Жастардың жалған ұраннан гөрі, нақты іспен шұғылданғаны дұрыс

Жастардың жалған ұраннан гөрі, нақты іспен шұғылданғаны дұрыс

Нұрлан ӨТЕШЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитетінің төраға міндетін атқарушы:

– Нұрлан Сүлейменұлы, Қазақстан тұрғындарының 30 пайызын жастар құрайды екен. Дәлірек айтқанда, 4 миллионнан асып-жығылатын жастардың ой-тілектерін елеп, ұсыныстарын ескеріп, билікке жеткізуге тиіс жастар ұйымдары да баршылық. Соған қарамастан, қазір өз құқық­тарын қорғауға дәрменсіз жастар сөзі ісіне саятын шынайы ұйымдарды жоқтап жүр. Саңырауқұлақтай қаптаған саны көп, сапасы жоқ, жалған ұранға құрылған ұйымдар пайдасыз отырыстар, «айқай-шу» форумдар өткізуден әрі аспайды. Жаңа комитет бұл бағытта сапалық талдау жасап үлгерді ме?
– Иә, сөзіңізде жан бар. Шынында да, қолда бар деректерге сүйенсек, елімізде мыңнан астам жастар ұйымы тіркелген екен. Олардың қанша пайызы тұрақты немесе қанша пайызы жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр, өкінішке қарай, бұл жағы бізге беймәлім. Алайда жастар тарапынан ұйымдардың көптеп дүниеге келуі көңілге қуаныш ұялатады. Бұған қоғамдағы жас­тар­дың белсенділігі деп қараған жөн. Олай деген себебім, жастар өзін-өзі басқа­ру үшін, өздерінің көкейлерін тескен сұрақ­тарды бірге шешу үшін он-оннан бол­сын, мың-мыңнан болсын жиналып, ерікті түрде ұйым құрады. Яғни арнайы бағдарламаларын әзірлеп, құжаттарын жинап, ұйымдарын ресми тіркейді. Мұның өзі қып-қызыл жұмыс, сондықтан бұл сатыдан өткен жастар заңдық, құқықтық тұрғыда біршама ақпараттарға қанығады. Екінші мәселе, кейбір ұйымдардың бола­шағы баянсыз болып, әрі қарай жұмыс істемей қалатыны өкінішті. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар ғой. Жұмысы тұралап қалған ұйымдарға қарап, Қазақстандағы өзге де жастар ұйымының үлесін жоққа шығаруға тағы да болмайды. Қолдарынан келгенше өз деңгейінде нәтижелі жұмыс атқарып жүрген, облыс орталықтарында, шағын қалаларда, аудандарда, елді мекендерде тұрақты өкілдері бар, ауыз толтырып айтарлықтай жүздеген ұйымдарды атап өтуге болады. Мәселен, бұл топтың басын­да «Жас Отан» ЖҚ көш бастап тұр. Аталған ұйымның аудандарда, ауылдарда ресми өкілі бар, сол арқылы ауыл, аудан жаста­рын қоғамдық өмірге тартып жүргені жа­сы­рын емес. Бұдан кейін Қазақстан Жастар конгресі бар, бұл ұйым да Алматы мен Астана қаласында, сондай-ақ барлық облыс орталықтарында өз бөлімдерін ашып үлгерді. Қазақ жастарының құқықта­рын қорғайтын, ЖОО-да сапалы білім алуға ықпал жасайтын «Қазақстан Сту­дент­тер альянсын» атап өтуге болады. Өткен аптада ғана слеті өтіп, жаңа жетекші­лерін сайлап алды. Сонымен бірге «Жасыл елді» ерекше атап өтуге болады, жыл сайын Қазақстан бойынша 12 мыңнан ас­там жастың екі қолына бір күрек тауып беруге мүмкіндік туғызып отыр. Мұның барлығы жастардың ұжымда бірігіп жұмыс жасауына, көпшілікпен тіл табысып кетуіне септігін тигізеді. Мектеп жасындағы жастардың басын біріктірген «Жас ұлан» ұйымы да өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар жастарды патриот­тық сезімге баулитын әскери бағытта жас­тармен жұмыс жасайтын «Жас қыран» орта­лығы жақында қатарға келіп қосылды. Аймақтарда ашылған «Зайсан жастары», «Жетісу жастары» сынды ерікті топтардың ұйымдары өздері ынта танытып отырса, неге біз олардың кеудесінен итеруіміз керек? Сіз айтпақшы, қаптаған ұйымдарды комитет тарапынан сараптап, жіктеп, жауып тастағаннан кімге қандай пайда түсе­ді? Екінші мәселе, жеке ұйымдарға шек­теу қойып, жауып тастау комитет құзыретіне кірмейді. Меніңше, керісінше, мұндай орталықтарға жергілікті өңірлерде ашылған жастар саясатымен айналысатын комитет басқармалары арқылы қол ұшын созуымыз керек. Дәлірек айтқанда, аймақ­тардағы жастардың ең өзекті мәселелері сол өңірдегі басқарма өкілдеріне жақсы таныс болғандықтан, олар аймақ жастары­мен бір үстелде бас қосып, біріккен жоспар құрып, мәселелерін талдап, шешімін тауып жатса, комитеттің көп мақсатының бірі орындалғаны деген сөз.
Айта кететін тағы бір маңызды жайт, қазіргі кезде мемлекеттік емес жастар ұйым­дарына мемлекет тарапынан көмек көрсету қолға алынып отыр. Бұл –ең ірі деп танылған 11 мемлекеттік емес ұйымға ұйым­дастыру, үйлестіру жағынан ақпарат­тық көмек көрсетіледі деген сөз. Ендігі кезекте жастар саясатын жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі ғана емес, бар­лық ведомстволар өз үлестерін қосатын болады. Бұл туралы Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде мәселе көтерген болатын. Яғни бүкіл ведомстволар және мемлекеттік органдар өздерінің стратегиялық жоспарларында жастармен жұмыс жасау мәселесіне арналған арнайы бөлім қарастыруға тиіс. Бұдан шығатын түйін – әр мемлекеттік орган өз деңгейінде жастар саясатымен айналысуға міндетті. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жас мұғалімдерді, Қорғаныс министрлігі жас әскерлер мен жас офицерлерді, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жас экологтерді тартып, олардың әлеуметтік мәселелеріне немқұрайды қарамай, тез арада шешуге міндетті болады. Яғни мем­лекеттік органдар жас мамандарды тарту үшін бүгін ынта танытуы керек.
– Еліміздегі елеулі оқиға – «Жас Отан» съезінде Елбасы жастарды қолдауға байланысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – «Жас­тар­дың еңбек биржасы» бірегей веб-порталын құру. Бұл бағытта бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылды?
– Қазіргі кезде «Жастардың еңбек биржасы» бірегей веб-порталы қандай мәселелерді ескеруі керек, міне, осы сауал төңірегінде ой қорытып, нақты шешімдер қабылданып жатыр. Бұл бастаманы Елбасы әр жас маманның интернет желісі арқылы өзінің тұрғылықты мекеніне таяу әрі қолай­лы жұмыс табуы үшін көтерген еді. Сон­дық­тан бұған тек орталық мемлекеттік орган­дар ғана емес, мүмкіндігінше аймақ­тардағы органдары атсалысқаны дұрыс. Ал біздің міндетіміз – веб-порталдағы күнделікті ақпараттардың жаңартылып отыруына үн­деуіміз. Жастарды еңбек нары­ғына икемдеу мәселесін түзу жолға қоя алсақ, жас мамандар өздері қалаған кез келген өлкеге барып, қызмет істей алады. Қазір астаналық мамандар Ақмола, Қарағанды облысынан өзіне қолайлы жұмыс таба алса, сол орынға барып, өз біліктілігін көтере алады. Меніңше, бұл веб-портал тек жұмыссыз жастарды ғана емес, тәжірибесін жетілдіргісі келетін кез келген маманға берілген мүмкіндік береді.
– Жасыратын несі бар, қазіргі кезде жас маман баспанаға зәру. Статистика солай дейді. 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың 85 пайызы үй-күйсіз жүр. Қазақ жастарының баспаналы болуы айға қол созғанмен бірдей болып тұр қазір. Бұған Елбасы да назар аударған болатын. Жастарды тұрғын үймен қамту мәселесін қандай механизмдер арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр?
– Әлбетте, бұл деректерді жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен жас маман­дар­ды баспанамен қамту үшін жаңа баста­ма қолға алынбақ. Ал дәл бүгінге дейін мемлекеттік қызметтегі жас мамандарға және түрлі әлеуеметтік себептерге байла­нысты жастарға тұрғын үй беріліп келді. Бірақ бұл анау айтқандай кең ауқымды болмағаны рас. Елбасы тапсырмасына сәй­кес, жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жарты миллионнан астам жас отбасыны жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Оның ішінде ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолы қарастырылады.
Сонымен бірге, «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы аясында 2015 жыл­ға қарай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша тұрғын үй құрылысының ауқымын 530 мың шаршы метрге немесе жыл сайын 6,5 мыңнан астам пәтерге жеткізу жоспарланған. Оның ішінде 3 мың пәтер немесе 200 мың шаршы метрі жас отбасыларға арналмақ.
Студенттік баспананы 2012-2015 жыл­дарға дамыту шеңберінде жоғары оқу орны жүйесінде 50 мың орынға арнал­ған 100 жатақхананың құрылысы қолға алы­на­ды.
– Кейінгі кездері жастарға қатысты «әлеуметтік лифтілер» құру турасында жиі айтылып жүр. Бірақ сөз жүзінде ғана қалып келеді. Осы «әлеуметтік лифт» қалай іске асады? Нақты мысалдармен айтсаңыз...
– «Әлеуметтік лифт» деген термин бізге Еуропадан енген. Бұл әлеуметтік жағдайды жақсартуға жасалатын жол десе де болады. Қазақстандағы «әлеуметтік лифтінің» алғашқы сатысы – білім алу жүйе­сі. Ең алдымен, жастар сапалы білім­мен қамтылуы керек. Бұл жағынан келген­де қазақтың асығы алшы түсіп тұр. Себебі шетелдік сарапшылардың пікірінше, қазақстандық жастардың білім деңгейі жоғары бағаланады. «Білім адамның көкжиегін ашады» демекші, білім қуатына ие болған адам ғана қиялындағы дүние­лерін жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Білім арқылы жастар нақты бір мамандық­қа, бір салаға бейімделеді. Білім арқылы жастар өздерінің қабілеттерін дамыта алады. Бұдан кейінгі әлеуметтік сатылар­дың бірі ретінде спорт саласын атауға бо­ла­ды. Жақында ғана дүркіреп өткен бай­рақты бәсекеде қаншама жастарымыз биік­тен көрініп, елдің қошеметіне ие бол­ды. Мәселен, солар қарапайым отбасында өскен балалар ғой, белгілі бір спорттың түріне бейімделіп, қарым-қабілетін да­мыт­ты. Нәтижесінде көп жылғы еңбектің арқасында жеңіске жетіп, әлеуметтік мәртебесін өзгертті. Сондай-ақ бұл қатарға жастар ұйымдарын да жатқызуға болады. Жастар ұйым арқылы өздерінің белсен­ділігін көрсете алады. Мемлекеттік қызмет, яғни жұмысқа келген жас өз біліктілігін арттырып, кәсіби жағынан өсу мүмкіндігіне ие.
Тағы бір сатысы бар – волонтерлық институт. Шетелде волонтерлық жүйенің мықты институты қалыптасқан. Біздің елде бұл жағы әлі дамымай отыр. Қазіргі кезде волонтерлық жүйені дамыту үшін арнайы кеңес құрылды. Мұндай орталықтардың жастардың қалыптасуына ықпалы зор. Еліміз алдағы жылдардан дәмелі, себебі халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға­лар: 2014 жылы Алматы қаласында халы­қ­аралық қысқы универсиада, ал Астанада 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Осыған орай, елімізде волонтер жа­сақ­тарына сұраныс туындайды. Сондықтан 2013 жылы Татарстанның Қазан қаласында өтетін универсиадаға бір топ қазақтың волон­тер қыз-жігіттерін аттандыру жос­пар­ланып отыр. Олар шараға бастан-аяқ қатысып, тәжірибе алмасады. Волонтер жас кейін кез келген ортада бәсекеге қабі­летті бола алады. «Болашақ» бағдарламасы да үлкен әлеуметтік лифтіге айналған. Себебі шетелде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізген жас жеткіншектер елге оралғанда мол олжамен келеді. Олар білімді ғана емес, көрші елімізден, Батыстан, Шығыстан жаңа менталитет ала келеді.
Мәселен, мен 1994 жылы мектепті тәмамдадым. Білім жолын қуып, институт табалдырығын аттадым. Кеңес үкіметі кезіндегі күллі жастар ұйымының басын біріктіріп тұрған Жастар одағы шашырап кеткен. Ұйым жетекшілері, жас көшбас­шы­лары түгелдей қара басының қамын күйттеп, бизнеске кетіп қалды. Сол кезеңде ойшыл, шығармашыл жастардың басын қосқан «Көңілді тапқырлар» клубы дү­ниеге келді. Міне, осы ұйым арқылы ұжым­мен тіл табысып, ортақ мақсатта жұмы­лып жұмыс жасауды үйрендім. Өзге құрдастарымыз би кештерінде еден тоздырып немесе төбеле­сіп, арақ-шарапқа қарқ болып жүргенде, біз бір үйге жиналып немесе сабақтан кейін қалып, өзімізге қызықты, пайдалы дүние­лермен айналысатын едік. Өз басым сол кезеңдердегі келеңсіз жайттарды келеке ететін қалжыңдар жазатынмын. Расын айтқанда, мен жастар саясатына КВН арқылы келдім. Мен бұларды неге айтып отырмын, себебі кез келген жас діні, ділі мықты болса, намысшыл, патриот болса, ол өзі бейімделген салада нақты жетістікке қол жеткізе алады деп ойлаймын. Қазір «бизнеспен айналысам» деген жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүм­кіндіктер жетерлік. «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы, инно­вация­лық гранттар, қызықты жобаларға берілетін төмен пайыздағы несилер – мұның барлығы да жастарға берілген мүм­кіндіктер. Қазіргі кездегі ғылымды кеңес дәуіріндегі ғылыммен салыстыруға кел­мейді. Мемлекет грантпен қаржылан­ды­рып, стипендия тағайындап, шетелде тәжі­рибе алмасу үшін барлық мүмкіндіктерді ашып беріп отыр. Жастар жауапкершілікті сезінуі керек. Себебі мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланған әр азамат өз ке­зе­гінде «мемлекетке мен не бере аламын» деген ой түюі керек.
Ал сыртқы елдердегі тәжірибелерді салыстыратын болсақ, АҚШ-та өзінің үстемдігін жүргізіп отырған 300-ге жуық отбасы бар. Үбірлі-шүбірлі, элитаға айнал­ған. Олар саясатты өздері жасайды. Соның жарқын бір дәлелі – Кеннеди деген таны­мал әулет. Оның басында тұрған Джон Кеннеди АҚШ-тың Президенті болса, үрім-бұтақтары бірнеше штаттарда әртүрлі деңгейдегі депутат, конгресмен, губерна­тор, мэр. Ал Бразилияны алайық, онда жалғыз-ақ «әлеуметтік лифт» бар, ол – футбол. Ал біздегі ахуал мүлдем басқаша, әр деңгейдегі депутаттыққа қарапайым отбасынан шыққан қазақтың қара домалақ баласы өте алады. Елбасының жүріп өткен «әлеуметтік лифтісі» де – жастарға жақсы мысал.
– Иә, Президентіміздің жүріп өткен еңбек жолы, расында да, барша бүгінгі жастарға үлгі болуы тиіс. Ал енді қазір Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымда­масы әзірленіп жатыр. Осы құжатқа қатысты не айта аласыз?
– Мемлекеттік жастар саясаты тұжы­рымдамасының жобасын әзірлеуге мен де қатыстым. Маңызды құжат жобасын әзірлеу мақсатында Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде арнайы жұмыс тобы құ­рыл­ған болатын. Жұмыс тобының мүшелері республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп түскен ұсыныс-тілектерді саралап шықты. Осыған орай, жастар ұйым­дарының қатысуымен бірнеше мәрте пысықталып, талқыға салынды. Мұндай талқылаулар облыс орталықтарындағы, аудан-аймақтардағы жастардың арасында өтті. Қазір тұжырымдама жобасы Үкімет қарауында жатыр. Жалпы, 4 миллионнан асып-жығылатын жастардың тағдырын шешетін бұл құжат негізгі үш бағытты қам­тиды. Бірінші бағыт – жастарға әлеу­меттік-экономикалық бағытта нақ­ты қолдау көр­сету. Өйткені мемлекет жастардың әлеу­меттік-экономикалық пробле­маларын шешу, материалдық-тұрмыстық жағдайын жіті зерттеу кезек күттірмейтін көкейтесті мәсе­леге айналып отырғанын сезінеді. Жастарды тұрақты жұмыспен қамту үлесін арттыру үшін «Дипломмен – ауыл­­ға!» бағдарламасының аясын кеңейту көзделіп отыр. Дәл бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам жас маманның екі қолына бір күрек ұстатса, олардың ішінде 5 мың­ға жуық жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы да жас­­­тарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Яғни кәсіпкер­лік­пен айналысамын деген жасқа жеңілдіктер қарастырылған. Тұжырымдамадағы екінші бағыт – жастар­ды адами құнды­лықтарға тәрбиелеу мәселелеріне арналған. Патриоттық тәр­биеге баулу жағынан ауқымы өте кең шаралар қарастырылған. Үшінші кезекте – жастар ұйым­дарына қолдау көрсету. Осыған орай, Елбасы облыстарда жастар ісі жөніндегі басқармалар құруды тап­сыр­ған болатын. Ендігі жерде Жастар ісі коми­теті әр ауданында, әр қала­сын­да жастарға арналған ре­сурс­тық орталықтар ашу мә­селесін кө­теріп отыр.

Алашқа айтар датым...
Біздің қоғамда «мемлекет маған не береді, қандай жағдай жасай алады» деген масылдық пікір қалыптасып үлгерген. Шын мәнінде, мемлекет жастардың оқуы үшін жағдай жасамаса, қалаған оқу орнына түсуіне мүмкіндік тудырмаса, мен бұл пікірді дұрыс қабылдар едім. Бірақ бізде ахуал басқаша ғой. Керісінше, жастар мемлекет берген мүмкіндіктерді құр жібермей, сапалы білім алуға ұмтылуы керек. Ал білімді жас еңбек нарығында қашан да бәсекеге қабілетті. Ол табысты болады. Ол әлеуметтік жағдайын жақсартып алады. Меніңше, мемлекет пен жастар арасында тепе-тең диалог жоқ. Мен бір ғана мәселені айтқым келеді, еңбектенуге құлықсыз адамның ешқашан да мақсаты, арманы болмайды. Мемлекет қанша жерден жағдай туғызып жатса да, еш ісі өнбейді. Сондықтан жастар жауапкершілікті айқын сезінуі керек. Бізге аға буын үлкен үмітпен қарайды, сол сенімге сай болу қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста