Арақ ішуден алдыңғы орынды бермей тұрмыз
Алматы маңындағы ауыр апат Мәжіліс депутаттарының да қабырғасын қайыстырды. Сондықтан да палатаның жалпы отырысы кеше ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстарының қайғысына ортақтасып, үнсіздік жариялаумен басталды. Ал күн тәртібіндегі жеті бірдей заң жобасын өндіріске алған мәжілісмендер басқосуды бас-аяғы 15-ақ минутта аяқтады.
Кеден одағындағы ең арзан арақ – Қазақстанда
Бір топ депутаттың алаңдаушылық білдіріп, атқарушы билікке хат жолдауына Қазақстанда ішімдік ішудің күрт өсіп бара жатқаны себеп болыпты. Әріптестерінің атынан сауалды жариялаған депутат Ерген Дошаев әңгіме төркінін сипатымызды танытатын сандық көрсеткіштен бастады. Айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл Жер шарында спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елде арнайы мониторинг жүргізіпті. Сол ұйымның 2011 жылғы рейтингінде Қазақстан 34-орында тұр. Бұл еліміздің әрбір азаматы жылына 11 литрге жуық таза этил спиртін немесе 50 бөтелке арақ тұтынады дегенді білдіреді екен. «Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияда нағыз ішімдікке құмар ел болып отыр. Мысал үшін айтатын болсақ, жоғарыда аталған рейтингіде Қырғызстан – 106, Түрікменстан – 114, Өзбекстан – 131, ал Тәжікстан 134-орында тұр. Тіпті көршілес 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзі 95-орында тұр», – деп қынжылады Ерген Николайұлы.
Тоқтала кететін жайт, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда тұтынылатын ішімдіктің шекті деңгейін де есептеп, оның 8 литрден аспауы тиістігін алға тартыпты. Ал Қазақстан мұндай «қызыл сызықтан» баяғыда-ақ асып кеткен. Ал алкогольды артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, сосын одан әрі құруына әкеліп соқтырады. Азып-тозу демекші, Ерген Дошаев мырза әлгі кесірлі құбылыстың салдарынан болатын келеңсіз жайттарды да шолып шықты. Мәселен, депутаттың сөзіне қарағанда, соңғы бес жылда елімізде мас күйде жасаған қылмыс саны екі еседен астам өсіп, 13 мыңнан астам фактіні құрады. Осы уақыт ішінде ішімдікпен елірген қылмыскердің қолынан 3172 қазақстандық қаза тапқан. Көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілер саны бес жылда 330 мыңнан асып жығылыпты. Әлгіндей маскүнемдер 1814 жол-көлік оқиғасын жасап, соның салдарынан 494 адам қаза тапса, 2,5 мың адам түрлі жарақат алған. Келеңсіз факторлар мұнымен де шектелмейді. Ішімдік тұрмыстық жанжалдан бастап, елдегі демографиялық жағдайға және жалпы экономиканың дамуы мен әлеуметтік өмірге де өз кесірін тигізеді. «Егер статистикаға жүгінсек, жыл сайын дүниежүзінде алкоголь ішімдігін шамадан тыс тұтыну салдарынан 2,5 миллион адам көз жұмады. Әлемдегі маскүнемдердің 11 пайызы апта сайын ұзақ мерзімдік ішкілікке салынады. Ал олардың 30 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Әлемді қойыңыз, өзіміздің жағдайымыз мәз емес. Соңғы бес жылда ішімдікке салынудан немесе соның кесірінен 12 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болған. 210 мыңға жуық адам наркологиялық диспансерде есепте тұр», – дей келе депутат Ерген Николайұлы әлемдік тәжірибені қаперге салды. Мысалы, әлемнің 80 елінде маскүнемдіктің алдын алуға арналған мемлекеттік саясат жүргізіледі. Діні күшті Араб елдерінде ішімдікке тікелей тыйым салынғанын да білеміз. Ал Қазақстанда «атадан қалған ас емес» деп қанша қақсағанымызбен, жағдайымыз әлгіндей болыпты. Сондықтан да депутаттар асқынып бара жатқан кеселді ауыздықтауды айтып алаңдаушылық білдірген. Сол үшін халық қалаулылары күрестің ең тиімді түрі ретінде экономикалық шараларға баруды ұсынады. «Ең алдымен, спирттік ішімдікке акцизді арттыру арқылы халықтың, әсіресе жастардың оған қолы жетпейтіндей жағдай жасау қажет. Бұл біз үшін аса маңызды. Өйткені Қазақстандағы арақ Кеден одағында ең арзан арақ болып табылады. Оның себебі де қарапайым – акциз ставкалары төмен. Егер елімізде 2012 жылы бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ресейде бұл 163 теңгеге жуық, ал Беларусьте 380-432 теңге аралығында. Елімізде жарты литрлік араққа акциз 100 теңгені құрайды. Ал Ресей мен Беларусьте бұл көрсеткіш одан 2,5 есе жоғары», – дейді Ерген Николайұлы. Құптарлық жайт.
Өз тарапымыздан айтарымыз – темекі мен араққа акцизді арттыру Мәжіліс деңгейінде бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Әйтсе де бұл – әр кездері әртүрлі себептермен нақты шешім таппай келген күрмеуі қиын шаруа. Сондықтан да кей жағдайда депутаттардың өздері де «лоббизмнің» иісін сезіп тұрушы еді. Басқасын қойыңыз, былтыр ғана дәл осы депутат Дошаев көтерген мәселеге кереғар пікірді министр Досаев айтып, салық заңнамасында «алкогольдық өнім мен этил спиртінің өндірісінде қолданылатын шарап материалдарына акциз ставкасын литріне 20-дан 0 теңгеге дейін төмендету болжанады» деп шошытқан. Ол жолы әңгіменің аяғы сиырқұйымшақтанып кеткен еді. Ал бұл жолы 18 депутат қолын қойғандықтан, Үкіметке жолдаған үшбу хаттың түтіні түзу шығуға тиіс. Өйткені әңгіме Қазақстанның ғана емес, Кеден одағының аясында болып отыр ғой. Ендеше, көршілердің «Қазақстан да арағына бағаны көтерсін» демегенін де ешкім кесіп айта алмайды.
Тестілеудің жаңалығы мәжілісмендерге тағы да жақпай қалды
«Тестілеудің естілеу әдісі» туралы қоғам арасындағы айтыс-тартыс жақын аралықта тыншымайтын түрі бар. Күні кеше білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза және бір жаңалықты жариялап, екі кезеңді тестілеу әдісін ұсынған болатын. Сайлаушылардың «сәлемімен» сөйлейтін Мәжілістің бір топ қалаулылары мұндай жаңалыққа тағы да қарсылық танытты. Жақында ғана жұртшылықпен жүздесіп қайтқанда халықтың көңіл күйі де министрдің мұнысын құптамаған сыңайлы. Соған орай, бір топ депутат атынан Үкіметке сауал жолдаған Гүлмира Исімбаева Ұлттық бірыңғай тестілеудегі екі басты проблеманы шешу мәселесін көтерді. Оның бірі –тестілеудегі «бесінші пән» мәртебесіне қатысты. Депутаттың айтуынша, «Білім туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік және орыс тілдері 2008 жылдан бері ҰБТ бағдарламасына енгізілген міндетті пәндер болып табылады. Алайда «бесінші пән» нәтижелері, яғни орыстілді мектептер үшін қазақ тілі, ал қазақтілді мектептер үшін орыс тілі пәнінен алынған балл білім гранттарын иелену конкурсында есепке алынбайды. «Бұл теңгерімсіздік тудырып, түлектердің мүмкіндігін шектейді, пәндер арасында кемсітушілікке әкеліп соғады. Солай бола тұра, «5» деген баға алу үшін аталған екі пәннен бір балл ғана жетіспей тұрса, соның өзі оқушыны «Алтын белгі» алу мүмкіндігінен айырады. Осылайша «бесінші пәннің» нәтижелері тек теріс жағдайлар бойынша ғана есепке алынып отыр», – дейді депутат Гүлмира Истайбекқызы. Оның сөзіне қарағанда, бұл проблемаға 2008 жылдың өзінде депутаттар назар аударып, сауал жолдаған болатын. Алайда алынған жауап қанағаттандырылмайды әрі осы жылдар ішінде нақты шаралар қабылданбаған. «Бұдан бөлек, сайлаушылармен жүздесу барысында ҰБТ-ға енгізілу мүмкіндігі қарастырылып жатқан тестілеудің екі кезеңіне қатысты жұртшылық тарапынан алаңдаушылық айтылды. Әлгі енгізілуі мүмкін екі кезеңнің бірі орта білімді аттестаттау болса, екіншісі – кәсіби жоғары оқу орнына түсуге арналған кешенді тестілеу. Бұл жаңалық, біздің ойымызша, дәлелсіз, дәйексіз. Өйткені жоғары оқу орнына түсу абитуриенттерді кешенді тестілеуден өткізу арқылы реттеледі. Сонымен қатар екі кезең енгізу қолданыстағы білім заңнамасына қайшы болып табылады. Мәселен, заңымызда: «ҰБТ жалпы орта білім ұйымдарында оқитын оқушылардың қорытынды аттестаттау формасының бірі болып табылады және орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдарға түсу емтиханымен қатар қарастырылатын болады» деп жазылған», – дейді Гүлмира ханым Исімбаева.
Мұндайда еске салатын жайт, білім және ғылым министрі тестілеудің екі кезеңіне қатысты өзгерісті 2015 жылға қарай енгізбекпін дегенді білдіріп еді. Ал депутаттар екі кезеңді енгізуге заңның қайшы екенін алға тартты. Ендеше, министр мырза айтқанынан қайтпаймын десе, заңға өзгеріс енгізуі тиіс. Уақыт көрсетеді, уақыт бар.