Кеңестік менталитет бұл заманға жарамайды
Кеңес үкіметі кезінде энергия көзі есіл еді ғой. Жұрт судың да сұрауы барын білмеуші еді. Алайда ол заман өтті. Ысырапқа жол берген кезең келмеске кетті. Бүгінде ондай «аста-төкке» барған мемлекет ұшпаққа жетпейтінін мемлекет басшылары сезіне бастады. Бір ғана энергия көзі үшін талай мемлекет бір-бірімен қырғиқабақ, қырық пышақ болғанын тарихтан білеміз. Сондықтан да қуат көзін үнемдеуді әр тұрғынның санасына сіңіру мемлекеттік іс болып жатады. «Бәріміз Кеңес үкіметінің менталитетімен өскендіктен, су, жарық, жылу – бәрі-бәрі қар не жаңбыр жауған тәрізді келіп тұрады деп ойладық. Өз бетімен ағып тұрғандай, бұлар үшін ақша төлеу де ақымақтық деп қабылдадық. Алайда, шын мәнінде, олай емес қой», – деп Премьер-министр Кәрім Мәсімов айтқандай, бұлардың да есебі бар.
Кеше Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы судың да сұрауы барын жұрттың санасына жеткізу керектігін ескертті. «Далада 30 градус аяз тұрса да, біз үйде трикомен және теркөйлекпен (майка) терлеп отыруымыз керек. Бұл аз дегендей, терезені де ашып тастаймыз. Міне, кезінде осындай «стандартта» өмір сүрдік. Мұндай жағдайға шынайы көзқараста қарайтын болсақ, ешбір дамыған мемлекет бұған жол бермейтініне көзіміз жетеді. Ал шектен тыс ысырапшылдық көбіне есептеуіш құралдың жоқтығынан болып жатады. Бұл – бір. Екіншіден, көптеген үйлерде жылу реттегіші жоқ. Сондықтан да үйдің қапырығынан терезені ашып тастап құтылмағанда қайтсін? Сөйтеді де, үйлерді жылытамыз деп жаққан көміріміздің қаншамасы ашық тұрған терезеден ұшып кетеді», – дейді Кәрім Қажымқанұлы. Расымен де, солай. Сондықтан да мұндай сананы өзгерту керек. Халықты электр энергиясын үнемдеуге үйрету керек. Премьер-министрдің айтуынша, бұл мәселе жылу реттегіштерді не есептеуіш құралдарды орнатқаннан шешіле қалмайды. «Бұл — менталитетке сіңіп қалған дүние. Сондықтан да, санаға жеткізіп түсіндіру керек», – деді Кәрім Мәсімов Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновке қарап. Суды үнемдеуді де түсінік деңгейінде шешу керектігін ескертті. «Судың қадірін құдықтан үйіне шелектеп тасыған ауыл тұрғындары жақсы біледі. Жылудың қадірін көмір сатып алып, пеш жағып отырғандар жақсы түсінеді. Ал қала тұрғындары осыны ұғынғанда ғой, артық шомылып, жуынғанды қысқартар еді», – деді Премьер-министр. Оның айтуынша, бұл тек Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ғана айналысатын шаруасы емес. Бұған мемлекет деңгейінде кешендік шаралар қажет. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе – электр энергиясын беру және тарату секторында инвестициялық қызығушылықты арттыру. Агенттіктің тарифтік саясатының бірі – инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істейтін табиғи монополия субъектілерін көбейту. Агенттік төрағасының айтуынша, 2011 жылы барлық 24 базалық өңірлік электр желілік компаниялар инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істемек. Жалпы көлемі 2010-2011 жылдарға арналған инвестиция көлемі 58 миллиард теңгеге ұлғаймақ. Жылу энергиясы секторында жыл аяғына қарай инвестициялық тарифке 18 базалық субъект көшеді деген жоспар бар. Ал сумен жабдықтау және суды бұру секторында былтыр үш база аталмыш тариф бойынша жұмыс істеді. Инвестициялық тарифке көшпесек қайтеді? «Электр энергия саласына инвестиция салмасақ, Семейдегідей, Приозерскідегідей жағдайларға тап боламыз. Бұл жағдайлардың бәрі уақытында инвестицияланбағанның кесірінен болып отыр. Тарифті жоғарылатпай ұстап отыру құлдырауға әкеліп соғады», – дейді Үкімет басшысы. Ал бұл инвестициялар қайда жұмсалуы керек?. Кәрім Мәсімов айтпақшы, әрине, жекелеген адамдардың қалтасына емес, энергия өндіруші орындардың жабдықтарын жаңартуға, құралдарын қайта жаңғыртуға кетуі керек. «Міне, осыны Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бақылауы қажет», – деді Премьер агенттікке қазанның қақпағына сақ болуды ескертіп. Себебі, расын айту керек, біздегі су құбыры болсын, жылу желілері болсын әбден тозған. «Павлодарэнерго» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Әмірхановтың айтуынша, бүгінгі таңда бір ғана Павлодар аймағындағы жылу желілері 70 пайызға тозған. «Қазіргі кезде қолда бар қаражат аймақтағы жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге жетіспей отыр. Мәселен, Петропавл қаласында жалпы ұзындығы 480 шақырымды құрайтын жылу су құбырлары бар. Жылу жүйесінің негізгі құрылғылары 70-80 жылдары іске қосылған болатын. Қазіргі кезде қаланың жылу желілері 70 пайызға тозып отыр. Қаладағы бұл жағдайды шешу үшін жыл сайын 1,5 млрд теңге бөлу қажет. Ал «Петропавл жылу желілері» ЖШС-ның 2011 жылғы тарифтік қоры тек 450 млн теңгені ғана құрайды. Бұл қажетті қаражаттан үш есе аз», – деді ол алқа мәжілісінде базынасын айтып. Ал мұндай проблема еліміздің әрбір аймағында кездеседі.