Еуропа мультимәдениеттен неге бас тартып жатыр?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Өткен аптада Франция Президенті Николя Саркози: «біздегі мультимәдениет саясаты құрдымға кетті», – деп мәлімдеме жасады. Бұған дейін осындай пікірді Еуропа елдерінің бірқатар айтулы саясаткерлері де айтқан болатын. Атап айтқанда, Германия канцлері Ангела Меркель, артынша Британияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Австралияның экс-премьері Джон Ховард, Испанияның бұрынғы үкімет басшысы Хосе-Мария Аснар сынды саясаткерлер батыс әлемінің төл туындысына айналған мультимәдениет идеясының сәтсіздікке ұшырағанын жеткізген болатын...
Николяның наласы
Францияның жергілікті телеарнасы арқылы тікелей эфир сұхбатында мемлекет басшысы Николя Саркози: «Егер сен Фран­цияда өмір сүруді қалайтын болсаң, сен сол жердің мәдениетін игеруге, сол жердің мәдениетіне біржола сіңіп кетуге, біртекті қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға, нақтырақ айтқанда, ұлттық қоғамның бөлшегіне айналуға дайын болуың керек. Ал бұған көнбейді екенсің, Францияға қонақ болуға құқың жоқ!», – дегенді ашына отырып жеткізді. «Біз осы уақытқа дейін жатжерліктердің қамын ойлап, оларға, олардың мәдениетіне жағдай жасаумен болдық, ал өзімізді көп жағдайда назардан тыс қалдырып отырып­пыз. Енді олай болмайды. Мысалы, біздің мұсылман отандастарымыз еліміздің әрбір толық­қан­ды азаматы секілді өзінің сенімін берік ұста­нуына құқы бар, бірақ біз Фран­ция көше­лерінің бойында, қоғамдық орындар­да баз біреулердің боямалы түрде құл­шылық жасап жатуын қаламаймыз. Әри­не, біз әртектілікті құрметтеуіміз керек, бір­­ақ қазір біз бұлай істегіміз келмейді...», – деп көп­ұлт­ты, көпмәдениетті құры­лым­нан біржола бас тартқысы келетіндігін ашық айтты.
Ұнамасақ, кетіңдер!
 Бұған дейін мемлекеттік деңгейдегі мультимәдениет саясаты құрдымға кетті деген мәлімдемені Британия премьер-министрі Дэвид Кэмерон жасаған болатын. Ол да Британиядағы жатжерліктердің жергілікті ағылшын мәдениетін ерекше құрметтеуі қажет екенін анық меңзеген еді. Ал өткен жылдың соңында Германия канц­­ле­рі Ангела Меркель осы тақырыпта май­мөңкелеп жатпай, ашық түрде мәлімдеме жасағанда әлемдік БАҚ мұны сенсация ретінде бағалады. Бірақ Меркель­ден кейін мұндай пікірді Еуроодақтың негізгі дің­гектері болып саналатын Франция, Бри­тания, Испания сынды мемлекеттердің бірін­ші нөмірлі саясаткерлерінің қайталауы мұны жалпыеуропалық саяси тенденция ретінде қабылдауға жетелейді.
«Барлығымыз бір қоғамдық ортада, бір-бірімізді құрметтей отырып, тең қаты­наста қатар өмір сүре аламыз деген мультимәдениеттік көзқарас қате болып шықты», – деді Ангела Меркель өткен жыл­­дың соңындағы Христиан-демокра­тия­лық жастар конференциясы барысында сөйле­ген сөзінде. Германия канцлері им­ми­грант­тарды қабылдауға қашан да болса дайын екенін, бірақ сол жатжер­лік­тердің неміс тілін үйреніп, балаларын неміс мек­те­біне беруге міндетті екенін, олай бол­маған жағ­дайда иммигранттардың жағ­дайы қиын­дайтынын жеткізді. Осы­лай­ша, Ангела Мер­кель Германиядағы муль­тимәдениет сая­сатының толықтай жеңіліс тапқанын айта отырып, бұдан бы­лай тілдік талаптың қатаңдатылатынын ескертті.
Әр мәдениеттің өз Отаны бар
Ал австралиялық саясаткер Джон Хо­вард: «Австралияда жүрген жатжерліктер жергілікті мәдениетке бейімделу керек. Әркім өз мәдениетін, өз ұстанымын, көз­қа­расын енгізгісі келеді. Жоқ, олай бол­майды, әр мәдениеттің өз Отаны бар. Австралияның мемлекеттік тілі – ағылшын. Яғни қанша жерден тірегі мықты десеңіз де, қытай, жапон, араб, испан тілдерінің ешқайсысы бізде қауқарсыз болып табы­лады», – деген мәлімдеме жасаған.
Бір кездері ағылшындар қылмыскерлер мен қарақшыларды жазасын өтету үшін аса ауыр жұмысқа, Австралияға жұмсап отырған еді. Сол бас бостандығынан айы­рыл­ғандар жиылып, осыдан 200 жыл бұрын ғана құрған Австралия мемлекетінің бүгінгі күні өзінің төл мәдениеті жөнінде пікір айтып жатуы және мультимәдени саясатынан бас тартуы аталған ұстанымның өзге мемлекеттердегі болашағына күмән тудырады. Бірқатар батыс сарапшылары мемлекеттерге мультимәдениеттілікті мін­деттеудің қажеті жоқ екенін айта бастады. Олардың айтуынша, барлық ел азамат­тары­ның ел мен елдің арасында еркін кө­шіп-қону құқын берсе де жеткілікті. Мұн­дай жағдайда әр адам өзінің тілдік ерек­шелігіне, ұлттық, діни конфессиялық, тіпті ғылыми және философиялық көзқарасына бай­ланысты өзімен пікірлес болатын орта­ға орналаса алады. Яғни егер қытайлықтар Аме­рикаға, Британияға немесе басқа да кез келген елге барып, өзінің тілін талап ететін болса немесе мұсылмандар қауымы жат жерде жүріп, шариғат заңдарының орындалуын сұраса, бұл агрессия болып табылады.
Дегенмен әлемде Ресей мен Қытай секілді мультимәдениеттілік саясатын ресми түрде ұстануға міндетті мемлекеттер де бар. Мәселен, егер Ресей де Германия мен Франция секілді мультимәдениет­тілік­тен бас тартатын болса, өзінің тарихи ота­нын мекендеп отырған шешен, татар, но­ғай, башқұрт, чуваш сынды халықтардың тағ­дырын қайда қоямыз? Себебі мультимә­де­ниеттілік саясатының қарама-қарсы ұғы­мы «сіңісу саясаты» деп аталады. Яғни атал­­ған этностардың тілі мен мәдениеті, діні біржола жойылып, мемлекет ауқы­мын­­да бір ғана мәдениет үстемдік құруы тиіс деген мағына береді. Яғни логика бо­йынша Ре­сейде қос таңдау тұр. Бірі – құра­мын­дағы тарихи отанын мекен етуші эт­нос­тарға тәуелсіздік беру, екіншісі – муль­ти­культу­рализм саясатын ұстана отырып, сол азшы­лық ұлттардың тілі мен мәдениетін өшіріп алмау. Әрине, мұндай терең гум­а­нис­тік ұста­нымға берік болу әрбір биліктің қолы­нан келмейді. Құрамында ұй­ғыр­лар, тибеттіктер секілді тарихи отанын қоныс­танушы этностары бар Қытай мем­ле­кеті де мультикультурализмнен ресми түрде бас тарта алмайды.
Тағдырдың тәлкегімен Қазақстанды 140 ұлт өкілі мекен етіп отыр деп қанша айт­сақ та, олардың барлығы да өздерінің ата-бабалары қоныс еткен тарихи отаны­ның бар екенін мойындайды. Яғни Қазақ­стан­ның мемлекеттік үлгісі де жаңағы айтқан Гер­ма­ния, Франция, Британия елдері секілді ұлт­тық негізде құралса ойға қонымды.

Осылайша, бір қазанға бірнеше қошқардың басын сыйдыруды көздейтін мультикультурализмнің бір ғана Отаны болмақ, ол – АҚШ. Әйтпесе ресми түрде басқаша сөйлеп отырған федерациялық құрылымды Ресейдің өзі де болашақта біртекті, ортақ этносқа айналдыруды армандайды. Яғни елдің полиэтностығы, көп конфессиялығы ұран ретінде көтерілмейді. Тоқетерін айтқанда, мультимәдениетті демократиямен сабақтастырып, соңғы үлгідегі либералды демократия ретінде әлемге ұсынып жүрген батыс елдерінің кенеттен осындай кері бұрылуы әлі сан мың шақырымдарды алқымдап үлгермеген мемлекеттер үшін сабақ болуы тиіс. Себебі Еуропа мұны сан жылдар бойы сынақтан өткізіп, оның қыр-сырын жетік меңгеріп барып тұжырым жасауда.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста