Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Дулат аға, сіздер Әуезовтерден кейінгі ең мықты буын болып есептелдіңіздер. Шығармалары ең көп оқылымға ие болған әйгілі прозашылар да сіздердің қатарластарыңыз болды. Сол кезеңдерде керемет шығармалардың өмірге келуін кездейсоқтық дей аламыз ба? Сіздердің ерекшеліктеріңіз неде еді?
– Біз мектепте жүргенде жазушылық айға ұшып барып қонған секілді арман болатын. Әңгімеміз аудандық, облыстық газетке шықса деп армандадық. «Бір кітабым шықса» деп қиялдадық. Жазушылық – сиқырлы әлем. Ол біз үшін армандардың асылы еді. Әлемнің талай данышпандарын көретінбіз, оқитынбыз. Біз үшін олар аспаннан түскен адамдар сияқты көрінетін. Соның бер жағында өзіміздің қазақ жазушыларының да шығармаларын оқып, оларға да қасиетті адамдарға қарағандай қарау біздің балалық санамызға әбден сіңді. Әдебиетті біз «таза өмір, оның бәрі болған оқиға» деп қабылдайтынбыз. Сондағы кейіпкерлер біздің идеалдарымыз болды. Содан кейін де болуы керек, біз әдебиетке «болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей таза күйімізде, табиғи күйімізде келдік. Бір шығарма жазсақ, ол газет бетіне жарияланса, «редакцияда отырғандар жай адамдар емес қой, оларға, демек, ұнады ғой» деген керемет қанағат сезім пайда болатын, ол бізді одан ары қарай жетелейтін. Бірте-бірте есейіп, оқуға түскеннен кейін ақын-жазушыларды көрдік, араластық. Мен Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовті көріп үлгермей қалдым, олар сол жылы қайтыс болып кетті. Бірақ қалған ұлылардың өздері де жеткілікті еді. Олар келе жатқанда біз жаңа түскен келіндей алдарын кесіп өтпестен, қалшиып тұра қалатынбыз. Бір құдіретті топ келе жатқандай күй болатын. Олардың амандасуының өзі, киім киістері, жүріс- тұрыстары бүгінгілерге ұқсамайды. Шын мәнінде олар текті топ еді, біз сол тектілікті көрдік. Соған қарап, әдебиеттегі тазалыққа ұмтылдық. Одан кейінгі жылдары тағы да есею жылдары басталды. Кешегі тапқандардың көбі өзінен-өзі жоғалып жатты. Кеше «құнды-ау» деп тапқан нәрселерің бүгінгімен қарағанда, өте қарапайым нәрселер болып қалып жатты. Содан кейін өзіңнің ішінде сыншыл, шыншыл реализм пайда болады екен. Міне, осы екі аралықта біздің ұрпақ жазушы ретінде қалыптасып қалған шығар. Алдымызда шындық, белсенділік, өзіңнің үнің, өзіңнің өмірге деген көзқарасың қалыптасады екен. Өмірдің барлық саласындағы ізгілік, жауыздық пен махаббат, сатқындық пен достық адамның өмірлік категорияларының бәріне біз басқаша қарай бастадық. Менің өз ойым болуға тиіс болды. Біз студент болып келгенде ауылда жүріп, шетел әдебиеті дегенді білген жоқпыз. Сол кездері бізге үлкен қазынаның жетпегенін түсіндік. Ал енді оның орнын қалай толтыру керек? Жатпай-тұрмай оқу басталды. Ол кезде екі-үш күнде бір роман оқымау деген біз үшін кешірілмес күнә көрінетін. Әдебиетке «асыл мұра» деп қарайтын көзқарас сол кезде қалыптасқан шығар. «Қағазға өтірік айтуға болмайды, ойдан құрастыруға болмайды, тақырыпты саусақтан соруға болмайды, өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білу керек» теориясы, соның қағидалары біздің бойымызға сіңді.
– Сіздердің буын әлеуметтік ауыр тіршілікті басынан кешірді, соғыстан кейінгі жылдарды өткерді. Мысалы, Мұқағалидың өзі «Біз жетімдерміз, жетімдерміз, құлап жүріп жетілгенбіз, жылап жүріп жетілгенбіз» дейді. Осы қиындық көркем шығарма болып түсуге негіз болды ма?
– Максим Горькийдің «Суреткерді жоқшылық қалыптастырады» деген сөзі бар. Мұны көп адам жақтырмайды, бірақ шындығы – осы. Барлық суреткерді біз тоқшылықта өсті дей алмаймыз. Сол секілді біз де жоқшылықта өмір сүрдік. Біздің маңдайымызға Алла жетімдікті жазды. Соғыс біткенде біз үш жаста болдық. Бірақ соғыстың бомбасы біздің құлағымызда әлі күнге дейін жаңғыратын сияқты. Кейіннен мен «Біз соғысты көрмедік» деген повесть жаздым. Онда «Майдан даласынан ысқырып ұшқан оқ жол-жөнекей талай ауыл -қыстақтардың үстінен асып ұшып, біздің ауылға жетіп, дәл біздің балалық шағымыздың көк желкесінен тиіп, балалық шағымызды қырып тастады» деген жолдарым бар. Сол майдан даласынан ұшқан оқ шын мәнінде бізге ажал болып тиді ғой. Осының бәрі адам жанын түсінуге, адам жанының қатпарларына үңілуге, кісіге мейірбандық көзбен қарауға, өмірде кездесетін қиянаттың бәріне кешірімсіз қарауға үйретті. Ондай қиянаттар болса, соны шығармада аяусыз әшкерелеуге тырыстық. Аямай көрсеттік.
– Социализм кезеңінде өмір сүрдіңіздер. Соцреализм қарапайым халық санасына сол кезде «байлыққа, табысқа міндетті түрде бірден емес, біртіндеп еңбек арқылы жету керек» деген ұстанымды қалыптастырды. Осы түсінік дұрыс па? Суреткер міндетті түрде осындай қиындықтардан өтуі керек пе еді?
– Міндетті түрде қиындық көруі керек деген қағида еш жерде жоқ, жазылмаған да. Бірақ ол қажет. Адам күйінбесе, толғанбаса, ызаланбаса, ашуланбаса, қиналмаса, сол қиындықтан шығатын жолды іздемесе, оның жазушы болып қалыптасуы мүмкін де емес. Өмірдің шындығы, қиянаты мен азабы көңіліне қонып, көркем бір шығарма болатын сәттер де осындай құбылыстардан соң туады. Әр кезеңнің өзінің сипаты болады. Мұны да солай қабылдаған жөн шығар.
– Аға, сіздің соңғы кездері жазушылықтан гөрі қайраткерлік бейнеңіз қарапайым көпке көбірек жақынырақ болып кетті. Мұны не деп түсіндіресіз? Халықтың әлеуметтік ахуалы жаныңызға батқаннан, соған күйінгеннен деуге бола ма?
– Жазушы қай кезде қоғамдағы оқиғадан тыс қалып еді? Ешқашан да қоғамдағы оқиғадан тыс қалмауға тиіс. Соңғы кездері прозадан драматургияға көбірек кеткенімді білесіңдер. Соңғы он жылда мен сегіз пьеса жазыппын. Бұл жаман ба? Әдебиеттен қол үзген жоқпын. Киноға араластым. Сегіз пьесаның сегізі де әлем сахналарын аралап жатыр, бұл жаман ба? Біреулер пьесаларын облыстарға қоя алмай, министрге хат жазып жатады. Мен, құдайға шүкір, еш уақытта режиссерді іздеген емеспін. Бұл асылық емес. Олар өздері мені іздеп жүр. Дауласып жүріп қойдырған пьеса не болады?
Ал, жалпы, жазушылардың қоғамдық өмірден тыс қалғанын мен түсінбеймін. Ол несіне қолына қалам ұстайды, халқымен бірге бола алмаса, соның мұңын мұндап, жоғын жоқтай алмаса. Оның өміріне араласпаса, оның болашағы қалай болады деп ойлай алмаса, елінің, жерінің тағдырына немқұрайды қарайтын болса, мен оларды техникалық жағынан үйреніп алған өтірік ақын-жазушы деймін. Шын жазушы қоғам өмірінен тыс қалмайды. Жайлап айтады, ашынып айтады, айғайлап айтады. Қазір де сондай көптеген оқиғалар өтіп жатыр өмірімізде. Соның бәріне жазушы тек көз тастап қана өтіп бара жатса, мен оны қиянат-қылмыс деп ойлаймын. Өзіңнің халқыңа тіл, жер мәселесінде қауіп төнсе, сен үнсіз отырсаң, кімсің? Сен сол халықтың перзенті болғандықтан, оған өзіңнің үніңді қосуға, белсенділігіңді танытуға міндеттісің. Ауыл дейміз, қазір ауыл не болып кетті? Осыған бір ойланып көрді ме ақын-жазушы? Ауылды тарату, ауылды тоздыру қазақ халқының санын жоғалту емес пе, ол – қазақ тілінің болашағын құрту деген сөз. Бәріміз ауылда туып-өстік. Ауыл – тілдің бесігі, ауыл – қазақтың демографиясы. Қалада көп болса үш-ақ бала туады. Ал ауылда бұрын он балалы әйелдер көп болатын. Біздің бір ауылдың өзінде жеті-сегіз әйел жүретін он балалы. Олар және өте белсенді еді. Клубқа келіп, оны сыпырып, тазалап, жастарға би кешін ұйымдастыратын да сол әйелдер еді. Қазіргі әйелдер пайғамбар немесе Алпамыс батыр туып жатқандай, бір бала тапса, соны шетелге барып туып келеді. Небір мықты жеңгелер болды, отағасы жоқ болса да, балаларына жетімдіктің не екенін сездірмей өсіретін. Міне, біз бүгін осындай адамдарды құрттық. Бұрын жеті бала тапқан әйел ардақты ана атанатын. Енді ол атақты төрт бала туғанға беретін болдық. Мен мұны демографияға жасалған қиянат деп есептеймін. Қайта оларды он бала тууға ұмтылдырмаймыз ба?! Кеше Түрікменстандағы досыммен сөйлестім. Оларда он бала туған әйел өмірбақи мемлекеттің қамқорлығында болады екен. Ал бір балаға бір жарым мың доллар беретін болса, бес бала туған отбасы елдегі барлық салықтан босатылады екен және банктеріндегі есепшоттарына Ресейдегідей ақша салынып отыратын болса керек. Міне, осыларға қарап жазушы күйінбей ме? Бізде 700 жазушы бар дейміз. Көбісі қоғам өмірінен тысқары. Ал жазушының қоғам өмірінен тысқары өмір сүруі мүмкін емес.
– Ауыл мәселесін айтып қалдыңыз. Сіздердің шығармаларыңыздың бәріне ауыл өзек болды. Халықты ауылдың әдемі тіршілігіне, оның алтын бесік екендігіне сендірдіңіздер. Осындай сенімнің арқасында ауыл халқы қала халқына айнала алмай қалды. Бүкіл технологияға, заманауи үрдістерге ілесе алмай, өзімен-өзі шалғайда қалды. Оған жазушылардың да кінәсі бар деуге бола ма?
– Жазушылардың бәрі ауылдан шықты. Урбанизацияға жазушылардың өздері де үйрене алмай қалды ғой, қалаға келгендеріне көп жылдар болса да. Қаланың тұрғыны болып тіркелгенімен, олардың рухы ауылда қалды. Қарап тұрсаңыз, Қазақстанда бәрі ауыл. Алматыңыз да үлкен қала деп аталғанымен, ол да үлкен бір ауыл. Алматының ортасында, мысалы, сиыр жайылып жүреді. Халқы тауық асырайды, ит ұстайды, қой бағады. Рас, қаланың өмірінен жазушы ауылдағыдай үлкен оқиға таба алмайды. Ауылда еркіндік, ауылда образ, ауылда типтік бейнелер толып жүр. Әдебиет үшін ол қызық. Бұл – бір. Екіншіден, әдебиетте тек ауыл жазылған жоқ, там-тұмдап болса да қаланың өмірін жазған адамдар болды. Мәселен, өзім «Қарғын» романын жаздым. Содан кейін «Өкпек жолаушы», «Мұрагерлер» пьесасы қаланың өмірін арқау етті. Бірақ, рас, батыс жазушылары сияқты жаппай қаланың өмірін жазбадық. Қала бәрібір біздің қанымызға сіңген жоқ. Осында жүрген жазушылардың бәрі ана сүтін ауылда жүріп емгендер. Ал қалада туып, ержеткендер суреткер бола алмайды. Мәселе сонда. Қалада туған балалар бильярдшы, шахматшы, математик болуы мүмкін.
– Драматургияға қарай ойысқаныңызды айтып жатырсыз. Бізде қазір санаулы ғана драматург бар. Бұл салада жастар жоқ екені жиі айтылып жүр. Бұл осы жанрдың күрделі болғандығынан ба, әлде мұның басқа да себептері бар ма?
– Әрине, драматургия – өте қиын жанр. Қазір драматургияны қойып, әдебиетте проза да азайып бара жатыр. Мұның себебін қаламақыға да жауып жатады. Бірақ ол тек қана қаламақыға қатысты нәрсе емес. Біз пьеса жазғанда шекеміз шылқып, қаламақыға қарық болып жүрген жоқпыз. Қазір де солай. Прозаның өзін жазу қиын. Тіпті менің таңға дейін үстелде отырып, бір сөйлем жазбай тұрып кететін кездерім болады. Ақын олай істемейді. Ана күні бір ақын: «Автобустың ішінде өлең жаздым да, кешке барғанда соны оқып бердім» дейді. Прозада олай болмайды. Ал драматургия прозадан қиын. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері». Оны екі сағатқа қалай сыйғызасың? Немесе «Анна Каренина», болмаса «Воскресенье», я болмаса «Абай» романын екі жарым сағатқа сыйғызуың керек. Оған қай драматург шыдайды? Компьютермен сол шығарманы 15-20 беттен асырмай, қайта жазып беруің керек. Драматургияда көп баяндау жоқ. Онда образдың бәрі диалог арқылы беріледі. Сахналар санаулы ғана жерде өтеді. Ол роман жазғандай бірде таудың басында, бірде көлдің жағасында, бірде таудың етегінде, енді бірде ұшақта өтпейді. Онда көп болса ары кеткенде үш сурет. Театр үшін оның өзі қымбатқа түсіп кетеді. Режиссерлердің драматургия жоқ дегені дұрыс. Елде 52 театр бар. Ал драматургтер, өзің айтқандай, төрт-бесеу ғана. Олар 52 театрдың бәріне қалай жазсын? Міне, осылайша драматургия сирек жанр болғандықтан, жылдан-жылға қатарымыз сиреп бара жатыр. Біраз адамдарымыз қайтыс болып кетті. Тірі жүргеніміз бес-алтау ғана. Қалғандары көшенің жиегіне шығып алды. Енді олар жазбайды. Жаза қалса да, олар пружинасы босап кеткен ескі диван сияқты. Ескі диванға отырғың келмейді. Қазіргі жастарымыз романтик емес, прагматик. Біз романтик болдық. Соның арқасында пьеса жаздық. Романтика – әдебиетшінің ең басты қаруы. Қазір қасаң, қатал шығарма жазбаса, енді ешкім махаббатты жазып елжірете алмайды, оған көрермен сенбейді де, оны ешкім оқымайды да.
– Қазір әдебиет пен публицистика шатасып кеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Оның рас. Қазір әдебиет пен публицистика қатты шатасып кетті. 80-жылдардан бастап журналистика мен әдебиет араласты. Журналистика деген – ең қауіпті, ең жедел, ең қысқа және ең жауынгер сала. Ол жаза білетін болса, көркем шығармадан да қауіпті. Бірақ қазіргі журналистика «ана жерде анау болды, мына жерде мынау болды, ақ халатты абзал жан, адам жанының арашашысы» деген сарында болып кетті. Бұрын журналистика да адам жанына тереңірек үңілгісі келетін. Шыны керек, қазір журналистика әдебиеттен озды. Әдебиеттегі шындықты, әдебиетке қозғау салып жүрген тақырыпты журналистика бірінші жазып қояды да, көркем шығарма тежеліп жатады. Әдебиеттің кешеуілдейтіні де осыдан. Өйткені жазушы өз ойын ойланып, тақырыбын зерттеп, кейіпкерлерінің бейнелерін пісіріп, жазамын дегенше, оны баспадан шығарып, енді оқырманға таратамын дегенше ол тақырып журналистердің аузымен оқырманға баяғыда-ақ жетіп қояды. Содан кейін проблемалық тақырыптар мен очерктер жазып жүрген журналистер өзінің бойынан бір жазушылықты көргендей болады да, роман, повесть жазып кетеді де, ол романы публицистикалық сарындағы шығарма болып шыға келеді. Газет тілдері араласқаннан кейін ол әдебиетті қатты бүлдіреді. Әдебиеттің тілдік бағытын, тілдік қорын талқандайды, оны қарабайырландырады. Әдеби шығармада қазір, мысалы, «болып табылады» деген сөздерді кездестіресің. Жазылып жатқан шығармаларда журналистік сарын көбейіп кетті. Ол оқырманын не тілімен, не оқиғасымен тарта алмайды. Адам жанының ұңғыл-шұңғылына журналистер бәрібір бара алмайды. Олар оқиғаны фактіге құрады да, оны көркем шығармаға айналдырғысы келеді. Бұл көрініп тұрады. Ал бұл әдебиеттің материалы емес, бұл – очерктің, эссенің материалы. Оқырман ондай шығармаларды көркем әдебиет ретінде қабылдай алмайды. Журналистика әдебиетке араласа бастағаннан бастап, көркем әдебиеттің құны түсе бастады. Көркем сөздің құны төмендеді. Ғабит Мүсіреповтің, Әуезовтің шығармаларын оқып көр, «мынандай тілмен қазақ халқы қандай бақытты» дейсің. Ондай тілді қазір ешкім білмейді. Біздің жазушылардың тілі қазір өте жұпыны. 40-тағы, 50-дегі журналистикадан келген жазушылармен Әбіштің, Төленнің тілін салыстыра алмайсың. Олардікі бұлардың қасында баға жетпес үлкен қазына.
– Дулат аға, сізді өте әзілқой кісі дейді. Әріптестеріңіздің мінез-құлқын дәл және ұтқыр береді дейді. Біздің оқырманға да бір-екі әзіліңізді айта отырсаңыз.
– Кеше ғана Төлен Әбдік жайлы мақала жаздым, соңын былай аяқтадым: «70-ке келсең де, шапқылап жүре бер, менің болашақ анекдоттарымның кейіпкері» деп. Төлен – менің анекдоттарымның кейіпкерлерінің бірі. Кеше екеуміз сырласып отырцмыз. Төлен маған былай дейді: « Ей, Дулат, осы адам 65-тен асқаннан кейін өзінің не істеп, не қойғанын білмей қалады екен. Таңертең тұрамын да, не киерімді, неден бастарымды білмей, состиып тұрамын. Әйелім ұрсады, «ана көйлегіңді ки, ана шалбарыңды ки, күн ашық, ана туфлиіңді ки» деп. Біраздан соң шай ішуге отырамын. «Ананы же, мынаны же, мынадан көп жеп қойдың, енді мынаны же» деп әйелім тағы да айтып отырады. Мен соның айтқанын жейтін болыппын, ей» дейді. Мен оған: «Сенікі жақсы екен, біздің үйдегі ештеңе айтпай ақ келеді де, алдымдағыны ары қарай алып қоя салады», – деймін. Сөйтсем, Төлен күледі: «Ей, саған қарағанда мен жақсы екенмін онда, сөз ұғады екенмін, сен мүлдем сөз ұқпайтын болғаннан кейін әйелің алдыңнан алып қоя салады екен ғой», – деп. Мен әзілді жақсы көремін. Тіпті кішкене немерелеріме де әзілдеп жүремін. Бірде ауылдағы інімнің қызын киіндіріп қойыпты. Жасы екіге жақындаған. Аты – Айкөркем. Мен әке-шешесіне айтамын: «Бүкіл атты жинап алыпсыңдар ғой, елге қалдырмай» деп. Соған келін «атаңмен далаға шығып кел» деді. Мен өзім шығып бара жатқанмын. Айкөркемді ала шықтым. Әлгі кішкене қызым: «Мені, ата, анда алып бар» дейді, онда барсақ, басқа жақты көрсетеді, «мында алып бар» деп. Өзі дұрыс сөйлей де алмайды. Сосын тағы басқа жақты көрсетеді. Сосын мен оған қалжыңдадым: «Ей, сен, слушай, өзің алдымен қайда баратыныңды анықтап алмайсың ба, а», – деп. Үйдегілер әлгіні естіп алып, әбден күлді.
– Әңгімеңізге рақмет. Мерейтойыңыз құтты болсын.
Фестиваль күнделігінен
10 қазан, сағ. 18:00.
Фестивальдың ашылу салтанаты.
18:30. «Жаужүрек»
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының спектаклі.
11 қазан, сағ. 11:00.
«Ескерткіш операциясы»
Н.Сац атындағы орыс жастар театрының спектаклі. (Шаляпин-Алтынсарин көшелерінің қиылысы).
11 қазан, сағ. 18:30.
«Ескі үйдегі кездесу»
(«Транзитный пассажир») В.Маяковский атындағы Академиялық орыс драма театрының спектаклі (Душанбе. Тәжікстан).
(М.Әуезов атындағы драма театрының ғимаратында).
12 қазан, сағ. 11:00.
«Ескі үйдегі екі кездесу» («Транзитный пассажир») Омбы қаласының «Бесінші театр» («Пятый театр») спектаклі. Ресей.
(М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында).
12 қазан, сағ. 18:30.
«Актриса»
София мемлекеттік жастар театрының спектаклі (Болгария). (М.Әуезов драма театрының сахнасында).
13 қазан, сағ. 11:00.
«Тор» («Сети дьявола»)
М.Лермонтов атындағы Академиялық орыс драма театрының спектаклі (М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының ғимаратында).
13 қазан, сағ. 18:30.
«Құстар фестивалі»
Васильевскидегі Санкт-Петербург драма театрының спектаклі (М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының ғимаратында).
14 қазан, сағ. 11:00.
«Енді қайттік?»
Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан қазақ драма театрының спектаклі.
(М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында).
14 қазан, сағ. 18:30.
«Әпке»
Стерлитамак драма театрының спектаклі (Башкортостан). (М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында).
15 қазан, сағ. 11:00.
«Мұрагерлер» («Наследники»).
Корей музыкалық драма театрының спектаклі (Потанин көшесі, 70/1. Бұрынғы «Жалын» кинотеатры).
15 қазан, сағ. 18:30.
«Мұрагерлер»
Измир қаласы драма театрының спектаклі (Түркия). (М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында).
16 қазан, сағ. 11:00.
«Мұрагерлер»
Қарағандыдағы Станиславский атындағы орыс драма театры (М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында).
16 қазан, сағ. 16:00.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі.
«ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты халықаралық театр фестивалінің жабылуы.
Мерейтой иесін құттықтау (М.Әуезов атындағы драма театрының ғимаратында).