«Баяғыда ақымақ Иван есімді бір еріншек бала болыпты. Ол пештің үстіне жатып алып, ұйықтай бергенді жақсы көреді екен. Күндердің күнінде оның жолы болып, патшаның қызына үйленіп, ел басқарыпты». Ертегідегі мұндай сюжеттерді кез келген халықтың әдебиетінен кездестіруге болады. Әдебиеті былай тұрсын, бұл көріністі шынайы өмірден де кездестіруге болады. Әрине, кейіпкеріміздің бәрі қазақ ертегісіндегі Аяз бидей ақылды, данышпан болып шықса игі. Ал ақымақ Иван секілді еріншек әрі ебедейсіз болып шықса, бұл көпшіліктің соры болар еді.
Міне, сондықтан да бүгінгі әлем үшін «әлеуметтік лифті» терминінің маңыздылығы зор. Бүгінгі дәуір кездейсоқ адамдарды қош көрмейді. Бүгінгі заман бәсекеге төтеп бере алатын интеллектуалдардың, білікті кадрлардың тиісті орында отырғанын қалайды, яғни меритократиялық талаптары орындалғанның аты озатын кезең. Бүгінде қарапайым жұмысшының қызметінен шексіз өрлеуіне мүмкіндік болуы керек, бірақ ол төте жолмен емес, біліктілігі мен қабілетін дәлелдеуі арқылы жасалуы тиіс.
Дәл қазір әлеуметтік лифті ережелерінің мәнін жақсы түсініп, оны тәжірибе жүзінде сәтті жүзеге асырып жүрген елдердің бірі – Қытай. Жұңғо елінде қарапайым мұғалімдіктен бірден ел басқаруға, немесе партия басшылығына өтіп кету – мүлде кездеспейтін жайт. Оған тіпті заңмен мүмкіндік берілмейді. Көпшіліктің тағдырына жауап бере алатын құзыретті иелену үшін әуелі шағын елді мекен басшының орынбасары, сосын басшысы атану керек. Ары қарай қызметіңе адалдығыңа және атқарған ісіңе қатысты өрлеу басталады. Бір жақсысы, аймақтағы партия өкілдігі кішігірім шенеуніктен бастап, үлкен шенеуніктердің әрбірінің қызметтегі белсенділігін сырттай да, ресми әдістермен де бақылап жүреді. Кәдуілгі лифті секілді қызметте де өрлеу бар, құлдырау бар. Қызметіне самарқаулық танытқандар қоғамдық және партиялық бақылау тетіктері арқылы төмен түсіп отырады. Міне, осындай жүйені әлеуметтік лифтісі дұрыс жұмыс жасап тұрған ел деп атауға болады. Қытайды жиі сынға алатын батыс елдерінің өзі мұндағы қызметтік лифті мәселесінде сабақ аларлық артықшылықтар бар екенін мойындайды.
Қазақстанда әлеуметтік лифтіні дамытуды қолға алу мәселесінің көтерілгеніне көп уақыт болған жоқ. Күні кеше Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков бірнеше әріптестерінің атынан Үкіметке арнайы сауал жолдаған болатын. Онда негізінен Қазақстандағы жастардың жұмыссыздығы, еңбек нарығын реттеу жолдары және әлеуметтік лифтіні дамыту мәселесі қозғалып, бұл мақсатта қандай іс-шаралар жасалып жатқанын сұрайды. Сондай-ақ елдегі жоғары білімді жастардың көп болғанына қарамастан, кей саладағы кадр тапшылығы пайда болатыны да сөз болды.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– «Жұмысқа орналасудың қиындығы мен теңсіздігі жастардың ең басты мәселесі болып отыр. Жастардың дамуына жағдай жасаудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «жастар саясаты туралы жаңа заң аясында әлеуметтік еңбек орындарында жас қазақстандықтар үшін «әлеуметтік лифтілердің» тетіктерін құру маңызды» деп ерекше атап өткен болатын. Бағдарлы білім болған жағдайда ғана әлеуметтік лифтінің әрекеті болады. Біздің қоғамда жастарды қолдау деген ұғым көп қолданылады. Ал кері байланысқа көп назар аударылмайды. Яғни мемлекет пен жастар арасында алшақтық айқын көрінеді. Сондықтан да мемлекет тарапынан біржақты қолдаумен мәселе шешілмесі анық, яғни жастар тарапынан да мемлекетке деген ниет қалыптасуы қажет. Бұл дегеніміз, әлеуметтік серіктестік, яғни екі тараптан да әрекет болғанда жақсы нәтиже болады. Сондықтан да Үкімет әлеуметтік серіктестіктің стандарттарын қалыптастырмай, әлеуметтік лифтіні дамыту орынсыз болады деп пайымдаймын.
Расында, қазір жұмысқа орналасудың қиындығы мен теңсіздігі – жастардың ең басты мәселесі. Осы уақытқа дейін Мемлекет басшысы Үкіметке «жастарға арналған әлеуметтік лифті жүйесін құрудың заңдық және әлеуметтік-экономикалық шараларын әзірлеуді» бірнеше рет тапсырған. Алайда тек жастар арасындағы жұмыссыздықпен айналысу мүмкін емес нәрсе, себебі еңбек нарығы адамның жасына емес, қабілеті мен тәжірибесіне қарайды. Дегенмен жұмыссыздықты белгілі бір деңгейге дейін төмендетудің көзге көрініп тұрған әдістері жиі айтылып жүр. Ол – білім беру саласында мемлекеттік гранттар тарату мәселесінде кадрлық қажеттілікті дұрыс сараптай білу. Алдағы он-он бес жылдан кейін қандай мамандықтардың маңызы артады? Жиырма бес-отыз жылдан кейін ше? Дәл осы бағыттағы мемлекеттік зерттеулерді қоғам әлі көрген жоқ. Мәжіліс депутатының кешегі көтерген сауалы да осыны талап етеді.
Жыл сайын мемлекет 35-40 мың жасқа мемлекеттік грант тағайындайды. Студенттердің төрт-бес жылдық оқуына мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді. Ресурстық жағынан бұл – жақсы көрсеткіш. Алайда қазір қай саланы алсаңыз да, жөні дұрыс кадр таппай, әлектеніп жүрген көрініске көз жеткізесің. Жастардың интеллектуалды және физикалық потенциалын пайдаланудың жүйелі жоспары жоқ. Бұл жоспарды Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі жасап, өз тұжырымдарымен Білім және ғылым министрлігімен бөлісіп отыруға тиіс деп есептейміз.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Алматы филиалының хатшысы:
– Бізде дипломының тақырыбы мен қазіргі қызметінің бағыты сай келе бермейтін жағдай тым көп кездеседі. Соның бәрі кадрлық жүйесіздіктен туындап жатыр деп ойлаймын. Әрі кім өз саласында, өз біліміне, тәжірибесіне сай қызмет жасап, өрлеп жатқанын бәріміз сирек көреміз. Әлдебір мүмкіндіктермен өзіне ешбір қатысы жоқ саланың басына барып отырады. Сол арқылы бүтіндей бір мекеменің жұмысын кенжелетеді. Мұның елдегі жұмыссыздыққа тигізіп отырған әсері үлкен.
Қазақстанда баланы өмірде жауапкершілікке тәрбиелейтін дәстүр жоқ. Ата-ана да, мемлекет те жастарға барлық жағдайды жасап беруге тырысады. Мемлекет оқуының ақысын көтерсе, ата-анасы киім-кешегі мен тамағын мойнына алады. Осылайша, жастар жатыпішерлікке бейімделеді. Сондықтан мемлекеттің оларға жасаған ең үлкен қамқорлығы жұмыс орындарын тауып беру болуы керек. Тіпті қара жұмысқа болса да міндеттеу керек. Қазақстандағы жол құрылысын, тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан компанияларға тендер тарату барысында қазақстандық жастарды да жұмысқа тарту мәселесін негізге алу қажет.
Әлеуметтік лифтісіз әлеуетіміз көтерілмейді
Последние статьи автора