Ақиқатын айтайық: жастардың 10 пайызы – нашақор
Ел ішінде нашақорлардың саны бойынша Астана қаласы төртінші орынға табан тіреп тұр. Ресми деректер солай сөйлейді. Мәселен, Қазақстанда есірткі тұтынатын 5 мыңға жуық жасөспірім тіркелсе, соның 200-ге жуығы астаналық өскіндер қатарынан. Мұнымен қоймай, жаман кеселге үйірсектеген жандардың 60 пайыздан астамы жасы 30-ға дейінгі жастар мен әйелдер екені тағы анықталып отыр. Айтса адам сенгісіз деректерді естігенде, қазақтың тамырын балталап жатқан кеселдің зоры осы нашақорлық па деп қаласыз. Қазақы тәрбиенің қай тұста әлсіздік танытқаны бір Құдайға ғана аян. Бізге мәлімі, есірткіге еліткендердің дені жыл сайын «жасарып» барады.
Қазақтың танымында бұрын-соңды болмаған есірткіге қатысты деректер күн санап «есіріп» келеді. Аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, ресми деректер жыл сайын 300-ден астам қазақстандық есірткінің кесірінен өмірімен қош айтысатынын көрсетіп отыр. Бұл – тек ресми дерек көздері таратқан мәлімет қана. Ал тіркелмегендерінің қатары қаншама?! Тағы бір деректер 2000 жылы Қазақстанда 34 мың нашақор арнайы бақылауда болғанын мәлімдесе, аузы дуалы БҰҰ-ның Есірткі саудасына және қылмысқа қарсы күрес басқармасы бұл жылдары Қазақстанда 50 мыңға жуық есірткіге тәуелді адам өмір сүргенін айтып отыр. Қазір бұл көрсеткіш 54 мыңға жеткен. Соның ішінде 5 мыңы жасөспірімдерге тиесілі болса, 4 мыңға жуығын нәзік жандар құрайды. Алайда нарколог мамандар еліміздегі есірткіге тәуелді нашақорлардың нақты саны 54 мың дегенге сенбейді. Олардың пайымдауынша, ресми көрсеткіштерді ең кемінде үш-төрт есеге көбейткенде ғана шынайы деректерге бір табан жақындайды екенбіз. «Жақсылығын асырып, жамандығын жасыруды» әдетке айналдырған қазақпыз ғой, кейде жағымсыз жайттарды жар салмай жатамыз. Бірақ шындықты қанша бүркемелегенімізбен, кесел дерттің «тозақ отына» күйіп жатқандардың дені – жастар. Сөзімізге дәлел болу үшін айтайық, еліміздегі әрбір оныншы жастың көңіл көтеріп, уақыт өткізу ермегі үшін есірткі пайдаланатынын құқық қорғау органдары мәлім етті. Оған түрткі болған айғақ – соңғы жарты жыл ішінде Астана қаласында 35 келі есірткі заттары тәркіленген. Оның жеті келісі – героин. Астана қалалық ішкі істер департаменті өкілдерінің мәліметінше, қазір жастардың есірткіге еліктеуі қатаң бақылауда тұрған көрінеді.
Әрбір алтыншы емделуші – әйел
Республикамызда қатерлі індеттің алдын алатын тоғыз орталық жұмыс істейді. Соның бірі – Астана қаласының медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы. Аталмыш орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Гауһар Бектаеваның айтуынша, Медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы – есірткі мен ішімдікке тәуелді науқастарды емдейтін Астана қаласындағы жалғыз орталық. Онда жылына 3 мыңнан астам науқас медициналық көмекке жүгінеді. Таратып айтқанда, емделушілердің 2 мыңға жуығы өз еркімен келетін болса, қалғандары сот шешімімен мәжбүрлі түрде емделеді. Орталықтың бақылауында ұзын-саны 17 мыңға жуық адам есепте тұр, олардың 3,5 мыңнан астамы – есірткіге тәуелді жандар.
Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 20-25 жас аралығындағы «шикіөкпелер». «Бір қызым бір қызымнан өткен сорақы» деп қазақ күйініп айтқандай, Гауһар Бектаева соңғы уақытта орталыққа бас сұғатындардың арасында ішімдікке салынған орта жастағы әйелдердің жиілеп кеткенін айтады. Сондай-ақ бесіктен белі шықпай жатып алкогольдық сусындарды көңіл көтеру ермегіне айналдырған жас өскіндердің соңында маскүнемге айналып шыға келу фактілері азаймай отырған көрінеді. Мамандардың пікірінше, қатерлі кеселге тап болудың басты себепші факторларының бірі – әлеуметтік жағдай. Тағы бір қасіретті дәйек, Астана қаласының наркологиялық диспансерінде емделіп жатқан әрбір алтыншы науқас маскүнемдікке, есірткіге салынған қыз-келіншектер екен. Жалпы, орталықтың бақылауындағы әйелдердің саны 2 мыңнан асып жығылған.
Гауһар БЕКТАЕВА, Астана қаласының медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы бас дәрігерінің емдеу жұмысы бойынша орынбасары:
– Жастардың көбі героин және синтетикалық есірткіні көп пайдаланады. Бұның соңы олардың ерте жастан мүгедек болып қалуына апарады. Нәтижесінде, оларға ерте жастан-ақ аурухананың кереуетіне таңылып, ұзақ уақыт ем алуына тура келеді. Мұның бәрі – батыстан соққан желмен біздің қоғамға енген індеттер, яғни тобырлық мәдениеттің жемісі. Мені сол мәдениеттің құрсауында қалып, өз өмірлерін өксітіп жүрген жастардың жайы қатты толғандырады. Жасыратын несі бар, нашақорлардың басым көбі – қалалықтар. Мұндай жолға тап болатындардың бірнеше топтарын атап өтуге болады, барды қанағат көрмейтін бай-манаптардың еркетотай ұл-қыздары, екіншісі – ойын-сауықтан басталатын тәуелділікке ұшырайтын орташа әлеуметтік топтағы жастар.