Жастарды зерттейтін республикалық орталық ашу қажет
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтану ғылымының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:
– Рамазан мырза, әлем әлеуметтанушылары атап өткен Халықаралық әлеуметтанушылар күнінен кейін кездесіп отырмыз. Мейрамды қалай қарсы алдыңыз?
– Әлеуметтанушылар күні болғанда сәті түсіп мен Санкт-Петербор қаласының мемлекеттік университетінің әлеуметтану факультетінде «Ковлевский оқулары» атты конференцияда баяндама жасадым. Үлкен жиында Ресейдің 64 қаласынан, сегіз шет мемлекеттен ғалымдар бас қосты. Мен Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтанулық зерттеулер бөлімі өткізген студенттердің әлеуметтік құзыреттілігі туралы зерттеудің қорытындыларымен бөлістім. Студент жастардың әлеуметтік жағдайдың талабына сәйкес іс-әрекеттер жасауы олардың өмір жолында жақсы жетістіктерге жетуіне кепілдік береді емес пе?! Бұл мәселені осы тұрғыдан қарастырғанда, жас қазақстандықтардың ұстанымдар жүйесі қандай деген сұраққа жауаптар конференцияға қатысушыларға өте қызықты болды. Өйткені жалпы шетелдерде жылдан-жылға Қазақстанға деген қызығушылық өсуде. Елдегі саяси тұрақтылық негіздері, болашақта бұл үрдісті жалғастырушы жастардың қандай әлеуеті бар, экономикалық даму жалғасын таба ма, жалпы тұрғындардың көңіл күйі қандай деген сұрақтар шетелдік сарапшылардың, ғалымдардың көкейлерінде жүргені анық. Мысалы, осыдан тура бір жыл бұрын Люблин (Польша) қаласында 14 шетел ғалымдары алдында жасаған баяндамам 15 минут болса, оны талдау, сұраққа жауап тағы 15 минутқа созылған еді.
– Батыстың өркениетті елдерінде социология, яғни әлеуметтану ғылымы жақсы дамыған. Тіпті саяси науқандар кезінде электорат қауымы әлеуметтанушылардың пікірлері мен болжамдарын асыға күтіп отырады. Біздің елде ғылымның бұл саласының даму көрсеткіші қаншалықты? Бұлай сұрауымның себебі, жыл сайын мамандар даярланып жатқанымен, нақты өмірде олардың қандай істермен айналысып жатқандығынан хабарсызбыз.
– Бізде әлеуметтану ғылымы жақсы дамып келеді. Дамудың институционалды көрсеткіштері бірнешеу. Біріншіден, ғылыми негізде социологиялық зерттеулер жүргізіп жүрген он шақты орталық бар, олар – мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің құрамында немесе дербес, бөлек ұйымдар. Бұлардың қатарына көптеген жоғары оқу орнындағы социологиялық зерттеулер бөлімдерін қосыңыз. Солардың бірі – Еуразия ұлттық университетіндегі социологиялық зерттеулер мен болжау бөлімі. Екіншіден, елімізде жоғары білікті социолог мамандар дайындайтын, лицензиясы бар 11 жоғары оқу орны бар, олардан жыл сайын жүзден астам социология бакалавры, магистрі және докторы бітіреді. Үшіншіден, ғалымдардың жоғары біліктілігін куәландыратын, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын екі ғылыми кеңес бар, біреуі ЕҰУ-да. Жалпы, бүгінде Қазақстанда тек қана социология ғылымдарының саны 30-ға жуық, ал социология ғылымдарының кандидаттары одан екі есе артық. Әрине, олардың тең жартысы Астана мен Алматыда жұмыс істейді. Мысалы, ЕҰУ-да бес доктор, төрт кандидат және социологиядан PhD докторантурасын бітірген алты жас ғалым бар. Төртіншіден, ғалымдардың жетістіктерін көпшілікке жеткізетін, ғылыми ортада талдайтын арнайы басылымдарды айтуымыз керек. Олардың ішінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы, ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазПҰУ және Павлодар мемлекеттік университеттерінің басылымдары, республикалық «Ақиқат», «Мысль», «Саясат» және тағы басқа ғылыми журналдар бар. Бесіншіден, екі жылда бір мәрте Қазақстан социологтары мен Түркі тілдес елдер социологтарының, төрт жылда бір рет Дүниежүзілік социологтар конгресі өтіп тұрады. Мысалы, биыл Гетеборгта өткен дүниежүзілік конгреске профессор Айгүл Забирова қатысты. Өзім 2008 жылғы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік социологиялық конгресіне қатыстым. Жақында Бішкекте өткен Түркі тілдес елдер социологтарының конгреске ЕҰУ-дың оқытушысы Любовь Сартакова қатысты. Алтыншыдан, бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында социология пәні міндетті пән ретінде оқытылады, сондықтан аға буынға қарағанда қазіргі жастар, оның ішінде әсіресе студенттер социология ғылымынан хабардар.
Жетіншіден, бүгінде Қазақстан социологтары бірі қолданбалы және іргелі зерттеуді ұйымдастырушылар болса, олардың арасында қоғам және мемлекет қайраткерлері де бар.
– Ресейдің өзінде социологиялық арнайы факультеттер бар. Ал бізде тек жеке мамандық ретінде ғана оқытылады. Мұны біздің елде социологтарға сұраныстың аздығы деп түсінуге бола ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, социология мамандарын дайындайтын он шақты ЖОО бар. Жеке факультет болу үшін, шынында да, сұраныс бүгінгіден артық болу керек шығар. Бүгінде бізде социологиялық зерттеулерді кездейсоқ адамдар, мекемелер өткізеді. Мысалы, кез келген ЖШС, үкіметтік емес ұйым тендерге қатысып, ең төмен баға ұсынса болды, лотты ұтып алады. Егер бұл процедурада міндетті түрде олардың құрамында социологтар болсын десек, социологтарға сұранысты ұлғайтамыз және зерттеулер сапасын жақсартамыз деп ойлаймын. Әйтпесе жақында бір облыста тендерге түскен лот бойынша 1,5 млн теңгенің зерттеуін 200 мың теңгеге өткізем деген мекеме алып кетті. Ол ақша зерттеудің бағдарламасын дайындауға ғана жетеді. Бүгінде осы «шолақ» социологтар теңгенің ұзын құйрығын ұстаймын деп, бүкіл отандық социологияның атына кір келтіріп жүр. Оны тыюдың уақыты жетті. Сондықтан бізге социологтарды ЖОО-да дайындаумен қатар, қосымша социологиялық білім беретін, біліктілікті жетілдіретін мекемелер керек деп ойлаймын. Мысалы, Ресей ғылым академиясының социологиялық институтында социологиялық және политологиялық білім беру орталығы жұмыс атқарады. Жыл сайын онда 9-10 курста 300-ге жуық маман өз біліктілігін жетілдіреді. Ал бізде университетте білім алған, өз бетімен ғылыми ізденістерді, қолданбалы зерттеулерді өткізетін социолог мамандардың мүмкіншілігін ешкім дамытпайды.
– Жалпы, Қазақстан социологтарының ұйымы бар ма? Нақты қандай істермен айналысуда?
– Қазақстан социологтарының басын біріктіретін қауымдастық бар. Қауымдастық халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейлерде іс-шаралар ұйымдастырып, зерттеулер жүргізіп тұрады. Арнайы тағайындалған сыйлықтарға конкурстар және қысқы, жазғы мектептер ұйымдастырады. Бірақ, жалпы алғанда, барлық социологтардың тыныс-тіршілігі осы қауымдастықтың аясында өтіп жатыр деуге болмайды. Ол үшін қауымдастықтың жұмысын тұрақты бір жерден бірнеше адам басқаруы қажет деп ойлаймын, әйтпесе әлемдік социологтар көшіне ілесе алмаймыз. Тың жобалар атқарып, жаңашыл әдіс-тәсілдерді игеруіміз қажет. Мысалы, жақында осы қауымдастықтың атқарушы директоры, профессор Зарема Шаукенова ханыммен Қазақстан жоғары оқу орындарындағы социологиялық бөлімдерді ассоциацияда бір комитетке біріктіруге келістік. Өйткені олар жастардың ең жаңашыл, елдің жарқын болашағының келбетін қалыптастырушы – студенттер арасында көптеген зерттеу жүргізеді, ал олардың нәтижесі, ұсыныстары республика бойынша нақтылы шешім шығаруға ықпал жасамайды және стратегиялық болжауда негіз болмайды. Мысалы, тек қана ЕҰУ-дың социологиялық орталығы соңғы үш айдың ішінде 11 зерттеу жүргізген. Бөлімнің зерттеулер нәтижесі бойынша дайындалған кейбір ұсыныстары университеттің құзырлығынан кең аяны қамтиды. Осыған байланысты 2011 жылдың қаңтар айында социологтардың республикалық мәжіліс-семинары өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Қазір біз дайындық шараларын атқарудамыз. Атсалысамын деушілердің хабарласуын сұраймыз.
– Жалпы, Орталық Азия көлемінде бұл ғылымның шекесі қызып тұр деп айта алмаймыз. Алыс-жақын шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу үрдісі қалай?
– Орта Азияда әлі де социология ғылымы аса бір қауырт, адымды даму үстінде емес. Біздің аймақта қазақстандық социологтар алғашқылардың бірі болып халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізіп, шетел профессорларымен қарым-қатынас орнатты. Мысалы, біздің ЕҰУ-ге жыл сайын бірнеше беделді социолог келіп-кетеді. Атап айтсақ, тек биыл 2010 жылда келген Пал Тамаш – Венгрия ғылымдар академиясының социология институтының директоры, Ситни Каплан – Калифорния университетінің профессоры, Н.Нарбут – РУДН-ның социология факультетінің деканы, ал Ксавиьер Жиро – Барселона автономды университетінің профессоры. Олардың бәрі оқытушылардың алдында дәріс оқып, өздерінің зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті, болашақта біздің магистрант және докторант ғалымдармен ортақ жобалар бойынша ымыраға келді. Және соңғы бір жылда біздің оқытушыларымыз шетелдерде – Ресей, Моңғолия, Венгрия, Гүржістан социологтары ұйымдастырған ғылыми жиындарда болып қайтты. Бір профессорымыз «Болашақ» стипендиясы бойынша Англияға ғылыми тәжірибеден өтуге кетті. Өзім Польшаның Люблин қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысу үшін грантқа ие болып, үлкен жиынға қатысқанымды жоғарыда айттым. Сонымен қатар ЕҰУ-дың социология кафедрасының Мәскеулік халықтар достығы университетінің социологиялық факультетімен бірігіп, төрт елдің жастары арасында құндылықтар жүйесін талдау туралы жүргізілген зерттеу тағы бар. Мен өзім екі ірі халықаралық зерттеуге қатысушымын. Біреуі – неміс социологтарымен репатрианттар мәселелері жайында, екіншісі – финн зерттеушілерімен жастар арасындағы ұлттық мәдениетті қабылдау мәселесі, оның дәріптелуі туралы. Неміс, қазақ оралмандары туралы зерттеудің қорытындысын мен жақында 12 қарашада Мәскеудің МГИМО-сында өткен жиында баяндадым. Онда репатрианттардың ана тілін қолдануы, қоғамдық шараларға араласуы және өздерін жаңа ортада сезінуі туралы сөз болды. Сондықтан отандық социологтардың шетел мамандарымен тәжірибе алмасу, бірлесіп зерттеулер жүргізу қарқыны жылдан-жылға өсіп келеді деуге әбден болады.
– Бізде түрлі ғылыми зерттеу орталықтары бар. Сол орталықтардың зерттеулері еліміздегі саяси ахуалды әртүрлі етіп көрсетеді. Мұның себебі неде?
– Зерттеу қорытындыларының айырмашылығында емес, мәселе – зерттеулердің әдіснама мен әдістеме айырмашылықтарында. Бұл сұраққа жауап беру үшін нақтылы мысалдарды алу керек. Жалпы, зерттеу орталықтарының қорытындылары бір-біріне түбегейлі қарама-қайшы келмеуі керек. Және де дәлме-дәл келуі де мүмкін емес. Ал зерттеулердің қорытындыларындағы айырмашылықтардың өз себептері бар. Біріншіден, зерттеушілердің арасында нақтылы бір категория, бір түсінікке байланысты әртүрлі пікір, ұстаным болуы мүмкін. Мысалы, мен өз зерттеуімде саяси мәдениеттің құрылымына саяси ақпаратқа қызығушылықты жатқызсам, басқа бір социологтар оны ескермеуі мүмкін. Мен қорытынды жасағанда адамдарға саяси ақпараттың ықпалы, оның таралуы, ақпараттың көзі т.б. жағдайларға көңіл аударамын, соны анықтаймын. Екіншіден, зерттеудің қай мезгілде, қай жерде өткізілгені де маңызды. Және де сұраққа жауап беретін әртүрлі адамдар болғаннан кейін, ал олардың көңіл күйлері тұрақты болмайтыны белгілі, осыдан міндетті түрде бір қорытынды болуы мүмкін емес. Десек те, жалпы екі бөлек мекеменің бір тақырыпта өткізілген зерттеулерінің қорытындылары бір-біріне жақын болуы шарт. Екеуінікі екі түрлі болса, онда үшінші мекемеге тапсырыс беру қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым!
Елімізде жылдан-жылға жастардың саны өсіп келеді. Егер 2006 жылы 14-29 жастағылардың саны 4 млн 229 мың болса, 2010 жылы олардың саны 4 млн 365 мың болды. Бүгінде олар жалпы халықтың құрамында 27,22 пайызды құрайды. Ал олардың арасында материалды дифференциация, саяси белсенділікпен қатар саяси апатия, дінге қызығушылықта дәстүрлі емес ағымдарға бой ұру, жыныстық қатынастарда бұрын-соңды болмаған жүріс-тұрыс модельдерін қабылдау, мамандық таңдауда жалған құндылықтарға сүйену, шетелдік мәдениеттің төмен үлгілеріне еліктеу және т.б. сол сияқты жастар арасында зерттеуді талап ететін, сол мәселелермен айналысатын республикалық жастар зерттеу орталығын ашу қажет деп есептеймін. Ол үшін білікті мамандар мен қажетті қаражат табылады. Бұл зерттеулер негізінен ұлттық мүддені көздеп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты болады, осы тұрғыдан ол орталық міндетті түрде мемлекеттік мекеме болуы қажет. Сонда, шын мәнінде, елдің болашақ сипаты, даму бағыты және әлеуметтік-мәдени, саяси келбеті туралы ақпарат болады, оны басқару, ұлттық мүдде тұрғысынан қалыптастыру мүмкіншіліктері пайда болады. Қытай даналығы «басқа елді басып аламын десең, бірінші сол елдің жастарын азғыр» дейді екен. Демек, жастардан айырылып қалсақ, болашақтан айырылғанымыз.