Astana-2011 экшн-фильмдер фестивалі шымылдығын ашты
Қазақстанның төртбұрышындағы жұртты түгел елеңдетіп, Арқаға қарай құлақ түргізіп қойған Астана тойының алғашқы дүрмегі кеше басталып та кетті. Есте болса, былтыр нақ осы Астана күні қарсаңында еліміздің бас қаласының атын әлемге таныстыратын жаңа жоба тұсауын кескен. Ол – экшн жанрындағы фильмдердің «Астана» фестивалі. Аты астаналық болғанымен, заты халықаралық бұл фестивальдің ұйымдастырушысы – әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов.
Фестивальдың қызыл кілемі елорданың Бейбітшілік және келісім сарайының алдына жайылды. Кеше елордада осы шараға орай өткен баспасөз мәслихатында биылғы фестивальдың шымылдығын қазақстандық үш фильм ашатыны белгілі болды. Оның біріншісі – Егор Кончаловскийдің «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Возвращение в А», екіншісі – ресейлік актер Дмитрий Нагиевтің қатысуымен түсірілген Денис Куклин мен Лев Мариупольскийдің «Два пистолета» фильмдері. Ал үшінші фильмді ұйымдастырушылар әзірге құпия ұстап, оның көрерменге арналған тосын сый болатынын ғана жеткізді.
Айтқандай, фестиваль аясында былтыр өткен арнайы байқау бар. Оның бір ерекшелігі – оған түсіріліп біткен, дайын фильмдер емес, жас кинорежиссерлердің әлі он екіде бір нұсқасы жоқ болашақ фильмдердің жобасы қатыстырылатындығы. Осы байқау биыл да ұйымдастырылып отыр. «Биыл фестиваль аясында кезекті байқау өтеді. Біз өтінімдерді әлем бойынша алдық. Лос-Анжелесте олардың арасынан әдеттегідей бес жобаны таңдап алдық. Сондай-ақ Қазақстанның кинематографистерінен бес жұмысты қабылдадық. Жас кинематографистер фестиваль аясында кезекті рет өздерінің жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Оның соңында біз бір ғана жобаны таңдап аламыз. Оны бір жыл ішінде фильмге айналдырып, экранға шығарамыз», – дейді Т.Бекмамбетов.
Десе дегеніндей-ақ, Астана фестивалін осы үрдісіне қарап, жаңа фильмдерге жолашар деуге әбден болады. Былтыр бірінші рет өткен бұл фестивальге өзге елдерден 1000-ға жуық киножоба түсіп, соның бесеуі іріктелген еді. Ақырында сол бесеудің ішінен ағайынды Вайнштейндердің бағы жанып, «Аполлон-18» фильмінің жобасы жеңімпаз атанған. Содан кейін іле-шала өндіріске алынған фильмді түсіру жұмыстары Т.Бекмамбетовтің айтуынша, алдағы қыркүйек айына дейін аяқталып, көрерменге ұсынылмақ.