Жүрегінен шыққан өнерді тұншықтырып, пайда үшін жасандылыққа бару опа бермейді

Жүрегінен шыққан өнерді тұншықтырып, пайда  үшін жасандылыққа  бару опа бермейді

Әбдірәшид СЫДЫХАНОВ, Қазақстанның Халық суретшісі:

– Кейінгі кезде символизм бағы­тына түбегейлі бет бұрғанға ұқсайсыз. Жалпы, осы символизмнің өзге бағыт­тардан ерекшелігі қандай?
– Ең алдымен, белгі мен символды ажы­рата білгеніміз жөн. Кез келген та­уардың сауда белгісі болады. Ал символ изо­тризмнен, яғни адамның ішкі жан дү­ниесінен туындайды. Таңбаны зерттеуге көп уақытымды жұмсадым. Таңба деге­німіз – ешқандай белгі-нышан емес, ол ең ал­дымен, құпияланған мистикалық ақпа­рат. Арыстан баб та, Қожа Ахмет Яссауи да әулиелік деңгейге көтерілген тұлғалар. Софылық – мұсылман дінінің тамыры болып табылады. Ағаштың өзі көрінсе де, жер астындағы тамыры көрінбейді ғой. Ағаш бұтақтары бойына тамыр арқылы қо­рек жинайтынын бәріміз де білеміз. Қыс­қасы, ата-бабаларымыздың таңбасы мені айналып келіп төл дінімізбен то­ғыстырды.
Кеңес өкіметінің «алдыңғы қатар­лы» маскүнемінің бірі едім. Емделдім. Бірақ екі жылдан кейін ішуді қайта бастап кеттім. Бірде маған ғалым Машанов Арарат таңбаларының суреті салынған бір жазба дәптер алып келді. Таңбаларды қағазға түсіріп көрдім. Сол дәуірде маған «абст­ракцияшыл», «формашыл» деген айдар­лар тағылған болатын. Оларға керегі соц­реализм еді ғой. Соның кесірінен не ес­тімедік? Қойшы, не керек, әйтеуір ақы­рын-ақырын таңбалардың қыр-сырына дендеп ене бастадым. Тіпті ішімдік ішуді де біржолата доғардым. Бұдан кейін қа­лайша ата-бабаның, қасиетті таңбаның құдірет-күші жоқ деп айтуға болады? Бө­генай-таңбаларының мистикалық қуаты­на имандай сендім.
– Сонда сіз таңбалардың жұмбағын шеше алдыңыз ба?
– Жоқ. Мен тек қана ішкі түйсігім­мен сезіндім. Арақ ішуді бірден қойып кет­кенімде жолдастарым қайран қалды. Осы күнге дейін татып алмаймын. Соны­мен қатар менің көзқарасым, ойлау дең­гейім кәдімгідей-ақ өсті. Содан көкейімдегі ойларымды ашық айтуды әдетке айнал­дырдым. Бірақ айналамдағы адамдар мені «жынды» деп күстәналады. Сосын іштен тынатын болдым. Елмен тәжікелесіп, босқа басымды қатырып қайтемін? Одан да суретімді салып, тып-тыныш жатқаным әлдеқайда пайдалы емес пе?
– Ежелгі таңбаларды зерттеп жүр­геніңіз белгілі болды. Ал бүгінгі таң­ба­ларды қалай меңгердіңіз?
– Тілім кеш шыққандықтан, аздап кекештенетінім бар. Соғыстан контузия алып келген Ушаков деген мұғалім мені алғаш тақтаға шығарды. «Ааа-ааа-ааа» деп тілімді шайнап тұрғанымды көрген оқушылар ішектері түйіле жаздап күлді. Сонда қатал ағай жақсылап тұрып артым­нан бір тепкенде, есікті қаға-маға сыртқа қарай домалай жөнелдім. Мектептің бір бұрышына барып, тығылып отырып көз жасыма жақсылап тұрып ерік бердім. Болған жайды айтып, үйге жеткізіп бару ойыма кіріп-шықсашы? Қайта жуық маң­дағы көлден бақа мен жылан аулап, өз-өзіммен ойнап кетемін. Қала берді, осы екі жәндікті бір-бірімен тірестіріп-төбе­лес­тіріп, қызығын тамашалаймын. Бала­лық шағым осылай өтті. Кейін кекештенуді доғардым. Уәлихан деген көкем бірнеше тіл меңгерген өте білімді кісі болатын. Орынбор қаласында қазақтың мәшһүр ағартушысы Ыбырай Алтынсаринмен бір­ге оқыған жан-жақты адам еді. Сол көкем газеттің бос жиегіне әріп жазып үйретті. Біз қазір Ресей аумағында қалған Сара­товта тұрдық. 1938 жылы репрессия ке­зінде Уәлихан ағам «халық жауы» атанып, абақтыға қамалды.
– Қазақ тіліне шорқақтығыңыз орыс­тардың ортасында туғандығы­ңыздан ба?
– Ең алғашқы сөзімді орысша айттым. Оның өзі боқтық болса... Кейін орыс мек­тебінде тәлім алдым. Ол кезде Қазақ­стан­ның өзінде қазақша мектеп болмаған дей ме, қалай? Сталин бәрімізді орысқа ай­нал­дыруды жоспарлаған. Сұмдық қой!.. Сөйтуге бола ма? Өзі арам, күші адал есек секілді жұмысқа жегілген қара шаруамыз. Тіпті ел қатарлы куәлік-құжатымыз да жоқ еді. Кейін ата-анам Орск қаласы маңын­дағы стансыға жұмысқа тұрды. Осы жыл­дары қылмыскерлерді немесе мал таситын сұп-суық вагонда қысы-жазы тұрып жат­тық. Буржуйка пешінің қызуы қиын. Қыз­ған күнде де от сөне сала темір бас­панамызды аяз құрсап алады. Құдай-ау, мен не көрмедім?.. Айта берсе таусыла ма?
– Дүниенің қыр-сырын таңбалар ар­қылы ұғынғыңыз келетін тәрізді...
– Ғалымдар ғарышты зерттеп жа­тыр. Ондай әдіспен тылсым әлем ешқашан «сырын ашпайды». Құпия логикамен ше­шімі табылатын жұмбақ емес, ол – мис­тика. Адамның ақыл-ойы тылсым дүние­нің алдында дәрменсіз. Аристотель «Адам – саналы хайуан» демей ме? Тек саналы адам мифология тудыра алмайды. Аздап стандарттан ауытқу керек... Өнер – логика емес, аналогия. Өнер – жүректің жасам­паздығы...
– Әзіз абыз тек шындықты айта ма?
– Ол да ақиқатты жайып салмайды. Оның тіпті ақылы жоқ екенінен хабарың бар ма? Нәресте әу баста сана-сезімімен бірге туады. Әулие атада тек сана-сезім ғана болады. Сәби – періштедей пәк. Оны өтірік алдай салсаң, шексіз қуанады. Ке­меңгер де сондай таза. Бірақ ол асарын асап, жасарын жасап барып, іңкәр бала­лық шағына қайта айналып келгендей күй кешеді. Сондықтан Әзіз абыз ненің ыстық, ненің суық екенін біледі. Баланың қолына пышақ ұстатсаң, ол өз анасын пышақтап қоюы кәдік. Өйткені ол қару ұстап тұрғанын ұғынбайды.
– Өзіңіз дәруіштікке ұмтылып көр­діңіз бе?
– Менің қолымнан келмеді. Өз ішкі әлеміңе үңілсең, ғарыштан қарағандай әсерде қаласың, яғни шексіз кеңістікке кенелесің. Ми саңылауынан ойлар үздіксіз өте береді, өте береді. Бір кезде ол да таусылады ғой.
– Бүгінгідей толассыз проблема­лар­дың шаш етектен келген кезінде бір сәт ойсыз қалудың өзі олжа болға­ны ғой?
– Шығыс ой-санамен жұмыс істеудің әдісін біледі. Содан кейін ғой, осы күнге дейін психология деген ғылымға шекесі­нен қарайды. Еуропа психиаторлар кө­мегі­мен ақыл-ойды емдегісі келеді. Ақыл-ой – адамның құлы. Оны дұрыс басқара білген жөн. Қазір, керісінше, біз ақылдың құлына айналып барамыз. Жер шарын­дағы дүрбелеңнің бәріне де себепші – сол. Коммунистер айтқандай, «жүрек ор­нында жалындаған мотор» ғана істеп тұр. Жас суретшілердің өзі өз картиналарын рынок үшін салатын болып алды. Арбат­та отырған суретшілер тұтынушылардың көңілін табуды ғана мақсат тұтады. Тіпті жазушылар да, сценаристер де халықты тарту үшін ұятсыз, бейәдеп дүниелерді әдейі жазып жүргені мәлім. Жүрегінен шық­қан өнерді тұншықтырып, пайда табу үшін жасанды нәрселерге бару ешқашан опа берген емес.
– Суретшіге телегей-теңіз білім қа­жеті өз-өзінен түсінікті. Осы тұрғыда жас суретшілердің ізденімпаздығы кө­ңі­ліңізден шыға ма?
– Суретшілік өнерге баланы кем де­генде 15 жастан бастап баулыған абзал. Білім-білігін тек механикалық тұрғыдан ғана дамытып қоймай, суретші поэзия, проза, музыка, тарих, философия секілді ғылымдардан хабары болуы керек. Әде­биет пен музыканы түсінбеген адам суретші бола алмайды. Ол бірақ өзіне нан тауып жеуі мүмкін. Бір затты сол қалпынан айнытпай көшіріп алып, бөркін аспанға ататындарды түсінбей-ақ қойдым. Одан қайта фотографтар абыройлырақ болып келеді. Мейлі, сөйтіп өнерді қорлап жүре берсін... Біздің шенеуніктердің де талғамы сол Арбаттағы суретшілердің деңгейінде. Кейде ақжағалылар маған да келеді. «Мен саған фотоаппарат емеспін» деп шығарып саламын.
– Демек, сіз портрет салмайсыз...
– Егер мен шындап портрет кескіндеу­ге кіріссем, тақыр жерге отырып қаламын ғой. Бүгінгі адам образы – нақ шайтанның өзі. Шайтан екенін көріп тұрып, оны қалай періштеге айналдырамын? Шындықты айна-қатесіз түсіремін деп, басым бәлеге қалмай ма? Одан да тып-тыныш отырып, ата-бабамның ру таңбаларын насихат­тағаным артық.
– Өз-өзіне сенбейтін қорқаулар ру, жүз деген ұғымдарды жеке бастың пай­дасына пайдаланып, жайлы жер­лерге жайғасуды ойлайды. Сондықтан байырғы позитивті мағынасындағы ру білу дәстүрі қазір негативті жемісін беріп жатқаны баршаға аян. Қылқа­ламыңыздан туған ру таңбалары осын­дай кері мақсатқа қызмет етіп ке­теді деп қорықпайсыз ба?
– Ата дәстүр мен қазіргі орын алып жатқан жағдайды шатастыруға болмайды. Өткенде бір шенеунік былай деп соғып тұр: «Сый-сияпат жасау қазақ дәстүрінде бар. Жемқорлық қазақта бұрын да бол­ған». Бұл – ел дәстүріне қасақана кір кел­тіруді ойлаған мысықтілеулік пиғыл. Біз неге бәрін жылтыратып терминмен айтуға құмармыз? Ұрыны неге «коррупцияшыл», «жемқор» дейміз? Қанқұйлы адам өлті­рушіні «киллер» деп сылап-сипап қоямыз. Жас балаларды еліту үшін әдейі әдемі ес­тілетін сөздерді жиып-теріп алғандай­мыз ғой. Ашығын айтсақ, мемлекеттік жү­йе­ге жемқорлар емес, ұрылар кіріп кет­кен.
– Әділетсіздікке қарсы қалай кү­ресіп жүрсіз?
– Мен кіммін? Мен желдиірменмен шай­қас ашатын Дон Кихот емеспін, айна­лайын.
– Сонда ел бүлініп жатқанда тып-тыныш отыра бермексіз бе?
– Өз шаруамды білетін шалмын. Түсін­ген адам түсінер, түсінбегеннің жолы бол­сын! Осындайда есіме римдік бір афоризм оралып тұр. Онда «Мен кімнен қашу ке­ректігін білгеніммен, кімді пана тұтарымды білмеймін» делінеді. Бір жерден қашамын деп, екінші жерге барып тағы да соққыға жығылуың мүмкін. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген – осы. Алдыңда оты­р­ған алжыған шалдың ауылдағы ақса­қалдардан қандай артықшылығы бар? Азар болса, аздап сурет салатын шығар­мын. Әйтпесе мен кіммін? Ешкім де емес­пін. Былтыр 70 жылдығыма жоғарғы жақ­тан ешкім келмеді. Бәрін де шақырғанбыз. Әйтеуір, ат төбеліндей өнерсүйер қауым жи­налды. Оған да шүкір.
– Елімізде неліктен суретшілерге деген ықылас төмен?
– Мұндай салғырттық көзқарас ком­мунистерден бастау алады. Партия сурет­шілерді өз идеологиясы үшін пайдаланды. Оның жақсы жағы да бар. Қонаев ақса­қалдың арқасында мына зәулім шебер­хана маған өтті. Ал қазіргі жас суретшілер бір түнеп шығатын құжыра таба алмай босып жүр.
– Компартияға «құлай ғашық» се­кілдісіз ғой...
– Жоқ. Мен бар болғаны партияның бе­сігінде тербелдім. Анам мен ағам ком­мунист еді. Қалайша енді мен анама қарсы шығамын? Бірақ әкеміз екеуміз партияға өтпедік.
– Қазақтың ұлттық мәселелері сізді толғандыра ма?
– Жастардың бойында патриотизм емес, намыс болсын деп үнемі айта беруден жалықпаймын. «Намыс» сөзінің мағынасы терең. Соны жеткілікті дәре­жеде ұғына ал­май жүрміз. Ол – ұлт абыройы. Баба­ларымыз намыс үшін қа­шанда басын бәйгеге тіккен, ешқашан артқа шегінуді біл­мейтін өр рухты болған. Ал патриоттық ше? Сонда мен патриот болып шенеу­ніктердің жыртысын жыр­туым керек пе? Біз Абылай ханның түсінің жоруындағыдай бақа-шаянға айналып бара жатқандай­мыз.
– Сізге жоғарыдағылар қарайлас­пай ма?
– Маған Қапшағай су қоймасы жақтан 10 сотық жер берілді. Оның өзі егін екпек түгіл, адам тұруы мүмкін емес сулы-сазды жер. «Қанша шомылғың келсе, сонша шомыла бер» деген секілді. Қорлаудың мұндай да түрі болады екен-ау. Ата-бабам құс қанаты талатын ұлан-ғайыр алапты жау­лап алады, ал оның ұрпағына бар болғаны 10 сотық жер бұйырады. Өзімізге қимаған жерді қай көршімізге сары май­дай сақтап отырмыз?

Менің сөзбен «араздығым» тым ерте басталған
Жасым алтыға келгенше тілім шықпапты. Маған «сөйлеп кетер» деп малдың ішегімен қылқындыру секілді ырым-тыйымдарды да жасапты. Ой, әке-шешемнің істемегені жоқ қой. Мылқаулығыма шыдай алмаған шешем мені аямай соққыға жыққан-тұғын. Сондағы ең алғашқы айтқаным – орысша боқтық сөз болыпты. Анашым Салық атамнан «Жамбыл орысша сөйлеп кетті» деп сүйінші сұрайды. Кішкене кезімнен балалайка аспабында ойнайтын болғаным үшін Жамбыл аталып кеткенім бар. Үйде соятын қой табылмай, менің тілімнің шығу құрметіне Салық ақсақал қара ешкіні бақылдатып бауыздап тастайды. Ауыл-аймақты шақырып ас береді.

Айшықты ой
Ақыл-ой арқылы ғылыми жаңалық ашуға болады, бірақ көркемөнердің жолы одан мүлде басқа. Ақыл жүректі, жүрек ақылды түсіне алмайды. «Бәрін де жүректен табасыз!» деген Ахмет Яссауидің сөзін жадымыздан шығармаған ләзім. Оның ішіне наным-сенім, таным-махаббат, арман-қиял, сан түрлі өнер атаулы сыйып кете береді. Жүректің көзімен ғаламды бағындыру деп осыны айтар едім.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста