Дін төңірегі дүмбілез ағымдардан арылды
Өткен жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның қоғамда біраз пікірталас тудырғанын жақсы білеміз. Биыл да діни бірлестіктерді тіркеуден қайта өткізу бастамасына қатысты біршама сұрақтар болды. Кеше Астанада өткен Қазақстан дінтанушыларының II форумында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф тіркеудің нәтижесін қоғам талқысына салып, осы жұмыстың мән-маңызын ашып берді. «Сарапшылар қауымдастығы қайта тіркеу үрдісінің нәтижелерін теориялық жағынан зерделеп, тағы бір мәрте ой елегінен өткізуі қажет», – дейді агенттік төрағасы.
1,5 мыңға жуық діни бірлестік қайта тіркеуден өтпей қалды
Сонымен, еліміздегі діни ұйымдарды қайта тіркеу жұмысының нәтижесі көрсеткендей, бұған дейін Қазақстанда болған 4551 діни бірлестіктің қатары ағымдағы жылы қазанның 25-і күні аяқталған тіркеуден кейін 3088-ге дейін қысқарды. Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, осы жұмыс барысында діни бірлестіктердің саны мен олардың ұстанатын діні туралы жаңа деректер алынды. Мәселен, діни ұйымдардың саны жағынан көп болуы аз топтардың кең етек жаюымен және іс жүзінде жұмыс жүргізбеген бірлестіктердің қайта тіркеуден өтпеуімен байланысты болды. Олардың ішінде аты да, заты да беймәлім «Христово братство» (Христадельфиане), «Соңғы өсиет шіркеуі» (виссариондықтар), «Альжан – Дом спасения», «Христиан ғылым шіркеуі» және тағы басқа ұйымдар бар. Ал Саентология шіркеуі, Бірігу шіркеуі (муниттер), Ахмадия жамағаты, «Рухани жол» сияқтылар дінтану сараптамасынан өтпей қалды.
Тіркеуден кейін көптеген қауымдардың діни ұстанымы нақтыланды. Бұған дейін жекелеген діни бірлестіктер жаңылысып, өздерін дербес конфессиялар ретінде санаған. Енді сарапшылар діни ұстанымы бірдей бірлестіктерді конфессия бойынша топтастырып қойды. Мәселен, бұрын жеке конфессия ретінде есептелген «Назарянин» миссиясы, «Грейс», «Надежда», «Эммануил» қауымдары пресвитериандық шіркеулердің бір конфессиясы аясында топтастырылды. Ал «Сун Бок Ым», «Новая жизнь», «Агапе», «Жатва», Толық Інжіл шіркеуі, «Благодать» секілді діни бірлестіктер елуіншілер шіркеуі құрамына кірді. Осы уақытқа дейін республика бойынша 46 конфессия бар деп келінсе, осы жұмыстардан кейін олардың саны 17-ге қысқарды. Яғни елімізде қазір 17 конфессия бар. Дейтұрғанмен, Қазақстанның Дін істері агенттігі қайта тіркеудің осы қорытындысын сарапшылар қауымдастығының талқылауына ұсынуға даяр.
Діни қызметкерлер қаражаттың көлемін жасыра алмайды
Форум барысында Қ. Лама Шариф дінтанушы ғалымдарды «Діни қызмет туралы» Заңның ережелерін іске асыру тұрғысынан діни ахуал дамуының негізгі үрдістері мен болашағына талдау жасауға шақырды. «Діни жетекшілер адамгершіліктің шынайы қызметкері болуы тиіс», – дейді Қ. Лама Шариф. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір діни бірлестік өкілдерінің күдікті, тіпті қылмыстық істерге қатысы болғаны белгілі. Мәселен, 2010 жылдың қыркүйек айында Алматы әуежайында «Благодать» шіркеуінің пасторы Ким Сам Сон тәртіп сақшыларының қолына түскен. Тексеру кезінде одан декларацияланбаған ірі көлемде ақша қаражаты табылды. Шетелдік миссионер ел аумағынан Оңтүстік Кореяға заңсыз түрде 130 мың АҚШ долларын алып шықпақшы болған. Оны Қазақстанның кеден қызметкерлері ұстап, Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық сотымен ақшасы тәркіленді және шартты түрде екі жылға сотталды. Басқа да діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің айқындылығы күмән тудырады. Сондықтан діни бірлестіктердің қаржы-шаруашылық қызметі саласын заң талаптарына сай ретке келтіру қажет-ақ. Себебі көлемді қаражатты қолданатын шетелдік миссионерлердің басты мақсаты – өз қатарына қарапайым адамдарды, әсіресе жастарды тарту. Жастардың білім-ғылымға деген құштарлығын пайдалана отырып, діни жетекшілер әртүрлі білім беру курстары мен материалдық игіліктерді ұсынып, оларды өз торларына түсіреді. «Ендігі уақытта шетелдік миссионерлердің мұндай әрекеті «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды бұзғандығын білдіреді. Жаңа заңымызға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарын қайырымдылық амалдар арқылы өз мүшелігіне мәжбүрлеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді. Ал олардың қаржы-шаруашылық қызметі елімізде «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңымен реттелетінін еске салған жөн. Аталған заңға сәйкес, барлық діни бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады. Сондықтан коммерциялық емес ұйым кiрiстерiнiң мөлшерi мен құрылымы, сондай-ақ коммерциялық емес ұйым мүлкiнiң мөлшерi мен құрамы туралы, оның шығыстары, қызметкерлерiнiң саны мен құрамы туралы, олардың еңбегiне ақы төлеу, коммерциялық емес ұйымның қызметiнде азаматтардың өтеусіз еңбегiн пайдалану туралы мәліметтер коммерциялық құпияның нысаны бола алмайды», – дейді агенттік төрағасы. Қ. Лама Шариф діни бірлестік басшыларының қайыр-садақадан түсетін қаражатты мақсатсыз жұмсау және өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеу мәселесін де жіті бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. «Біздің пайымдауымызша, дінтанушы ғалымдар радикалды діни ағымдарға тойтарыс бере алатын ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына, рухани мұра мен ұлттық мәдениетті насихаттауға бұдан да белсендірек қатысуы керек. Қоғамды рухтандыруды арттырудың маңызды міндеті адамгершілікке баулитын, адалдық пен әділдікті насихаттайтын, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятатын, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға құрмет көрсетуге тәрбиелейтін ислам дінінің шынайы құндылықтарын түсіндіру болып табылады. Бұл орайда исламдағы ханафи мектебінің діни ғұламаларының, сондай-ақ XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының еңбектерін зерттеу мен басып шығару мәселесі маңызды болып отыр. Ғалымдар өз күш-жігерін «Дінтану негіздері» курсын оқытудың ғылыми-әдіснамалық негіздерін қалыптастыруға және жалпы дінтану зерттеулерінің деңгейін жоғарылатуға бағыттауы маңызды. Дінтану пәнін орта және жоғары оқу орындарында оқытудың тәжірибесін талқылап, бір жүйеге келтіру игілікті іс болар еді», – деп атап көрсетті Қ. Лама Шариф.