Ермек ЧУКУБАЕВ, тарих ғылымының кандидаты, доцент:
– Ермек Самарұлы, өзіңіз де білесіз, елімізде ең көп реформаға да, сынға да ұшыраған – білім саласы. Осы орайда жасалып жатқан реформалар өз жемісін беріп жатыр деп айта аласыз ба? Бүгінгі білім сапасына көңіліңіз тола ма?
– Көпшілігіміз әлі де болса кеңестік санадан арыла алмай келеміз. Реформаға үрке қарамауымыз керек. Олардың әрқайсысының өзіндік артықшылығы, берер пайдасы мол. Кез келген реформа дамыған елдердің озық үлгілеріне сүйене отырып жасалады. Ал дамыған елдердегі білім сапасының жоғары екені бәрімізге белгілі. Олай болса, неге олардан үлгі алмасқа?! Жалпы, жасалып жатқан реформалардың бәрі білім сапасын арттыру мақсатында жасалып жатыр.
Жалпы алғанда, еліміздегі жоғары оқу орындарында білім сапасы нашар деп айта алмаймын. Сапалы білім алу үшін жақсы жағдай жасалған. Тек студенттердің білім алуға деген ынтасы болса, болғаны. Бұлай деуімнің себебі – бізде әлі де болса білім алу үшін емес, диплом алу үшін оқитын студенттер баршылық. Ондай студенттер ертең білікті маман болмайды. Жұмысқа да орналаса алмайды. Ондайлар оқу орындарының беделін түсіреді. Бұл тұста мұғалімдерге кінә артуға болмайды. Өйткені сол мұғалім сабақ берген бір студент жақсы оқып, білікті маман болса, енді бірі оқу орнын әрең бітіріп шығып, жұмыс таппай жүреді. Яғни көп нәрсе студенттің өзіне де байланысты.
Ал білім сапасы жайлы сынның айтылуына кейбір жекеменшік оқу орындарының себепкер болып жүргенін ешкім де жоққа шығармайды. Әрине, Білім министрлігі де бұған бейжай қарап отырған жоқ. Барлық оқу ордаларының сапаға сәйкестігі тексеріліп, талапқа сай болмағандары лицензиясынан айырылып жатыр. Білім сапасын көтеру мақсатында жоғарғы оқу орындарының саны да біртіндеп қысқаруда. Мұның бәрі қолға алынып жатқан реформалар негізінде жүзеге асып келеді.
– Хабарыңыз болса, студенттердің тәуелсіз қоғамдық ұйымы тәлімгерлер арасында сауалнама жүргізіп «жоғары оқу орындарын жемқорлық жайлаған» деп шу шығарған болатын. Олардың айтуынша, оқу ордаларындағы парақорлық білім сапасына да кері әсерін тигізіп отырған көрінеді. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Әрине, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Мұғалімдердің бәрі судан таза, сүттен ақ дей алмаймын. Өкінішке қарай, бірен-саран осындай қаңқу сөздер естіліп тұрады. Дегенмен жылдан-жылға мұндай оқиғалар азайып келеді. Егер қоғам болып мұнымен күресетін болсақ, алдағы уақытта мұндай құбылыстар жоғалады деп ойлаймын. Министрлік тарапынан да тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Бірақ министрлік жұмыс жасап жатыр деп қарап отырмай, мұғалімдер де, студенттер де бұл келеңсіздікпен бірлесе күресулері керек. Сонда ғана нәтиже шығады.
Әйтсе де, мен жоғарыдағы жүргізілген сауалнама қортындысымен келісе алмаймын. Бұл – асыра сілтеу. Олар жүргізген сауалнама қортындысына сенсек, еліміздегі жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер –түгелдей дерлік парақор. Ал бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Сондықтан студенттердің өздері оқып жүрген білім ордасы жайлы мұндай кереғар пікір қалыптастыруы дұрыс болмаған.
Енді өзіміздің университетке келер болсақ, мұндай жағдай біздің университетте болған емес, өз басым ондай әңгіме естімеппін. Мен мұнымен өзіміздің университетті мақтайын деп отырған жоқпын, бұл – шындық.
Жалпы алғанда, пара беру де, пара алу да – қылмыс. Егер студент пара бермесе, мұғалім оның қалтасына түсіп, ақшасын алмайды ғой. Демек, студент сабақты білмеген соң, пара ұсынады. Ал мұндай жағдайда, пенделікке барып, ұсынылған парадан бас тартпайтын бірен-саран мұғалім де кезігетін шығар. Яғни парақорлыққа алғашқы қадамды жасап отырған – сабақ үлгерімі нашар студенттердің өздері. Ал осы жерде «неге олардың сабақ үлгерімі нашар» деген сұрақтың туындауы орынды. Мен бұған өзімше жауап беріп көрейін. Біріншіден, кейбір ата-аналар баласының қабілеті нашар екенін біле тұра, соңғы малын сатып, «пәленшенің баласы университетте оқып жүр» деген аты үшін оқытады. Екіншіден, әлі де болса, білім алу үшін емес, диплом алу үшін оқитын студенттер баршылық. Үшіншіден, бізде жоғары оқу орнына түсу жеңіл. Амалдап ҰБТ табалдырығын аттап өтсең болғаны, әйтеуір бір ЖОО-ның ақылы бөлімінде оқуға мүмкіндік аласың.
– Онда бәлкім, Ұлттық бірыңғай тестілеудің талабын қатаңдатып, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін шектік балды жоғарылату керек шығар?
– Мен мұнымен келісемін. Есіңізде болса, алғаш тестілеу енгізілгенде шектік балл 40 болған. Сол кездері оқу орындарының да, студенттердің де саны шектен тыс көп болды. Білім сапасының құлдырағаны да рас. Бұл меженің төмен екенін аңғарған министрлік мамандары көрсеткішті 50-ге дейін көтерді. Кейбір университеттер үшін бұл меже 60-қа жетті. Меніңше, ҰБТ-ның шектік балын 70-ке жеткізсек те артық болмайды. Мұны мен өз тәжірибемізден айтып отырмын. Біз осы оқу жылында Халықаралық қатынастар факультетіне түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ-ның шектік балын 70 деп белгілеген болатынбыз. Нәтижесі көзге басылып-ақ тұр. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл оқуға түскен студенттердің білімі әлдеқайда жоғары екенін байқап жүрміз.
– Біздің елде әрбір 10 мың адамға шаққанда 377 студенттен тура келеді екен. Ал Америкада, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 200-ге де жетпейтін көрінеді. «Студенттер санының көп болуы білім сапасына кері әсер етіп отыр» деген пікір жиі айтылып жүр. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Әрине, жоғары білімді азаматтардың көп болғаны дұрыс-ақ. Дей тұрғанмен, сапа жайын, нарықтағы маманға деген сұраныс жайын да ұмытпауымыз қажет.
ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың жоғары оқу орындарының санын 50-ге дейін қысқарту жайлы мәселе көтеруі жайдан-жай емес. Барлық жекеменшік оқу орындарына топырақ шашудан аулақпын. Бірақ өкінішке қарай, кейбір ақылы, жекеменшік оқу орындары сападан гөрі, санға басымдық беріп келе жатқаны етекпен жауып, жасыратын жағдай емес. Сондықтан да ЖОО-ларды аккредитациялау қатаң тәртіппен жүргізілу керек.
–Жекеменшік оқу орындарының ақылы бөлімінде білім алып жатқан кейбір студенттердің жұмыс істеп, сессияны ақшамен жабатыны жайлы студенттердің өздері наразы көңілмен айтып жүр. Бұл мәселені қалай оңтайлы шешуге болады?
–Әрине, мұндай жағдайлар оқу орнына да, сонда жұмыс істейтін мұғалімдерге де, қала берді, сол оқу орнының студенттеріне де абырой әпермейді. Сондықтан бұл келеңсіздікпен бүкіл ұжым болып күресу керек. Ең алдымен оқу орнының басшысы жыл бойы сабаққа дұрыс қатыспаған балаға мұғалімнің неліктен оң баға қойып бергенін тексеруі керек. Егер студент денсаулығына байланысты сабаққа қатыса алмаған болса, ол – басқа әңгіме. Ал ондай болмаған жағдайда мұғалім өз іс-әрекеті үшін жауап беруі тиіс. Сондай-ақ студенттер де сабаққа келмеген балаға мұғалімнің оң баға қойғаны жайлы оқу орны басшыларына дер кезінде мәлімдеуі керек. Егер оқу орны басшылары оған көз жұма қараса, онда ол жайлы министрлікті хабардар ету қажет.
Қазіргі кезде жоғары оқу орны басшыларының мұндай жағдайды бақылап отыруға толық мүмкіндігі бар. Мұндай мәселені біздің университеттің ректоры Ғалым Мұтанов өте қатаң қадағалап отырады.
Біз балдық жүйемен әр аптаны қорытындылап отырамыз. Апта қортындысы базаға енгізіледі. Ол басшылардың қадағалауында болғандықтан, ешкім өзгерте де алмайды. Ал енді жалпы қорытынды бойынша тиесілі бал жинай алмаған, сабаққа дұрыс қатыспаған студентке мұғалім оң баға қойса, ол неліктен оң баға қойғанын дәлелдеуі тиіс.
Егер барлық оқу орындарында осындай қатаң талап болса, меніңше, мұндай мәселе өз-өзінен-ақ жойылған болар еді.
– Базбіреулер «Халықаралық қатынастар факультетін бітіргендер тек дипломатиялық салада қызмет атқарады» деп ойлайды. Жалпы, сіздердің факультеттеріңізді бітіргендер қай салаларда жұмыс істей алады?
–Ел арасында ондай да түсініктің бары рас. Сондықтан мен Халықаралық қатынастар факультеті даярлайтын мамандықтар жайлы айта кеткенім дұрыс болар.
Халықаралық қатынастар факультеті – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1995 жылы құрылған ең жас факультет. Онда білім беру Балон процесінің кредиттік технологиялық оқыту қағидаларына сәйкес, мамандар дайындаудың үш сатылы жүйесімен жүзеге асырылады: бакалавриат – төрт жыл, магистратура – бір және екі жылдық, докторантура PhD – үш жыл.
Бұл жүйе факультетте төрт мамандық негізінде жүзеге асады:
– Халықаралық қатынастар;
– Халықаралық құқық;
– Аймақтану;
– Әлемдік экономика.
Маман даярлау факультеттің үш шығарушы және екі тіл кафедрасында жүзеге асырылады:
– Халықаралық қатынастар және ҚР сыртқы саясаты кафедрасы;
– Халықаралық құқық кафедрасы;
– Аймақтану және әлемдік экономика кафедрасы;
– Шет тілдер кафедрасы;
– Қазіргі шығыс тілдері кафедрасы.
Оқу процесінде студенттердің мамандануына байланысты оқытуды студенттің талабына сай жүргізуге көп көңіл бөлінеді. Біздің факультет бірқатар тұтынушылардың ұсынысы бойынша жаңа мамандануларды ашты, жаңа таңдап алу пәндерін біріктіретін элективті курстардың каталогын дайындады. Атап айтқанда, «Халықаралық қатынастар» мамандығы аясында студенттер төмендегідей арнайы курстарды таңдай алады: Елтану (Орталық Азия, Қытай, Франция, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан және Жапония) мен Дипломатиялық және консулдық қызмет. Аймақтану мамандығының студенттері төрт аймақ бойынша пәндерді таңдай алады: Азиаттық-Тынық мұхит аймағы, Таяу Шығыс, Батыс Еуропа, АҚШ және Канада. Сонымен қатар әр мамандықтың студенттері басқа да көптеген элективті пәндерді таңдай алады.
Факультетіміздегі әрбір мұғалімнің басты міндеті:
– кәсіби еңбек нарығының ауыспалы қажеттіліктерін ескере отырып, талапқа сай кәсіби білімді, қабілеттілік пен әдістерді бойларына сіңіру;
– ғылыми және шығармашылық еңбекке дайындау, білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауға үйрету; демократиялық және құқықтық мемлекет жағдайында өздерінің кәсіби қызметіне жауапкершілікті қалыптастыру;
– демократиялық және құқықтық мемлекет жағдайында өздерінің кәсіби қызметіне жауапкершілікті қалыптастыру болып табылады.
–Өзіңіз жоғарыда Халықаралық қатынастар факультетінің кейіннен ашылғанын айтып өттіңіз. Жас факультеттің техникалық жабдықталу, оқулықпен қамтылу мәселелері қандай деңгейде?
– Біздің факультет қажетті оқу-әдістемелік құралдармен толықтай қамтылған. Факультет мұғалімдері «Халықаралық қатынастар», «Аймақтану» және «Әлемдік экономика» бакалавриат, магистратура, PhD докторантура мамандықтары бойынша ГОСО-ның бірнеше ұрпағының авторлары болып отыр. Оқытушыларымыз 445-тен астам жалпы курстар, арнайы курстар мен таңдап алу пәндері бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтардың жүргізілуін қамтамасыз етеді. Бірқатар пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Оқу жоспарына кіретін барлық пәндер бойынша ғылыми-әдістемелік кешендер бар, олар типтік және оқу бағдарламаларының негізінде және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Академиялық саясатына» сәйкес құрастырылған. Кредиттік технологиялық оқытуға толық өту және университетте UNIVER сияқты жаңа электрондық жүйені пайдалануға байланысты, барлық оқу пәндері бойынша силлабустар мен басқа да оқу-әдістемелік кешенінің материалдары аталған жүйеге енгізілген, бұл жаңа ақпаратты кіргізуге көмектеседі, олардың сапасын көтереді.
Біздің университет өз тарапынан жаңа оқу-әдістемелік кітаптарды басып шығаруға көп көңіл бөліп келеді.
Студенттерге білім беруде кредиттік технологиялық жүйені енгізуге байланысты факультет оқытушылары жаңа білім беру әдістері мен әдістемелерін өзінің дәрістер мен тәжірибелік сабақтарында кеңінен пайдалануда. Факультетте ОПҚ оқытудың мынандай белсенді нысандарын жүргізеді: дөңгелек үстелдер, саяси пікір алмасу, диспуттар, ашық конференциялар, іскерлік және симуляциялық ойындар жүргізіледі. Аудио және видео материалдар, Power Point көрнекі құралдары пайдаланылады. Студенттерге шетелдік білім беру бағдарламалары бойынша тренинг-семинарлар жиі өткізіліп тұрады. Осы іс-шаралар студенттерді материалды жүйелендіруге көмектеседі, оның талдаушылық іс-әрекетін дамытып, сыншылдық ойлау қабілетін жетілдіреді. Ашық дәрістерге қатысу шеңберінде жас оқытушылар профессорлардың және доценттердің тәжірибесін қабылдайды, оқытушылық әдістемені, интерактивті және инновациялық оқытудың нысандарын меңгереді.
Сонымен қатар факультет оқытушылары өз ғылыми туындылары мен зерттеулерінің нәтижелерін оқу процесіне енгізу арқылы қазіргі таңда өзекті болып жатқан ғылым мен білім интеграциясын дамытады.
– Сіздерде сабақ қай тілде оқытылады? Қазақ тілі мәселесі қалай?
– Халықаралық қатынастар факультетінің басты ерекшеліктерінің бірі –шет тілдерін тереңдетіп оқытуға көп көңіл бөлу болып табылады. Әрбір мамандықтың ерекшелігіне қарай факультет студенттері тоғыз батыс және екі шығыс тілдерін таңдап, білім алады. Факультеттің барлық мамандықтарындағы қазақ және орыс топтарында «Қазақ тілінде ісқағаздарын жүргізу» пәні оқытылады. Яғни мемлекеттік тілді ешқашан да ескерусіз қалдырмаймыз.
– Қазіргі таңда студенттердің іс-тәжірибеден өтуі, оқу бітірген соң жұмысқа орналасуы басты мәселелердің біріне айналып тұр. Оқу орны студентке белгілі бір кәсіпорында іс-тәжірибеден өтуге жолдама бермейді. Кәсіпорындар да оған ықылас таныта қоймайды. Оқу орындары мен өндіріс ошақтары арасында байланыс аз. Сіздерде бұл мәселе шешімін тапқан ба?
– Жалпы, әлемнің барлық елдерінде жоғары оқу орнын бітірген студенттер 100 пайыз жұмысқа орналасып кетпейді. Мұндай құбылыс біздің елде де көрініс тауып отыр. Бұл – нарық кеңістігінің заңдылығы. Біздің факультетті бітірген студенттердің 80 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып жүр. Менің білуімше, қалған 20 пайызы да жұмыссыз қалған емес. Олар басқа салаларда қызмет етуде.
Көптеген жоғары оқу орындарындары студенттерінің іс-тәжірибеден өту мәселесі өзекті болып жүр. Олар іс-тәжірибеден өтетін мекемелерді өздері іздеп табады. Жасырын емес, көп жағдайда олар іс-тәжірибеден өтпейді. Тек «іс-тәжірибеден өтті» деген анықтама алып келеді. Себебі өндірістік мекемелер студенттерді іс-тәжірибеден өтуге жұмысқа қабылдамайды. Жауапкершіліктен қаша ма, әйтеуір неше түрлі сылтау айтып, маңайлатпайды. Оқу орындарымен келісімшарт жасауға ыңғай танытпайды. Сондықтан бұл мәселені жоғарғы деңгейде шешу керек сияқты.
Ал бізде студенттердің іс-тәжірибеден өту мәселесі дұрыс жолға қойылған. ҚР Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстандағы шетелдердің елшіліктерімен, шетелдік компаниялармен, шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олармен келісімшарт жасасып, студенттерімізге сол мекемелерде іс-тәжірибеден өтуге жолдама береміз. Студенттер тек біз жолдама берген мекемеде ғана іс-тәжірибеден өтеді. Көп жағдайда біздің студенттеріміз оқу бітірген соң сол іс-тәжірибеден өткен мекемелеріне жұмысқа орналасып жатады.
Алашқа айтар датым...
Жастарымыз жапа-тармағай жоғары оқу орнының дипломын алуға ұмтылмай, мамандық алуға бет бұрса екен деймін. Дипломды сандыққа салып тастап, жұмыс таппай жүргендер жетерлік. Ал өндірістің көп саласында маман тапшы. Сондықтан кәсіптік лицейлердің жұмысын дұрыс жолға қою керек. Егер жастарымыз нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды таңдап, сол саланың білікті маманы болып жатса, одан оның өзіне де, отбасына да, елге де келер пайда көп болар еді. Мәселен, Америкада жастар алдымен колледжде оқиды. Содан кейін ғана қажет деп тапса, өзінің мүмкіншілігіне қарай жоғары оқу орнына барады. Бізде де жастар сол сияқты, алдымен колледжді тәмамдап, маман атанып, содан кейін қабілеті жетіп жатса, университетке түсуге бағын сынаса жөн болар еді. Ал егер университетке түсе алмай қалса, жұмыссыздар қатарын көбейтпей, колледжде алған мамандығы бойынша жұмыс істей алар еді.