Ардагерлер алғысы
Енді біраз күндерден кейін тойланғалы отырған Тәуелсіздік мерекесі қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты болатын. Тағдыр Қазақстанға бұрын-соңды болмаған тарихи мүмкіндікті сыйға тартса, сол еркіндік пен теңдіктің, егемендік пен Тәуелсіздіктің туын көтерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қазақтың шежіресіне көне түркінің тасқа басқан таңбасындай мәңгі қашалатын мол мұрасы болып қалды.
Кең-байтақ еліміздің үлкен бөлігін алып жатқан өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан облысы.
Бір кездері осы облысты Елбасы «Шығыс Қазақстан – Республикамыздың алтын тәжі» деп тегін атаған жоқ. Өйткені бұл өлкенің жерасты кенге бай болса, қойнауы мыңғырған мал мен астыққа толы.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жаманатын айт – құты қашсын» деген аталы сөз бар.
Біз, аға буын өкілдері, кешегі қызыл компартияның кезіндегі құрсаулы саясатты да, өтпелі кезеңнің қиындықтарын да көрген, әр нәрсенің байыбына барып, безбенге салып, таразылай білетін жасқа келдік деп ойлаймыз.
Шығыс Қазақстан облысына Елбасының үлкен сенімін арқалап, Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев әкім болып тағайындалғаннан бері өңірде көптеген ізгілікті істер мен игілікті бастамалар дүниеге келіп, Шығыстың шырайы кіре бастағанына куә екенімізді айтсақ деп едік. Ол кісінің тікелей өзінің ұйытқы болуымен «Туған елге тағзым», «Туған жер – алтын бесігім» сияқты толып жатқан тың бастамалар қолға алынып, облыстың барлық аудан, қалаларында бюджеттен бөлінетін қаражаттан тыс сол жерден, сол ауданнан шыққан қалталы азаматтардың намысын оятып, жігерін жанитын шаралардың арқасында әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатқанын көріп отырмыз.
Бір ғана мысал: Абай ауданының тумасы Медғат Құтжановтың қаражатымен Қарауыл ауылында 120 млн теңге тұратын спорт кешені салынып, аяқталуға жақын қалды.
Сондай-ақ облыс барлық көрсеткіштерді бағалау рейтингі бойынша республикада алдыңғы орында тұрғаны да облыстың бірінші басшысының іс тетігін жетік біліп ұйымдастыруының нәтижесі екені даусыз.
Қазақ халқының біртуар ұлы перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған қасиетті топырақ – Абай ауданында тұрамыз. Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы ауданға келген сайын бізбен кездесулер өткізгенде, оның ұлылар туған өлкеге деген ыстық лебізін, ерекше ілтипатын естіп, көріп марқайып отыратынымыз рас.
Ауданымыз жыл сайын дамып, келбет-кейпі мүлде өзгеріп, абаттанып, ажарланып келе жатқанын мақтана айта аламыз. Бірлік пен ынтымақтың арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де өсіп келеді.
Атап айтар болсақ, мал басы барлық түліктен өткен жылдармен салыстырғанда артып отыр. Асылтұқымды шаруа қожалықтарының саны 37-ге жетті. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша үш жылда шаруалар 340 млн теңгенің, «Жайлау» бағдарламасы бойынша өткен жылы 50 млн теңгенің, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен 344 млн теңгенің кредиттері беріліп, жекелеме адамдар мал сатып алды, жаңа жұмыс орындарын ашты, кәсіппен шұғылданып, шаруаларын дөңгелетіп әкетті.
Өткен жылы ауданның Көкбай, Қасқабұлақ, Саржал ауылдық округтері тірек ауылдарының тізіміне еніп, көптеген әлеуметтік шаралар жүзеге асырылды.
Соңғы үш жылда Қарауыл, Медеу, Тоқтамыс, Арқат, Саржал ауылдарында мәдениет ошақтары, Қарауылда мектеп, емхана, балалар бақшасы күрделі жөндеуден өтсе, Саржал ауылында жаңадан орта мектеп салынып жатыр.
Сондай-ақ Саржал, Тоқтамыс ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында құбыр тартылып, тұрғындар таза ауызсумен қамтамасыз етілді.
Аудан орталығында өздерінің өнегелі істерімен елді ынтымақ-бірлікке, татулыққа шақыратын, ерлік пен өнерге ұмтылдыратын Әнет баба, Кеңгірбай би, Шәкәрім қажы, Жәнібек Кәрменов сияқты ұлы тұлғаларға еңселі ескерткіштер орнатылды.
Балалардың футбол алаңдары, сәбилер саябағы, скверлер, субұрқақ, бағдаршам сияқты нысандар салынып, пайдалануға берілді.
Ауданымыз облыс көлемінде рейтингтік бағалау жүйесі бойынша 2-інші орында тұр.
Айта берсек, ауданда атқарылып жатқан игілікті шаралар, ізгілікті істер баршылық.
Ал біз облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының Абай еліне деген ықыласын, ұлтжандылығын, қазағым деген қаны бар нағыз азамат екендігін көріп, сезінген соң ол кісінің тікелей басшылығымен Абай елінде жүзеге асырылған шаралардың бірнешеуіне тоқтала кетсек дейміз.
Өткен жылы Абай ауданында жасалған жұмыстарды көрсетіп, тәжірибе алмасу мақсатында облыстың барлық аудан әкімдерінің, облыстық мекемелер басшыларының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен облыс әкімінің көшпелі мәжілісі аудан орталығы Қарауыл ауылында өткізілді. Атқарылған жұмыстармен танысқан басшылар көптеген оңды істерді көкейге түйіп, келешекте жүзеге асыруды жоспарлаумен аттанды.
Биылғы жылы облыс әкімінің идеясымен іске асырылған «Шыңғыстау жәрмеңкесі» ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған бірегей жоба болды деп ойлаймыз.
Оның мақсаты – аудан халқының негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы болғандықтан, қарапайым шаруа қожалықтары мен мал сатып алушылардың арасындағы алшақтықтарды жою, екі жақтың тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеп, мал тұқымын асылдандыруды жетілдіру, ең соңында өндірілген өнімді өткеру болатын..
Осы бағытта аталған жоба өз діттегеніне жетті деп ойлаймыз. Өйткені онда 1 млрд теңгеге жуық 115 келісімшартқа қол қойылып, 404 бас ірі қара, 53 мың қой, 56 бас жылқы сатылыпты.
Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының тікелей бастамасымен әр жыл сайын бір қала немесе ауданға әлеуметтік нысандарды жетілдіру мақсатында көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп келеді. Дәл осы жұмыс биыл біздің ауданда атқарылып, Қарауылда алты көше асфальтталып, Кеңгірбай би ауылдық округінде футбол алаңы жасалып, Медеу ауылдық округінің бір көшесіне жарық тартылды.
Бұл қайырымдылық шараға тұрғындар дән риза болып отыр. Осындай игілікті жұмыстардың бәрінің бастауында облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы тұрғандықтан, көңіліміздегі ризашылық сезімімізді айтпасақ, азаматтығымызға сын болар еді деген оймен жүрекжарды пікірімізді білдіріп, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сіздердің газеттеріңіз арқылы облыс әкіміне ізгі ниет, ыстық ықыласымызды аудан ардагерлерінің атынан айтқымыз келді.
Марат Түңілікбаев, Абай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы