1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланғанда Моңғолиядағы қазақтар өзі дауыс беріп, өзінің президентін сайлағандай қуанышты күй кешті. Ғасырлар тауқыметімен шет мемлекетте жүрсек те, қазақ деген халықтың рухы, Көк туы биікке көтеріліп, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы бекітіліп, алғашқы төл теңгесі шыққан кездегі жас мемлекеттің әрбір тарихи шешіміне, қуанышты сәтіне шаттанатынбыз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев шет мемлекеттерде жүрген қазақтарды тарихи Отанына оралуға шақыруы жүрегімізді елжіреткен еді. Қазақтың маңдайына біткен тұңғыш Президентінің бұл үндеуін Моңғолиядағы қазақ қандастары да үлкен қуанышпен қарсы алып, ат басын тарихи Отанға бұрды. Бүгінгі күндері бұлардың саны жүз мыңға жетуі – Президенттің ұлттық мемлекет құрудағы үлкен көрегендік саясатының жемісі. Отанына оралғандардың ішінде ғылым, білім, өнер қайраткерлері және ауыл шаруашылығы мамандары аз емес. Қазіргі жағдайда Моңғолиядағы қазақ диаспорасының бүгінгі ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде білім алуда. Баян-Өлгей аймағында С. Аманжолов атындағы ШҚМТУ-дың филиалы он жылға жуық педагог мамандарды тәрбиелеуде. Мұның өзі – шетелдегі қазақ жастарының ана тілінде жоғары білім алуына жасалған Президентіміздің тағы да бір қамқорлығы. Сондай-ақ Астанадағы әлемдік деңгейдегі Назарбаев университетінде де моңғолиялық қазақ жастары оқи бастады.
Бүгінгі Қазақстан экономикасы мықты, демократиялық дамыған мемлекет екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Қазақстанның жоғары білімі халықаралық дәрежеге жетті деуге негіз бар. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен шетел профессорлары мен ғалымдарын шақырып, дәріс оқыту жөніндегі бағдарламаға сәйкес мен қазір Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да жұмыс істеп жүрмін. Оқу орнының ұстаздар құрамы атқарып жатқан жұмысқа жаның сүйсінеді. Университеттің оқу ғимараттары, зертханалары, басқа да инфрақұрылымдары кісі қызығарлық. Студенттердің барлығын шетелде оқыту мүмкін еместігі белгілі. Ал Білім және ғылым министрлігінің аталмыш бағдарламасы бүкіл жер шарынан көрнекті профессорларды Қазақстанның оқу орындарына шақырып, шәкірттерге дәріс оқытуы – жастарға жасалып отырған зор қамқорлық.
Астанада 29 қарашада Тұңғыш Назарбаев оқулары өтеді. Оның тақырыбы – «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан». Оқуларға 50 мемлекеттен көрнекті саясаткерлер, сарапшылар, ғалымдар қатысқалы отыр. Мен өзімді бағым бес елі адаммын деп санаймын. Өйткені осы оқуларға қатысу бақытына ие болдым. Мұндай қуанышты сәтте Қазақстанға, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Білім және ғылым министрлігіне, елдің іргесін нығайтып жатқан бүкіл халыққа алғыс сезімімді білдіремін.
Шетел профессорлары мен оқытушыларын оқу үдерісіне тарту жөніндегі бағдарламаның берері көп. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың орман ресурстары, ағаш өңдеу технологиясы және өңдеу өндірісі кафедрасында жұмыс істеген аз уақытта өзім де көп нәрсеге үйрендім. Студенттердің білімге деген ынтасы, сабақтағы белсенділігі қызықтырды. Білім беруге мол қаржы бөліп, болашақ мамандардың терең білім алуына қамқорлық жасап жатқан елдің болашағы жарқын. Оның кепілі – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білім саласына күнделікті көңіл бөліп, оны әлемдік деңгейге көтеру жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ұдайы бақылау жасайтыны.
Назарбаев оқулары да кезекті бір шара емес, Қазақстанның білімі мен ғылымын онан әрі дамытуға айтарлықтай үлес қосатынына сенімім зор.
• 29 қараша күні Астана қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Назарбаев оқуларының бірінші халықаралық форумы өтеді. Жиынға саясаткерлер, сарапшылар, көптеген шетел сарапшылары мен ғалымдары қатыспақ.
• Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта ұстанымы берік, экономикасы мығым, демократия тұрғысынан дамыған мемлекет.
• Қазақстанның өз егемендігін алғалы бері қол жеткізген жетістіктері еліміздің алғашқы Прездиденті Н. Назарбаевтың көшбасшылығы мен стратегиялық көреген қадамдарының арқасында жүзеге асты. Бұл қазіргі таңда әлемдегі салиқалы зерттеу объектісіне айналып отыр.
• Аталмыш форум Тәуелсіз Қазақстанның өз сүрлеуін салудағы Ұлт көшбасшысының рөлін айқындамақшы.
• Форумға қатысуға 1500-ден астам өтініш түсті. Олардың арасында Италия, Ұлыбритания, Ресей, Румыния, Сингапур, АҚШ, Франция сияқты 51 елдің ғалымдары да бар.
Бекет ЛҰҚПАНҰЛЫ, биология ғылымының докторы профессор. Моңғолия, Баян-Өлгей аймағы