны ұлттық дәрежеде көтеру артық етпейді. 20 бөлімнің әрбір минутында қазақтың иісі аңқып тұруы қажет. Сценаристердің де еңбегін қатаң тексерістен өткізіп мән-мағынасын, тарихи растығын ыждихаттылықпен бақылауды Смағұл Елубайдан сұраймын. Қажет болса бұл туындыға үлесімді қосуға, тегін жұмыс істеуге әзірмін.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ
Тарих кең ауқымда зерттелсе...
– Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл толуына байланысты түсірілетін фильм жайлы пікіріңіз білдірсеңіз...
– Бұл – өте құптарлық және дер кезінде айтылған идея. Жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет дейміз. Бірақ тарихыңды білмей, соны сезінбей, Отанды қалай сүюге болады? Бүгінгі күні тарихты кітап, газет арқылы жастардың бойына сіңіре алмайсыз. Оның дәлелі сол, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек жайлы немесе кез келген ханымыз, батырымыз, олардың шыққан тегі мен ата-анасы, отбасы жайлы не білеміз? Ештеңе де. Тарихи кино түсіру арқылы өз тарихымызды білетін боламыз. Тарихымызды білу арқылы ұлттың рухы көтеріледі. Жастарымыз батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі мен төккен қанымен келген тәуелсіздігіміздің қадірін түсінеді. Біз тарихи кино түсіру арқылы, осы мемлекеттің негізін қалап, жаудан қорғап қалған батыр бабаларымыздың рухына тағзым етеміз.
– Осы фильмді биыл бітіріп шығару керек дегенге не айтасыз? Тым асығыс емес пе?
– 20 сериалды фильмді бір жылда бітіру қиын. Бұл – тарихи киноның басқа жанрдағы кинолардан айырмашылығын түсінбеушіліктен туған ой. «Көшпенділерді» түсіргенде де қателестік. Ол кездегі басты қателік, біз жүру үшін алдымен еңбектену қажет екенін ұмытып жүгірмекші болып омақаса құладық. Кино түсірудің қыр сырын меңгермей жатып, қазақты әлемге танытамыз деп дарақылыққа салындық. Арты не болды? Не тарих, не кино, не ақша жоқ. Батырларымыздың түрі анау. Ұят. Халықтың көңілінен шыққан «Жаужүрек Мың баланы» алатын болсақ, аңызға құрылған. Меніңше, тарихи кино болған соң нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларға негізделіп түсірілуі қажет. Тарихи киноның жауапкершілігі мол, көтерер жүгі ауыр.
– Түсірілгелі жатқан киноны биылғы жылы бітіріп, көрерменге ұсыну үшін, қандай кедергілер болуы мүмкін?
– Жақсы сценарий – фильмнің іргетасы іспеттес. Жақсы сценарийден жақсы кино шығару режиссерге байланысты. Егер сценарий жаман болса, одан ешқандай режиссер жақсы фильм жасап шығара алмайды. Сол үшін сценарийге көп көңіл бөлу керек. Мұндай ауқымды киноға сценарийдің өзі кемінде 1 жыл жазылуы керек. Себебі, тарихи кино болған соң оқиғалар мен кейіпкерлердің тағдыры бұрмаланбай нақты деректерге негізделіп жазылуы тиіс. Керей мен Жәнібек хандардың өмірбаяны мен отбасылары, хандық құрудағы атқарған жұмысы, іс-әрекеттері, қазақ тарихындағы алатын орны жан-жақты көрсетілуі қажет.
Мысалы, Керей ханның үш баласы болған. Менің білуімше, Бұрындық деген баласынан басқа балалары жайлы еш дерек жоқ. Ондай деректер табылмаса, сонда сценарий қалай жазылады? Ойдан шығарыла ма? Бұл толыққанды кино болмайды ғой. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңізші, Шыңғыс хан мен Сұлтан Сүлейманның киноларында олардың балалары жайлы деректер нақты берілмеуі немесе тоқалының ұлты, уәзірлерінің шыққан тегі немесе бір тарихи оқиғалар бұрмаланып берілуі мүмкін бе? Жоқ. Себебі, арты үлкен дауға ұласуы мүмкін. Сол үшін сценарий жоғары деңгейде жазылуы тиіс. «Асықан шайтанның ісі» дегенді ұмытпай, тарих кең ауқымда зерттеліп, сараптамадан өткізілуі қажет.
Көрші Ресей, Қытай, Иран, Түрік мұрағаттарынан сол заманға қатысты құжаттарды тауып, зерделеу қажет. Өтірік мақтанбай, ұлттық тарихымызды боямасыз, әсірелеусіз жазуымыз керек. Біздің тарихшылармен қоса, сол кезеңді зерттеген шетелдік тарихшылардан да кеңес алған дұрыс болар еді. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Себебі, тағы да айтам, бұл жолы бізге қателесуге болмайды.
– Киноның сәтті шығуы тек сценарийге тіреліп тұрмаған болар...
– Тағы бір назар аударатын маңызды нәрсе, жазылған сценарийдің негізінде жүргізілетін дайындық жұмыстары. Оған да бір жылдай уақыт керек. Біріншіден, хандарымызға лайық сарайлар салу, оның іші сыртын әшекейлеу, безендіру қажет. Бұл жерде біз көшпелі халық болғанбыз деп, тек киіз үйлерді көрсетіп құтыла салуға болмайды. «Құбылай» тағы да басқа тарихи кинолардағы ғимараттарға қараңыз. Бізде де сондай зәулім сарайлар, ғимараттар, кітапханалар болған.
Бұл арқылы біз ұлтымыздың мәдениетін, өркениетін, ұлттық құндылықтарын көрсетеміз. Егер осы айтқандарды көрсете алмасақ, онда кино түсіріп қажеті бар ма? Одан кейін, тағы бір назар аударатын нәрсе кейіпкерлердің киімдері. Ол жұпыны болмай, адамдардың дәрежесіне сәйкес дайындалу керек. Хандар, уәзірлер, олардың әйел, бала-шағалары өз шеніне, деңгейіне қарай қымбат матадан тігілген киімдерді киюі керек. «Көшпенділердегідей» бір шапанды бірнеше жыл кимей, киімдер уақыт, жыл мезгілдеріне қарай ауыстырылып отыруы керек.
Сұлтан Сүлейманның әйелі Хюремнің киімдеріне қараңыз. Бір серияда бірнеше киім киіп шығады және оны қайтіп кимейді. Ал онда жүздеген серия және қандай киімдер? Түріктер оны ақшасы тасып жатқаннан жасады дейсіз бе? Жоқ, бұл – саясат. Олар өздерінің қандай мықты екенін, дамыған ел екенін көрсету үшін жасалған және бұл шындық! Біз де осы жағына назар аударуымыз керек.
– Жалпы, осы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы жайлы түрлі пікір айтылады. Киногер ретінде өзіңіз не айтар едіңіз?
– Әрине, қазақтар бұл ұлан-байтақ даланы бұрын да мекендеген. Түркістанның 1500 жылдығын, Тараздың 2000 жылдығын жақында ғана тойладық емес пе? Осы Ұлы даланы қорғаймыз деп атам қазақ мың өліп, мың тірілмеп пе еді?! Ал Қазақ хандығы 550 жыл бұрын құрылды ма, біз оған дейін де мемлекет болдық қой дегенде тұрған ештеңе жоқ. Керей мен Жәнібек хандардың дана басшылығы мен көреген кемеңгерлігі Алтын Орда ыдырағаннан кейін ұлан-ғайыр қазақ даласын мекендеген ірілі-ұсақ қауымдардың бәрін бір тудың астына біріктіріп оған осы даланың иесі қазақ атын беріп мемлекет құрды. Бүгінгі тәуелсіз егемен ел болуымыздың негізі сол уақытта қаланған.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидиінде» «Қазақ хандарының билік ете бастағаны Хижраның 870 жылы» деп жазады. Бұл қазіргі жыл санау бойынша, 1465-66 жыл. Яғни, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл деген сөз. Бірақ кейбір деректерге сүйенсек, Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға Тышқан жылы күзде қоныстапты да, көктем шыға Керейді ақкиізге көтеріп, хан сайлап өздерін «Қазақ елі» атапты» деп жазады. Ал Тышқан жылы Дулатидің жазған жылдарымен сәйкес келмейді. Меніңше, бұл үлкен дау тудыратындай мәселе емес.
Еркін РАҚЫШЕВ, кинорежиссер
Дайындаған Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
aikyn.kz