Рахман АЛШАНОВ, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, академик:
– Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы жылдары жоғары білімі жоқ ауыл жастарының саны артып бара жатқан көрінеді. Мамандар мұның сырын жыл сайын оқу ақысының қымбаттап бара жатқанынан көреді. Яғни оқу ақысының қымбаттауы ауыл жастарынан жоғары білімді алшақтата түскен секілді. Ауыл баласы алғашқы жылдары қорадағы соңғы сиырын сатып болса да білім алуға ұмтылатын. Қазір ауыл қазағының малы да азайған секілді. Бұл жағдай жақында Сенат депутаты Қуаныш Айтахановтың депутаттық сауалына да арқау болды. Осы орайда ауыл баласының жоғары білім алуы кезінде оқу ақысына жеңілдік қарастыру керек пе?
– Бүгінде онсыз да жоғары оқу орнына түсер кезде ауыл балаларына ауылдық квота қарастырылған. Бұл квота ауыл халқының санын ескере отырып жасалған. Жақсы оқитын кез келген ауыл баласы мемлекеттік грантқа да таласа алады. Демек, ақылы оқығысы келмейді екен, жақсы оқып мемлекеттік грантты ұтып алсын да тегін оқысын, әрі стипендияға ие болсын. Бұған ешкім кедергі жасап отырған жоқ. Қарап отырсақ, қазір ауылдықтар мал басын көбейтуге ден қойған. Өз басым ауылдықтардың жағдайы соншалықты тұралап тұр деп айта алмаймын. Жалпы, ауыл баласын бөле-жара қарап, жеңілдік қарастыруға қарсымын. Қазір бәсекенің заманы. Жақсы оқуға тырысып, мемлекеттік грантты ұтып алсын, ол болмаса ақылы оқысын. Меніңше, бұл – әділ шешім. Әркім білімі жоқ болса, жоғары білімсіз қалатынын ұғынуы керек. Егер ауыл баласына жеңілдік қарастырсақ, ертеңгі күні басқа да аз қамтылған әлеуметтік топтардың балалары да жеңілдік талап етуі әбден мүмкін. Сонда жастарымыздың білім сапасы не болады? Дамыған мемлекеттердің өзінде жастар кәмелеттік жасқа толған соң әрі қарай өз жағдайын өзі жасауын талап етеді. Миллионерлердің өзі өмірден өтіп бара жатып, жиған-тергенін қоғамға қалдырып кетеді. Ал балаларының өзі үшін өздерінің еңбек етуін талап етіп, мұрагерлікке ештеңе қалдырмайды. Мен осыны қолдаймын. Бәріміз де ауылдан шықтық, ешкім көмек беріп, жеңілдік жасаған жоқ. Өзіміз талпындық. Жеңілдік қарастырмай-ақ ауылдан шығып, үлкен жетістікке жетіп жатқан тұлғаларымыз баршылық.
Осы орайда айта кетер жайт, тіпті жастарымыздың бәрінің бірдей жоғары білімді болуы қажет те емес. Дәл қазіргі таңда елімізде 630 мыңдай жас білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш дамыған елдердің көрсеткішімен бірдей.Тіпті жоғары білімге шамасы жетпегендер колледждерде оқып, кәсіптік білім алсын. Шыны керек, дәл қазір бізге кәсіби білімді мамандар жетіспейтін салалар жетерлік. Жұрттың бәрі жоғары білімді болуға ұмтылады. Жастар қоғамға керекті маман болуға емес, мақсатсыз жоғары білімді болуға ұмтылудың дұрыс емес екенін білуі тиіс.
– Жоғары оқу орындарындағы қазақтілді топтардың пайдаланатын оқулықтарының 80 пайызы орыс тілінде екен. Қазақ топтарының көбісі орыстілді оқулықтарды жанына азық етіп жүр. Бұған қазақ топтарының тәлімгерлері талай рет наразылықтарын да білдірді. Осы орайда ЖОО көбейсе де, қазақ тілді оқулықтардың үлес салмағын көбейте алмай отыруымызға не себеп?
– Мұндай мәселенің бар екені рас. Дегенмен қазір бұл кемшілік біртіндеп жойылып келеді. Арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша ЖОО-ларға арналған, әр салаға қатысты биылдың өзінде 200 мыңдай қазақтілді оқулық шығардық. Алдағы уақытта оның санын миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Және олардың барлығын электронды кітапханаға айналдыру басты мақсатымыз болып отыр. Бүгінде еліміз бойынша электронды кітапханаға күніне 80 оқу орнынан мыңдаған студент кіріп, электронды оқулық арқылы білімін жетілдіре алады. Сондай-ақ осы бағытта шетелдің ең дамыған университеттерінің оқулықтарын қазақ тіліне аударып, басып шығарумен, электронды оқулыққа айналдырумен айналысып жатырмыз. Әр сала бойынша шетелдік 185 оқулықты аударып жатырмыз, алдағы уақытта бұл жұмыс тоқтамай жалғаса береді. Ең бастысы, оқулықтарды барлық жағынан сапалы етіп шығару басты мақсатымыз болып отыр. Айта кетер жайт, дамыған мемлекеттер ғылымда бір өзгеріс енгізілсе оқулықтарын ескі нұсқамен қалдырмастан дереу өзгертіп отырады. Олардың электронды оқулықтары ең соңғы үлгі деуге болады. Келешекте біздің де оқулықтарымыз заман көшінен қалыспай, ғылыми жаңалықтарға сай жаңарып отырса тәлімгерлеріміз де білім сапасы жағынан кез келген елмен тайталаса алар еді.
– «Болашақ» бағдарламасымен талай жастарымыз шетелде білім алды. Мемлекеттің қаржысымен білім алған сол жастардың потенциалын пайдалана алып отырмыз ба?
– Олардың бәрі бірдей мемлекетке қызмет етіп жатыр деп айта алмаймын. Шыны керек, елімізден барған жастарды өз елінде қалдырып, өз мемлекетіне қызмет істеткісі келгендер көп болды. Өйткені шекара асып білім алуға барған балалардың арасында білімділері баршылық еді. Дамыған елдердің жақсы жалақы ұсынып, білімді жастың потенциалын өз елінің мүддесі үшін пайдаланғысы келетіні түсінікті де. Өкінішке қарай, біз оларды ондай мүмкіншілікпен қызықтыра алмаймыз. Сондықтан олардың арасында оқыған жерінде қалып кеткендері бар. Сондай-ақ Британ университетін бітіріп келген жастардың көбісі елімізге келген соң ЖОО-да сабақ бергісі келеді. Ал олардың 99 пайызының білімі бакалавр. Ал еліміздегі ЖОО-ның талабы бойынша бакалавриаттардың студенттердің сабақ беруге құқы жоқ. Сондықтан жұмысты сатылап бастаған дұрыс деп түсіндіруге тырысамыз. Кейбіреулері елімізге келген соң: «Шетелде мынандай бізде неге олай емес», – деп шығады. «Біз сені солай айтып келу үшін емес, елімізге келген соң көрген-білгенін елімізде де қолданысқа енгізсін деп жібердік қой», – деп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Шыны керек, олардың жұмысқа деген талабы жоғары болып шыққандықтан, кейде ұсынған жұмыстарды қабыл алмай жатады. Сондықтан оларды шетелге жіберер алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек секілді. Сондай-ақ аталмыш бағдарлама аясында еліміздегі өндіріс орындарымен байланыс керек. Мәселен, оларға қандай маман керек, «Болашақ» бағдарламасына тапсырыс берсін, ал маман шетелден білімін жетілдіріп келген соң, әлгі өндіріс орнына жұмысқа қабылданып, шетелден оқып-білгенін жұмыста пайдалансын. Біз шетелде кез келген мамандықты емес, нағыз өзімізде сұраныс тудырып отырған салалар бойынша оқытуымыз керек. Әйтпесе елімізге келген соң, жұмыс таба алмай, сенделіп жүретін болса мемлекеттің қыруар қаржысын шығарып оқытудың қажеті қанша?!
Жоғары білімді маман даярлауға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар, бағдарлама аясында білім алуға қаржы да бөлініп отыр. Енді тек нағыз өзімізге керек мамандарды ғана шетелде даярлап, олардың білім алып болған соң міндетті түрде елімізге қайтып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етудің тетіктерін ғана қарастыру керек. Керек десеңіз, мұның бәрі олармен алдын ала келісімшарт жасасу кезінде анық жазылуы тиіс. Шыны керек, «Болашақ» бағдарламасымен шетелден оқып келген жастардың барлығын бірдей тізімдеп, еліміздің мүддесі үшін жұмыс істеуге тарта алмай отырмыз. Алайда шетелден білім алып келген, білімді жастардың потенциалы біздің үлкен байлығымыз. Байлықты шашуға болмайды. Оны тиімді, ел мүддесі үшін пайдалана білуіміз керек.
– Қазір еліміз шамасы келгенше барлық салада маман даярлауға тырысып жатыр. Тіпті сапалы маман кадрларды шетелде оқытып алуға да қаржы аяп жатқан жоқ. Әйтсе де осыған қарамастан басқа елден шетелдік маман алдыртуды қоя алмай отырмыз. Мұның сыры неде? Біз сапалы маман даярлай алмаймыз ба, әлде шетелден маман алдырту «сән» бе?
– Қазір ішкі өніміміздің 25 пайыздан астамы шетелдіктердің қолында. Олардың өз технологиясы, технологиялық құпиялары бар. Осыдан біраз уақыт бұрын «Шеврон» компаниясы 20 баланы жұмысқа қабылдаймыз деп өздеріне шақырды. Аталмыш компанияға аймақтардан мамандар ағылды. Бірақ солардың бірі де жұмысқа қабылданбай, шыдамай өздері кетіп қалыпты. Өйткені компанияның қолданатын техникасы біздің жастарымызға жат. Бағасы 2 миллион доллар тұратын қымбат техниканы істен шығарып алудан қорыққан жастарымыз жұмысты істеуге қорқақтап кетіп қалған. Шынымен, мұндай мәселе бар. Сондықтан шетелдік компаниялар техниканың қыр- сырын білетін өз мамандарын шақыруға тырысады. Бұл мәселені шешу үшін әрбір компания табысының белгілі бір пайызын маман даярлауға бөлуге міндетті заңдылықты тиімді пайдалануымыз керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, компаниялардың керекті маманды елімізден жіберіп, оқытып алуын қатаң қадағалап, міндеттеуіміз керек.
– Жыл сайын елімізде қанша түлек бітіреді сонша диплом қорғалады. Әйтсе де, сол қорғалған қаншама дипломның кәдеге асып, өндіріспен не ғылыммен ұштасып жатқанын естімейміз. Олардың барлығы қорғалып болған соң, университтетің архивінде шаң басып қалады. Ендеше түлектерге диплом қорғатудың қаншалықты қажеттілігі бар?
– Соңғы жылдары бұл мәселге қатты көңіл бөлінуде. Бір кездері өндіріс өз бетінше, ЖОО-да білім беру өз бетінше бір- біріне қатысы жоқ дамыды. Қазір білімді өндіріспен ұштастыруға айтарлықтай көңіл бөлініп жатқандықтан, бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деген үміттемін. Жақында бұл мәселені Елбасы да айтып өтті. Енді ЖОО тек білім береді. Ал мамандыққа жұмыс берушілер сертификат береді. Сондықтан дипломның тақырыбын да келешекте жұмыс берушілер бекітіп береді де, түлектің ізденіп қорғаған дипломы әрі қарай кәдеге асып, өндіріспен ұштасқан жағдайда оны сапалы маман ретінде жұмысқа шақырушылар қатары көбейеді. Осылайша, келешекте түлектің қорғаған дипломы оның жұмысқа тұруының кепіліндей болатын жүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Қазір бұл жүйе бастап жұмыс істеп жатыр. Жақында өзім басшылық ететін Тұран университетінің бір түлегі тәжірибеден өту кезінде банк саласында өзінің ерекше біліктілігін көрсете білгендіктен банк басшысы өзі сұрау салды. Қазір көптеген ЖОО осы әдіске көшіп жатыр. Америкада диплом қорғаушы жұмыс сұраушы емес, жұмыс беруші. Олар диплом жұмысында әрқайсысы бір-бір компанияның моделін ұсынады. Ертеңгі күні қорғап болған дипломына негіз болған шағын инновациялық кәсіпорнын немесе компаниясын құруға талпынады.
– Бүгінде еліміздегі кейбір оқу орындары студенттері сабақтан қалғаны үшін оқу ордасына ақша төлейді. Мәселен, бір дәрістің құны 200 теңге болғанда, бір күнде бес пар бекітілген болса, студент сол күнгі сабағы үшін 1000 теңгені оқу ордасына төлеуге міндетті. Бұл тәртіп кейбір оқу орнының ішкі тәртібінде арнайы енгізілген. Бұл тәртіпке өзіңіз қалай қарайсыз?
– Жалпы, мен қарсымын. Студентті сабақтан қалдырмаудың басқа да әдістері бар секілді. Бірақ мұндай тәртіп енгізіп отырған оқу орындары басшыларын да түсінемін. Кейде студенттер негізгі міндеті білім алу екенін түсініп тұрса да ретсіз сабақтан қалуды көздейді. Ретсіз қалтаңнан ақша шығарғың келмей ме, ендеше ретсіз сабақтан қашпа. Қазір оқу орындары қыруар ақша шығарып, шетелден арнайы ұстаз шақырып студенттерге сапалы білім беруді көздейді. Егер студент сабақтан қашатын болса, оқу орны басшылығының ұстазға төлеген ақшасы – далаға кетіп жатыр деген сөз. Шыны керек, кейбір студенттердің сабақтан қалу үшін сылтауы таусылмайды. Сондықтан мұндай тәртіптер студентті сабақтан қалдырмау үшін керек-ақ. Өткенде бір полковник: «Балам сабаққа бармай жүр екен, маған неге айтпадыңдар», – дейді. ЖОО балабақша, мектеп емес, барлық баланы толық қадағалауда ұстап отыратындай. Сондықтан жауапкершілікті студенттердің өзі түсінуі керек.
– Жастар ұйымдары ЖОО-лардағы студенттер арасында анонимді түрде сауалнамалар жүргізіп, оқу орнындағы парақорлық деңгейін анықтап жатады. Сол сауалнама нәтижесіне қарап отырсақ, кейбір іргелі оқу орындарындағы парақорлық деңгейі өте жоғары деңгейде екені көрінеді. Осы орайда мұндай сауалнамалар нәтижесі қаншалықты шынайы ақпараттың негізінде жасалады деп ойлайсыз? Сіз осындай сауалнамаға сенесіз бе?
– Біз де талай рет осы мәселеге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Негізі, мұны арнайы мамандар жүргізуі керек. Жалпы, анонимді сауалнама дұрыс емес. Егер студент шынайы ақпарат айтып тұрса, неге аты-жөнін жасыруы тиіс. Мәселен, бір оқу орнында 5 мың бала оқиды делік. Ал әлгіндей сауалнамалар оның бір мыңын ғана қамтуы мүмкін. Бір мың баланың жауабын қалған төрт мың студентке де сырттай таңып, қорытынды жасауға бола ма?! Сондай-ақ қазір көптеген оқу орнында ұстаз емес, сынақты тест арқылы компьютерде тапсырады. Соған қарамастан, кейбір студенттер сессия кезінде ата-анасынан ақша алу үшін ұстазды сылтауратады. Тіпті қазір ешқандай оқу орнының басшысы пара алуды қолдамайды. Сондықтан ұстаз жақсы баға үшін ақша талап етсе, ректорға барып шағымдануға да болады. Ал ректор әлгіндей ұстазды жұмыстан шығаратыны анық.
– Өзіңіз де бір оқу орнының ректорысыз. «Тұран» университетінде парақор ұстаз жоқ деп анық айта аласыз ба? Мұндай мәселемен қалай күресіп жатырсыз?
– Әр сессия кезінде оқу ордасында ұстаздардың студенттен ақша талап етпеуін өзім бақылаймын. Өзім басқаратын оқу орнында мұндай мәселе жоқ деп анық айта аламын. Жылына екі рет студенттер арасында сауалнама жүргіземін. Ұстаздардан сәл кілтипан байқалса, жұмыстан шығарамын.
Алашқа айтар датым...
Біздің халқымызда мынандай бір әдет бар. «Мынаған көмектесші, інім еді», «мынау ағам еді, көмектесіп жіберші», – деп қай салаға барса да бір-бірін тарту көбейіп кетті. Осы бір жаман әдет халқымыздың қанына сіңіп алды. Ертеңгі күні бүкіл қоғамдық сананы шырмауық секілді шырмап алады да бас көтертпейді. Туған-туысын жағалағандар жұмыс істеп те жарытпайды. Кейде ойлаймын, қазақ сол жақын-жуығын жағалағанша, өзі талаптанып, еңбек етіп, әрқайсысы тұлға ретінде өзін дәлелдесе деп. Шыны керек, бұл нәрсе қазір барлық сатыларда байқалады. Студент кезінде де таныс арқылы үлгерімін жоғары қойдыруға тырысу, жұмысқа тұрар кезде де жұмысқа таныс арқылы кіру, тіпті жұмысқа тұрған соң да таныс арқылы мансабын өсіруге ұмтылады. Танысқа, туысқа сену адамдардың өзіне деген сенімділігін жоғалтуда. Тіпті осы бір жаман әдеттің дендегені соншалық, жақынының жамандығын да жасыруға тырысады. «Інім еді, сессиясын қоя салыңызшы, бір-екі үші бар еді реттей салыңызшы» деген әңгімелердің інісіне пайдасы емес керісінше зияндылығының көп екенін аңғармайтынына таңғаласың. Шыны керек, бұл «бауырмалдық» халқымызды өсірмейтінін, керісінше өшіретінін әрбіріміз ұқсақ екен деп ойлаймын. Бұл әдет жалпы қоғамымызды әлсіздендіріп жатыр. Осы нәрсе мені қатты алаңдатады.
Академиктен анекдот
Қазаққа сақтандыру компаниясының қажеті жоқ. Қажетсінбейді де, сақтандыруға да бармайды. Қазақтың ең үлкен сақтандыру компаниясы – «Құдай сақтасын» деген сөзі.