«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтпақшы, тәуелсіз еліміздің мерейін үстем ету жолында аянбай еңбек етіп, ел алдындағы перзенттік парызын адал атқарып, үлкен мен кішінің қадірлісі болып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген азаматтарымыз көптеп саналады.
Осындай жанның бірі, біздің жерлесіміз Сәуірбай Көлібайұлы Есжановтың есімін ерекше бөліп айтуға болады. Ол Мәжіліс депутаттығына «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі ретінде қатарынан екі мәрте сайланды. Қолына мандат алып, халықтың сеніміне енгеннен кейін, халық тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының барлық мәселелеріне тікелей араласуымен болды. Менің бір байқағаным, С.Есжанов орта кәсіпкерліктің ілгері қадам басуына, ауыл спортының дамуына, барлық әлеуметтік саланың халыққа мейлінше жақын болуына, сондай-ақ өмір талабына сай жаңашылдыққа, жасампаздылыққа ұмтылуына көп күш жұмсады.
Ол үнемі жастармен кездескенде, салауатты өмірді кеңінен насихаттап қана қоймай, әр жастың білімді әрі өз құқығын толық қорғай білуге міндетті екендіктерін, «жас мемлекет маған не береді деп емес, мен Отанымның дамуына қандай үлес қоса аламын» деп ойлану керектігін айтып, қарапайым мысалдармен жас ұрпақтарға түсіндіре білді. Өзім қатысқан бір жиында Сәуірбай Көлібайұлы: «Астана қаласын салуымыздың өзі үлкен тарихи оқиға. Еліміздің енді Тәуелсіздігін алған жылдары астананы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіру туралы бастама көтерілгенде көп адамның бұл жаққа қоныс аударуға сенімі болған жоқ. 1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасының Астананы көшіру туралы баяндамасын қызу талқылай келіп, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысымен депутаттар келісті. Сол кездерде мемлекеттік қызметте жүргендердің біразы ел астанасы ауыстырылған кезде бұл жаққа келу күмәні болғаннан кейін, қатаң табиғатынан қорқып, Алматы қаласында қалып қойды. Бірақ бүгінгі таңда астананың Ақмола жеріне көшірілуі дұрыс екендігіне барлығымыздың көзіміз жетіп отыр. Сарыарқа төсінен әлем тамсанатын халге жеттік. Былайша айтқанда, тарихтың жаңа беті ашылды. Халықаралық өлшемдерге сай келетін Астана қазір еліміздің айбыны да мақтанышы. Кез келген мемлекет өз астаналарын бір қаладан екінші қалаға ауыстыра бермейді, өйткені оған қомақты қаражат қажет етіледі. Әрі елдің экономикалық және саяси жағдайы соған сай болуы тиіс. Міне, осының барлығын үйлестіріп, астанасын тиімді етіп ауыстырған шешімтал елдер аз. Соның бірегейі – Қазақстан. Мен айтар едім, бұның барлығы да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқына деген адал еңбегі, сүйіспеншілігі. Халқының жағдайын күн демей, түн демей ойлап, озық елдердің қатарына қоссам деген арманының нәтижесі» деген болатын. Әрине, мәнді, мағыналы осындай сөздерді үлкендер де, жастар да ұйып тыңдады. Осындай мысалды көптеп келтіруге болар еді...
Сәуірбай Көлібайұлы шетелден келген қандас бауырларымыздың жағдайына да көптеген қолғабысын жасады. Ел мен жердің береке-бірлігі мен байлығын сақтау жолында ел арасында келелі әңгімелерді де қозғап, жақсы істердің ұйытқысы бола білді. Амал қанша, бұл шағын мақалада Сәуірбай Есжановтың екі шақырылымда болған Мәжілісте атқарған жұмыстарын тізбектеп айтып шығу мүмкін емес. Алайда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оның халық алдындағы жасаған еңбегін елдің бәрі жақсы біледі.