Нұрлан ӨТЕШЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитетінің төраға міндетін атқарушы:
– Нұрлан Сүлейменұлы, Қазақстан тұрғындарының 30 пайызын жастар құрайды екен. Дәлірек айтқанда, 4 миллионнан асып-жығылатын жастардың ой-тілектерін елеп, ұсыныстарын ескеріп, билікке жеткізуге тиіс жастар ұйымдары да баршылық. Соған қарамастан, қазір өз құқықтарын қорғауға дәрменсіз жастар сөзі ісіне саятын шынайы ұйымдарды жоқтап жүр. Саңырауқұлақтай қаптаған саны көп, сапасы жоқ, жалған ұранға құрылған ұйымдар пайдасыз отырыстар, «айқай-шу» форумдар өткізуден әрі аспайды. Жаңа комитет бұл бағытта сапалық талдау жасап үлгерді ме?
– Иә, сөзіңізде жан бар. Шынында да, қолда бар деректерге сүйенсек, елімізде мыңнан астам жастар ұйымы тіркелген екен. Олардың қанша пайызы тұрақты немесе қанша пайызы жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр, өкінішке қарай, бұл жағы бізге беймәлім. Алайда жастар тарапынан ұйымдардың көптеп дүниеге келуі көңілге қуаныш ұялатады. Бұған қоғамдағы жастардың белсенділігі деп қараған жөн. Олай деген себебім, жастар өзін-өзі басқару үшін, өздерінің көкейлерін тескен сұрақтарды бірге шешу үшін он-оннан болсын, мың-мыңнан болсын жиналып, ерікті түрде ұйым құрады. Яғни арнайы бағдарламаларын әзірлеп, құжаттарын жинап, ұйымдарын ресми тіркейді. Мұның өзі қып-қызыл жұмыс, сондықтан бұл сатыдан өткен жастар заңдық, құқықтық тұрғыда біршама ақпараттарға қанығады. Екінші мәселе, кейбір ұйымдардың болашағы баянсыз болып, әрі қарай жұмыс істемей қалатыны өкінішті. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар ғой. Жұмысы тұралап қалған ұйымдарға қарап, Қазақстандағы өзге де жастар ұйымының үлесін жоққа шығаруға тағы да болмайды. Қолдарынан келгенше өз деңгейінде нәтижелі жұмыс атқарып жүрген, облыс орталықтарында, шағын қалаларда, аудандарда, елді мекендерде тұрақты өкілдері бар, ауыз толтырып айтарлықтай жүздеген ұйымдарды атап өтуге болады. Мәселен, бұл топтың басында «Жас Отан» ЖҚ көш бастап тұр. Аталған ұйымның аудандарда, ауылдарда ресми өкілі бар, сол арқылы ауыл, аудан жастарын қоғамдық өмірге тартып жүргені жасырын емес. Бұдан кейін Қазақстан Жастар конгресі бар, бұл ұйым да Алматы мен Астана қаласында, сондай-ақ барлық облыс орталықтарында өз бөлімдерін ашып үлгерді. Қазақ жастарының құқықтарын қорғайтын, ЖОО-да сапалы білім алуға ықпал жасайтын «Қазақстан Студенттер альянсын» атап өтуге болады. Өткен аптада ғана слеті өтіп, жаңа жетекшілерін сайлап алды. Сонымен бірге «Жасыл елді» ерекше атап өтуге болады, жыл сайын Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам жастың екі қолына бір күрек тауып беруге мүмкіндік туғызып отыр. Мұның барлығы жастардың ұжымда бірігіп жұмыс жасауына, көпшілікпен тіл табысып кетуіне септігін тигізеді. Мектеп жасындағы жастардың басын біріктірген «Жас ұлан» ұйымы да өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар жастарды патриоттық сезімге баулитын әскери бағытта жастармен жұмыс жасайтын «Жас қыран» орталығы жақында қатарға келіп қосылды. Аймақтарда ашылған «Зайсан жастары», «Жетісу жастары» сынды ерікті топтардың ұйымдары өздері ынта танытып отырса, неге біз олардың кеудесінен итеруіміз керек? Сіз айтпақшы, қаптаған ұйымдарды комитет тарапынан сараптап, жіктеп, жауып тастағаннан кімге қандай пайда түседі? Екінші мәселе, жеке ұйымдарға шектеу қойып, жауып тастау комитет құзыретіне кірмейді. Меніңше, керісінше, мұндай орталықтарға жергілікті өңірлерде ашылған жастар саясатымен айналысатын комитет басқармалары арқылы қол ұшын созуымыз керек. Дәлірек айтқанда, аймақтардағы жастардың ең өзекті мәселелері сол өңірдегі басқарма өкілдеріне жақсы таныс болғандықтан, олар аймақ жастарымен бір үстелде бас қосып, біріккен жоспар құрып, мәселелерін талдап, шешімін тауып жатса, комитеттің көп мақсатының бірі орындалғаны деген сөз.
Айта кететін тағы бір маңызды жайт, қазіргі кезде мемлекеттік емес жастар ұйымдарына мемлекет тарапынан көмек көрсету қолға алынып отыр. Бұл –ең ірі деп танылған 11 мемлекеттік емес ұйымға ұйымдастыру, үйлестіру жағынан ақпараттық көмек көрсетіледі деген сөз. Ендігі кезекте жастар саясатын жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі ғана емес, барлық ведомстволар өз үлестерін қосатын болады. Бұл туралы Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде мәселе көтерген болатын. Яғни бүкіл ведомстволар және мемлекеттік органдар өздерінің стратегиялық жоспарларында жастармен жұмыс жасау мәселесіне арналған арнайы бөлім қарастыруға тиіс. Бұдан шығатын түйін – әр мемлекеттік орган өз деңгейінде жастар саясатымен айналысуға міндетті. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жас мұғалімдерді, Қорғаныс министрлігі жас әскерлер мен жас офицерлерді, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жас экологтерді тартып, олардың әлеуметтік мәселелеріне немқұрайды қарамай, тез арада шешуге міндетті болады. Яғни мемлекеттік органдар жас мамандарды тарту үшін бүгін ынта танытуы керек.
– Еліміздегі елеулі оқиға – «Жас Отан» съезінде Елбасы жастарды қолдауға байланысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – «Жастардың еңбек биржасы» бірегей веб-порталын құру. Бұл бағытта бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылды?
– Қазіргі кезде «Жастардың еңбек биржасы» бірегей веб-порталы қандай мәселелерді ескеруі керек, міне, осы сауал төңірегінде ой қорытып, нақты шешімдер қабылданып жатыр. Бұл бастаманы Елбасы әр жас маманның интернет желісі арқылы өзінің тұрғылықты мекеніне таяу әрі қолайлы жұмыс табуы үшін көтерген еді. Сондықтан бұған тек орталық мемлекеттік органдар ғана емес, мүмкіндігінше аймақтардағы органдары атсалысқаны дұрыс. Ал біздің міндетіміз – веб-порталдағы күнделікті ақпараттардың жаңартылып отыруына үндеуіміз. Жастарды еңбек нарығына икемдеу мәселесін түзу жолға қоя алсақ, жас мамандар өздері қалаған кез келген өлкеге барып, қызмет істей алады. Қазір астаналық мамандар Ақмола, Қарағанды облысынан өзіне қолайлы жұмыс таба алса, сол орынға барып, өз біліктілігін көтере алады. Меніңше, бұл веб-портал тек жұмыссыз жастарды ғана емес, тәжірибесін жетілдіргісі келетін кез келген маманға берілген мүмкіндік береді.
– Жасыратын несі бар, қазіргі кезде жас маман баспанаға зәру. Статистика солай дейді. 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың 85 пайызы үй-күйсіз жүр. Қазақ жастарының баспаналы болуы айға қол созғанмен бірдей болып тұр қазір. Бұған Елбасы да назар аударған болатын. Жастарды тұрғын үймен қамту мәселесін қандай механизмдер арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр?
– Әлбетте, бұл деректерді жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен жас мамандарды баспанамен қамту үшін жаңа бастама қолға алынбақ. Ал дәл бүгінге дейін мемлекеттік қызметтегі жас мамандарға және түрлі әлеуеметтік себептерге байланысты жастарға тұрғын үй беріліп келді. Бірақ бұл анау айтқандай кең ауқымды болмағаны рас. Елбасы тапсырмасына сәйкес, жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жарты миллионнан астам жас отбасыны жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Оның ішінде ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолы қарастырылады.
Сонымен бірге, «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылға қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша тұрғын үй құрылысының ауқымын 530 мың шаршы метрге немесе жыл сайын 6,5 мыңнан астам пәтерге жеткізу жоспарланған. Оның ішінде 3 мың пәтер немесе 200 мың шаршы метрі жас отбасыларға арналмақ.
Студенттік баспананы 2012-2015 жылдарға дамыту шеңберінде жоғары оқу орны жүйесінде 50 мың орынға арналған 100 жатақхананың құрылысы қолға алынады.
– Кейінгі кездері жастарға қатысты «әлеуметтік лифтілер» құру турасында жиі айтылып жүр. Бірақ сөз жүзінде ғана қалып келеді. Осы «әлеуметтік лифт» қалай іске асады? Нақты мысалдармен айтсаңыз...
– «Әлеуметтік лифт» деген термин бізге Еуропадан енген. Бұл әлеуметтік жағдайды жақсартуға жасалатын жол десе де болады. Қазақстандағы «әлеуметтік лифтінің» алғашқы сатысы – білім алу жүйесі. Ең алдымен, жастар сапалы біліммен қамтылуы керек. Бұл жағынан келгенде қазақтың асығы алшы түсіп тұр. Себебі шетелдік сарапшылардың пікірінше, қазақстандық жастардың білім деңгейі жоғары бағаланады. «Білім адамның көкжиегін ашады» демекші, білім қуатына ие болған адам ғана қиялындағы дүниелерін жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Білім арқылы жастар нақты бір мамандыққа, бір салаға бейімделеді. Білім арқылы жастар өздерінің қабілеттерін дамыта алады. Бұдан кейінгі әлеуметтік сатылардың бірі ретінде спорт саласын атауға болады. Жақында ғана дүркіреп өткен байрақты бәсекеде қаншама жастарымыз биіктен көрініп, елдің қошеметіне ие болды. Мәселен, солар қарапайым отбасында өскен балалар ғой, белгілі бір спорттың түріне бейімделіп, қарым-қабілетін дамытты. Нәтижесінде көп жылғы еңбектің арқасында жеңіске жетіп, әлеуметтік мәртебесін өзгертті. Сондай-ақ бұл қатарға жастар ұйымдарын да жатқызуға болады. Жастар ұйым арқылы өздерінің белсенділігін көрсете алады. Мемлекеттік қызмет, яғни жұмысқа келген жас өз біліктілігін арттырып, кәсіби жағынан өсу мүмкіндігіне ие.
Тағы бір сатысы бар – волонтерлық институт. Шетелде волонтерлық жүйенің мықты институты қалыптасқан. Біздің елде бұл жағы әлі дамымай отыр. Қазіргі кезде волонтерлық жүйені дамыту үшін арнайы кеңес құрылды. Мұндай орталықтардың жастардың қалыптасуына ықпалы зор. Еліміз алдағы жылдардан дәмелі, себебі халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғалар: 2014 жылы Алматы қаласында халықаралық қысқы универсиада, ал Астанада 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Осыған орай, елімізде волонтер жасақтарына сұраныс туындайды. Сондықтан 2013 жылы Татарстанның Қазан қаласында өтетін универсиадаға бір топ қазақтың волонтер қыз-жігіттерін аттандыру жоспарланып отыр. Олар шараға бастан-аяқ қатысып, тәжірибе алмасады. Волонтер жас кейін кез келген ортада бәсекеге қабілетті бола алады. «Болашақ» бағдарламасы да үлкен әлеуметтік лифтіге айналған. Себебі шетелде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізген жас жеткіншектер елге оралғанда мол олжамен келеді. Олар білімді ғана емес, көрші елімізден, Батыстан, Шығыстан жаңа менталитет ала келеді.
Мәселен, мен 1994 жылы мектепті тәмамдадым. Білім жолын қуып, институт табалдырығын аттадым. Кеңес үкіметі кезіндегі күллі жастар ұйымының басын біріктіріп тұрған Жастар одағы шашырап кеткен. Ұйым жетекшілері, жас көшбасшылары түгелдей қара басының қамын күйттеп, бизнеске кетіп қалды. Сол кезеңде ойшыл, шығармашыл жастардың басын қосқан «Көңілді тапқырлар» клубы дүниеге келді. Міне, осы ұйым арқылы ұжыммен тіл табысып, ортақ мақсатта жұмылып жұмыс жасауды үйрендім. Өзге құрдастарымыз би кештерінде еден тоздырып немесе төбелесіп, арақ-шарапқа қарқ болып жүргенде, біз бір үйге жиналып немесе сабақтан кейін қалып, өзімізге қызықты, пайдалы дүниелермен айналысатын едік. Өз басым сол кезеңдердегі келеңсіз жайттарды келеке ететін қалжыңдар жазатынмын. Расын айтқанда, мен жастар саясатына КВН арқылы келдім. Мен бұларды неге айтып отырмын, себебі кез келген жас діні, ділі мықты болса, намысшыл, патриот болса, ол өзі бейімделген салада нақты жетістікке қол жеткізе алады деп ойлаймын. Қазір «бизнеспен айналысам» деген жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер жетерлік. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, инновациялық гранттар, қызықты жобаларға берілетін төмен пайыздағы несилер – мұның барлығы да жастарға берілген мүмкіндіктер. Қазіргі кездегі ғылымды кеңес дәуіріндегі ғылыммен салыстыруға келмейді. Мемлекет грантпен қаржыландырып, стипендия тағайындап, шетелде тәжірибе алмасу үшін барлық мүмкіндіктерді ашып беріп отыр. Жастар жауапкершілікті сезінуі керек. Себебі мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланған әр азамат өз кезегінде «мемлекетке мен не бере аламын» деген ой түюі керек.
Ал сыртқы елдердегі тәжірибелерді салыстыратын болсақ, АҚШ-та өзінің үстемдігін жүргізіп отырған 300-ге жуық отбасы бар. Үбірлі-шүбірлі, элитаға айналған. Олар саясатты өздері жасайды. Соның жарқын бір дәлелі – Кеннеди деген танымал әулет. Оның басында тұрған Джон Кеннеди АҚШ-тың Президенті болса, үрім-бұтақтары бірнеше штаттарда әртүрлі деңгейдегі депутат, конгресмен, губернатор, мэр. Ал Бразилияны алайық, онда жалғыз-ақ «әлеуметтік лифт» бар, ол – футбол. Ал біздегі ахуал мүлдем басқаша, әр деңгейдегі депутаттыққа қарапайым отбасынан шыққан қазақтың қара домалақ баласы өте алады. Елбасының жүріп өткен «әлеуметтік лифтісі» де – жастарға жақсы мысал.
– Иә, Президентіміздің жүріп өткен еңбек жолы, расында да, барша бүгінгі жастарға үлгі болуы тиіс. Ал енді қазір Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Осы құжатқа қатысты не айта аласыз?
– Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге мен де қатыстым. Маңызды құжат жобасын әзірлеу мақсатында Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобының мүшелері республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп түскен ұсыныс-тілектерді саралап шықты. Осыған орай, жастар ұйымдарының қатысуымен бірнеше мәрте пысықталып, талқыға салынды. Мұндай талқылаулар облыс орталықтарындағы, аудан-аймақтардағы жастардың арасында өтті. Қазір тұжырымдама жобасы Үкімет қарауында жатыр. Жалпы, 4 миллионнан асып-жығылатын жастардың тағдырын шешетін бұл құжат негізгі үш бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – жастарға әлеуметтік-экономикалық бағытта нақты қолдау көрсету. Өйткені мемлекет жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу, материалдық-тұрмыстық жағдайын жіті зерттеу кезек күттірмейтін көкейтесті мәселеге айналып отырғанын сезінеді. Жастарды тұрақты жұмыспен қамту үлесін арттыру үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту көзделіп отыр. Дәл бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам жас маманның екі қолына бір күрек ұстатса, олардың ішінде 5 мыңға жуық жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы да жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Яғни кәсіпкерлікпен айналысамын деген жасқа жеңілдіктер қарастырылған. Тұжырымдамадағы екінші бағыт – жастарды адами құндылықтарға тәрбиелеу мәселелеріне арналған. Патриоттық тәрбиеге баулу жағынан ауқымы өте кең шаралар қарастырылған. Үшінші кезекте – жастар ұйымдарына қолдау көрсету. Осыған орай, Елбасы облыстарда жастар ісі жөніндегі басқармалар құруды тапсырған болатын. Ендігі жерде Жастар ісі комитеті әр ауданында, әр қаласында жастарға арналған ресурстық орталықтар ашу мәселесін көтеріп отыр.
Алашқа айтар датым...
Біздің қоғамда «мемлекет маған не береді, қандай жағдай жасай алады» деген масылдық пікір қалыптасып үлгерген. Шын мәнінде, мемлекет жастардың оқуы үшін жағдай жасамаса, қалаған оқу орнына түсуіне мүмкіндік тудырмаса, мен бұл пікірді дұрыс қабылдар едім. Бірақ бізде ахуал басқаша ғой. Керісінше, жастар мемлекет берген мүмкіндіктерді құр жібермей, сапалы білім алуға ұмтылуы керек. Ал білімді жас еңбек нарығында қашан да бәсекеге қабілетті. Ол табысты болады. Ол әлеуметтік жағдайын жақсартып алады. Меніңше, мемлекет пен жастар арасында тепе-тең диалог жоқ. Мен бір ғана мәселені айтқым келеді, еңбектенуге құлықсыз адамның ешқашан да мақсаты, арманы болмайды. Мемлекет қанша жерден жағдай туғызып жатса да, еш ісі өнбейді. Сондықтан жастар жауапкершілікті айқын сезінуі керек. Бізге аға буын үлкен үмітпен қарайды, сол сенімге сай болу қажет.