Әкім үшін халық мүддесі бәрінен жоғары болуы керек
Сонымен, елімізде тұңғыш рет кең ауқымдағы ауыл әкімдерін сайлау үдерісі өткен аптада өз мәресіне жетті. Қорытындысы бойынша республикамызда 2454 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ һәм кент әкімдері сайланды. Енді арнайы тексерістен өткен әкімқара ресми қызметіне кірісіп, төрт жыл бойы ауылбасы ретінде жұртшылыққа жағуға ғана емес, мемлекет мүддесіне жұмыс істемек.
Еске салсақ, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2457 әкімінің сайлауы өтті. Ауыл әкімі мәслихат отырыстарында таңдалды. Барлығы 2454 әкім сайланып, тек үш ауылдық округте жеңімпаз анықталмай қалды. Себеп – таңдаушылардың, яғни мәслихат депутаттарының дауыстары тең бөлінді. Сондықтан енді Павлодар облысы Ертіс ауданы Голубовка ауылының, осы облыстағы Успен ауданы Қозыкеткен ауылдық округінің және Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімдеріне кандидаттар қайта тасқа түседі. Осы үш ауылдың әкімін сайлау тамыздың 28-іне белгіленген.
Сайлау демократия қағидаттарынан ауытқыған жоқ
Орталық сайлау комиссиясының қорытынды мәліметтеріне сүйенсек, сайлау науқаны барысында барлығы 7173 әкімдікке кандидат ұсынылып, оның 6738-і тіркелген. Дауыс беру бюллетеньдеріне 6403 кандидаттың тегі енгізіліпті. Нәтижесінде орташа алғанда бір әкім лауазымына екіден аса үміткер таласып, таңдауға ұсынылған. «Сайлауға бұрынғы іс басындағы 1811 әкім кандидат ретінде қатысып, оның 1747-сі өзінің бұған дейінгі лауазымын сақтап қалды. Сөйтіп, сайланған әкімдердің құрамы 28,8 пайызға жаңарды. Сайланған әкімдердің арасында 23 ұлттың өкілі бар. Әкімдер лауазымына 280 (11,4 пайыз) әйел сайланды. Бұл бұрынғыға қарағанда, 32-ге көп. Әкімдердің орташа жасы 47-ні құраса, ең жасы 25-те», – дейді бас сайлауком Қуандық Тұрғанқұлов. Сайлау науқаны барысында барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалар тарапынан 42 өтініш келіп түскен. Олардың барлығы заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті мерзімдерде қаралыпты. Әкімдікке кандидаттардың 1450 сенім білдірген адамы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың 202 байқаушысы және БАҚ-тың 559 өкілі дауыс беру барысын бақылаған. «Жалпы сайлау науқаны қолданыстағы заңнама мен демократиялық сайлау үдерістерінің нормаларын сақтай отырып, ұйымдасқан түрде өтті деп есептейміз», – деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қорытынды баспасөз мәслихатында.
Жергілікті жұртшылықтың пікірі құнтталса игі
Сөйтіп, сайлау өтті. Тұңғыш рет кең ауқымда ұйымдастырылғандықтан, бұл сайлауда кемшіліктер орын алмады деп айтуға да болмайды. Науқан барысында 42 арыз-шағым тіркелгені белгілі болды. «Келіп түскен арыздардың 18-і түсіндіру сипатында, ал 24-і нақты шағымдар болып табылады. Оның ішінде Орталық сайлау комиссиясына 15 арыз тіркелсе, 27-сі аумақтық сайлау комиссияларына түскен», – дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова. Оның сөзіне қарағанда, сайлау өткен 14 облыстың 7-еуінен бірде-бір арыз түспеген. Саны жағынан келсек, арыздың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі екен. Осы тұста тоқтала кететін мәселе бар: кез келген сайлаудың басты кейіпкері халық болғандықтан да, жергілікті жұртшылықтың пікірі барынша ескерілуі тиіс еді. Ал ауыл әкімі мәслихаттармен сайланатын болғандықтан да, дәл осы халықтың пікірінің барынша ескерілуі тиістігіне жекелеген сарапшылар да мән берген болатын. Ендеше, кемшіліктің үлкені сол арадан қылаң беретін тәрізді. Шағымдардың бір парасы да соны айғақтаса керек. Айталық, шағымдардың мазмұнына келсек, бұлардың біразы, негізінен, әкімдер тарапынан ұсынылған кандидаттарды алып тастауға қатысты болған екен. Түптеп келгенде, осының өзі кейбір аудан әкімдерінің заңда қамтылғандай жергілікті жұртшылықпен кеңесіп, келісудің орнына халықтың пікіріне келте қарағанға ұқсайды. Ал егер таңдаушылар, яғни мәслихаттар сайлаған ауыл әкімімен сол ауылдың жергілікті тұрғындары келіспей, қарсылық білдіріп жатса қайтер еді? Бұл жағдай қалай реттеледі? Дәл осы сауалды Орталық сайлау комиссиясына қойғанымызда әкім сайлауына қатысты тиісті тетіктердің әлі де жеткілікті реттелмегенін байқағандаймыз. «Мұндай жағдай болмайды, бекітілген қағидалар бойынша мәслихаттың шешімімен ауыл тұрғындары да келісуі керек. Олар бұл шешімді қайтарып не болмаса басқаша талап ете алмайды», – дейді ОСК мүшесі Бақыт Мелдешов. Сонда сайланған әкімді жұрт қаламаса не болады? «Сайланған ауыл әкімін кейіннен тек одан жоғары тұрған аудандық әкім ғана жұмыстан босату мүмкіндігі болады. Онда да бұл облыс әкімінің келісімімен жүзеге асады. Ол үшін бұлар аудандық сайлау комиссиясына үш күннің ішінде өтініш берулері керек», – дейді Бақыт Мелдешов. Осындай олқылықты аталмыш сайлау барысын қадағалау үшін құрылған Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық комиссиясы да байқаған екен.
Сайлау сәнімен өтті, дегенмен жетілдіретін тұсы да бар
Айтпақшы, республикамызда өткен ауыл әкімдерінің сайлауын халықаралық байқаушылар бақыламаған. Нақтырақ айтқанда, халықаралық байқаушылар жергілікті сайлауды байқауға құлықсыз. Сондықтан ауыл әкімдерінің сайлауына халықаралық қауымдастықтан еш қызығушылық танытылмаған көрінеді. Оның орнына сайлауды 2 мыңға тарта жергілікті байқаушылар қадағалаған. Соның ішінде осы науқан қарсаңында құрылған Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы да шама жеткенше байқап көріпті. Құрамында Нұрлан Оразалин, Өмірзақ Озғанбаев, Кенжеболат Жолдыбай секілді танымал тұлғалардан тұратын комиссия да сайлаудың заң аясында өткенін мақұлдайды. Еш оғаштық, заңнан тысқарылық білінбеген. Дегенмен жекелеген кемшіліктерді келешекте болдырмау керектігін осы комиссия да алға тартады. Ондай кемшіліктерді өткен сенбіде қоғамдық комиссия арнайы брифинг барысында мәлімдеген болатын. «Ауыл әкімі лауазымына сайланатын кандидаттарға қойылатын талаптар тым жоғары. Оны жұмсарту керек. Өйткені кейде аядай ғана ауылдан әлгі талаптарға толық жауап беретін лайықты кандидаттарды таба алмай қалып жатамыз. Ал заң бойынша әкімдікке түсетін кандидаттар екі адамнан кем болмауы тиіс», – дейді қоғамдық комиссияның төрағасы Өмірзақ Озғанбаев. Сөйтіп, комиссия ауыл әкімдігіне кандидаттарға қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынады. Атап айтқанда, үміткерлердің жұмыс өтіліне қойылатын талап азайтылып, бұл өтілде тек мемлекеттік қызметте ғана емес, жеке сектордағы басшылық қызметі де есепке алынуы керек. Қоғамдық комиссия осы жолы кандидаттарды ұсыну мерзімі де қысқа болғанын, нәтижесінде кейбір азаматтар әкімдікке өздерінің кандидаттары туралы уақтылы өтініштер жасай алмағанын да ескертеді. «Ең басты кемшіліктердің бірі – аудан әкімдерінің жұртшылықпен, жергілікті қауымдастықпен кеңестер өткізудің бірегей тәртібі айқындалмаған. Тіпті кейбір аудан әкімдері халық ұсынған кандидатураларды қаперге алмай қойған. Үгіт науқаны барысында да кейбір кемшіліктер орын алғанын атап өтуді жөн санаймыз. Мәселен, «Қазақ үні» газеті Жезқазған өңіріндегі мектеп директорларының осы сайлауға кандидат ретінде өз ықыластарынан тыс түсіп отырғанын хабарлаған. Сонымен бірге Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты бір ауылда он жеті жыл бойы әкім болып келген азамат Ахметжанов сайлауға түсушілер тізіміне оның кандидатурасына аудан әкімінің бөгет жасауына байланысты енбей қалғандығын айтып шағымданған. Айтылған кемшіліктер елімізде ауыл әкімдерін сайлау алғаш рет өткізілуімен байланысты орын алғанын айтқымыз келеді. Ауыл әкімдерін кең көлемде сайлау науқанының құқықтық және ұйымдастырушылық тұстары бұрын-соңды болмағандығын ескерелік», – деп атап өтті комиссия төрағасы Өмірзақ Озғанбаев. Бақсақ, кей тұста аудан әкімдері кері әрекеттерге барған. Бірі халықпен кеңесуді керек қылмаса, екіншісі үміткерді тіркетуге кедергі жасапты. Осындай олқылықтар орын алғаны болмаса, бұл жолғы саяси үдерісті кең ауқымдағы демократиялық сайлаудың тұңғыш тәжірибесі ретінде қарауға тура келеді.