«Патриотизм дегеніміз – бұл өзіңнің туып-өскен еліңнің өзгелерден үздік екеніне мақтану», – депті әйгілі жазушы Виктор Гюго. Бұл нақыл сөзді Гюго шалдан бұрын атам қазақ айтпап па еді?!. «Туған елдей ел болмас» деп... Немесе «Өз еліңнің басы болмасаң да, сайының тасы бол». «Біздің баршамыздың Отанымыз бір! Ол – Тәуелсіз Қазақстан! Оның көнеден жеткен терең тарихы мен абыз тілі түсінген жанға сырлы шежіре шертеді. Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз», – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI құрылтайында сөйлеген сөзінде. Осы тұрғыдан алғанда, өз еліңнің жеткен жетістіктерімен мақтану нағыз патриотизм, шынайы отансүйгіштік болмақ.
Шынында да, соңғы 20 жылда Қазақстанның қай салада болсын жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Қазіргі кезде біздің еліміздегі жан басына шаққандағы ЖІӨ 8000 АҚШ долларынан асып түсіп, 2000 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда номиналды түрде жеті есеге ұлғайды. Дүниежүзілік банктің жіктеуі бойынша, Қазақстан осы көрсеткіші арқылы Польша, Ресей, Болгариямен бірге «орташа табысы бар жоғары санатты елдер» тобына кіреді. Соңғы 15 жылда біздің ЖІӨ-іміз 12 есеге көбейді. Сонымен қатар соңғы 10 жылда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,2 есеге, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 56 пайызға ұлғайды. 2000 жылдан бері еліміздің сыртқы сауда айналымы 7,5 есеге, 9,5-тен 71,5 млрд АҚШ долларына көбейген.
Дүниежүзілік банктің сарапшылары Қазақстанды бизнес жүргізуге қолайлы жағдай туғызған мемлекет деп мойындады. Оған дәлел, соңғы бес жылда шағын бизнес субъектілерінің саны 22 пайызға өсіп, 2 296 000-ды құрады. Сондай-ақ соңғы онжылдықта отандық экономикаға 110 млрд АҚШ долларына жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, негізгі капиталға салынған қаражат көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асып түсті.
Кейінгі 10 жылда орташа айлық еңбекақы бес жарым есеге, зейнетақы көлемі алты есеге дейін өсті. Жұмыссыздық деңгейі 13,5-тен 6,6 пайызға дейін, екі еседен астам төмендеді. Сондай-ақ аталған кезеңде бала туу көрсеткіші бір жарым есеге, халықтың табиғи өсімі үш есеге дейін ұлғайып, адам өлімі 9 пайызға қысқарды. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан адам әлеуетін дамытудың жоғары деңгейіндегі елдер рейтингінде 16-сатыға жоғары көтеріліп, 169 мемлекеттің ішінен 66-орынға тұрақтады. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның әрбір тұрғынының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған үздік әлеуметтік саясат жүргізіп отырғанының дәлелі.
Бұдан не байқауға болады? Адам әлеуетін дамыту индексі барлық елдер үшін мынадай негізгі көрсеткіштермен айқындалады: яғни денсаулық сақтау және ұзақ өмір сүру, сапалы білім алу және өмір сүру деңгейін көтеру. Мысалға, білім саласын алайық. ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне қарағанда, білім беруді дамыту индексі бойынша біздің еліміз соңғы үш жыл ішінде әлемдегі 129 мемлекеттің арасынан 4-орынға шықты. Яғни осы көрсеткіш бойынша біз ТМД-дағы Беларусь (26-орында), Гүржістан (30), Қырғызстан (42), Өзбекстан (48), Украина (53) сияқты елдерден озып кеттік. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстан 2009 жылы тұңғыш рет адам дамуының индексі бойынша жоғары деңгейдегі мемлекеттердің тізіміне (82-орын) енді. Ал 2010 жылы осы көрсеткішті жедел жақсартып, 66-орынға көтеріліппіз. Сондай-ақ Қазақстан – еуропалық білім жүйесінің Болон үдерісіне толық мүше болған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет.
Сыртқы саясаттағы толағай табыстарымыз бір төбе. Мәселен, жаһандық саясаттың белсенді мүшесі ретінде Қазақ елі жаңа замандағы қауіп-қатерлер мен сынақтарға қарсы тұруға бар ерік-жігерін жұмсап, аса маңызды аймақтық мәселелерді шешуде өз ұстанымын айқын білдіріп келеді. Өткен жылы біздің еліміз үш құрлықтың 56 мемлекетін (төрт ядролық державаны қоса алғанда) біріктіретін ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның төрағалық миссиясын абыроймен атқарды. Ең бастысы, «ұйқыдағы» ұйымның тамырына «қан жүгіртіп», оның жаңа замандағы қауіп-қатерлер мен сын-сынақтарға қарсы тұра алатын халықаралық құрылым ретінде иммунитетін нығайттық. Соңғы 11 жылдық үзілістен кейін, жоғары деңгейде дүркіреп өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті біздің төрағалығымыздың шыңы болды. Астана саммиті жаһандық саясатқа «Астана рухы», «Еуразиялық қауіпсіздік» деген жаңа ұғымдарды енгізді.
Қазақстандық дипломатияның тағы бір жетістігі – жуырда ғана Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының 10 жылдық мерейтойлық саммитін өткізіп, беделді ұйымның төрағалық тізгінін ҚХР-ға бердік. Айтулы басқосуда Астана декларациясы, 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегия және оны жүзеге асыру бағдарламасы, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, ШЫҰ-ның мүшесі мәртебесін алуға өтініш берген мемлекеттердің міндеттемелері жөніндегі меморандум сияқты құжаттарға қол қойылды. Астана декларациясында атап көрсетілгендей, Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғыз, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары «зымыранға қарсы қорғанысты біртараптық және шектеусіз өсіруге» қарсы үн қосты. Сонымен бірге ШЫҰ елдерінің басшылары Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруды, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалануды бірауыздан қолдады. Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге 2006 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қол қойған. «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы аймақтық деңгейдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылады» делінген декларацияда.
Биылғы жылдың 30 маусымынан бастап Ислам конференциясы ұйымына (ИКҰ) жетекшілік етеміз. ИКҰ да — қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселесімен айналысатын ұйым. Бұл ұйым ЕҚЫҰ-ның төрағалығын табысты атқарған Қазақстанға үлкен үміт артып отыр. Себебі Қазақстанның өркениеттер арасындағы диалогті нығайтуға ұмтылысы ИКҰ-ның негізгі ұстанымымен сәйкес келеді. Екіншіден, ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан Қазақстанның озық тәжірибесі ИКҰ-ы үшін де аса маңызды. Бір сөзбен айтқанда, бұл төрағалық Қазақстанның сыртқы саясатының азиялық бағытын күшейтуі тиіс. Сонымен қатар Қазақстан мұсылман әлемі үшін қазіргі тарихтағы өтпелі кезеңде төрағалық тізгінін қолына алады. Өйткені 2011 жыл — Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы радикалдық саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерулер басталған кезең. Осы тұрғыдан алғанда, төрағалық ететін елдің күш-жігері ИКҰ-ның кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, бейбіт өмір орнатуды қамтамасыз ету сияқты іс-әрекеттерге жұмсалуы тиіс. Бұл ұйымға төрағалық ету де біздің елімізді жаңа жетістіктерге жеткізері сөзсіз.
Біз бұл жетістіктерді жайдан-жай сөз еткен жоқпыз. «Еліңді сүйсең – онымен мақтан» деген нақыл бар. Шынайы патриоттық сезім өз болашағына кәміл сенетін әрбір қазақстандықтың жүрегінде бар. Алайда сол сезімді ширатып, қанаттандырып отыруымыз керек. Яғни бірлік пен татулық салтанат құрған қоғамда ғана табыс болмақ.
Бірлік пен татулық салтанат құрған қоғам табысты болмақ
Последние статьи автора