Жаһандануға қарсы тұруға қауқар боларлық күш – ұлттық мәдениет

Жаһандануға қарсы тұруға қауқар боларлық күш – ұлттық мәдениет

Зулфуһар ГАИПОВ, саяси ғылымдар докторы:

– Зулфуһар мырза, жаһандану туралы әркім айта береді. Бірақ бұл тақырып бойынша отандық зерттеушілеріміз аз. Өзіңіз осы тақырып бойынша зерттеу жүргізген ғалым ретінде жаһандық процестердің тиімді- тиімсіз тұстарын айтып өтсеңіз...

– Жаһандану, кейбіреулер айтып жүргендей, 90-жылдары ғана пайда болған жоқ. Бұл үрдіс өзінің бастауын христиан дінінің пайда болған кезінен, ислам дінінің қанат жайған тұсынан алады. Ұлы географиялық ашылулар осы жаһандық үрдістердің жылдам жүруіне өз ықпалын тигізді. Қазіргі кезде жаһандану үрдісіне әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Батыстың Алмонд, Истон сияқты ғалымдары жаһанданудың тиімді әрі жақсы жақтарын ғана суреттейді. Олар бұл түсінікті қоғамның, жалпы, әлемнің динамикалық және прогрессивті дамуы деп түсіндіреді. Кез келген нәрсенің екі жағы болатыны белгілі ғой. Ресейдің бірқатар ғалымдары жаһандануды батыстың пиғылының күн санап жүзеге асып жатқандығымен баяндайды. Яғни орыстың Пугачев, Панарин, Ильин тәрізді ғалымдары да біржақты түсіндіреді. Олардың айтуынша, жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтар жойылып, олардың орнын әлемге ортақ құндылықтар басады. Бұл ғалымдардың да айтып отырғаны дұрыс. Бірақ саяси ғылымдардың салыстырмалы әдісіне салып қарау дұрыс деп ойлаймын. Жаһандануға қарсы кейбір ғалымдар кейінгі кезде АҚШ-тың қатысуымен орын алып жатқан оқиғалармен түсіндіреді. Иә, жаһандық құбылыстар АҚШ билігінде кіші Буш отырған кезде кеңінен қанат жайды. Идеологияның өзі жаһандық сипат алып, бүкіл әлем терроризмге қарсы күреске шықты. Антиглобалистер жаһандануды вестернизациямен, яғни «батыстану» ұғымымен көп шатастырады. Буштың билігі кезіндегі дүниежүзіндегі келеңсіз құбылыстармен түсіндіріп жататыны да сондықтан. «Жаһанданудан бүркену керек» дейтіндердің қатарында еліміздегі кейбір әсіреұлтшылдар мен оппозициялық көзқарастағы азаматтарымыз да бар. Зиялы қауым өкілдерімен бір кездесуінде Елбасы: «Біз жаһанданудан қорықпауымыз керек, біз оған барынша дайын болуымыз керек», – деп жауап берген еді. Бұл жерде қазақтың «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақылына сүйенуіміз қажет деп ойлаймын. Ал жаһанданумен бетпе-бет келген кезді нақты ешкім айта алмайды. Жаһанданудың әлеуметтегі көрінісі ретінде америкалық брендтерді айтуға болады. Қазір бұл тақырыпты отандық ғалымдар да тереңірек зерттей бастады. Ғалымдар жан-жақты зерттеп, сүзгіден өткізіп берсе, жаһандану кезеңінде нені үйреніп, неден жирену керек екенін білетін боламыз деп ойлаймын. Тіпті қазіргі Тәуелсіз еліміздің саяси жүйесі сол батыстың басқару модельдерінен алынды. Яғни бұл – саясаттағы жаһанданудың бір көрінісі. Саяси құндылықтардың жаһандық бір көрінісі ретінде кезінде екі лагерьге бөлінген капиталистік және социалистік елдердің қазіргі саяси жүйелерінде айырмашылықтың жоқтығымен түсіндіруге болады.

– Дегенмен батыс әлемі әлі күнге дейін посткеңестік елдердің демократиясына күмәнмен қарайды...

– Саяси құндылықтарды экспорттау кезінде ұлттардың менталитеттері, ерекшеліктері ескерілуі қажет. Саясаттануда «саяси уақыт», «саяси кеңістік» деген ұғымдар бар. Осы ұғымдар ескерілмейінше, өзгерістер орын алуы екіталай. Бұл сөзді мен ғана емес, Дж.Соростың өзі айтқан еді. Кейінгі бес-алты жылдың ішінде посткеңестік елдердегі түрлі-түсті төңкерістердің соңы қандай жағдаймен біткенін білесіздер. Төңкеріс орын алған Гүржістан, Украина, көршілес Қырғызстан сияқты мемлекеттердің ұшпаққа шықпағанын көзіміз көріп отыр. Керісінше, экономикасы төрт-бес жылға кенжелеп қалды. Яғни әрбір ұлттың ерекшеліктері ескерілуі қажет. Осы мәселеге қатысты орыстың ғалымдары жақсы дүние ойлап тапты. Олар қазір өздерінің ғылыми сөздік қорына «егеменді демократия» деген ұғымды ендірді. Бұл термин әрбір егеменді елдің өзінің менталитетіне, табиғатына тән басқару тәсілін таңдауы дегенге саяды. Жаһандану – біле білсек, дамушы мемлекеттер үшін үлкен мүмкіндік. Сталинге «күшті мемлекет құру үшін халыққа қандай қасиеттер керек?» деген сұрақ қойылған екен. Сонда ол: «Америкалық іскерлік, немістің ұқыптылығы және кеңес халқының патриоттық тәлімін меңгерген ел кез келген қауіп-қатерден аман өтеді», – деп жауап берген екен. Яғни Тәуелсіздігіне жиырма жыл толар-толмас уақыт өткен Қазақстан халқына да өзге елдермен араласып, тәжірибе алмасып үйренетін дүниелер көп. Қазір елімізде экономикалық модернизация жасалынып жатыр. Бұдан кейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, саяси және мәдени модернизацияларды жүзеге асыруымыз қажет. Әлемде жаһанданудан өзіне керектіні алып, мұратына жеткен мемлекеттер жоқ емес. Олардың қатарына Малайзия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай сияқты елдерді жатқызуға болады. Біздің Елбасының ұстанып отырған саясаты осы елдердің жүріп өткен жолдарымен ұқсас. Бұл мемлекеттер жаһандық құбылыстарды өзінің басқару тәсіліне икемдей алды. Бізде де бастамалар бар. «Ол не?» десеңіз, «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспарымыз. Кезінде «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспары қабылданғанда, халықтың басым көпшілігі сенімсіздікпен қарап, осы құжатты ертегі деп келемеждеген еді. Енді мына бір сәйкестікке қараңыз. 1978 жылы Қытай басшылығына Дэн Сяопин келгенде, экономикалық даму жоспарын жария етті. Арада тура 32 жыл өткенде, яғни биыл Қытай әлемдегі ең дамыған мемлекет атанып отыр. 1998 жылы қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспарының жемісін енді жиырма жылдан кейін көреміз деп толық сеніммен айтуға болады. Стратегиялық жоспар бір рет айтылып, жабулы қазан жабулы күйінде қалған емес. Президент Конституцияға сәйкес жыл сайын халықтың алдында осы «Қазақстан – 2030» аясында Жолдауын арнап келеді. Сонымен қатар біздің Жапония сынды модернизация мен ұлттық дәстүрін ұштастыра білген мемлекеттен үйренеріміз көп.

– Жаһанданудың тағы бір жағы бар. Ол әлемдегі халықтардың ұлттық құндылықтарының, руханиятының жойылып кетуіне әкеледі деседі. Біз әлемдік қауымдастықтың субъектісі болғаннан кейін қаласақ та, қаламасақ та, жаһанданумен бетпе-бет келіп тұрмыз. Ұлттық мәдени құндылықтарымызды қайтсек сақтап қалуға болады?

– Біздегі кейбір ұлтшылдардың «қазақ құрып бара жатыр» деген ешбір дәлелсіз байбаламдары қарапайым халықты уайымға салып қояды. Сол арқылы қоғамдық сана қалыптасып жатыр. Меніңше, қазақтың ұлттық мәдениеті, тілі мен дініне қара аспанды төндірудің қажеті шамалы. Қазақ қазақ болғалы басынан небір нәубетті жылдар өтті. Қазақ – аласапыран жылдарда да ұлттық құндылықтары жойылмай сақталып келе жатқан бірден бір ұлт. Атырау мен Алтайдың, Қызылжар мен Түркістанның қазақтары ешбір диалектісіз сөйлейді. Қазір біздің ұлтшылдарымыз Өзбекстандағы өзбек тілімен салыстырып, қазақтың тілін өлдіге балап жүр. Мен оларға: «Кешіріңіз, мәселе мүлде басқаша орын алып отыр», –  деп айтқым келеді. Өзбекстанның оңтүстігі мен солтүстігі өзбек тілінде сөйлессе де, бір-бірін түсінбейді. Шағын ғана жері бар Қырғызстанның бүгінде оңтүстік пен солтүстік болып қырқысып жатқанын көздеріңіз көріп отыр. Бұл жағынан салыстырып қарағанда, Қазақстанда ауызбіршілік те, өзара түсіністік те бар. Ең бастысы – тіліміз бен дініміз таза. Қазір «қазақ тілін дамыту үшін» деп ұрандататындар бар. Қазақтың тілі – атам заманнан бері дамып, кемелденген тіл. Сондықтан тіліміз ешқашан өлмейді, жойылмайды. Жаһандануға қарсы тұруға қауқар боларлық күш – ұлттық мәдениет. Бұл тұрғыда елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген шаруа атқарылды. Әлі де атқарылып жатыр. Ұлттық мәдениетті сақтай отырып, модернизацияға ұмтылуда Жапонияның тәжірибесіне сүйенгеніміз дұрыс деп есептеймін. Жапония десе, кез келген адамның көз алдына кимоно, самурайлардың қылышы және керамика елестейді. Дәл осылай бүкіл әлем қазақ дегенде, қымыз, ұлттық киімдеріміз бен ұлттық ойындарымызды бірден көз алдарына елестететіндей болуымыз керек қой. Мысалы, Жапонияда ұлттық киімдерді тігетін шеберлерге мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлінеді. Яғни қарапайым іскерлерді ынталандырып отырады. Бізде де мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып жатса, ұлттық құндылықтарымызды заманауи үлгіде жаңғыртуға әбден болады.

– Жаһанданудың қазіргі замандағы жарқын бір көрінісі ретінде әлемдегі мемлекеттер арасында құрылған Кедендік одақтарды айтсақ болатын шығар. Қазақстан да Ресей, Беларусь елдерімен бірге Кедендік одақ аясында тізе қосып, жұмыстар атқармақ болып жатыр. Бірақ осы тақырыпқа байланысты қоғамда екі түрлі пікір қалыптасты. Сіз қай жағындасыз?

– Мен бұл мәселеге байланысты айтылып жатқан уәждер мен пікірлерді талдап қарадым. Зерттей келе, «Кедендік одақтың Қазақстанға берері мол» деген ұйғарымға келдім. Қазіргі қара базар нарығында, негізінен, қытай тауарлары үстемдік етіп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Тұрғындарда таңдау мүмкіндігі жоқ. Енді ресейлік сапалы тауарлар төмен бағамен біздің елге жеткізілетін болады. Бұған дейін «Кедендік одаққа енсек, еуропалық автомобильдердің бағасы шарықтап, отандастарымыз орыстың көліктерін мінеді» деп ойлаған едік. Жақында Ресей мен Қазақстанның Үкімет басшыларының кездесуінде бұл мәселе түбегейлі шешілді. Яғни қазақстандықтар бұрынғыдай шетелдік көліктерді еш кедергісіз тасымалдай береді. Бұл да – қарапайым халыққа жасалып отырған жеңілдік. Кез келген шаруа тәуекелсіз, құрбандықсыз болмайды. Кедендік одақ Қытай тауарларын тасымалдап жүрген ұсақ саудагерлер үшін тиімсіз. Бірақ мемлекеттік деңгейде ірі өнеркәсіптер үшін берері бар. Әзірге Қазақстан экономикасының негізгі тірегі аграрлық сала мен шикізаттық ресурстар болып отыр ғой. Ал Ресей тарапынан біздің астығымыз бен көкөністерімізге сұраныс бар. Бұған дейін алыс-жақын көршілерінің ауылшаруашылық өнімдерін тұтынып келген Ресейге, Кедендік одақ жұмыс істей бастағанда, Қазақстаннан сатып алған әлдеқайда тиімді болады. Сонымен қатар мұнай мен газымызды да әзірге альтернативті құбыр желілері болмағандықтан, Ресей арқылы Еуропаға шығарып отырмыз. Қазақстан мұнайының құрамында күкірттің көп екені ғылыми түрде дәлелденген. Шикі мұнайымызды сол ресейлік зауыттар арқылы ғана тазартып, батысқа жөнелтіп отырмыз. Кедендік одақ аясында осындай тасымалдар кезінде жеңілдіктер болады. «Кедендік одаққа мүше болдың дегенің – тәуелсіздіктен әп-сәтте айырылғаның» деген пікірлерді де естіп жүрміз. Бірақ бұл логикаға сай келмейді. Иә, Ресейдің империялық санасы бар екені жасырын емес, бірақ Қазақстан халықаралық құжаттармен дәлелденген, әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болғанына бес-он жыл емес, аттай жиырма жыл болды. Осы уақытқа дейін Қазақстан өзінің мүддесін қорғауда есесін жібермей келген. Сондықтан бұл Одақтан қорқудың керегі жоқ. Керісінше, ғаламдық үрдістерден қалыс қалмау үшін интеграцияға ұмтылу керек.

– Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы екенін бүкіл әлем жақсы біледі. Бірақ кейінгі кезде осы сыртқы саясаттағы ұстанымымыз біржақты болып бара жатқан сияқты...

– Қазақта «алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деген сөз бар ғой. Ресеймен қарым-қатынасымызды осы бір нақыл толық дәлелдеп шығатын сияқты. Әлемдегі ең ұзын шекара Қазақстан мен Ресейдің арасындағы шартты сызық екенін әлемнің саяси картасын білетін кез келген адам жақсы түсінеді. Мәңгілік достық туралы келісімді де ең бірінші стратегиялық әріптесіміз – Ресеймен жасастық. Ресми Мәскеу Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанмен бірге кіреміз деп мәлімдеп отыр. Егер сауда ұйымына жеке-дара енуді ойласақ, онда елімізге қиынға түседі. Сондықтан еліміздің сыртқы саясатындағы Ресейдің рөлі ерекше. Осылай бола тұра, сыртқы саясатымыз біржақты өрбіп жатыр дегенге де келіспеймін. Жақында АҚШ астанасында өткен жаһандық ядролық қаруды таратпау жөніндегі саммитте Қазақстанның беделі батыста да жоғары екенін байқадық. Қытаймен де тіл табысып, алыс-берісімізді үзіп көрген емеспіз. Еуропамен қарым-қатынасымыздың қандай екені Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып отырғанымызбен өлшесек те жететін шығар. Қыңыр мінезді көршілерімізбен де шекісіп көрген жоқпыз. Осының бәрін саралап қарайтын болсақ, Қазақстан әу бастағы өзінің көпвекторлы сыртқы саясатынан тайқыған жоқ деп айтуға болады.

– Қыңыр көршілеріміз деп қалдыңыз, Өзбекстан мен Қырғызстанның арасындағы жағдай мәз емес. Екі елдің арасындағы мәселенің төркінін сарапшы қауым Қырғыз еліндегі тұрақсыздықтан іздейді. Жалпы, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» болып тұрған «сәуір оқиғасына» сыртқы күштердің ықпалы болған жоқ па?

– Әрине, екі елдің шекаралас аймақтарындағы мәселенің ушығуына Қырғызстандағы тұрақсыздықтың тікелей де, жанама да әсері бар. Қырғызстандағы жағдай, бұл қордаланып қалған әлеуметтік шиеленістердің жарылысы болды. Бұл елдегі қарапайым адамдардың табысы мен күнкөріс деңгейі өте төмен. Сосын «сәуір оқиғасын» төңкеріс деп айтуға келмейді. Мұны саяси ғылымда «узурпация» дейді. Яғни билікті күшпен тартып алу. Ел ішіндегі жағдайды реттеуге биліктің мұршасы келмей отыр. Себебі Роза Отынбаеваның билігін саяси теориямен, сол елдің заңымен таразыласақ, легитимді емес. Бір сөзбен айтқанда, қырықпышақ болып жатқан халықтың алдында биліктің беделі төмен. Бұған сыртқы күштердің әсері бар деп ашық айта алмаймын. Себебі сыртқы күштер әзірге бейтарап қалып отыр. Бұл сыртқы жағдайға қарағанда ішкі мәселелердің ушығуы сияқты. Әлеуметтік жағдайы күрделі Қырғызстан халқы алдымен ұлттарға бөлініп, ұлтаралық қақтығыстар орын алды. Тағы бір ескере кететін жайт – қырғыз қоғамындағы трайбализм мемлекеттік деңгейге дейін жеткен. Ата тегін білу дұрыс қой, бірақ Африкадағы жабайы тайпалардың өз көсемдерін басшылыққа тықпалау әдісі Қырғыз- станды ыдыратпаса, біріктірмейтіні анық. Сондықтан қан төгіссіз келген тәуелсіздігін сақтап қалғысы келсе, қырғыз ағайындарға осы бастан ойлану қажет деп ойлаймын.

– Жақында Түркия Президенті Абдолла Гүл ресми сапармен елімізді аралады. Екіжақты кездесулерде түркі дүниесіне қатысты салмақты әңгімелер болды. Түркілердің бірігуі туралы не айта аласыз? Түркия Президентінің сапары бір серпін бере алды ма, әлде әдеттегі жылы жымиысқа толы дипломатиялық қарым-қатынас болып қала бере ме?

– Түркия президентінің төрт күнге аялдауы да тегін емес. Кемал Ататүрік кейінгі ұрпаққа «Түбі бір түркі жұрты тегіс тәуелсіздік алатын болады. Сол кезде бірігуді, қамқор болуды ойлауымыз керек» деген өсиетін қалдырған екен. Сондықтан да шығар, Түркияның Қазақстанға деген ілтипаты орасан. Тәуелсіздігімізді отыз минутта таныған бауырлас елдің қазіргі Президенті де түркі құндылықтарын жаңғыртуға мүдделі екенін ашық жеткізді. Сондықтан бұл жолғы кездесудің салмағы зор болды. Екіжақты қарым-қатынасты нығайта түсетін құжаттар да қабылданып жатыр. Жемісін алдағы уақытта көреміз деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Меніңше, түркі әлемінің көкжиегі бұдан былай да кеңейе түседі. Оған барлық мүмкіншілік қарастырылған. Әрине, кедергілер де жоқ емес. Түркі әлемінің әлемдік аренаға қайта көтерілуіне Орталық Азияның мемлекет басшыларының саясаты кедергі болып отырғанын ашық айтуымыз керек. Қазақстан жағы бастама көтергенмен, қолдай қоятын көрші табылмай тұр. Түркі дүниесінің ортақ құндылықтары әзірге тек мәдени салада ғана жүзеге асып жатыр. Экономикалық қарым-қатынастарға да қаржы дағдарысы әжептәуір әсер етті. Енді осы байланыстарды саяси деңгейге көтеруге күш салудың уақыты келді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста