Әйгілі лаңкестік оқиғаның салдары қандай болды?
АҚШ жұртшылығы қазіргі және бұрынғы президенттері бастап осыдан он жыл бұрын айдай әлемді дүр сілкіндірген лаңкестік оқиғадан қаза тапқандарды еске алды. Әлемдік ақпарат құралдары, әсіресе ресейлік телеарналар мен басылымдар 11 қыркүйек оқиғасына жіті мән беріп, өздерінше болжам жасап жатты. «Террорлық актінің құпиясын аштық» деп мұның бәрі қолдан ұйымдастырылған деген уәждер де айтылды. Кім қандай болжам жасаса да, бұл оқиғаны тарих бетінен ешкім өшіре алмайды. Ең бастысы, 11 қыркүйек оқиғасы аталып кеткен лаңкестік әрекеттердің салдары әлемдік қауымдастықтағы жүйені, жалпы, халықаралық саясатты өзгерткені анық.
Сол кездегі АҚШ Президенті Джордж Буштың «Кім бізбен бірге болмаса, сол ел терроршылармен бірге» деген ұраны көптеген мемлекетті лаңкестікке қарсы күреске жұмылдырған-ды. Аталған оқиғадан кейін НАТО әскерилері тәлібтерге қарсы соғыс ашып, Ауғанстан жерін бомбалауды бастап кетті. Солтүстікатлантикалық ұйымның келісіміндегі 5-бап осы кезде тұңғыш рет жүзеге асырылды. «Талибан» қозғалысына қарсы басталған күрес Ирактағы соғысқа ұласты. Әлемдік мұнай бағасына ғана емес, ғаламдық экономикаға ықпал еткен оқиғалар осылайша тізбектеле берді. XX ғасырдың соңында халықаралық қауымдастықтың субъектілеріне айналған жас мемлекеттер орналасқан аймақта да өзіндік өзгерістер болды.
Еуразия кеңістігіндегі салдары
«Айдаладағы Америкадағы оқиғадан бізге келіп-кетер не болды?» дейтіндер де табылар. Күн сайын бір бүтін ағзаға айналып бара жатқан жер-жаһандағы бір оқиғаның өзі халықаралық қатынастарды бір сәтте өзгертіп жіберуге қауқары жетеді. Әлем жұртшылығы секем алып қалған әйгілі жарылыстардан кейін жекелеген мемлекеттер топтасып қорғана бастады. Лаңкестікпен күрес дүниежүзі бойынша жүргізілді. Сонау 1992 жылдан бері посткеңестік кеңістікте Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты болып келген құрылым 2002 жылдың мамыр айындаҰжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы болып құрылды. Әскери-саяси одақтың басты мақсаты да – лаңкестікке қарсы күрес жүргізу мен ғаламдық терроршылардың кіріс көзіне айналған есірткі тасымалына тосқауыл болу. Дәл осындай әрекет әрбір құрлықта, әрбір аймақта болып жатты. Сондай-ақ Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберіндегі террорға қарсы орталық та өз жұмысын жандандыра түсті. Халықаралық терроризм мен экстремизмнің бойына балта шабу үшін ТМД салалық органы да тиісті шараларды қолға алды. 2003 жылы Мәскеуде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитінде ШЫҰ-ның аймақтық террорға қарсы құрылымы құрылды. Штаб-пәтері Ташкент қаласында орналасқан аталмыш құрылым да әлем халқына қауіпті ұйымдармен күресті мұрат етті. Айта кету керек, бұл құрылым жыл сайын лайықты оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе жинақтауда. Біріккен Ұлттар Ұйымы 11 қыркүйек оқиғасының 5 жылдығы қарсаңында, яғни 2006 жылдың 8 қыркүйегінде 192 мүше-мемлекеттің қатысуымен БҰҰ-ның контртеррорлық стратегиясын қабылдады. Лаңкестікке қарсы түрлі аймақтық ұйымдар осы құжат бойынша жұмыс істейді. Жоғарыда айтып өткен ШЫҰ-ның антитеррорлық құрылымы да осы стратегияны басшылыққа алады.
Біздің ел былтыр ғана төрағасы болған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да 2002 жылдан бастап қауіпсіздік мәселесіне ден қойып келеді. 2002 жылы Португалия астанасында өткен халықаралық конференцияда лаңкестікті ауыздықтап және онымен күрес жүргізуге мүмкіндік беретін ортақ құжат қабылданды. 2003 жылы ұйымның сыртқы істер министрлер кеңесі Маастрихтте өткізіліп, ЕҚЫҰ әскери-саяси қауіпсіздік саласына ден қоя бастады.
АҚШ-тың өзін аң-таң еткен оқиғадан кейін көптеген держава да қорғаныс жүйесін бекемдей түсті. Мысалы, көршілес Ресейде 2006 жылдың ақпан айында РФ Президентінің жарлығымен Ұлттық антитеррорлық комитеті құрылып, жүйелі түрде жұмыс істеуде. Әлемдік осы бір оқиғадан кейін Орталық Азия лаңкестікке қарсы күрестің негізгі дәлізіне айналды. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанда әскери базалар ашылып, сол арқылы Ауғанстандағы бітімгершілік күштермен байланыс орнады. Бітімгершілік күштерге Қазақстан да кезінде әскерилерін жіберіп, халықаралық қауымдастықпен бірге екенін көрсетті.
Бір пікір
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– 11 қыркүйек оқиғасы сөзсіз әлемдік қатынастарды өзгертті. Ал енді сол халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігіне айналған біздің елімізге қатысы болмады деп айту мүмкін емес. Тиісінше осы оқиғадан кейін Қазақстан өзінің стратегиялық әріптес елдерімен біріге отырып, қауіпсіздікті нығайта түсті. Біз орналасқан аймақта ҰҚШҰ сияқты ұйым құрылып, ШЫҰ аясында террорға қарсы құрылым түзілді. Ең бастысы, 2001 жылдың қыркүйегінен бастап «қауіпсіздік» ұғымына байланысты қалыптасқан ескі көзқарастар жойылып, жаңа пайымдар пайда болды. Және бүкіл Жер шарындағы мемлекеттер ұйысып, халықаралық қатынастарды жоғары деңгейге көтере түсті.
Түйін
Өткен ғасырда «демократия», «адам құқығы» деген сөздер көптеп қолданылса, қазір ғаламдық саясаткерлердің екі сөзінің бірі «терроризм» болып келеді екен. Бұл жаттандылықтан емес, қажеттілік болған соң айтылатын сияқты. Жоғарыда біз тізбектеп өткендер – тек қана ТМД немесе бізге ғана көршілес мемлекеттер бас қосқан ұйымдардың өзгерген бағыты. Әлемдегі түрлі ұйымдар осындай стратегиялық қадамдар жасады. Соған сәйкес әлемдік саясаттың да бағыты өзгеріп сала берді. Бәлкім, 2001 жылғы оқиға болмағанда, әлемнің қазіргі келбеті дәл осындай болмас па еді?