Еуроодақ Түркияны неге өгейсітеді?
Еуроодақ қандай ұйым деген сауал туындай қалса, кәрі құрлыққа кәдімгідей кәрін төгіп тұрған іргелі ұйым деп жауап беруден тайынбауыңыз бек мүмкін. Ал шын мәнісінде солай ма? Иә, Еуроодақ дәл қазір, анау айтқандай, абыройдан жұрдай болмаса да, күз келе жапырақтары жерге төгілетін қара талдай «жалаңаштанып» қалды. Талай-талай адуынды басшылар, дүлей диктаторлар, епті экономистер, «сыпайы» саясаткерлер, жұлқынған «жындылардың» мини-мінберіне айналып үлгерген Еуроодақтың трибунасы кәдімгідей көнерді. Неге? Жалпы, Еуроодақтың түпкі мақсаты не?
Түркияны мойындау һәм мойындамау
Еуроодақ деген заты ғана емес, дардай аты бар іргелі ұйым үшін Түркия деген Азиядағы алақандай мемлекет не тұрады тәйірі деуіңіз ықтимал. Жоқ, кешіріңіз, Түркияның саяси элитасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғандар Еуропаңның да, басқаңның да алдында аузындағы сөзінен жаңылысып, күмілжіп, «потеря» болатындардың қатарынан емес. Керісінше, түкірігі жерге түспей тұрған түбі бір түркі бауырлар «көз сайыста» да, сөз сайыста да тауы шағылып, мүләйімси қалатын мемлекеттердің санатына кірмейді. Бірақ стратегиялық жоспарын жатпай-тұрмай түзген Еуроодақ ептілерінің есебі бір жүріп, екі жеу екенін бағамдасақ, Түркия мемлекеті оларға стратегиялық объект ретінде керек-ақ. Әрине, бір кездегі беделді ұйымның құлдырап бара жатқан «авторитетін» әлемдегі өзге «ойыншылармен» бір деңгейге жеткізу үшін. Сондай-ақ ислам дінінің Еуропаны «жаулап» алу екпінін еселетпей, Еуропада бір қалыпқа келтіру үшін де Түркия – таптырмайтын саяси құрал. Тек тетігін тауып, нүктесін дөп баса білсең болды... Мұны КСРО-ның экс-президенті, «қайта құрғыш» (бәлкім, «қайта құрығыш») Михаил Горбачевтің төрағалық етуімен Болгария астанасы Софияда өткен ұйым конференциясында базбір елдердің мысын басып отырғандар да, қарнын тыр-тыр қасып отырғандар да еріксіз мойындады.
Түркияның Еуроодақсыз да таңы атады
«Сырғанақ уақыт сырғыған сайын Түркия Еуроодақтың емес, Еуроодақ Түркия мемлекетінің көмегіне жүгінген үстіне жүгіне беретін болады». Бұл сөзді Түркияның экс-премьер-министрі Мезут Йилмаз айтып салды. Оның ойынша, ресми Брюссель Түркияға қатысты барлық көзірін жоғалтып алғанға ұқсайды. Мұнымен қоса, Еуроодақ Түркияның экономикасын түпкілікті модернизациялайтын алапат күшке де ие емес қазір. Оның үстіне, түрік бауырлар бүгінгі таңда ел экономикасының еңсесін түпкілікті түзей білді, тіпті қазір аты аталған мемлекет бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Мұның бәрі ішкі рыноктың, Ресеймен, Қытаймен, Сауд Арабиясымен кеңейтілген сауда-саттық қатынастарының бір жүйеге түскендігінен де болар. Байқадыңыз ба, аты аталған мемлекеттердің ішінде бірде-бір ел түпкілікті Еуроодақтың «жекеменшігіне» жатпайды. Ана жаққа бір, мына жаққа бір билігін жүргізгісі келетін Ресейді мысалға келтірмесеңіз, басқалары – Еуропаны жатырқап жүрген елдер. Демек, Еуропадан тартылған инвестиция көлемінің күрт азайғаны Түркия экономикасы үшін қол болмаса, «нөл» бола қойған жоқ.
Иә, Түркияда жан-жақты білімді, білікті азаматтардан құралған элиталы билік бар. Оның үстіне, бұл мемлекет араб әлемінде де зор беделге ие болып үлгерді. Қалай дейсіз ғой, ол былай: Түркия билігі табанды тегеурінділік танытып, кезінде өзінің территориясын АҚШ әскеріне «сыйлық» ретінде ұсынудан бас тартты, ресми Пентагонның өзін «ренжітіп», бетін қайтарып тастады. Егер тап сол жолы АҚШ-қа өз территориясын ұсына салғанында онда ресми Пентагон билігі Түркия мемлекетін Иракқа шабуыл жасайтын дәліз ретінде пайдаланушы еді.
Әгәрәки, егер сіз бұл аз дей қалсаңыз, «түбі бір түркі бауырларымыз араға бес жыл салып, 2015 жылға қарай қаржылық яки экономикалық әлеуеті жағынан Еуропада екінші орынға көтерілуі де ғажап емес» дейді халықаралық деңгейдегі сарапшылар.
Француз саясаткері Жорж Фреш Түркия мемлекетін Еуропадағы Ислам әлемінің жар дегенде жалғыз көшбасшысы санайтынын, осынау елдің тегеурінділігінің арқасында ғана атышулы «Әл-Каида» ұйымының еселенген екпінін басуға болатынын қадап айтты. Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның экс- басшыларының бірі Фредерико Майор Сарагоса да шұғыл түрде Түркияны Еуроодақтың құрамына қабылдау керектігін еске салды. Мұның бәрі неден хабар береді дейсіз ғой...
Түркияның Ресей үшін де экономикалық тұрғыдан өте жақсы серіктес бола алатынын іші сезетін Михаил Горбачев та өз сөзінде түктен хабары жоқ адамның кейпіне еніп: «Ресейдің алдында аяқтарыңыз қалтырап, бұрынғыдай қорқа жөнелуді түпкілікті доғарыңыздар. Ескі стереотиптен арылып, жаңа әлемді жаңаша құрайық!» деп қалды. Мұның астарында не жатыр? Бір кездері әсірепатриот болған «гордый» Горбачевтің шынымен мысы басылған ба, әлде...
P.S.
Үндемегеннен үйдей бәле шығатынын жақсы түйсінетін, білетін, іші сезетін Еуропаның тісқаққан еркелері мен «серьезный» сөйлейтін серкелері Еуроодаққа Түркияны қалайда «тарту» керектігін алға тартады. Сонда олар Түркияның тек Еуропаның мүддесі үшін жұмыс істейтініне шынында да сене ме екен? Әлбетте, шеңбердегі ойында әлдекімнің тауы шағылып, «быт-шыты» шықса, базбір мемлекеттің ұпайы түгенделе түсетіні тағы да мәлім. Ендеше, Еуроодаққа енген Түркия күні ертең кәрі құрлықтың қай мемлекетімен кәдімгідей «ауыз» жаласып, қай мемлекетінің мүддесі үшін жұмыс істейтінін ешкім де дөп басып айта алмауы мүмкін.