Кәкімжан Қазыбаев – қайраткер-журналист, реформатор-қаламгер

Кәкімжан Қазыбаев – қайраткер-журналист, реформатор-қаламгер

1950-1970 жылдардағы қазақ журналистикасында шоқтығы биік, ұлттық баспасөздің өркендеп, дамуына ерекше үлес қосқан тұлғаның бірегейі Кәкімжан Қазыбаев ағамыз бүгіндері 85 жасқа толар еді. Артына қалдырған мол мұрасы ол кісінің цензураның қылышынан қаны тамып тұрған заманда ұлт деп шырылдаған өр тұлғаның бірі екенін танытып қана қоймай, өзіндік жазу үлгісі арқылы қазақ публицистикасының теориялық-методологиялық деңгейін көтеруге ықпал еткен реформатор-қаламгер екендігін де паш етеді. Қазақ зиялысының аталған соңғы қыры жайлы кейінгі кездері терең зерттеліп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғала бастады. Өз ғұмырында қалам тербеуден бір сәтке талмаған ағамыздың қазақ публицистикасындағы ерен еңбегін айшықтай түсу үшін айтулы датада біз 2009 жылы жарық көрген «Кәкімжан Қазыбаев – публицист» атты зерттеудің авторы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Зухра Ермағанбетованы әңгімеге тартқан едік...

– Кәкімжан Қазыбаев десе көзі қарақы қауымның ойына бірден «Сұрапыл», «Рақымжан Қошқарбаев» сынды кітаптар оралады. Бірі шындық тұмшаланған уақыттағы қазақ даласындағы ашаршылықты сипаттаған, ал бірі Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры екенін бұлтартпас фактілермен нақтылайтын тарихымыздағы тұңғыш ақиқат туындылар. Сондықтан аталған еңбектердің көптің жадында тайба таңба басқандай сақталуы заңдылық. Ал ол кісінің публицистикадағы еңбегі өз алдына бір төбе. Жалпы, зерттеуші ретінде бүгіндері Кәкімжан Қазыбаев публицистикасы толықтай бағасын алды деп нық айта аласыз ба?
– Заманның ыңғайы қанша өзгеріп, саясат қанша құбылғанымен, бар-болмысын, сынын бұзбай сақтап қалатын белгілі бір рухани құндылықтар болады. Толымды дүние туғызған қаламгер шығармашылығын да сол санатқа жатқызған жөн.
Кәкімжан Қазыбаев – қазақ журналистикасындағы қатардағы тұлға емес, ол қазақ баспасөзінің өркендеу, дамып-қалыптасу жолында ерен еңбек еткен тұлға. Ол 1950-80 жылдағы қазақ журналистикасына жазумен де, кадр-маман даярлаумен де тікелей шұғылданған қайраткер-журналист, реформатор-қаламгер. Сондықтан қазақ баспасөзінде ұзақ жылдар еңбек етіп, публицист, редактор, жазушы ретінде шығармашылық даралығымен, көркемдік, тілдік-стильдік ерекшеліктерімен танылған қаламгердің көркем публицистикалық мұрасын ғылыми жүйеде талдау заман талабынан туындады. Профессор Т.Амандосов өзінің «Қазіргі қазақ публицистикасы» атты зерттеуінде кеңестік қазақ публицистикасына тоқтала отырып, Ә.Әлімжанов, Ұ.Бағаев, Б.Бұлқышев, К.Қазыбев сияқты қаламгерлердің шығармашылығы негізінде публицистік шеберлік мәселелерін зерттейді. Баспасөз зерттеушісі Т.Ыдырысов «Шеберлік бастауы» еңбегінде қазақ очеркистерінің адам бейнесін жасаудағы шеберліктерін талдай келіп, К.Қазыбаевтың есімі атайды. Ал ғалым Б.Жақып «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» монографиясында 60-шы жылдар публицистикасын сөз еткенде бір топ публицистер қатарында К.Қазыбаевтың қазақ журналистикасына қосқан үлесін атап көрсетеді. Сонымен қатар, К.Қазыбаев шығармашалығы туралы газет-журналдарда Ә.Қарағұлов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Ыдырысов, Ш.Мұртаза, С.Ақтаев, Н.Оразбеков, Қ.Баянбай, С.Байжанов, О.Қарабалина, С.Сматаев, Ж.Аупбаев, т.б. қаламгер замандастарының мақалалары жарияланған. Міне, осы аталған ғалымдар еңбектерін парақтай отырып, ғылыми жетекшім филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптың берген кеңесімен, бағыт-бағдарымен өз зерттеуімде Кәкімжан Қазыбаевтың публицистік шығармашылық жолын тереңнен қарастырып, журналистік қызметінің қырларын жаңаша көзқарас тұрғысынан бағалауға тырыстым. Қаламгердің көркем публицистикасының тақырыптық, жанрлық, стильдік ерекшеліктерін саралап, фельетонистік, юмористік шеберлігін ашуға, сондай-ақ әртүрлі мерзімді басылымдарда жарық көрген заметка, репортаж, рецензия, корреспонденция, мақала, очерк, фельетон, аудармаларының толық тізімін жасауға барымды салдым.
Жалпылай алғанда, бүгіндері қалам қайраткерінің еңбегі қоғам тарапынан елеусіз қалып жатқан жоқ. Мүмкіндігінше бағалануда. Өзі оқыған Мамания мектебіне ескерткіш тақта орнатылды, Алматыдан көше берілді. Естеліктер топтамасы мен таңдамалы шығармалары жарық көрді. Бұл тұрғыда жазушының жары Орынша апай мен оның ұрпақтарының еңбегін айта кеткен жөн. Публицистикалық мұрасы мен прозалық шығармалары туралы кандидаттық диссертациялар қорғалды. Десек те, алдағы уақытта оның шығармаларындағы тілдік қолданыстар арнайы тіл ғылымының зерттеу нысанына айналса артықтық етпейді деп ойлаймын. Ал «Сұрапыл», «Ызғар» романдары фильмге сұранып тұрған дүниелер. Қазақстан Жазушылар Одағы тарапынан жас журналистер үшін «Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлықтың лауреаты» деген марапат тағайындалса бұл құба-құп іс болар еді. Тағы бір айта кететін нәрсе, отбасылық мұрағаттан «Қара сел» деген пьесаның қолжазбасын оқығаным бар. Осы туындыны жарыққа шығару жағын ойластыру қажет секілді.
– Кеңестік идеология бұратана ұлттың тарихын жоюға барын салды. Ал ұлт қаймақтары оны барынша қорғауға күш жұмсады. Сол кездегі қазақ зиялылары қасынан жас Кәкімжан табылып отырды. Осы кезеңге тоқтала отырсаңыз...
- Тарихқа көз жүгіртсек, халық қамын ойлаған тұлғалар ішінде журналистиканы серік етпегені кемде-кем. Алаштың ардақты азаматтары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Әуезов, М.Шоқай, т.б. журналистиканы тәуелсіз мемлекет құру ісіне пайдаланған. Бір қолымен қару, екінші қолымен қалам ұстаған аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлынан тәлім алған Кәкімжан да сол ағалар салған ізбен жүрді. Идеология майданын басқарған С.Сәдуақасов, І.Омаров сынды жүрегі қазағым деп соққан жайсаң жандардың саралы жолын жалғастырды. Қазақстан Орталық Комитетінің идеология хатшысы тізгінін қолына ұстады. Сол тұстағы Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде, композитор М.Төлебаевтың 70 жылдық мерейтойының Мәскеу қаласында Одақтар үйінде атап өтілуінде К.Қазыбаевтың үлесінің зор екенін ешкім жоққа шығармаса керек.
Сондай-ақ, қайраткер-қаламгер ретінде ол халықтың рухани сұранысына кіршіксіз жүрекпен, перзенттік парызбен мүлтіксіз қызмет еткен адам. Мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарса да, алдындағы ақ қағазы мен қаламына, айналасындағы халқына адал болды. Оған мысалдар жеткілікті. Оның барлығын бір сөзбен тізбелеп беру мүмкін емес. Дегенмен ол кісінің Ұлы Отан соғысы кезінде Рейхстагқа бірініші болып жеңіс туын тіксе де, ел ішінде елеусіз жүрген Рақымжан Қошқарбаевтай батырды елге танытуын алдымен айтар едік. Осылайша ол кеңестік идеология көлеңкесінде қалған ер есімін ең алғаш жарыққа шығарды.
Халқымыздың мақтан тұтар аяулы ұлы Асанбай Асқаровтың басына бұлт үйірілген кезеңде Орталықтың шешіміне қаймықпай қарсылық білдіріп, пікірін ашық айтқан да Қазыбаев болды. Ал енді ресми Мәскеудің «Ақмола немістердің автономиясы болу керек» деген ұйғарымына наразылық білдіріп, қазақ жерін бөлшектеуден аман алып қалған ерлігі ұлтына адалдығы еді. Бұл оқиғалар барысы автордың «Жүрек сыры» деген күнделік эссесінде жан-жақты баяндалады. Осындай әртүрлі саяси-идеологиялық айтыс-тартыстардың ортасында жүріп, тағдыры сынға түссе де, өз пікірін сақтап қалған, ұлт қамын ойлаған азамат болды.
– Социализмді қанша жерден сөккенімізбен, халтураға жол жоқ ол заманда рухани даму, дүмпу болды. Кәкімжан аға журналисттен жазушыға, жазушыдан қоғам қайраткері дәрежесіне жетті. Бүгінгі ұрпаққа үлгі ретінде Кәкімжан ағаның ерекше қырларын атай отырсаңыз...
– Тоқырау заманы дегенмен, ол кезде рухани дамудың болғаны рас. Қазақ журналистерінің ұстаханасы саналған «Лениншіл жастан» қанаттанған бір топ үркердей шоқ жұлдыздардың жарқырай көрінетіні де сол тұс. Кәкімжан аға қайраткерлік дәрежеге бірден көтерілген жоқ, бұл жолда бірнеше мектептен өтті. Өзгелер тәрізді журналистік жолын аталмыш газеттен бастады. Кейін «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, Баспа ісі және кітап саудасы істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ директоры, «Қазақстан коммунисі» журналының редакторы қызметтерін атқарады. Басқару сатысының қай саласында жүрсе де қолынан қаламын тастамаған. Ол кісі сан қырлы талант иесі – журналист, публицист, редактор, аудармашы, юморист, қайраткер болып тізбектеліп кете береді. Ақын болмаса да ақындыққа жақын өлең шығаратын қабілеті де болған. Әсіресе, өз мамандығын шексіз сүйген. Оны әріптес інісі Ә.Ыдырысовқа ағынан жарыла айтқан: «Шын журналист болам деген жүрек қалауымды, соған жетем деген мақсатымды, сол журналистікті беріле сүюді, оған берілгендікті әлі де тастамаймын. Өмірімді соған арнаймын, соған мансұқ етемін» деген сөзінен байқауға болады. Расында да ол кісі өмірден өтер-өткенше көсемсөзден қол үзбеген. Өз мамандығының қадір-қасиетін бағалаған адам осындай-ақ болар.
Бүгінгі буын журналистері танымал публицистің ақпарат ұсыну үрдісінен тағылым алуға болады. Себебі К.Қазыбаев әрдайым тың деректер табуға ұмтылады. Сол деректерді өте мәдениетті түрде оқырман санасына ұғынықты етіп жеткізе біледі. Және сол мәліметтердің табылуына белгілі бір кісілердің қатысы болса, олардың есімін атай кетуді ұмытпайды. Қоғамдық өзгерістерге ықпал етерлік адами қасиеттер, адам танымы үнемі публицистің назарында болды. Жаңа мәліметтер ұсынғанда бұл деректердің елдік мұраттарға, ұлттық ұстанымға қаншалықты жанасатынын қаперде ұстайды. Оның тәжірибесінен ақпараттар ағыны толқындай жөңкілген қазіргі заманғы журналистиканың өкілдеріне үлгі етіп ұсынар нәрселер жеткілікті. Ұйымдастырушылық қабілет, журналистік шеберліктен өзге ар, парасат, қарапайымдылық, кішіпейілділік, сабырлылық сияқты сапалық қасиеттер оны қатарластарынан даралап тұрады.
– Бір мақалаңызда журналист, жазушылар өзі өмір сүрген заманына да, келер ұрпақ санасына да пәрменді ықпал етеді деп жазыпсыз. Зерттеуші ретінде бұл ретте Кәкімжан ағаның ерекшелігін атай кетсеңіз...
– Жоғарыда айтып өткендей, Рақымжан Қошқарбаевты халқына танытуы. Ол жайында бірнеше очерк-мақала жариялап, деректі повесть жазды. Сондай-ақ, Батыр атағына ұсыну туралы жүзге жуық құжаттарды жинап, қазақ зиялыларының ұйытқы болуымен жоғары жаққа хаттар жолдаған жанкешті еңбегі текке кеткен жоқ. Тәуелсіздік таңы атқан жылдарда Р.Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағы берілді. Бір өкініштісі, ол жайында жазам деген «Ақ алмас» кітабы аяқталмай қалды. Қарап отырсаңыз, адам тағдырына қайта-қайта оралып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үлкен қажырлылықты, жауапкершілікті қажет етеді. Айырықша пәрменді еңбегі деп осыны айтуға болатын шығар. Ал «Ақиқатқа ар серік» публицистикалық жинағында журналистиканың қыры мен сыры туралы баяндалған «Журналист – өмір тамыршысы», «Тақырыпты тауып қой», «Ізденіссіз өмір тұл», «Ақиқатқа ар серік» «Журналистің принципшілдігі» туралы мақалалары бүгінгі жас журналистерге таяныш, тірек, жол көрсеткіші бола алады.
– Тұщымды әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста