Жастарды зерттейтін республикалық орталық ашу қажет

Жастарды зерттейтін  республикалық орталық ашу қажет

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтану ғылымының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:

– Рамазан мырза, әлем әлеуметтанушылары атап өткен Халықаралық әлеуметтану­шы­лар күнінен кейін кездесіп отырмыз. Мейрамды қалай қарсы алдыңыз?
– Әлеуметтанушылар күні болғанда сәті түсіп мен Санкт-Петербор қаласының мемлекеттік университетінің әлеуметтану факультетінде «Ковлевский оқулары» атты конференцияда баяндама жаса­дым. Үлкен жиында Ресейдің 64 қаласы­нан, сегіз шет мемлекеттен ғалымдар бас қосты. Мен Еуразия ұлттық уни­верситетінің әлеуметтанулық зерттеулер бөлімі өткізген студенттердің әлеуметтік құзыреттілігі туралы зерттеудің қоры­тындыларымен бөлістім. Студент жас­тардың әлеуметтік жағдайдың талабына сәйкес іс-әрекеттер жасауы олардың өмір жолында жақсы жетістіктерге жетуі­не кепілдік береді емес пе?! Бұл мәселені осы тұрғыдан қарастырғанда, жас қа­зақ­стандықтардың ұстанымдар жүйесі қандай деген сұраққа жауаптар конфе­ренцияға қатысушыларға өте қызықты болды. Өйткені жалпы шетелдерде жыл­дан-жылға Қазақстанға деген қызығу­шылық өсуде. Елдегі саяси тұрақтылық негіздері, болашақта бұл үрдісті жал­ғастырушы жастардың қандай әлеуеті бар, экономикалық даму жалғасын таба ма, жалпы тұрғындардың көңіл күйі қандай деген сұрақтар шетелдік сарап­шылардың, ғалымдардың кө­кей­лерінде жүргені анық. Мысалы, осыдан тура бір жыл бұрын Люблин (Польша) қаласында 14 шетел ғалым­дары алдында жасаған баяндамам 15 минут болса, оны талдау, сұраққа жауап тағы 15 минутқа созылған еді.
– Батыстың өркениетті елдерінде социология, яғни әлеуметтану ғылымы жақсы дамыған. Тіпті саяси науқан­дар кезінде электорат қауымы әлеуметтанушы­лар­дың пікірлері мен болжам­дарын асыға күтіп отырады. Біздің елде ғылымның бұл саласы­ның даму көрсеткіші қанша­лық­ты? Бұлай сұрауым­ның себебі, жыл сайын маман­дар даярланып жатқанымен, нақты өмірде олардың қандай істермен айналысып жатқан­ды­ғынан хабарсызбыз.
– Бізде әлеуметтану ғылымы жақсы дамып келеді. Дамудың институцио­налды көрсеткіштері бірнешеу. Бірін­шіден, ғылыми негізде социологиялық зерттеулер жүргізіп жүрген он шақты орталық бар, олар – мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің құрамында немесе дербес, бөлек ұйымдар. Бұлар­дың қатарына көптеген жоғары оқу орнындағы социологиялық зерттеулер бөлімдерін қосыңыз. Солардың бірі – Еуразия ұлттық университетіндегі социо­логиялық зерттеулер мен болжау бөлімі. Екіншіден, елімізде жоғары білікті со­цио­лог мамандар дайындайтын, лицен­зиясы бар 11 жоғары оқу орны бар, олар­дан жыл сайын жүзден астам социо­логия бакалавры, магистрі және докторы бітіреді. Үшіншіден, ғалымдардың жо­ға­ры біліктілігін куәландыратын, кан­дидаттық және докторлық диссертация­лар қорғайтын екі ғылыми кеңес бар, біреуі ЕҰУ-да. Жалпы, бүгінде Қазақ­станда тек қана социология ғылым­да­ры­ның саны 30-ға жуық, ал социология ғылымдарының кандидаттары одан екі есе артық. Әрине, олардың тең жартысы Астана мен Алматыда жұмыс істейді. Мысалы, ЕҰУ-да бес доктор, төрт канди­дат және социологиядан PhD докто­рантурасын бітірген алты жас ғалым бар. Төртіншіден, ғалымдардың жетістік­терін көпшілікке жеткізетін, ғылыми ортада талдайтын арнайы басылым­дарды айтуымыз керек. Олардың ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы, ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазПҰУ және Павлодар мемлекеттік университет­тері­нің басылымдары, республикалық «Ақи­қат», «Мысль», «Саясат» және тағы басқа ғылыми журналдар бар. Бесінші­ден, екі жылда бір мәрте Қазақстан со­цио­логтары мен Түркі тілдес елдер социологтарының, төрт жылда бір рет Дүниежүзілік социологтар конгресі өтіп тұрады. Мысалы, биыл Гетеборгта өткен дүниежүзілік конгреске профессор Айгүл Забирова қатысты. Өзім 2008 жылғы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік социологиялық конгресіне қатыстым. Жақында Бішкекте өткен Түркі тілдес елдер социологтарының конгреске ЕҰУ-дың оқытушысы Любовь Сартакова қатысты. Алтыншыдан, бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында социология пәні міндетті пән ретінде оқытылады, сондықтан аға буынға қарағанда қазіргі жастар, оның ішінде әсіресе студенттер социология ғылымынан хабардар.
Жетіншіден, бүгінде Қазақстан со­цио­логтары бірі қолданбалы және іргелі зерттеуді ұйымдастырушылар болса, олардың арасында қоғам және мемлекет қайраткерлері де бар.
– Ресейдің өзінде социоло­гиялық арнайы факультеттер бар. Ал бізде тек жеке мамандық ретінде ғана оқытылады. Мұны біздің елде социологтарға сұраныс­тың аздығы деп түсінуге бола ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, социоло­гия мамандарын дайындайтын он шақты ЖОО бар. Жеке факультет болу үшін, шынында да, сұраныс бүгінгіден артық болу керек шығар. Бүгінде бізде социо­логиялық зерттеулерді кездейсоқ адам­дар, мекемелер өткізеді. Мысалы, кез келген ЖШС, үкіметтік емес ұйым тен­дер­ге қатысып, ең төмен баға ұсынса бол­ды, лотты ұтып алады. Егер бұл про­цедурада міндетті түрде олардың құрамында социологтар болсын десек, социологтарға сұранысты ұлғайтамыз және зерттеулер сапасын жақсартамыз деп ойлаймын. Әйтпесе жақында бір облыста тендерге түскен лот бойынша 1,5 млн теңгенің зерттеуін 200 мың теңгеге өткізем деген мекеме алып кетті. Ол ақша зерттеудің бағдарламасын дайын­дауға ғана жетеді. Бүгінде осы «шолақ» социологтар теңгенің ұзын құйрығын ұстаймын деп, бүкіл отандық социологияның атына кір келтіріп жүр. Оны тыюдың уақыты жетті. Сондықтан бізге социологтарды ЖОО-да дайындау­мен қатар, қосымша социологиялық білім беретін, біліктілікті жетілдіретін мекемелер керек деп ойлаймын. Мыса­лы, Ресей ғылым академиясының социо­логиялық институтында социологиялық және политологиялық білім беру орта­лығы жұмыс атқарады. Жыл сайын онда 9-10 курста 300-ге жуық маман өз біліктілігін жетілдіреді. Ал бізде универ­ситетте білім алған, өз бетімен ғылыми ізденістерді, қолданбалы зерттеулерді өткізетін социолог мамандардың мүм­кін­шілігін ешкім дамытпайды.
– Жалпы, Қазақстан социологтарының ұйымы бар ма? Нақты қандай істермен айналысуда?
– Қазақстан социологтарының басын біріктіретін қауымдастық бар. Қауым­дастық халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейлерде іс-шаралар ұйымдастырып, зерттеулер жүргізіп тұрады. Арнайы тағайындалған сыйлық­тарға конкурстар және қысқы, жазғы мек­тептер ұйымдастырады. Бірақ, жал­пы алғанда, барлық социологтардың тыныс-тіршілігі осы қауымдастықтың аясында өтіп жатыр деуге болмайды. Ол үшін қауымдастықтың жұмысын тұрақты бір жерден бірнеше адам басқаруы қа­жет деп ойлаймын, әйтпесе әлемдік со­цио­логтар көшіне ілесе алмаймыз. Тың жобалар атқарып, жаңашыл әдіс-тәсіл­дерді игеруіміз қажет. Мысалы, жақында осы қауымдастықтың атқарушы дирек­торы, профессор Зарема Шаукенова ханыммен Қазақстан жоғары оқу орын­дарындағы социологиялық бөлімдерді ассоциацияда бір комитетке біріктіруге келістік. Өйткені олар жастардың ең жаңашыл, елдің жарқын болашағының келбетін қалыптастырушы – студенттер арасында көптеген зерттеу жүргізеді, ал олардың нәтижесі, ұсыныстары респу­бли­ка бойынша нақтылы шешім шы­ғару­ға ықпал жасамайды және страте­гиялық болжауда негіз болмайды. Мы­са­лы, тек қана ЕҰУ-дың социология­лық орталығы соңғы үш айдың ішінде 11 зерттеу жүргізген. Бөлімнің зерттеулер нәтижесі бойынша дайындалған кейбір ұсыныстары университеттің құзырлығы­нан кең аяны қамтиды. Осыған байла­ныс­ты 2011 жылдың қаңтар айында социологтардың республикалық мәжі­ліс-семинары өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Қазір біз дайындық шараларын атқарудамыз. Атсалысамын деушілердің хабарласуын сұраймыз.
– Жалпы, Орталық Азия көлемінде бұл ғылымның шекесі қызып тұр деп айта алмаймыз. Алыс-жақын шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу үрдісі қалай?
– Орта Азияда әлі де социология ғылымы аса бір қауырт, адымды даму үстінде емес. Біздің аймақта қазақ­стан­дық социологтар алғашқылардың бірі болып халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізіп, шетел профессорларымен қарым-қатынас орнатты. Мысалы, біздің ЕҰУ-ге жыл сайын бірнеше беделді социолог келіп-кетеді. Атап айтсақ, тек биыл 2010 жылда келген Пал Тамаш – Венгрия ғылымдар академиясының социология институтының директоры, Ситни Каплан – Калифорния универси­тетінің профессоры, Н.Нарбут – РУДН-ның социология факультетінің деканы, ал Ксавиьер Жиро – Барселона автоном­ды университетінің профессоры. Олар­дың бәрі оқытушылардың алдында дә­ріс оқып, өздерінің зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті, болашақта біздің магистрант және докторант ғалымдар­мен ортақ жобалар бойынша ымыраға келді. Және соңғы бір жылда біздің оқытушыларымыз шетелдерде – Ресей, Моңғолия, Венгрия, Гүржістан социолог­тары ұйымдастырған ғылыми жиындар­да болып қайтты. Бір профессорымыз «Болашақ» стипендиясы бойынша Англияға ғылыми тәжірибеден өтуге кетті. Өзім Польшаның Люблин қала­сында өткен халықаралық конферен­цияға қатысу үшін грантқа ие болып, үлкен жиынға қатысқанымды жоғарыда айттым. Сонымен қатар ЕҰУ-дың со­цио­­ло­гия кафедрасының Мәскеулік халық­тар достығы университетінің социоло­гиялық факультетімен бірігіп, төрт елдің жастары арасында құндылық­тар жүйесін талдау туралы жүргізілген зерттеу тағы бар. Мен өзім екі ірі халықаралық зерт­теуге қатысушымын. Біреуі – неміс со­цио­логтарымен репатр­ианттар мәселе­лері жайында, екіншісі – финн зерт­теу­ші­лерімен жастар арасындағы ұлттық мәдениетті қабыл­дау мәселесі, оның дәріптелуі туралы. Неміс, қазақ оралмандары туралы зерттеудің қорытындысын мен жақында 12 қарашада Мәскеудің МГИМО-сында өткен жиында баяндадым. Онда ре­патр­ианттардың ана тілін қолдануы, қо­ғамдық шараларға араласуы және өздерін жаңа ортада сезінуі туралы сөз болды. Сондықтан отандық социолог­тардың шетел мамандарымен тәжірибе алмасу, бірлесіп зерттеулер жүргізу қарқыны жылдан-жылға өсіп келеді деуге әбден болады.
– Бізде түрлі ғылыми зерттеу орталықтары бар. Сол орталық­тардың зерттеулері еліміздегі саяси ахуалды әртүрлі етіп көрсетеді. Мұның себебі неде?
– Зерттеу қорытындыларының айырмашылығында емес, мәселе – зерттеулердің әдіснама мен әдістеме айырмашылықтарында. Бұл сұраққа жауап беру үшін нақтылы мысалдарды алу керек. Жалпы, зерттеу орталықтары­ның қорытындылары бір-біріне түбе­гейлі қарама-қайшы келмеуі керек. Және де дәлме-дәл келуі де мүмкін емес. Ал зерттеулердің қорытын­дыла­рындағы айырмашылықтардың өз себептері бар. Біріншіден, зерттеуші­лердің арасында нақтылы бір категория, бір түсінікке байланысты әртүрлі пікір, ұстаным болуы мүмкін. Мысалы, мен өз зерттеуімде саяси мәдениеттің құрылы­мына саяси ақпаратқа қызығушылықты жатқызсам, басқа бір социологтар оны ескермеуі мүмкін. Мен қорытынды жасағанда адамдарға саяси ақпараттың ықпалы, оның таралуы, ақпараттың көзі т.б. жағдайларға көңіл аударамын, соны анықтаймын. Екіншіден, зерттеудің қай мезгілде, қай жерде өткізілгені де маңызды. Және де сұраққа жауап бере­тін әртүрлі адамдар болғаннан кейін, ал олардың көңіл күйлері тұрақты болмай­тыны белгілі, осыдан міндетті түрде бір қорытынды болуы мүмкін емес. Десек те, жалпы екі бөлек мекеменің бір тақы­рыпта өткізілген зерттеулерінің қоры­тындылары бір-біріне жақын болуы шарт. Екеуінікі екі түрлі болса, онда үшінші мекемеге тапсырыс беру қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым!
Елімізде жылдан-жылға жастардың саны өсіп келеді. Егер 2006 жылы 14-29 жастағылардың саны 4 млн 229 мың болса, 2010 жылы олардың саны 4 млн 365 мың болды. Бүгінде олар жалпы халықтың құрамында 27,22 пайызды құрайды. Ал олардың арасында материалды дифференциация, саяси белсенділікпен қатар саяси апатия, дінге қызығушылықта дәстүрлі емес ағымдарға бой ұру, жыныстық қатынастарда бұрын-соңды болмаған жүріс-тұрыс модельдерін қабылдау, мамандық таңдауда жалған құндылықтарға сүйену, шетелдік мәдениеттің төмен үлгілеріне еліктеу және т.б. сол сияқты жастар арасында зерттеуді талап ететін, сол мәселелермен айналысатын республикалық жастар зерттеу орталығын ашу қажет деп есептеймін. Ол үшін білікті мамандар мен қажетті қаражат табылады. Бұл зерттеулер негізінен ұлттық мүддені көздеп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты болады, осы тұрғыдан ол орталық міндетті түрде мемлекеттік мекеме болуы қажет. Сонда, шын мәнінде, елдің болашақ сипаты, даму бағыты және әлеуметтік-мәдени, саяси келбеті туралы ақпарат болады, оны басқару, ұлттық мүдде тұрғысынан қалыптастыру мүмкіншіліктері пайда болады. Қытай даналығы «басқа елді басып аламын десең, бірінші сол елдің жастарын азғыр» дейді екен. Демек, жастардан айырылып қалсақ, болашақтан айырылғанымыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста