Төлеубек АРАЛБАЙ, актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Өзінің саналы ғұмырын өнерге, сахнаға арнаған, театрда да, кинода да талай тұлғаларды сомдаған қазақтың аға буын актерлерінің бірі – өзіңіз. Көрерменіңіз сізді театрдан да, кинодан да көреді, жалпы, көрінбей қалған, жұлдызы жанбаған жан сіз емес. Бүгінде алпысты алқымдап қалдыңыз. Бір кейіпкеріңіздің монологы бар еді ғой: «Қазір мен өзіме «кіммін?» деген сұрақ қоямын, «ақсақалмын ба, әлде қария, жоқ қартпын ба?» деген. Егер осыны өзіңізге қойсаңыз, жандүниеңізден қандай жауап естисіз?
– Немат Келімбетовтің:«Үміт үзгім келмейді» пъесасындағы өз сөзімді айтып тұрсыз ғой. Қойылымды көрсеңіз, мен осылардың әрқайсысына, «шал дегеніміз кім?», «қария, ақсақал кім?» дегенге түсініктеме беремін. Сол өзім сұрап, өзім жауап беретін кейіпкерімдікі не жөн екенін түсінбей жүретінмін. Бір күні Немат ағаның өзімен әңгімелесіп отырғанда сұраудың реті келе қалды. «Немаға, кейіпкерім айтатын қарттықтың осы үш категориясынан сіз маған қайсысын лайық дер едіңіз?» деп ем, «Сен – шалсың!» деп қарқылдай күлді. Ал шал дегеніміз ол – тек өзінің тұрмыс-тіршілігін ғана біліп, немерелерінің қасынан алысқа ұзамайтын қарт кісі, осы шеңберден шықпайды, яғни қоғамның адамы емес. Бірақ Немағаның қалжыңдағанын білдім, себебі мен өзімнің не істеп, нендей істің басынан көрініп жүргенімді білемін ғой. Яғни аз да болса өзімнің ойнаған кейіпкерлерім арқылы ел тағдыры, жер тағдырын шешуге атсалысып жатқан шығармын. Ендеше, үлкен әріппен болмаса да, кішкентай әріппен жазылған ақсақал шығармын деп ойлаймын.
Ақсақал деген міндетті түрде колында билігі бар азамат емес, қарапайым болып та адамзаттық мәселелерді ойлайтын адам. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымында мен Едігенің рөлін сомдайтынмын. Нағыз ақсақал деп соны айтуға болады, қарапайым ғана теміржолшы, бірақ ол тек алдындағы шойынжолды ғана көріп, соны тықылдатқанды біледі десеңіз, қателесесіз. Иен далада жүріп ақсақал ұлттың тағдырын ұдайы ойлап, қолынан келгенше еліне болысып, қажет болса жанын беруге даяр, сондай ғажап жан. Өкінішке қарай, он шақты жыл болып қалды, репертуардан түсіп қалды. Мен шынымды айтсам, сол рөлімді сағынып жүрмін.
– Жалпы, қоғамда қазір сондай «әулие» дерлік адамдарға орын бар ма? Олардың елдікке, ұлтқа деген көзқарасын, адалдығын ескеріп, құрметпен қарай аламыз ба осы өзіміз?
– Шындап келгенде, дәл Едіге сынды таза адамдар қазір «музейлерден» табылмаса, жай өмірде сиреп кетті десе болғандай. Адамдар ардан гөрі, бас пайданы ойлап кеткендей. Таза болып қаламын, ұлттың сөзін сөйлеймін деп өрекпіген көңіліңіз болған күннің өзінде жан-жақтан қоршаған қорқау қоғам талап тастайды. Саясатта болсын, одан былайғы өмірде де ақсақал деуге тұрарлық азаматтарды кездестіре алмай жүрмін.
– Ал ауылда ақсақалдық институт қаншалықты сақталып қалды?
– Қариялар бар ғой, бірақ ақсақалын табу қиын. Оған қариялардың өздері кінәлі емес те, себебі елдік мәселеге араластырмайды, үлкендік ақылын қажетсінбейді мына қоғам. Қазір ақсақалдан гөрі, шенді-шекпендінің бағасы аспандап тұр ғой. Осыған ішім ашиды, осыған налимын. Қарт кісі сөзге, іске араласқаны былай тұрсын, «айналайындар» деп аузын аша берсе, «сіз араласпаңызшы, қазір қоғам басқа, сіздің заманыңыз өтіп кеткен» дейді де. Ал қария үшін одан ауыр сөз жоқ. Дегенмен оны ойлап жатқан бір адам жоқ. Қазір қоғам қатыгез, адамдар үлкенді сыйлау дегеннен қалып бара жатыр. Қолға билік, астыға жұмсақ орынтақ тисе бітті, кәріні де, жасты да ұмытатын ауру пайда болған. Қай қазақтан көріп ең, бұрын әке-шешесін қарттар үйіне өткізген деген сұмдықты. Ал қазір ол қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Өзінің барын берген ата-ана ақырында өз перзентіне керек болмай қалады. Ал сөйткен жастың өзі қартаймай ма, сонда балалары өзін дәл солай қарттар үйіне тастап кетсе, не істер еді? Әлде ол саналы түрде соған дайын ба? Мен осы Алматыдағы қарттар үйіне бардым, сонда бір нәрсеге таңғалдым. Бұрын қарттар үйінде ешкімі жоқ, балалары да қаза тапқан не мүлдем болмаған не болмаса аурушаң, мүгедек жандар тұрады деп ойлаушы едім. Ал ол жақтағы жағдайдың керісінше екендігін көргенде сенер-сенбесімді білмей дал болдым. Бұрын елге сыйлы, айтарлықтай қызметте болған ағаларды қарттар үйінен ұшыратқанда төбемнен біреу бір шелек су құйып жібергендей сілейіп тұрдым да қалдым. Түсіне алмадым себебі. Қалайша қоғам қастерлейтін қарттар өз бала-шағасына қажет болмай қалғаны?! Балалары тірі, үлкен қызметтерде істейді. Тіпті сұрадым да ғой солардың бірінен «ақсақал, балаңыз үлкен қызметте, сізге үйінен бір бөлме таба алмады ма?» деп. Бәрібір намыс деген қандай, ә, ұлын жамандамайды сонда да. «Білесің ғой мені, тыныштықты қалаймын, ал олар бала-шағасымен мазамды алады» деді. Сосын мен де «жарайды, жаныңыз мұнда тыныш бола қойсын, ал немерелеріңіз ше, оларды бір иіскегіңіз келмей ме?» деп ем, «олардың да менімен шаруасы жоқ, азанды-кеш алдарындағы төрт бұрышты жәшік қызық оларға, соған қадалып отырады да қояды», – деді. Міне, мәселе қайда жатыр. Қазір ата мен немере түгіл, әке мен ұлдың арасында тірі диалог қалып жатыр. Әжелеріміз де «немерелерімізге ертегі айтсақ, сенбейді» дейді. Себебі олар ертегіні емес, құбыжықты жақсы көреді. Өзім де талай мультфильмдерді қазақшаладым, бірақ соларды көрмейді қазақ балалары.
– Дәл осы бетімен кете берсе, сіз қазақ қоғамының 15-20 жыл кейінгі келбетін қалай елестетесіз?
– Өз басым үшін емес, мен сол немерелерімнің заманы қандай болады деген ойдан қорқамын. Барлық жерде сыбайлас жемқорлық етек алған. Балабақшадан басталады. Ақшасыз еш тірлігің жүрмейді. Білмеймін, осындай қоғам қайтіп көгереді? «Ертең ұрпағымның күні не болмақ?» деген сұрақ қоям да, соған өзім жауап та беріп отырамын. «Заманы қандай болса да, адамы соған үйренеді» деп. Дегенмен адам құнды болуы – шарт. Ар ақшаға сатылмауы тиіс қой? Қоғам әр адамның бағасын білуі тиіс. Сондай-ақ әркім өз бағасын біліп және оны ақшадан жоғары ұстаса игі еді.
– Ал сіз білесіз бе өз бағаңызды? Жалпы өз бағасын білу дегенді қалай түсіндірер едіңіз? Ол қандай формада көрініс беруге тиіс?
– Мен өз бағамды білемін. Бір мысал айтсам, сіз де түсінерсіз. Мысалы, мен жарнамаға көп түсе қоймаймын. Себебі болмайтын жерден көріне беру де кісінің бағасын түсіріп жібереді. Әйпесе ұсыныс көп түседі. Байқағаным, қазір актерлерді арзанға түсіргісі келетін жылмақайлар көп. Болмашы ғана 50-100 доллар беріп, әртісті құл еткісі келеді. Сондайларға әдейі бір ролик үшін «білесіз бе, менің қаламақым 5 мың доллар» деймін. Шошып кеткені кете берсін, болмаса, арзанға келісетіндерін таба берсін, ал нағыз мені керек еткені сұрағанымды береді. Міне, әр актер, әр маман, әр адам өз бағасын өзі біліп және соны бағалата білуі керек дегенім – сол.
– Жылмақай деп отырғаныңыз кім, актер іздеген режиссерлер ме?
– Қазір режиссерлер ештеңе шешпейді, ақшаға қатысты мәселенің бәрі продюсердің құзырында. Режиссер де актер секілді, соның берген қаржысына тәуелді. Өз дегенін істете алатын режиссерлер аз, көбі үстінен қарайтын продюсерге жалтақтап, соның айтқан актерін түсіруге мәжбүр, соның айтқан бағасын ұсынуға мәжбүр. Әрбірден алғанда «мынаны түсіресің» деп актер таңдап әкеп беретін де – сол продюсер. Режиссер алдындағы актердің арзанға кеп тұрғанын не өзін бағалата білетін актер екенін біледі. Ақыры мына заманның құндылығы ақша болды ма, актерге де неге өзін сол ақшамен қымбатқа бағалата білмеске? Оның не айыбы бар? Керемет актер боп, бірақ басыңда баспанаң да жоқ бейшара боп жүргенің дұрыс па, әлде өзіңді жоғары қоя біліп, абыройға да кенеліп, әлеуметтік жағдайыңның да жақсы болғаны дұрыс па?
– Осы сіздер жүздеген, тіпті мыңдаған рөл сомдайсыздар, солар кейін ойнамай кеткен кезде ұмытыла ма? Жалпы, бір рөл келесі бір рөл сомдарда кедергі келтірмей ме? Сондай-ақ бір денеде бірнеше жанды арқалап жүру ауыр емес пе, осы?
– Жоқ, керісінше, әр кейіпкердің үйретер тағылымы мол. Ал ол тағылым тіпті сен сол рөлді ойнамай кетсең де, ол мәңгілік жүрегіңде қалады. Ол ұмытылмайды ешқашан. Жас болсам да мен осыдан 20 жылдай бұрын Иран Ғайыптың «Абайын» сомдап едім. Сол Абай әлі менің кеудемде өмір сүреді.
– Жаныңызға жақындатқыңыз келмейтін де кейіпкер бола ма? Сомдаған кейіпкеріңіздің айтқан сөздерінен өзіңіздің ішкі жандүниеңіз жиіркеніп, айтуға аузыңыз әрең барған кездер...
– Болды, әлі болса да таңғалмаймын, себебі – бұл өмір, ол – өнер. Оразхан Кенебайдың «Ай тұтылған түнінде» мен Дәруішті сомдадым. Сонда оның ең соңында айтатын сөзі бар. «Құдай кім? Оның алдында сайтан кім?» деп еліреді. Өзі – сырткөзге нағыз діндар адам, бірақ екіжүзді болып шығады соңында. Дәл сол диалогке келгенде қиналдым, сосын режиссерге «мен бұл сөзді айтпаймын, тілімді жазықты еткім келмейді» деп едім. Ол кісі «айтуың керек, себебі ол нағыз сондай екіжүздінің портретін ашатын сөз» деді. Сосын сол рөлді сомдар кезде тап сол сәтінде ішімнен күбірлеп «дінің үшін емес, күнің үшін» деп Жаратқаннан кешірім сұраймын. Бұл бір ғана мысал, ал ондай менде көп болды. Өзім намазға жығылмаймын, бірақ түбінде Жаратқанның алдына баратынымды мойындап, әр ісіме, әр сөзіме есеп беретін адаммын.
– Аға, осы айтыңызшы, қоғамда әр нәрсенің орны бар, айталық, мектеп – білім ордасы, емхана – денсаулыққа қарайтын орда, ал театр ше, оның қоғамдағы орны қандай? Актердің функциясы не өзі? Және әртістер өз функциясын әрдайым сезіне ме, әлде өзін көрсетуді ғана ойлайтындар көп пе қазір?
– Актердің функциясы – жандүниеге бойлау, қоғамға қозғау салу. Ол қандай рөл ойнаса да, оны жай кейіпкер деп қабылдамай, өзінің азаматтық позициясын, ішкі ойларын, тебіренісін сол арқылы жеткізе білуі тиіс. Театр – рухани байлықтың ошағы. Кей кезде өзім де көңіл-күйім болмай жүргенде театрға келіп, рөл сомдасам не қойылым тамашаласам, көңілдегі түйін тарқатылады да жөнеледі. Өз өміріңдегі көп сұраққа жауапты осы театрдан, өз кейіпкеріңнен табасың. Кейіпкеріңнің саған шешім тауып беретін кездері көп болады.
– Қазіргі кезде қазақтың, қазақ қана емес, ғаламзат тағдырына қатысты не ой түйесіз? Сізді ең қатты ойландыратын не мәселе?
– Құдайға шүкір, әлемнің көп елімен салыстырғанда Қазақстан көшілгері. Ең бастысы, бізде өмір тыныш, ынтымақтастық, мамыражай өмір бар. Оған жан-жақты болып жатқан соғысқа қарап өзіңіз де көз жеткізе аласыз. Руханиятта да біздің жағдайымыз жаман емес. Кезінде КСРО бойынша «Тәжікфильмнің» түкірігі жерге түспей тұратын. «Өзбекфильм» мен «Қырғызфильм» тұратын содан кейінгі орындарда. Қазір оларда ештеңе жоқ. Ұлттық театрлары жоқ. Соларға қараймын да қазақ болып туғаныма қуанамын. Тәжік актерлері де бізге кейде: «Сендер қандай бақыттысыңдар! Өнерлеріңді, ұлттық өнерді сақтап қалдыңдар», – дейді. Соны айтқан кезде мұң жатады көздерінде.
– Тыныштық, жайбарақат өмір жақсы, бірақ тым көнбіс те емеспіз бе, осы?
– Иә, момынбыз, бірақ қазақтың бір жақсы қасиеті бар, ол – намысқа тигенді аямау. Үндемейді, соңына дейін шыдайды, ал намысына тиді ме біреу, бітті, шыдамның да шегі бар ғой. Білегін сыбанады да «алға!» дейді. Баяғыда батырларымыз жекпе-жекке шығарда әдейі бір-бірінің намысына тиетін болса керек. Ол қалай дерсіз? Жекпе-жекке шыққалы тұрған батырды шоқпармен әрі түртіп өтеді, бері түртіп өтеді. Ондағы мақсат – жауға қарсы ашындыру. Қан шыққанша үндемейді, төзеді екен әлгі, ал қан шықты ма денеден, бітті, тоқтата алмайды оны ешкім. Себебі ашынған адамның алмайтын қамалы жоқ. Кешегі желтоқсанда да осыған көзіміз жетті. Қазақ үнсіз көнді, шыдады. Ақыры сұрады «көкелер, ағалар, түсіндіріп беріңдерші, не болып жатыр өзі?» деп. Болмаған соң барып, ашық күреске шықты.
Алашқа айтар датым...
– Ұлт мәселесі дегенде мені қазіргі діннің ахуалы алаңдатады. Құдай имансыздықтан сақтасын. Бірақ қырыққа бөлінген діндарлардың ахуалы одан да жаман. Тек біздің емес, төрткүл дүниенің түбіне осы қасиетті дініміздің атын жамылған, шын мәнінде оған еш қатысы жоқ арамза пиғыл жетпесе екен дегенді жатсам да, тұрсам да тілеймін. Біз өзіміздің қолда бар байлықтарымыздың қадірін білуіміз керек. Ең бірінші кезекте ол – сүттей ұйыған бейбітшілік. Тәжік актерлерімен кездесеміз дедім ғой, солар «қазақтар, сендер қандай бақыттысыңдар, бәрі бар ғой сендерде» деп тамсанады. Сондай кездерде мен қазақ болып туғаныма одан сайын қуанамын.