Жылқының отанында оған арналған музейдің болмауы – әділетсіздік!

Жылқының отанында оған арналған музейдің болмауы – әділетсіздік!

Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымының докторы:

– Ахмет аға, таяуда «Алматыкі­тап» баспасынан сіздің «Қазақ жыл­қысының тарихы» атты энцикло­пе­дияға татырлық кітабыңыз жарық көрді. Өзіңіз осы жолға 40 жылға жуық ғұмырыңызды арнаған екен­сіз. Білгенге жылқының тарихын зерттеу қазақ ұлтының тарихын зерттеумен бірдей ғой. Себебі қазақ пен жылқы екеуі ежелден біте қай­насып өмір сүріп келе жатқан тұтас ағза іспетті. Кезінде ұлан-ғайыр даланы тұлпар тұяғының дүбірімен дүр сілкінткен, көз алартқан жауы­мызды тітіреткен көшпенді халық­тың ұрпағы мына біздер нағыз арғы­мағымызды, сонымен бірге өз тегімізді, тарихымыз, ұлттық негізі­мізді қаншалықты сақтай алдық?
– Мен сізді қуантайын. Біз, қазақ – көш­пен­ді халықтардың ішінде өз этномәдениетін сақтаған ең ірі халықпыз. Бұған екі-ақ мысал келтірейін: сонау Алтайдан Атырауға,  Ертістен Еділге дейін созылып жатқан ора­сан зор даламыз – жылқының арқасында қол жеткізіп, жылқының арқасында қорғап қалған байлығымыз. Яғни ең бірінші фено­меніміз жеріміздің кеңдігі осы жылқыда жатыр десек, екінші бір феномен – қазақ тілінде  ешқандай диалектінің болмауы. Бұған әлем ғалымдарының өзі таң­ғалады. Неге десеңіз, мысалы, ХІХ ға­сыр­да кішкен­тай ғана Германияның өзінде 10-нан аса диалект болып, Бава­рия­ның немісі мен Мюнхеннің немісі бірін-бірі түсінбеген. Ке­йін ортақ сөздік, термин жасаған соң барып олар тілдерін дұрыс қалыпқа келтірген. Ал біздегі аз-кем диа­лек­тілер оның қасында түк емес және ол диа­лект сол территорияда мекендейтін басқа халықтардың әсерінен енген. Ал жалпы, қазақ тілі – бірегей тіл. Батыс қаза­ғы мен Шығыс қазағы, болмаса, Арқа мен Оңтүстік қазағы бірін-бірі қиын­дықсыз түсінеді. Осы екі феномен, жердің кеңдігі мен тіл тазалығының түп не­гі­зін зерттей келе, ғалымдар осы жылқыдан тапқан. Сондай-ақ кейінгі кездері әлем жұр­т­шылығын таңғалдырып отырған фе­номен – қазақ халқының біртектілігі. Айта­лық, сонау Алтай мен Маңғыстау адайы қазағының антропологиялық шығу тегінде еш алшақтық жоқ. Ал дәл осылай бет бей­не­сі, қан құрамы, тіс бедері, саусағының таңбасына дейін біртұтас болып келетін дәл қазақтай ұлт әлемнің ешбір елінде жоқ екен. Қазір біздің академигіміз Оразақ Сма­ғұлов көптеген халықаралық антропо­логиялық конгрестерде баяндама жасап, дәлелдеп, мойындатып жүр.
– Қазақтың осындай феномендік қасиеттері жылқыға байланысты деуіңіз көпке түсініксіз секілді, соны тарқатыңқырап айтсаңыз...
– Бұған бір ғана мысал, жылқы малы өз анасына, қарындасына шаппайды. Қара­ңызшы, қандай таза, қандай текті жануар! Қазақ жеті атаға дейін қыз алыспай тектілікті сақтауды осы жылқыдан үйренген секілді. «Үйренгенбіз» дегенде, біріншіден, өзіміз­дің әу баста сол жылқыға ұқсаған болмысы­мыз болса, екіншіден, осы еті мен сүтін пай­далануымызда да біраз сыр жатыр. Жыл­қы мінез дегеннің өзін тарқатып айт­сақ, ол өзі ерте заманнан кінәмшіл, кірпияз, ешкімге кеудесін бастырмаған тәкаппар жануар. Дүниежүзі әлдеқашан мойындап қойған тағы бір шындық, жылқы – өте ин­тел­лектуалды жануар. Қазақ сонысына қарай оны «тілсіз адам» дейді. Расында, тек тілі ғана жоқ дегені болмаса, басқа жағы­нан: сезімі, көңіл күй, психологиясы адам­нан да артық. 20 шақырым жердегі нәрсені сезіп қояды, түнде тас қараңғыда қаншама шақырымдардағыны көзі көріп, біз есті­мей­тін дыбыстарды құлағы шалады, иісін сезеді. Бұл қасиет қазақта да бар, яғни қой­дай момын болсақ та, екінші жағынан жыл­қыдай өр, намысшыл, қайсар рухты халық­пыз. Осы жағынан алғанда жылқы мен қазақ біртұтас болып кеткен дей ала­мыз. Біздің арғы бабаларымыздың сол қасиетін керемет бағалап, қағазға түсіріп кеткен – грек ғалымдары. Скифтердің осы ерекшелігіне қарай, кентавр образы пайда болды.
– Әдебиеттегі, мифологиядағы Кентавр образы, кентавр құбылы­сын ғылыми дәйекпен қалай түсіндіруге болады?
– Әлем халқын отырықшы және жылқы мінген халықтар деп екіге бөлуге болады. Жылқыны алғаш қолға үйретіп, пайдалан­ған – көшпенділер. Жылқы мінген халық жаяу, отырықшы халыққа қарағанда әлде­қайда ұзақты көріп, қияндағыны шала білді. Ой-өрісі кең дамыды. Содан кейін жыл­қының етін жеп, қымызын ішкен адам­ның энергиясы өте күшті болды. Адамның бойындағы тасыған энергия оны бір ор­нын­да тұрғызбай, басқа жерлерді жаулап алуына, экспансияға апарды. Былайша айтқанда, ерте кезде арғымағы, тұлпары бар халық қазіргі кездегі атомды қаруы, ракетасы бар халықтардай тегеурінді күшке ие болды. Сол себептен жылқы мініп ба­рып, елді жаулап алған сондай мықты сақ бабаларымызды көрген гректер, Еуропа жұрты қатты шошынып, төрт аяқты ерекше құбылыс Кентавр деп түсінген. Осы уақытқа дейін әлем ғалымдары жылқының Отанына қатысты бір мәмілеге келе алмай, сондай бір үлкен айтыс-тартыстармен келді. Бірі Тигр мен Ефрат арасы десе, екіншісі Дон бойы славян халықтары мекені, үшіншісі  Мысыр, Солтүстік Африка деген дау болды. Себебі ана жерден бір, мына жерден бір жылқының қаңқасы табылып еді. Соған соққы берген соңғы жылдардағы Қазақстан археологтары болды: 1980 жылдардан бастап Көкшетау облысындағы Ботай қонысынан жүз мыңдаған жылқы сүйектері табылды. Ал оған дейін сон­шалық көп жылқы сүйектері ешбір жерден табылған емес. Жылқы сүйегінің көптігі соншалықты, сол кездегі адамдар оны өз баспаналарын бекітуші құрал ретінде пайдаланған. Екіншіден, жылқының қолға үйретілгендігі көп рөл ойнайды. Бірінші рет жылқыны қолға үйреткен көшпенділер екенін осы Ботай қонысынан табылған ауыздықтың сулықтары дәлелдеген. АҚШ-тағы Жылқы тарихы институтының дирек­торы Дэвид Энтони жылқылардың бас сүйегін зерттеген кезде азу тістерінің қажал­ғандығына көз жеткізді, яғни, бұл олардың ауыздық салғандарын, қолға үйретілген жылқы екендігін білдіретін бұлтартпас айғақ еді. Сонан соң ағылшынның үлкен генетигі Алан Отрам Ботай қонысындағы үлкен құмыралардың түбіндегі жұғынды­лар­ды, органикалық заттарды зерттегенде жылқының сүті, яғни қымыз екендігін дә­лел­деді. Ал Герадот өз жазбаларында осы­дан екі жарым мың жыл бұрын сақтардың қымызды қалай пайдаланатынын, қалай сақтайтынын жазған-ды. Ал мына археоло­гиялық зерттеулер осыдан 6000 жыл бұрын ботайлықтардың жылқыны қолға үйрет­ке­нін, екіншіден, мініске пайдаланғанын, үшін­шіден, жылқының сүтін ішкенін дәлел­деп шықты. Төртіншіден, Ботай қонысында ет сақтайтын үлкен қамбалар табылған. Жан-жағын таспен қалап, ішін күйдіріп, жыл­қының етін сонда қысы-жазы бұзыл­май­тындай етіп сақтаған. Осындай ет сақ­тай­тын қамбалар ХХ ғасыр басына дейін Сарыарқа қазақтарында сақталып келген.
– Енді осы тұста ежелгі дәуір, орта ғасырлардан бері жақындасақ. Қазақтың ең үлкен байында қанша жылқы болғаны жайлы деректер не дейді?
– «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қарабайдың 90 мың жылқысы болғандығы анық айтылады. Ал Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырда Ақтайлақ деген байдың 17 мың жыл­қысы, Орталық Қазақстандағы Алда мен Жұман деген байлардың 24 мың жыл­қысы, Сапақ, Азынабай деген байлар­дың 18 мың жылқысы болғанын жазған. Қа­зақта «бай болсаң, Бапақтай бол, Азына­бай, Сапақтай бол» деген сөз бар. Хан Кененің әс­керін жасақтаған – халқымыздың осындай жылқылы байлары. Біз қазақ жерінің өзін үш жүздің қоныстануына қа­рай, Жетісу – ұлы жүз, Арқа – орта жүз, Ба­тыс кіші жүздікі деп бөлеміз ғой. Соның барлығында да төрт түлік мал болды, бірақ әр жердің табиғи ерекшелігіне қарай, жетекші түліктері болды. Мысалы, қазақ: «Арқаға барсаң, жылқышымын деме, Жеті­су­ға барсаң, қойшымын деме, Үш қиян­ға барсаң, түйешімін» деме», – дейді. Үш қиян, яғни Маңғыстау – нағыз түйенің жері. Ар­қа­да жылқылы байдың көп болуы, мінекей, ол жердің жылқы малына жайлы­лығынан. Ал сол замандағы шынжыр ба­лақ, шұбар төс осы жылқылы байлар мен бүгінгі байларды немесе әлемнің басқа елдеріндегі байлармен салыстыру, солар­мен теңестіру – мүлдем қате. Расында да, ұлтымыз бай деген, мырза деген кереметтей атақты қоғамда өзіндік орны бар адамдарға ғана берген. «Байдың тасуы» деген дәстүр іспетті болған, онда дәулеті тасыған бай соны берген Жаратқанға алғыс ретінде бір жеті ме, он күн бе, халыққа, елге мал тарат­қан. Одан алушылар да тек «пайдаға кенел­сем» не «тегін малға қарық болсам» деп емес, тәбәрік ретінде үлес алып, сондай құр­­метті дәрежеге көтерілсем деп ырым­дап алуға тырысқан. «Шүлен тарату» деген де – осыған ұқсас құбылыс. Қазақ қоғамы­ның ең басты ерекшелігі: онда орыс не Еуропа қоғамындағыдай бай мен кедейдің арасында өшпенділік болған емес. Бұл жай біздің құр кеуде соғу, мақтануымыз емес, барлығы да – белгілі орыс, түркі ғалымда­рының кезінде жазып кеткен ғылыми де­рек­теріне сүйеніп айтылған дерек.
– Адамзаттың әр дәуірде, әр ға­сырда түрліше тарихи даму эволю­циясын бастан өткергенін ескерсек, жылқы да сонау қолға үйретілгелі бергі 6 мың жыл ішінде антрополо­гиялық өзгеріске ұшыраған ба?
– Әрине, жалпы жылқы өзгеріске түс­кен, оның тұқымын асылдандыру үшін адамдардың өзі оның өзгермесіне қойма­ған, алайда бір қызығы, қазақы жабы тұқымы түпнегіздегі қалпын сақтап қалған­дығы дә­лел­деніп отыр. Алысқа бармай-ақ, Ботай­дан табылған жылқы сүйегінің өл­шем­дері мен қазіргі қазақтың жабы жыл­қысының өлшемдерін салыстырғанда, ешқандай айыр­машылық табылмаған. Міне, жыл­қы­ның отаны осы біздің жеріміз екенін дәлел­дейтін де осы жайт қой. Ағыл­шынның таза қанды тұлпары немесе түрік­меннің ақалте­кесі, арабтың кереметтей сұлу аттары десек те, бәрінің де түбі – қа­зақ­тың жабысынан бастау алады, соның тұқымы. Қазір оған ешкімнің сенгісі кел­мей­ді, себебі ағылшын­ның сүліктей сұлу арғымағы мен жабының түрі жер мен көктей, алайда анығында осылай. Ал жер мен көктей айырмашылықты тудырған – жылқы тұқымын асылдандыру жолында жасалған селекциялық жұмыстар. Мысалы, арабтардың атқа мінгеніне көп бола қойған жоқ, ары кеткенде 1500-1700 жыл болды. Ал араб жылқысының даңқын шығарған Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Алла­ның Елшісі арабтардағы жылқы тұқымын асылдандырып, оны жетіге бөл­ген. Араб­тар­дың ислам дінін таратуы­мен бірге, араб жылқыларының да даңқы шық­ты.
– Арабтардың жылқы етін жемеуінің астарында не жатыр? Жылқыға деген құрмет пе, әлде адам ағзасына зиян деп білу ме?
– Біріншіден, арабтарда жылқы өте аз болды. Сондықтан оны соғыс құралы ретін­де құрметтеп, қастерлеу керек еді. Екінші­ден, Арабияның климаттық жағдайы жыл­қының етін жеуге келмейді. Күн қатты ыс­тық, шөлді жерде жылқыға қазы бітпейді. Ал ондай ет жағымсыз иіс шығарып, адам оны өзі де жемейді. Сондай-ақ соғыстарда жеңіс жылқының арқасында келді ғой. Сондықтан да арабтар жылқыны ерекше қастерлеп, жеуге тыйым салды. Араб аңызында айтылған мынадай сөздер бар: «Алла жылқыны жаратқанда оған «Сенімен ешқандай жануар теңдесе алмайды. Бүкіл жер-жаһанның қазынасы сенің көз алдың­да жатады. Сен менің дұшпандарымды таптап, достарымды алып жүресің. Сенің атыңнан маған арнап аят оқылады. Әлемде сенен бақытты жануар болмайды, себебі сен олардың барлығынан жоғары баға­ланасың. Себебі сен Жаратушының махаб­батына ие болғансың».
– Сіз зерттедіңіз ғой, мысалы, атқа байланысты қандай бір ерекше ойындарды атай аласыз?
– Айталық, «Атпен табақ тарту» деген бар. Ат үстінде тік тұрған шабандоз құрметті қонақтарға табаққа салынған етті ұсынған. Жорғаның 6-7 түрлі жарысы бар. «Шауған» деген ойын бар. «Конный поло» сияқты, ат үстінде отырып, допты ұрып, межеге бағыт­тау. Негізі, осы ойынның түбі бізден шық­қан, ғұндар оны алғаш – Қытайға, одан әрі Үндістанға апарған. Кейін Еуропа оны көрді де, бірден қағып алып, өз ойындары ретін­де дамытып жіберді. Қазір «конный поло­сыз» ағылшын мен испанның бірде-бір тойы өтпейді. Жалпы ат ойындары – әрі театр, әрі спорт. Сосын «Қайыс тарту», «Ат ерт­теу» деген ойын бар. Мен жоғарыда ата­ған 50 шақты ойынның барлығын қалай ойнау керек, ережелерін зерттеп, осы еңбе­гімде жаздым. Тағы бір үлкен мәселе, Жа­по­ния, Ресей, Испания, Англия секілді өркениетті деген елдердің бәрінде дерлік Жылқы музейі бар. Ал бізде, жылқының отанында осы жануарға арналған бірде-бір музей жоқ. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қазақ ұлттық аспаптарының қандай керемет музейін ашты. Бүгінде оған әлем таң­ғалады, себебі бір ғана саладан музей ашу деген – қиын, сонымен қатар, мәде­ние­тіміздің соншалық бай екендігін паш ететін іс. Қазақ жылқысының музейін ашуды қолдайтын адам, құзырлы орындар табылса, мен ол музейдің қанша бөлмеден, қандай экспонаттан тұруы керек, бәрін қамтитын концепциясын да түзіп қойдым. Бүкіл Қазақстан, қала берді, Моңғолия, Қы­тай, түп шекара сырты елдерді аралаға­нымда кімнің қолында қандай жәдігер барын жадыма түйе жүрдім. Соның бәрін жинақтап, музейді ашуға, жабдықтауға бас-көз бола алар едім. Мемлекет қолдаса, не болмаса, қаржылы азаматтар қолдаса, мен бұл Жылқы музейінің күллі әлемді таңғалдыратын музей болатынына жүз пайыз кепілдік бере аламын.
– Музей төріне қою керек деген елді ең бір елең еткізерлік жәдігерді атаңызшы...
– Өткен ғасырда орыс ғалымдары біздің жерімізге келгенде он жылқының терісінен тігілген қымыз пісетін алып саба­лар көргенін жазған. Ол сабаларды орыс ғалымдары цистерна деп атаған. Сондай-ақ бес жылқының терісінен жасалғаны да болыпты. Мысалы, осы бес жылқының тері­сінен жасалған Ағыбай батырдың сабасын Абайдың арғы атасы Өскенбайдың асына 1853 жылы апарған екен. Сонда төрт жылқының терісі сабаның жан-жағы, бесіншісі түбі болады екен. Оны кісі ат үс­тін­де тұрып піскен. Сосын сабаны екі түйе­нің ортасына кереге қойып, солай қозғал­тып, алып жүретін болыпты. Түйелер бір-бірінен озып кетпей, тең жүруі үшін алдың­ғы аяқтарын құрмалдап Өскенбайдың асына алып келген. Қазір дәл сол сабаларды қалпына келтіріп, жасап беремін дейтін шебер де бар. Ал он жылқының сабасы Ақтөбе облысы, сосын Сарыарқаның Ұлытау жағында болыпты. Оларды арбалы түйеге тиеп, асқа алып баратын болған. Осындай сабаларды әлгі музейге қойса, қандай тамаша! Сосын қымызға арналған 15-тей ыдыс түрі болған екен. Өрмелі саба деген болыпты. Біз қазір тек қамшының өрілген түрін білеміз ғой. Ал енді осы сабаның әрбір талын өріп жасаған. Мен осындай сабаны күні бүгінде Қытай қазақ­тарынан көрдім, одан өзім қымыз да іштім. Сол сабаның арасынан бір тамшы қымыз да сыртқа тамбайды ғой. Не деген шебер­лік! Самар деген де ыдыс болған. Жылқы терісі мен ағаштан жасаған бұл ыдыс Батыс Қазақстанда тұратын қазақтар­да кеңінен қолданылса керек. Осының бәрінің техно­ло­гиясын зерттеп, жаздым. Мен Жылқы музейі­нің де, Жылқы театры­ның да концеп­циясын жасап қойдым. Жал­пы, жылқы жайлы зерттеуді, оны дәріптеуді қолға алудан біз өз бойымыздағы қазақы рухты оятып, ұлт ретінде бір дүр сілкінер едік.

Алашқа айтар датым...
1. Әлемде автомобиль құрастырып, экспортқа шығару жағынан үстем­дік етіп отырған Германия мен Жапония болса, біз жылқыны алғаш қолға үйреткен халықтың ұрпағы ретінде басқаларға үлгі болуымыз керек. Осы тұста менің нақты ұсынысым бар: орта ғасырларда мамлюк сұлтанда­рын­да біздің қыпшақ жігіттерінен құралған Жылқы театры болған. Ол жерде құрметті қонақтарға кереметтей сән-салтанат көрсетудің ең биік шыңы – осы театрдың өнерін ұсыныпты. Қазір Қазақстанда 56 театр бар дейміз, ендеше 57-ші етіп осы Жылқы театрын дүниеге әкелсек, әлем жұртшылы­ғы аузын ашып, көзін жұмар еді. Репертуары дейсіз бе? Бізде, жылқыға бай­ла­нысты 50-ден астам ұлттық ойындар бар. Оның барлығын мен зерттедім.
2. Біздің ат мамандары, жылқы өсіретін қалталы азаматтар Еуропадан миллиондаған қаржыға тұлпар алып келіп жатыр. Ол дұрыс емес. Себебі ол – еуропалық жылқы мәдениетін дамыту деген сөз. Тарихта қазақтың аламан бәйгелері 100-120 шақырымға дейін созылған, қазақ сәйгүліктері соған шыдайтын болған. Сондықтан бірінші кезекте байырғыдай 100 шақырымдық аламан бәйгелерді қайта қалпына келтіруіміз керек.

Оқшау ой
Кезінде қазақ даласына орыс генералы Броневский келіп, 18 мың, 25 мың жылқы айдаған қазақ байларымен кездескеннен кейін: «Қа­зақ­тың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материал­дық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мо­йын­дамаған», – деген. Расында, қазақ ұғымындағы бай, ол – арнайы статус. Ру болу үшін өзі үш нәрсе болуы керек болған: бірінші – бағатын байы, екінші – жаудан қорғайтын батыры, үшінші – топқа түсетін биі. Осы негізгі үш элементі болғанда ғана «жеті атаға толыс­тық, жеке ел болыстық» деп, ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген. Сондықтан да қазақтың байлары қазіргідей өзіне бәлен үй салып алып, түген мәшине мініп, жеке бас мүддесін күйттеп кеткен емес. Бүгінгідей зейнетақы қоры, сақтандыру секілді дүниелер жоқ жалпақ жұртты сол әр рудың байлары асыраған: рудың соғымға соя­тын малы бар ма, жарлының баласы отау құра алмай жүр ме, тағы сол сияқты материалдық қажеттіліктің бәрін бай өз мойнына алып отыр­ған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста