Жазушы қоғамға, халыққа лайықты шығарма жазуды мақсат етуі тиіс

Жазушы қоғамға, халыққа лайықты шығарма жазуды мақсат етуі тиіс

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

Нұрлан Оразалин, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

– Жазушылар одағы тотолитарлық жүйенің, Қызыл империяның абырой, беделін жұрт санасында бекіту, ком­партияның идеологиясын асқақтатып, әдебиетті Кеңес өкіметінің мүддесіне бағыттау, өнерді тізгіндеу арқылы тұтас бір дәуірдің рухани ұстанымын қалып­тастыруға күш салу мақсатында 1934 жылы құрылғаны белгілі. Өкімет өз мүддесін көздегені­мен, қазақ қалам­герлері, азамат алыптары әдебиетті ұлт мүддесіне бағыттады. Бұл кеңес кезі еді. Тәуелсіздік жария­ланғаннан бері де міне, 20 жылдың жүзі болды. Оның 15 жылында Жазушылар одағы­ның тізгіні өз қолыңызда. Осы 20 жылда Жазушы­лар одағы ұлттық тұтастығы­мыздың ұйытқысы бола алды ма?
 – Қазақ – сөз өнерін құрмет тұтып, сөзге ден қойған халық. Сөзбен тағдырымызды анықтап, мемлекеттік құрылымдар мен институттарымызды белгілеген халықпыз. Терең тарихымыз бізге соны айтады. Көк­түріктер дәуіріне қарасақ та, тасқа түскен таңбалар да, оның арғы-бергі жағындағы, әр замандағы мемлекеттік қалыптасу кезі­мізде, Қазақ хандығы өмірге келген кезең­дерде, сөз биліктің қамшыгері, қоғам­ның қозғаушы күші болып отырған. Ақтамберді, Доспамбет, Шалкиіз, Асан қайғылар мен Махамбет, Дулат, Абайларға дейінгі ара­лықта биліктің құлағында отырған хан-сұлтандардың қай-қайсысы да әділ сөзге жүгінген. Міне, біздің қанымызға сіңген, сүйегімізбен біткен осындай ұлы қасиет­теріміз бар. ХХ ғасыр – өркениеттің өріс алған өзгеше ғасыры болды. Ғасыр басын­дағы үлкен төңкерісті тарихтан білеміз. 20-30-жылдары қазақ халқы бұрын-соңды өзінің тарихында болмаған алапат төң­керістің зардаптарын шекті. Соның ең үлкені – 20-жылдардың соңындағы коллек­тив­тендіру мен 30-жылдардың басындағы аштық. Халықтың үштен бірінің қырылып қалуы, сыртқа ауып, елді тастап кетуі – міне, осының бәрі этностың ең басты қайнар көзі, бұлағы «ТІЛ» дейтін ұлы өнерімізге кесірін тигізді. Халық алдында жойылып кету қаупі тұрды. Дәл осы кезеңде жаңадан келіп жатқан империя, бір есептен өзінің үлкен мүддесін орындау үшін, мақсатын жүзеге асыру үшін әдебиетке қамқорлығын қалай бастағанын білеміз. Алғашқыда Максим Горькийдің шетелден Сталиннің арнайы шақыруымен келіп, Кеңестер одағының кеңістігіндегі халықтың әдебиетін дамыту жөнінде үлкен мақсат қойды. Ал біздің Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит сынды Алаштың алыптары мен арыстары «ұлтым, халқым» деп жаны шырқырап отқа түсті. Мысалы, Мағжан, Шәкәрімдер қан­шама қуғын-сүргін көріп жүргеннің өзінде әдебиетті жасау арқылы тілді, ділді, ұлтты сақтауға болатынын, сол жолды өздеріне бірінші міндеті етіп қойған-ды. Дәл осы кезеңде ұлттық мүдде мен империялық мүдде қабысты, екеуі бір жерден шықты. Одақ құрылды. Одақтың алғашқы мақсаты қоғамдық деңгейде тоталитарлық жүйеге қызмет ету болса, зиялы қауымның міндеті құрып бара жатқан, этнос ретінде жойылып кету қаупі бар халықты сақтаудың бірден-бір жолы қазақ әдебиетін жасау еді. Көлеңке, күнгейі қатар жүрген осы бір даму соғысқа дейінгі, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі дүмпулерге жолықтырды. 60-жылдарға дейінгі аралықта қоғамның кейбір мүдделері ұлттың пайдасына шешіліп, жақсылықтар болғанын жоққа шығара алмаймыз. «Бәрін өзіміз жасап жатырмыз» деу біржақты бо­лар. 60-жылдар үлкен әдебиетке жаңа­лық әкелген буынның алдында осындай алғы­шарттардың болғанының арқасында әлем­дік деңгейге көтерілген ұлы әдебиет өзінің жалғасын тапты. Сол жалғас Тәуелсіздіктің кезеңіне келгенде тағы да күнгей, көлеңке алдымыз­дан шықты. Бірақ күнгейіміз – ең басты қуанышымыз. Осыған дейінгі, қаншама ғасырлар бойы, «Ақтабан шұбы­рынды, алқа көл сұлама» кезіндегі ата-бабалары­мыздың аруақ шақырып, азаттық үшін алысқандары, Сырымның, хан Кененің көтерілісі, ұлт-азаттық көтерілістер, Қар­қара, Ақкөз, Созақ, Торғай көтерілісінің барлығы да ұлтты сақтау жолындағы күрестер. Рухымызды сақтау жолындағы қозғалыстар. Осының бәрі жаңа ғасырдың басында басқа кейіпте алдымыздан шықты. Тәуелсіздікпен жарысып келді. Тәуелсіздік есігімізден кіріп, төрімізге шықпай жатып, жаһандану өзінің біз білмейтін, бұрын-соңды таразы басына қоя бермеген, толып жатқан қиындықтарды әкелді. Жаһандану, тіпті этнос ретінде кеңістігі ала шұбарлана бастаған қазақ түгіл, империя болған орыс қоғамын да үркітіп жатқанын білеміз. Осы кезеңде «Жазушылар одағы қалай болды?» деген сұрақтың қойылуы заңды. Жалғыз Жазушылар одағы ғана емес, біздің рухани әлеміміздің алтын арқаулы қазығы болып отырған жалпы өнер тәлтіректеп қалды. Тұралап қалған өндіріс орындары, эконо­микамыз, мұның бәрі айналып келгенде, әдебиет пен өнерді қаржыландыруға жағдай жасай алмады.
– Кеңес кезінде «социалистік реа­лизм» деген болды. Ал Тәуелсіз елдің әдебиеттегі бағыты қандай?
 – Социалистік реализм М.Горькидің сөзі ғой. Қоғамның сөзін сөйлей отырып, реалистік үлкен әдебиет жасау керек. ХХ ғасыр алтын әдебиеттің дәуірі ғой. М.Әуе­зовтің ұлы «Абай эпопеясы» осы кезеңде жазылды. «Оянған өлке», «Ботагөз», Мағ­жан­ның, Жүсіпбектің шығармалары, «Қан мен тер», «Инеш» те осы кезеңде жазылды. Айналып келгенде, 60-жылдардағы буынның, Олжастың, Мұқағалидың, Әбіш­тің, Мағауиннің, сыни пікірді қалыптастырған Зейнолла, Асқар секілді ақберен сыншы­ларымыздың дүниелері, кешегі Сағаттардың шығармалары, менің қатарым: Кеңшілік, Жарасқан, Жұматайлардың дүниелері осы кезеңде өмірге келді. Сондықтан қалай дегенде де, «изм» деген сөзге әдебиетті бай­лауға болмайды. Реализм дегеніміз – шартты ұғым. Ал қазіргі бағытымыз әлемдік кеңістікте ұлттың өзін сақтап қалу үшін, ұлттың рухын құрбандыққа жібермей, ақсатып алмай, сақтау үшін жүретін әдебиет болу керек деп есептеймін. Бұл – реалистік әдебиет. Шыншыл әдебиет. Ұлтты сақтау үшін күресетін әдебиет болу керек. Алғашқыда жүйеден шыға алмай, он-он бес жыл тәлтіректеп келгеніміз ақиқат. Қазақ өлеңі енді-енді өзінің мүмкіндігін сезінді, таразы басына қойды. Жаңа жырлар жазылды. 90-жылдары ала дорбасын арқалап, базар жағалап кеткен жас әдебиет өмірдің қайнаған ортасынан келді. Жаһандану «ана құрлық, мына құрлық, ана ел, мына ел» деп жатпай, жаппай түгел жаулап алып бара жатқан кезеңде соны өзінің жүрегі арқылы өткізген, ой-санасы арқылы қорытқан жастар жаңа әдебиетін қалып­тастырып жатыр. Қалай дегенмен де, біз – ХХ ғасырдың, өтпелі дәуірдің әдебиетін жа­саған өкілдерміз. Ал Тәуелсіздіктің қазақ­қа не бергенін, қазақ қоғамын кеңістікте қалай алып шыққанын айтатын әдебиет енді-енді келе жатыр деп есептей­мін. Олар­дың біразына әртүрлі жиындарда, форум­дарда, далада қалған кездерінде Жазушылар одағы қолұшын беріп, шығармаларының жарық көруіне себепші болып, пәтер алуларына дейін, үлкен-үлкен конкурстар, мүшәйралар өткізіп, жас әдебиетімізді сақтау арқылы әдебиетіміздің болашағын сақтауға себепкер болды.
– Кеңес өкіметінің саяси өз мүддесі болғанымен, қаламгерлерге жағдай жасауды тасада қалдырған жоқ. Қалам­ақы мәселесі өз деңгейінде қажеттілікке сай болды. Тәуелсіздік алғалы бері қалам­герлердің жағдайы мен қала­мақысы үлкен проблема болып отыр. Көз майын тауысып, бойындағы бар күш-жігерін салып, кейінгі ұрпаққа рухани азық болатын танымдық дүние­лер жазған жазушылар еңбегіне сай қаламақы ала алмайды. Неге?
 – Бұл – үлкен сұрақ. Кең отырып айтуға да болар еді, бірақ уақыт жете бермес. Жалпы әлемде, Американы алыңыз, Батыс, Шығыс елдеріне қараңыз, қай-қайсысында болсын, әдебиетті қажеттілік үшін жасап жатқан секілді. Оны жасаушылар да бағасына қарап отырып, шығармаларды нарыққа ыңғайлағандай. Мысалы, Түркия­мен араласып отырамыз. Оларда Нобель сыйлығын алған Памуқтары бар. Сөйте тұра, «бүкіл түрік жазушылары кере­мет» деп мен айта алмаймын. Түркияда жақ­сы әдебиет бар, бірақ біздің Орталық Азиядағы, оның ішіндегі қазақ әдебиеті Нобель сыйлығын алып отырған Памуқтың дүниелерінен кем емес. Біздің беріп жатқан ақиқатымыз Еуропаның, сондай-ақ әлемдік әртүрлі бағыттағы ағымдардың мақсатымен үндесе бермеуі мүмкін. Сондай кеңістікке араласуға шықтық. Ал кешеге дейін бізді үлкен империя, тоталитарлық жүйе өзінің сөзін айтқызу үшін мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармаларға көтерме қалам­ақысын төлеп отырды. Өзінің тиісті бағасын, сыйлықтарын беріп отырды. Сол кезеңде
20 баспа табақ кітап жазған қазақ жазушысы екі жыл отбасын қиналмай асырайтын жағ­дай бар еді және ол кезде сол қоғам жазушыға отбасылық мұң-мұқтажын қам­тамасыз етіп отырудың сыртында жазуына да жағдай жасау үшін 20 шаршы метр көлемдегі үйді артық беріп отыратын. Жазу­шылар одағына көлік бөлінетін. Толып жат­қан жағдайлар жасала­тын еді. Бірақ біздің тіліміз байлаулы, жетекте жүретінбіз. Қазір, Құдайға шүкір, азаттыққа шықтық қой. Тәуелсізбіз. Сонымен бірге біз әлемдік жаһандану дейтін жаныңды қай жағыңнан келіп аларын білмейтін кеңістікке кіріп кеттік. Біз соның ықпалынан, соның билігінен енді-енді шығып келеміз. Олармен жарысып, көзсіз ере беруге болмайтынын сездік.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Президент мені Жазушылар одағының төрағасы ретін­де қабылдады. Сол кезде ол кісімен үлкен әңгіме болды. Қаламақы сөз болды. Мем­лекеттік тапсырыспен шығатын шығар­малар­­дың жасалу жолы, жалпы біздің әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайымыз кеңінен ай­тылды. Бұл – қаржылық тоқыраудың тұсын­да болған әңгіме. Ол кісі арнайы тапсырма берді. Жекеменшік баспалардан шығып жатқан дүниелер емес, міндетті түрде мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығар­маларға өкімет қаламақылық-қаржылық қолдауын көрсетуге міндеттелді. Бірақ «Құланның қасуы мен мылтықтың басуы» секілді әлемдік қаржы тоқырауы қатар келді де, тиісті мекемелер міндеттерін орындай алмай жатыр. Азды-көпті атқар­ғаны бар. Баспа табағына 100 мыңнан бө­лінуге нұсқау да, үлгі де, бәрі қалыптасқан бола­тын. Сол кезде қаржы құлағында отырған жігіттер сұхбат беріп, «осылай шешілетін болды» деп айтып жатты. Өкінішке қарай, үшінші жылға кетіп барады, алғашқы екпін бәсең тартты. Мұны несіне жасыра­мыз?! Демек, қоғамды ырықтап отырған күштер әдебиетті, жазушы дейтін киелі ұғымдағы мамандық иелерін сырт қал­дырып отырған жоқ. Бірақ жүзеге асуы шабандау болып отыр.
– Жазушылар одағы және жа­зушылар мемлекетке жалпы қажет, бірақ дәл қа­зіргі уақытта аса қажет емес деп ұғуымызға бола ма?
 – «Қажет емес» деген әңгіме туралы сөз мүлде болмайды. Жазушылар одағы – мемлекеттік құрылым емес, қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйым ретінде кәсіп иесі өзінің мықты дүниесін жаза алса, қоғамдағы сұраныстардың айналымына кіре алса, оны қолдаймыз деп отыр мемлекет. Ал енді екі өлең жазып, бір-екі әңгімесін қосып, кітап шығарып, «мен жазушы едім» деп оңды-солды сілтейтін заман артта қалып барады. Жазушы болсаң, өзің үшін жазасың. Ол кітап болып халықтың қазынасына айналуы керек. Ал жазғаның халыққа жетіп жатыр ма? Соны халық игілігіне айналдыра алды ма? Әлде айналдыра алмай жатыр ма? Бұл – басқа әңгіме. Мысалы, бізде жаһанданумен келген қандай құбылыстар бар? Бір кездері біз төрде тұрған жалғыз көк қобдишадан қорқатын едік. Қазір оған интернет қосылды. Ұлы тілдердің адуынды ықпалы таптап бара жатыр. Тілді жоғалтып алу қаупі тұр ал­дымызда. Оның несін жасырамыз?! Қазақ­тың тілі жоғалған күні қазақ халық ретінде, ұлт ретінде өмір сүру қабілетінен айырылады. Сол үшін біздің басты мақсатымыз – тіл үшін күресу. Тіл үшін күресу үшін әдебиетті сақтау үшін күресу керек. Әдебиетті сақтау үшін жазушыға жағдай жасау керек. Жазушы өз кезегінде қоғамға, халыққа лайықты шығарма жазуды мақсат етуі тиіс.
 – Әдебиетті насихаттауда, ұлттық әдебиетті әлемге танытуда аударманың жөні бір басқа. Осы аудармаға тоқта­лыңызшы.
 – Аударманы тек бір жазушының шығармасын насихаттайтын көз деп қа­рамау керек. Іргелі әдебиетті жасайтын – үлкен қаламгер. Үлкен қаламгер және оның шығармасы – ұлтты танытудың үлгісі. Басқа тілдерге аудару арқылы талантты таныту – біз үшін бір есім ғана емес, ұлттың рухани құндылығын, мүмкіндігін насихаттаудың жолын ашқан болар едік. Міне, осы тұрғы­дан келгенде өткен ғасырға еріксіз соғасың. Мысалы, ұлы Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы орыс тіліне, әлемнің өзге тілдеріне аударылуының арқасында, ұлы суреткердің қиын кездерде теперіш көріп жүрген уақыттарында француздың, қытайдың, арабтың, үндінің жазушылары­ның араласуы арқылы ол кісінің әлемдік беделі бекіді. Бұл жерде орыс жазушылары көп еңбек етті. Бұл сол қоғамда қоғамдық тоталитарлық баға беру жүйесін бұзып шыққан жол болатын. Ал қазір біз қазақ халқының талантты екенін шығармасымен, көр­кем сөзімен, әлемге алып шығатын дүние­лерімен ұлттық кеңістігін кеңейтер едік деп есептеймін. Сондықтан қазір аударма – аса зәру, керек нәрсе. «Аударма» дейтін баспа ашылды. Бұл – өте қуанышты жағдай. Бірақ «Аударма» баспасы, өкінішке қарай, тек сырттағы Нобель сыйлығының лауреат­тарын, әлемдік озық ұлттың шығар­маларын, орыстың, Батыстың, Шығыстың, арғы-бергі дәуірдің ұлы шедеврлерін аударып, соны таныс­тырумен отыр. Қазақтың  дарын­дылары­ның дүниелері аса аз пайыз­дық өлшемде кітап болып шығады, тара­лымы да болмашы. Сондықтан ең әуелі, мық­ты дүниелерімізді ағылшын, француз, орыс тілдерінде тікелей аудиторияларға жеткізіп отырудың жолдарын ойлауымыз керек. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын Олжас Омарұлы Сүлейменовтің бастауымен үш ақынның: менің, Шөмішбай Сариевтің және өзінің өлеңдері француз тілінде басылып шықты. Сол кітаптың тұсаукесер рәсімі Францияда өте бір қайталанбайтын үлгіде өтті. Екі-үш қалада кездесулер болды. Өлеңдер қазақ тілінде, одан кейін әріп­тестеріміз французша оқып, қазақ әдебиеті, қазақтың поэзиясы қандай дең­гейде екеніне олар айран-асыр қалып жатты. Осындай дүниелер көбірек болу керек деп есептеймін. Ол үшін қаржы керек. Айналып келіп қаржыға тіреледі. Мемлекет­тік саясатты жүргізіп отырған үлкен мекемелеріміз қар­жының көзін қарастырған кезде әдебиетті тек бір қоғамдық ұйымның қанжығасына байлап қоймай, мемлекеттік үлкен кеңіс­тіктегі жұмыс, қызмет деп есептеп пайдалану керек. Бұл – ұлтты дәріптеудің, ұлттың ұлы құндылықтарын әлемге тарату­дың жолы. Шыны керек, аудармаға орыс әдебиеті де мұқтаж. Бұрынғы аудармашы­ларымыздың көбі Қызыл кітапқа кіріп бара жатыр. Аударманың кәсіп ретінде, маман­дық ретінде жойылып бара жатқаны жанымызға батады. Мысалы, Түркияда менің кітабым шықты. Маған дейін олар М. Шахановтың, Ш.Айтматовтың, О.Сүлей­меновтің, Ә.Ке­кілбаевтың, М. Мағауиннің шығарма­ларын аударып, өздерінің бауыр­лық жүрегімен, ықыласымен жасады. Бұл – жеке елдің жасап отырған құрметі. Бізге де басқа тілге аудартудың жолын іздеуіміз керек. Аударма мәселесі жөнінде Жазу­шылар одағының жанынан үлкен дөңгелек үстел өткізу жөнінде мен билікке екі-үш рет ұсыныс жасадым. Жыл сайын бұл ұсыныс сырғып отыр. Бәлкім, атқарылса, кең ау­қымда сөз болады ғой деп ойлаймын. Бізге аударма ауадай қажет. Екі адамның, үш адамның мұқтажын атқаратын шаруа емес, бұл жалпы әдебиеттің абыройын, ұлттың рухани кеңістігін танытатын шара болар еді.
 – Қазір оқырман азайып, көрермен көбейген заман. Көбіне ақпаратты ғаламтордан қараймыз. Газеттердің электрондық нұсқасы ғаламторда тұр. Бүгінгі күні кітап көп оқылмайды дейміз. Бәлкім, кітаптарды да мүмкіндігінше ғаламторға орналастыру керек шығар. Бұл да Жазушылар одағының қолға алатын шаруасы секілді. Бұл тараптан келгенде қандай амал-шаралар бар?
 – Қалай болғанда да, кітаптың орнын ешуақытта ғаламтордағы электрондық нұсқа толтыра алмайды. Дегенмен Жазушылар одағы бұл мәселеге кірісіп жатқан жағдайымыз бар. «Қазақ әдебиеті», «Жұл­дыз», «Простор», «Сын» секілді газет-жур­налдарымызды біз ықшамдап, ғалам­торға бере бастадық. Бірақ бұл алғашқы қиындықтарымен жүріп жатыр. Бұған қоса, кез келген жазушының ғалам­торда сайты бар. Кекілбаевтың, Мағауиннің сайттары бар. Шығармалары тұр. Оқимын деген адам болса, оқиды. Бірақ сөреде тұрған қалың, әдемі кітаптардың орнын толтыра алмайды. Қазақтың негізгі оқырманы ауылда, елде жатыр. Елдегі етегіне сүрініп жүрген оқырман мына ғаламторды толық танып, мойындай қойды демейміз. Ғалам­тормен көп әуестеніп, оған кіріп кеткен – қалалық қазақтар. Қаладағы оқырмандар. Бірақ олардың тілі 100 пайыз емес. Сондықтан бізге кітаппен қоштасу ерте. Барынша кітапқа жағдай жасау керек. Кітап саудасын жолға қою керек. Таралымын көбейту керек. Жазушыға жағдай жасау керек деп отырғаным осы, бір жағынан. Ал ғаламтор арқылы әдебиетті насихаттау – әдебиетті елге алып шығудың екінші жолы.
 – Жазушылар одағы жеке-дара, тек өзімен-өзі жұмыс жасамайтын болар. Елімізде бұдан басқа да үлкен-үлкен мекемелер бар. Мысалы үшін, Ұлттық ғылым академия. Олармен  қаншалықты байланыстасыздар?
 – Ұлттық академия мен Жазушылар одағы бір кезде орталық партия ұйымынан кейінгі біздің идеологиямыздың ақ тіреулері болатын. Ғалымдарға жағдай жасайтын бірден-бір мекеме Ұлттық академия болса, жазушыларға жағдай жасайтын, бағыттап отыратын Жазушылар одағы еді. Жаһан­дануды жеделдетіп, біздің өмірімізге ара­ластырған, нарық дейтін белгісіздеу аласапыранды алып келген қоғам, бізге ең әуелі, тілімізге, дінімізге деген шабуылды, Жазушылар одағы мен академиядан бастады ма деймін. Бәлкім, мен қателесетін шығармын. Дегенмен солай болды. Ұлттық ғылым академиясы бізбен жақсы байла­ныста тұрады. Жиындарымызды, ортақ құндылықтарымызды, мұралары­мызды бірігіп талдаймыз. Мысалы, бір кездері академияның құрамында болған М.Әуезов атындағы Әдебиет институтымен байланы­сымыз жақсы. Академиктермен байланы­сымыз жақсы. Сол кісілер біздің жұмы­сымызға тартылып отырады. Тарихи мұра­ларымызды зерттеу жөніндегі «Мәдени мұра» дейтін ұлттық бағдарлама бар ғой. Соны қазір жүзеге асырып жатқан Ұлттық ғылым академиясының академиктері, Әуезов институтында жұмыс істеп отырған. Сол кісілердің шәкірттері. Біз өз тара­пымыздан керекті, қажетті жерде бәріне араласып отырамыз. Дегенмен бізге Ұлттық ғылым академиясының толық, түбегейлі өзінің академиялық бет-пішінін оралту керек секілді болып көрінеді. Мен үшін кешегі Сәтбаев академиясы өмірге қайтып келсе, ол тарихқа ғана көрсеткен құрмет емес, ғылымды дәріптеудің, ғылымды жолға қоюдың бір үлгісі болар ма еді деймін. Бұл академия бізге күшейген қалпында, ғылымның құдіретін танытатын қалпында, тұтастық қалпында керек секілді болып көрінеді.
 – Ел болғаннан кейін түрлі пікір, әрқандай әңгімелер болуы заңды ғой. Мәселен, «ғалымдардың міндеті еді, бірақ оны жазушылар бірінші болып көтерді» деген сияқты. Айталық, Кенесары ханға байланысты. Соңғы бір-екі жылда «сүйегі табылды, елге жеткізілді» деп жүрміз. Осыған Жазу­шылар одағы қаншалықты араласты?
– «Қазақ әдебиеті» газетінде Думан Рамазанның мақалалары шықты. «Қазақ әдебиетін» Жазушылар одағынан бөліп қарауға болмайды. Қаншама жиындар өткізіп жатырмыз. Үлкен талқылаулар болды. Соның арқасында қаншама серия­лық мақалалар жазылды. Сол Кенесарыға қайта оралу – Кенесарыны дәріптеу арқылы азаттық қозғалысының өткенін еске салу, санамызда жаңғырту. Петерборда қалған соңғы ханымыздың басын таба алмай жүргеніміз ақиқат. Мұндай жоғымызды іздейтін болсақ, оның шетіне, шегіне жету қиын. Мысалы, жақында ғана М. Жұмабаев­тың қызы, қазіргі мұрасына ие болып жүрген Райхан апай Жұмабаева, жасы келген кісі, Магадан бағытына әкесінің, ағасының сүйе­гін тапқан жігіттермен, белгілі қар­жылық топтардың көмегімен барып қайтпақ. Бізде қазір қаржысы, билігі, ықпалы бар жігіттер көрінген тойда, анау Мәскеудің, Петер­бордың адам білмейтін шулаған топтарына қомақты-қомақты қаржысын лақтырып тастап, шақырып жатады. Одан гөрі, бізге кешегі ұлы аруақтарымыздың сүйегін, тым болмаса тауып алуға көмек­тесетін, әдебие­тімізді үлкен жолға қоюға мүмкіндіктерді іздеуі керек қой деп есеп­теймін. Сол жігіт­тердің игі істерге салғырттық танытатыны, менің ойымша, өздерінің анасының, әкесінің, атасының тілін жете білмеуінен шығар деген күдігім бар.
– Жастар және олардың шығарма­шылығының насихатталуы жөнінде не айтасыз?
 – Жастардың максимализмі деген бар. Ол болады. Жастарды әдебиетті әрі қарай жылжытатын күш деп бағалауымыз керек. Біздің кезімізде де алкеуделік, әдебиетті жасаушы өзіміз, бізден бастау керек сияқты болып көрінген. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ ол ақылмен болуы керек. Одақтың есігі барлығына ашық. Мысалы, «Жұлдыз» журналының соңғы сандары, «Қазақ әдебиеті» газетінің қосымшасы түгелге дерлік жастарға арналды. «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының жанынан шығып жатқан жастардың журналы бар. Ол да жастар әдебиетіне арналып отыр. 20 мен 30-дың арасындағы жастар шығармалары осы «Үркер» арқылы шығып отыр. Ал енді жастар өз тараптарынан тағы да журнал ашқымыз келеді дейтін болса, нақты ұсыныспен шықсын. Құдайға шүкір, Жазушы­лар одағы ғимаратын тұтас жасады, басылымдарының барлығын қайтарып алды, кешегі даудың бәрі далада қалды, бас-аяғы бүтінделіп, қазір жинақталды. Тәуелсіздік дәуірінде біз аласапыран кезден өттік. Тәуелсіздікпен бірге биікке көтеріліп келе жатырмыз. Әдебиетіміз жолын анық­тады. Бұйырса, Жазушылар одағы әде­биеттің кішігірім империясы болатын жағдайлар бар. Оның алғышарттары бар деп есептеуге болады.
 – Рақмет, Нұрлан аға! Енді елге тілегіңізбен әңгімеңізді түйіндесеңіз.
 – Халыққа ең басты қажет нәрсе – Тәуелсіздік. Тәуелсіз елің, тәуелсіз тілің, тәуелсіз сөзің болса, іргең берік болса, ала шұбар емес, бір тілдегі кеңістігің болса, арманның үлкені – осы. Осы орындалса екен деп тілеймін!
 – Әумин!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста