Жерар Депардье «Осындай мықты актерлеріңізбен нашар кино түсіруге қақыларыңыз жоқ» деп кетті

Жерар Депардье «Осындай мықты актерлеріңізбен нашар кино түсіруге қақыларыңыз жоқ» деп кетті

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі:

– Нұржұман аға, күтпеген жерден өзіңіз редакциямызға келіп қалдыңыз. Әйтпесе біз өзіңізді Шымкентте Жерар Депардьемен бірге жаңа киноға түсіп жатыр деп жүрміз ғой. Демек, осылай сәл де болса мойын бұруға шамаңыз келсе, киноның түсіру жұмыстарының біткені ғой?
– Менің «Алаш айнасына» ат басын бұруыма сіздер таңғалсаңыздар, мен осы ретте қыз-келіншектерді өткен мерекесімен құттықтаудың сәті түскеніне қуанып жатырмын. «Әйел бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Қазіргідей күліп-ойнап жүргеніміз де, мына жарық дүниеге келгеніміз де барлығы аналарымыз бен әпке-қарындас, әйелдеріміздің арқасы екенін мойындауымыз қажет. Әйел затынсыз тіршілік жоқ. Осылай шапқылап жүргеніміз де, киноға түсіп, біріміздің соны түсіріп әлек болып жүргеніміз, әйтеуір, бір жағынан болса да сол нәзік жандылардың көңілінен шығу ғой. Ең бастысы – үйдегі апаңның көңіл хошын табу. Мынау соңғы түскен кином да – әйелдер қауымынан алыс емес, жалпы, махаббат жайлы. «Кешіккен махаббат» деп аталады. Фильмнің сценарийін Ақтан және Сәбит Құрманбеков деген жігіттер жазған. Басты рөлде мен және француздың атақты актері Жерар Депардье ойнайды. Сондай-ақ Болат Қалымбетов деген қазақтың белгілі актері әрі режиссері, дарынды тұлғасы бар. Фильмде екі басты рөлде сондай-ақ қос Наташа: бірі – Наталья Арынбасарова, екіншісі – Наталья Гвоздикова, екеуі де менің жақсы көретін келіншектерімді сомдайды. Түбі соның бірі, Наташа Гвоздикова сомдаған кейіпкер Ресейге кетеді де, мен Арынбасарованың кейіпкерімен бірге қаламын. Фильм сюжеті бойынша ол алғашында мені менсінбейді, кейін өзі келеді. Киноның қысқаша мазмұны мынандай: Жерар ойнайтын Гера есімді неміс пен Сатыбалдының соғыс кезіндегі достығы арқылы екі халықтың бір-біріне деген бауырмалдығын, жанашырлығын көрсету. Сатыбалды болып Болат Қалымбетов ойнайды. Ал мен онда «Сталинге сыйлықтағы» басты кейіпкермен аттас Қасым болып ойнаймын. Мен ол кинода да осы кездегі өз жасымдағы қариямын, барамын да, өзімнің үйленгім келетінін айтамын ғой. Содан соң, «кеш болып кеткен жоқ па?» деп кеңес сұраймын. Ал Сатыбалды мен Гера достарымның әйелдері бар, сондықтан оларға менің жалғыздан жалғыз жүргенім қатты батады. Сондықтан «қартайдың» демей, екеуі бірдей «қандай келіншек болса да, саған алып бермей қоймаймыз» деп өре түрегеледі ғой. Содан бір кейуанаға барса, ол о дүниелік боп кеткен болып шығады. Екінші бірі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен. Үшінші рет әлгі Наташаның бірі Ресейге көшіп барады. Содан не керек, Наталья Арынбасаровамен тағдыр қосады ғой. Бірден бәрі бола қоймайды, сондықтан киноның соңына дейін үш дос түрлі хикаяларды бастан кешіреміз.
– Киноның басты мақсаты не? Және неліктен Жерар Депардье сынды төрткіл дүниеге белгілі актерді шақырып ойнатып отыр?
– Кинода түрлі ұлттардың достығы көрсетілгенімен, тағдырластығы баяндалғанымен, бастысы, қазақ елінің байлығын көрсету мақсаты алдыңғы орында тұрады. Бұл фильмді қазақ елінің сұлулығына тіл жетпейтін табиғатын дүниежүзіне көрсету үшін әдейі түсірілген кино деп те айтуға болады. Жерар сынды әлемге әйгілі актерді шақыруда да сол мақсат жатыр, яғни әлем назарын қазақ киносына аударудың бұл да бір әдіс-тәсілі. Өйткені Жерар Депардье түскен киноны дүниежүзі халқы міндетті түрде көреді. Сол арқылы қазақтың байлығын, жерінің сұлу табиғатын, суының тазалығын көреді. Жерардың өзін, шыны керек, жеріміздің ажарлы келбеті, астындағы балығы көрінетін мөлдір суы таңғалдырып, тамсандырды. Тіпті таза табиғат аясына шығып, түсіру жұмыстарын бастағанда, Жерар өзінің сондай үлкен тұлға екенін де ұмытып, лақ секілді тізерлей жата қалып, суға бас қойды. Маған оның ең ұнағаны да сол қарапайымдылығы болды. Өзім көзімді ашқаннан осындай өзен, көл, бұлақ дегендерді көріп келе жатқан соң ба, ананы түсінбей, «өй, тұр, бұлай ішуге болмайды» деп желкесінен тартқылаймын келіп. Оныма мойын бұрып жатқан Жерар жоқ, қолымды кері сілкіп тастап, қайта кіріседі. Мен осы киноны түсіру барысында сондай бір қарапайым, кеңпейіл, ақжүрек Жерардай дос таптым.
– Айтпақшы, біріңіз – қазақ, екіншіңіз – француз, киноны түсіру кезінде қастарыңызда үнемі тілмаш жүре бермейді ғой. Олай болса, қалай тіл табыстыңыздар?
– Жұрттың көбі менен де,  одан да соны сұраса керек. Екеуміз тағы да ақылдасқандай бірдей жауап беріппіз ғой. Ол: «Үлкен актерлер бір-бірін жүрекпен түсінеді», – десе, мен: «Жерар секілді актерлерді сөзінен емес, көзқарасы мен емеурінінен, тіпті тынысынан-ақ түсінуге болады», – дедім. Шынында да, біз тіл жағынан еш қиналғанымыз жоқ, емін-еркін ойнадық. Бір-бірімізді сөз арасындағы паузалар болады ғой, тіпті соған дейін де түсініп жүрдік. Бірінші күні ғана бір-бірімізді байқап, сынап жүрдік. Қанша дегенмен де әлемдік киноларда ойнап жүрген актер ғой, аздап осы жағынан қысылыңқырадым. Сөйтсем, оған да мен жайлы «біздің ең мықты актерлеріміздің бірі» деп айтып қойса керек, ол да сосын біраз менің қас-қабағыма қарады. Екеумізде де алғашқы күні «қалай болар екен?» деген ой болды. Ең қызығы, менде ондай ойдың барын ол білген, онда сондай ойдың барын мен сездім. Бірақ бірінші дубль бітіп, екіншісі басталған кезде-ақ көңілдегі түйін шешіліп сала берді. Сосын съемкамыз май жағатын қасықтай сырғып жүріп кетті.
– Сіз Жерар Депардьенің бойындағы қарапайымдылығына тәнті болдым дейсіз, ал ол сіздің қандай қасиетіңізді байқағанын айтпады ма?
– Неге айтпады? Айтты. Ол өзі бір ақкөңіл, бала секілді таза жан екен дедім ғой. Екеуміз бір-бірімізге «ғашық» болдық ( қарқылдай күліп алды). Сырт кейпі сондай денелі, алып тұлғалы болса да, іші сондай жап-жас нәресте сияқты. Ойнап, еркелеп жүргені қандай?!. «Мынау бөтен жер-ау, бұл жерде бала секілді шауып жүргенім ұят-ау» деген ой онда мүлдем жоқ. Біздің кеңпейілдігімізге риза болды. Кетерінде былай деді: «Мен бұрын Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұратынын еститінмін. Қазақтарды сонау ашаршылық, соғыс кезінде талай ұлттарды паналатқан ел деп айтушы еді. Менің соған осы жолы көзім жетті. Шынында да, сіздер кеңпейілді халық екенсіздер», – деді. Ал маған «сенің үстіңнен пойыз өтіп кетсе де жата береді екенсің» деп, сабырлы, төзімділігімді алға тартты. Бұл мен ғана емес, атам қазаққа тән қасиет қой. Оның үстіне менің кинода да қанша жылдық тәжірибем бар, талайды көргенмін. Баяғыда кино түсіру барысында талай рет күннің аптабын да көрдік, жетіспеушілікке де шыдадық.
– Жалпы, қазақ актерлеріне қатысты қандай ой түйіпті?
– Өте жоғары баға берді. Ол әрқайсымызбен бірге ойнаған сәттерде өзіндік ерекшелігімізді көкейіне түйіп жүрген екен ғой. Мен, мәселен, әуен мен сазға жақынмын және қандай әнді кім орындайтынын жазбай танимын. Сосын құлағым естіген саздың ырғағын жоғалтпайды. Киноның өзі ырғақтан тұрады ғой. Киноға тек кино деп қарауға болмайды, ол деген – бір симфония. Біріне-бірі жалғасып жатқан дүниені тігісін жатқызып шебер құрастыра білу керек. Сонымды байқаған ол бірде мен жоқта мені «сазгер актер» десе, Болат Қалымбетовті «табиғи актер» деп бағалап, Алматыда үлкен бір жиналыста ірі тұлғалар мен өнер саласының басшыларының алдында бәріміз жайлы «Қазақстанда мен көрген осындай мықты актерлеріңізбен нашар кино түсіруге қақыларыңыз жоқ» депті. Бұдан артық қандай баға болуы мүмкін?!.
– Өзіңіз айтып отырғандай, Жерар Депардьенің өзін таңғалдырған кәсіби мықты актерлерді өзінің киносына шақыруды қаламайтын да режиссерлер бар екен. Осының себебін сіз қалай түсіндірер едіңіз?
– «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деген сөз бар ғой қазақта. Түсіріп жатқан киносына кәсіби актерлерді шақырмаған режиссерлерге де кінә артуға болмайды. Ол – тек өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаудан қорқатын адам екендігін мойындағаны. Сондай-ақ біз секілді кәнігі тарландарды ойнатса, мысы басылып қалудан қорқады. Ал мысы басылған режиссер – режиссер емес. Кино түсірудің бұл да бір – өзіндік құпия заңы. Режиссер де – бақсы. Мен, мысалы, Рақышев деген режиссерді танымаймын да. Бірақ бір емес, бірнеше рет байқағаным, соны кәсіби режиссерлер жерден алып, жерге салып кінәлап жатады. Өзінің бір сөзін құлағым шалып қалды: «Мен дүниежүзіне атағымды шығарайын деп жүргенім жоқ, тек өз халқымның жүрегіме жол тапсам, сол жетеді», – дейді. Осы сөзінен кейін мен бұл жігітті сыйлай бастадым. Ең алдымен, не жасасақ та, бірінші қазағымыздың жүрегіне жол таба білуіміз керек. Халқымыз бізді бағаласа, ең үлкен сыйлық – сол. Менің түсінігім солай. Қазағым мені «бұл біздің қазақтың ішінен туған Нұржұманымыз» десе, маған одан артық бағаның керегі жоқ.
Әртістердің де ішінде Құдай берген дарын иелері бар да, құр оны оқып шыққандар да бар. Жай бір-екі шақырым жерге жүгіріп, киноға дайындалғанын үлкен бір іс тындырғандай көретін әртістеріміз де бар. Олар бір-екі киноға түседі де, сол бойы қалып қояды. Менімен бірге талай киноларға қатар түскен актерлер де болды, бірақ кейін солардың көбінің қайда кеткендерін білмей де қалдық. Ал Құдай өзі ерекше қабілетті етіп жаратқан Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтарды біз ұмытамыз ба? Жоқ, қазақ осылардың қай-қайсысын болсын қастер тұтады.
– Осындай бір кездері қазақ киносын биік белеске көтеріп кеткен осындай алыптар шоғырының ізін басып келе жатқан ұрпақ бар ма қазір?
– Ол кісілер, мысалы, мені арнайы оқытқан жоқ. Мен тек солардың қасында жүріп, көргенімнің бәрін көкейіме тоқи бердім. Олар халықтан алған дүниесінің бәрін ақырындап көрсете бастады. Мен ақырындап жинай бердім, жинай бердім. Қазір мен сол кісілердің жиған-тергендерін солардың соңында қалған тұяқ ретінде халқыма қайтарып жатырмын. Оны қайтаруға қанша уақыт кетеді, он жыл ма, жиырма жыл ма, оны Құдайдың маған берген жасы мен күш-қуаты біледі. Мен  өзімді   сол кісілердің алғаш қалыптастырған қазақ актерлік мектебінен дәріс алғандардың бірімін десем де болады. Мен Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов сынды саңлақтардың көзін көрдім. Олар менің өнер ғана емес, өмір мектебім де болды. Қазір қарап отырсам, сондай ұлы актерлерден тәлім алған мен де бақытты екенмін. Шәкен Аймановты айтпағанда, Кәукен Кенжетаев, Қасым Жәкібаевтың өзі неге тұрады?!
– Әңгімеміздің әу басын өзіңіз әйелдерден бастадыңыз. Өзіңіз алғаш киноға түсе бастағаннан бері бірге киноға түскен әйел әртістердің қайсыбірі ерекше есіңізде қалғанын айта аласыз ба?
– Қазақ әйелдерінің арасынан өнер сахнасына, киноға алғаш жарқ етіп шыққан Әмина Өмірзақова апамыз ғой. Ол кісі мені «қайным» деп қалжыңдаса беретін. Мен ең алғаш өнерге келгенде ұялшақ болатынмын. Сол Әмина апам жұлқылап жүріп қатарға қосты. Ол кісі маған қалжыңдасуды, елмен қаймықпай сөйлесуді үйретті. «Ана туралы аңыз» деген фильм бар. Әмина апамыздың сол дүниесі менің жүрегімде, жалпы, көрерменнің жүрегінде десем де болатын шығар, тасқа басылған таңбадай қалып қойды. Ол кісінің егіс алқабында майданға кеткен баласын ойлап, құлазыған келіншек кейпінде келе жатқаны, баласының хаттарын алғандағы сәті бәрі-бәрі қандай шынайы еді десеңші. Ал мен сол соғыстың кезін көрген адаммын. 1945-1947 жылдары, соғыс жаңа біткен жылдары мен жесір қалған әйелдердің зарлап жылағанын көрдім. Сол себепті ме, Әмина апамның сол киносы жүрегімде өмір бақи қалды. 8 наурыз сол бір аяулы апамыздың туған күні еді. Әйел актрисалардан ең жоғары қоятыным – сол кісі. Ол кісінің, әрине, жөні бөлек, сондай-ақ қазақ актрисаларының ішінен Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Майра Қосыбаева, Фарида Шәріповаларды да қастер тұтамын. Бұлардың әрқайсысының өнерде өзіндік төбесі, шоқтығы биік шыңдары бар. Қайсысы болсын халқы үшін жаралған жандар. Алла олардың өмір жастарын ұзақ қылып, әдемі көркінен айырмай, қайғы-қасіретке душар қылмасын.
– Сіз сондай өнер саңлақтары кезіндегі қазақ киносымен қатар, қазақ театр өнерін де көрдіңіз, ішінде жүрдіңіз. Сол кезбен салыстырғанда, бүгінгі қазақ театр өнеріне қандай баға берер едіңіз?
 – Мен қазіргі қазақ театрына баға бере алмаймын. Себебі театрға кейінгі кездері бара алмай қалдым. Біріншіден, киноға түсіп анда-мұнда жүремін, ал қолым босағанда келесі бір туындының сценарийлерімен таныса беремін. Қазір қолымда екі бірдей жаңа киноның сценарийі жатыр. Ал қолыма сценарий түсті ме, бітті, мен ешқайда бармаймын. Өнер адамдарымен көп жолықпауға тырысамын. Неге? Өйткені менің жақсы да жаман бір қасиетім бар: не көрсем де, не естісем де, мөр басқандай, таспаға басқандай, санама жазылады да қалады. Ал ол кейін менің ойнаған рөліме кедергі жасайды. Қазіргі кездегі жүлде алып жатқан дүниелерді оқуыма, көруіме болады, бірақ жаңағы айтқан себепке байланысты мен олардан аулақ жүруге тырысамын. Бірақ енді бір айтатыным, қазақта «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген бар ғой. Кейінгі кезде сыншыларымыз театрдың мінін ғана айта бастады, сынды айтпайды. Сыншымын деп мінді бетке баса беруге болмайды, сын ақылшы болуы керек, пікірлес, тілектес болуы керек. Сонда ғана мін өзінен-өзі түзеледі. Кейінгі кезде театрдың жараларын тырналай береді. «Ел бармайды, анау-мынау» дейді. Құдайға шүкір, ел барып жүр. Театрды да, өнердің қай түрін болсын халқымыз жақсы көреді. Тек кейде ауыртпалы кезеңде кейбіреуге театр түгіл, нан тауып жеу, тұрмысын түзеу мұң болды ғой. Ол түгіл, мұсылманның парызы – ораза мен намаздың өзін тоқтықта дейді ғой. Сондықтан, менің ойымша, театрдың көрерменін жоғалтуы ол – уақытша ғана құбылыс.
– Театрға бармай, өзге дүниеден бөлектеніп, өзіңізді өзіңіз қоршаған ортадан шектейтініңізді айтып жатырсыз. Алайда сізге жаңа бір кейіпкерді сомдау үшін қандай да бір азық керек қой. Сол азықты қайдан аласыз? Кейіпкерді қайдан іздейсіз?
– Ортам ол – халқымның арасы. Театрға бармағаным, кино көрмегенім, ол менің ешқайда шықпай жатып алатындығымды білдірмейді. Ел ішіне шығамын, өзім ғана жалғыз шығып, кейде қоғамдық көліктерге отырып алып, өзіме қажет нәрсені, мінез-құлықты іздеймін. Жас кезімнен көзіме түскенді қағып ала қоямын. Бір ерекше адамдар болады ғой, сондайларды көрдім бе, бітті, мен соның қылықтарын айна-қатесіз өзіме көшіріп ала қоямын. Керек кезінде әлгіні шығарамын. Ол үшін тыраштанып, өзіңді-өзің қинаудың еш қажеті жоқ. Шындап ол бейне келді ме, бойыңда бар қабілет, әлдеқайдан алған бейнең өзі-ақ келе қояды. Беріліп ойнасаң, бәрі де шынайы шығады. «Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтпаған, расында, халық деген  – таусылмайтын қор.
 – «Кешіккен махаббат» фильмі толығымен түсіріліп бітті ме? Тұсаукесері қашан болады, яғни көрермен оны қашан көре алады?
– Иә, оны бітіріп, міне, өзің көріп отырғандай, сақал-мұртымды өсіріп, келесі бір фильмге дайындалып жатырмын. Ал «Кешіккен махаббатты» жұртшылық маусымға таяу көріп қалар.
– Киноның тілі қандай болады?
– Қазақ, француз, неміс – осы үш тілде шығады. Қазір Еуропада құрастырылып жатыр. Әлемнің кез келген елінде ұялмай көрсететін дүние болады деп жатыр. Біз барымызды салып ойнап шықтық, бағасын халқымыз көрген соң бере жатар.
– Осылай редакциямызға кездейсоқ қонақ болғаныңызға, жаңалығыңызбен бөліскеніңізге рақмет. Қазаққа береріңіз таусылмасын!

• Сөз арасында
– Жерар Депардьемен қарым-қатынасыңыз фильм біткен соң үзіліп қалмаған болар. Мекенжай, телефон нөмірін алып қалған шығарсыздар?
– Иә, әрине, ол телефонын берді. Парижде үш  үйі бар екен, «соның біреуі сенікі» деді. Ол қалжыңбас адам екен. Не керек, «француздың қай келіншегін қаласаң, соны тауып, үйлендірем» деп кетті ғой. Мен «қой, өз бәйбішем де жарайды маған» деп бас тарттым (күлді). Бірақ біз уақытша ғана қоштастық. Олай дейтінім, Жерардың өте үлкен жобалары бар. Оның Тарас Бульбаны түсіргісі, өзінің соны сомдағысы келеді. Сол фильмнің ішінде соғыста қыпшақтардың қолы болған. Соған қазақ актерлерін қоссам дейді. Қазақ актерлеріне керемет тәнті, ғашық боп кетті. Ол қазақ халқына ғашық боп кетті. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында Машат деген жерде түсіріп жүрдік, сонда ауыл адамдары келіп, Жерарды құшақтап суретке түседі. Қайда барса да солай ғой, дегенмен қазақтың көз жанарында тұнып тұрған мейірімді ол шын сезінді. Менің әлі есімнен кетпейді, кетерінде су ішіп, рахаттана шөлін қандырып тұрып: «Егер Францияда мынадай су болса, мынандай көк шөп болса, француздар өте бақытты болар еді. Сендер жұмақта жүрсіңдер ғой, бағалаңдар», – деді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста